Жаңа премьера: Домалақ ана Избранное

Среда, 03 Март 2021 03:57 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5260 раз

Домалақ анамыздың даналығы, Бәйдібек бабамыздың махаббат тарихы бейнелі түрде баяндалатын «Домалақ ана» қойылымының тұсауы 6-16 наурыз күндері Шымкент қалалық опера және балет театрында кесілмек. Әлемдік опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы Шымшаһарға ат басын бұрғанда аталған туындыны дүниеге келтіру хақында, оның Шымкенттің визиттік карточкасына айналатынын, үшінші мегаполистің бренді болатыны туралы айтып еді. Қазақтың Майрасы тектен тек бұлай тебіренбеген екен. Шығармашылық топ небәрі 1,5-2 айдың ішінде көзсіз тәуекелге барыпты. Мысалы бұдан алдыңғы буын композиторларымыз «Абылай хан» операсын 9 жыл жазыпты.

190

 

Аз ғана уақыттың ішінде үлкен талпыныспен дүниеге келген Тасқын Жармұқаметтің «Домалақ ана» әлемдік жаңа операсы көрермен назарына ұсынылмақ. Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз аналарымыздың ішінде кие дарыған Домалақ ана туралы оқиға аңыз-әпсанадан гөрі тарихи шындыққа жақындығымен дараланып тұратын шығармалардың бірі. Ал «Домалақ ана» операсын сахналау егемен еліміз үшін тарихи оқиға, жаңа белес болғалы отыр. «Шымкент қалалық опера және балет театры» МКҚК директоры Майра Мұхамедқызы мегаполис мәдениетінің тарихындағы тың жаңалық туралы БАҚ-на берген баспасөз брифингінде айтып берді.

191


Жаңа қойылымды сахналауға әлемге әйгілі және елімізге танымал өнер адамдары қатысқан. Тың туынды ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналады.
–«Домалақ ана» операсында қазақ халқына тән қасиетті ана бейнесі терең жеткізілген. Бойжеткен Нүриләнің ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және аналық мейірге толы ғұмыры, ана махаббатының қуаты өте кең әрі шынайы көрсетіліп, суреттеледі. Туынды тек аналық қайсар жүрек пен қалың елге тараған кең пейілділікті айшықтап қана қоймай, қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың қозғаушысы болған Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігімен бір арнаға тоғыстырып, қазақ елінің тарихи тереңдігін, мәдени көркемдігін қамтиды, - деді М.Мұхамедқызы.
Қойылымның композиторы ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық байқауладың лауреаты Тасқын Жармұқамет. Либреттосын жазған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет ғылымдарының докторы, режиссер, Асхат Маемиров. Идея авторы - ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы.
Қоюшы-режиссер - ресейлік «Үлкен театр» режиссерлік тобының меңгерушісі, Ресей және әлем опера театрларының опера қоюшысы Михаил Панджавидзе, қоюшы-дирижер – Италиядағы Карло Феличе театрының көркемдік жетекшісі Джузеппе Аквавива, қоюшы-суретші – Бақыт Күзембаев, костюм бойынша суретші – Сабира Даулеталиева, қоюшы-балетмейстер ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Шалқыма» би ансамблінің жетекшісі Абдурасул Есекеев, қоюшы-хормейстер – Бағлан Алтаев.
Ал басты Домалақ ана (Нүрилә) партиясын сопрано – ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, ҚР мәдениет қайраткері Үралхан Сейлбекова, ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты Айгүл Азатова ойнайтын болады.
Майра Мұхамедқызының айтуынша, осынау айрықша қойылым үлкен аншлагпен өтеді деп күтілуде. Билеттер сатылымда. Тек Шымкент емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен онлайн сатып алып жатқандардың қарасы қалың.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.