Тату елдің түтіні түзу Избранное

Среда, 03 Март 2021 03:43 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4424 раз

Татулықты ту еткен шымкенттік этнос өкілдері Алғыс айту күніне орай мегаполис төріндегі әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығында бас қосты. «Дархан елдің татулығы» атты мерекелік іс-шараға ұйытқы болған қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен қоғамдық келісім мекемесі.

193

 

–Тату елдің берекесі мол. Елдің ынтымағын нығайтып жүрген этномәдени орталықтардың қоғамның дамуына ықпалы зор. Дәстүрімізді дәріптеп, тыныштығымызды сақтауға әрі қарай да үлес қоса берері сөзсіз,- дейді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының этнос аралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Мұхтар Төлепов.
Мерекелік іс-шара барысында белгілі айтыскер ақын Жандос Мырзабаев арнау айтты. Татулық, мейірім туралы Қаратау аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Зульфия Бекмырзаева да аналық ақ пейілін жеткізді.
–Қазақтың жүрген жері той. Ол кеңпейілді мінездің белгісі. Тойдың бастысы достықты ту еткен Наурыз тойы болған. Сол Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында достығы жарасқан ел бір шаңырақ астында жыл сайын бас қосамыз. Бұл үлкен мақтаныш,- деді З.Бекмұрзаева.
Мерекелік іс шараға көп балалы Батыр аналар да келіпті. Олар отбасы құндылығы туралы тәлімді әңгіме өрбітті. Ал, өзбек мәдени орталығы атынан Диляруз Юсувалиева Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін нәшіне келтіре шырқаса, кәріс қызы Елена Ким өз ана тілінде әннен шашу шашты.
–Қазақстанда сан ұлт өкілі тату-тәтті тұрады. Біз өз ана тілімізді, өнерімізді ұмытпауымыз үшін барлық жағдай жасалған. Мен осыған ризамын. Қазақ халқына алғыс айтамын,- дейді корей этномәдени орталығының өкілі Елена Александровна.
Осы сәтте түрік қызы Гүлханым Тұрсынова «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнінің әуенін қобызда ойнап көпшілікті тәнті етті.
Татулықты ту еткен елдің керегесі кең, несібесі мол.