Версия для печати

«Сағыныш шөбін» көргенсіз бе? Избранное

Среда, 17 Февраль 2021 03:35 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4906 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Дешті Қыпшақ ұланы, он жасында жетім қалып, өзге елге құлдыққа сатылып кеткен, қатардағы құлдан Мысыр елінің билеушісі дəрежесіне дейін көтерілген өте күрделі тағдыр иесі Сұлтан аз-Захир Бейбарыстың өмірбаянын суреттейтін «Сағыныш шөбі» қойылымы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында қойылды.

80

 

Қоюшы режиссер Мақпал Малдыбаева кішкентай көрермендерге қаншалықты биік даңқ пен зор билікке ие болса да, Бейбарыс бабамыздың жүрегін мəңгілік сағыныш сыздатып өткенін жеткізгісі келіпті. Туған еліне, даласына, жусанның иісіне деген сағыныш – спектакльдің негізгі лейтмотиві. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді халық босқа айтпаса керек. Отанға деген махаббат, туған жерге деген адалдық, достық, ғашықтық сезім, мансапқа құмарлық, сатқындық сынды ықылым заманнан бері өзектілігін жоғалтпай келе жатқан ұғымдар осы қойылымға арқау болып отыр.
Ол (Сұлтан Бейбарыс) күн сайын бір түс көреді: жусан иісті даласы, Ақжайығы, Сарайшығы, сағыныш шекпенін жамылған анасы шақырады, сағыныш шөбі жусанның ашқылтым иісін сезінеді. Бейбарыс шөлдеді, Жайық суын аңсайды. «Жусанның иісін бір иіскеген адам туған жерін тастап кете алмайды». Драма авторы Рахымжан Отарбаевтың да, театрдың шығармашылық тобының да айтар түйіні осы.

81


2015 жылы «Театр көктемі» фестивалінде патриотизмді үздік бейнелегені үшін номинациясын иеленген спектакльде көбіне жас актерлер ойын көрсетті. Негізі балалар мен жасөспірімдердің қабылдауына қиын болғанымен, әртістердің ойыны, режиссердің шешімі, қуыршақтардың техникасы арқылы туған жердің «Сағыныш шөбін», жусан иісінің кереметтігін ұғынып қайтты деп ойлаймыз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.