«Аңдарсыз» алғашқы цирк Избранное

Среда, 10 Март 2021 04:08 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3912 раз

«Шымкент циркте» аңдарсыз жаңа бағдарлама қолға алынып жатыр. Карантин режиміне байланысты ұзақ уақыт бойы онлайн жұмыс жасаған цирк көрерменмен қайта қауышты. Циркке қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып қойылым қоюға рұқсат берілді-ау!..

200

 

8 наурыз – Көктем мерекесінің қарсаңында Шымкент циркі заман талабына сай, әлемдік бренд Cirque du Soleil циркінің бағытында, соның элементтерін пайдалана отырып жаңа қойылым көрсетті. Ерекше шоу, ерекше формат, жағымды эмоциялар, қызықты әрі қауіпті нөмірлер көрерменге тарту етілді.
Расымен, бұл жолы эксклюзив болды. Қойылым «аңдарсыз» өтті. Бағдарламада цирктің ең таңдаулы әртістері өнер көрсетті.
Қызықты қойылымда – әртістердің әуеде ұшуы, батылдық шеңберінде сақтандырусыз өнер көрсететін акробаттар, жас әртістердің дебюттік нөмірлері, клоундардың күлкіге толы жаңа репризалары (қысқаша әзіл нөмір), т.б бар.

201


Цирк өнерін сағынған қала тұрғындарының назарына «Shymkent circus NEW» жаңа бағдарламасы ұсынылды. Оған аңдармен жаттығу нөмірлері енгізілмегені алдын хабарланған болатын. Жануарларсыз да цирк сиқырын көруге болады екен. Бұл жолы балет топтары күшейтіліп, безендіруге баса назар аударылыпты. Залдың бірнеше тұсында LED-экран орнатылыпты.
Көрермендер күмбездің үстінен гимнасттың әуеде қалай қалықтағанын қыбыр етпей бақылап отырды. «Әуе торы» нөмірін Н. Ефименко,
А.Стаценко, Л. Юсупова, С. Өскенбекова дайындапты. Үлкен ағашаяқтарда (ходуля) сальто жасаған акробат, жонглер С.Анарбеков, қос бірдей қара күштің иесі – Ш. Сураншиев және К. Мамедовтің мықты жұбына тоқтаусыз қол шапалақтады. И.Рахманқұлов шарғыларда (катушка) тепе-теңдікті сақтау қаншалықты қиын екенін көрсетті. Н. С. Ефименконың қызып тұрған хула-хупада көрсеткен нөмірін көргенде бәріміз де демімізді ішке тартып, демалмай отырдық.
Келушілер Е.Игенбеков, У. Медешов және И. Алиевтің орындауындағы «Мачта» нөмірін, О. Касаткин, А. Мақаш, С. Яркин және басқалар дайындаған «Әуеде ұшу» нөмірін жоғары бағалады. «Серіппелі тақтайлар» қойылымы да шымкенттіктердің есінде ұзақ уақытқа сақталары сөзсіз. Бұл нөмірді С. Мұстафин және бір топ жас әртістер дайындады.
«Шымкент-циркі» – әлемдегі ең жас цирктердің бірі. Мекеме биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтеді. Өнер ұжымы 2021 жылды аңдарды пайдаланудан бас тартуға бағытталған «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасымен бастап отыр. Ендігі кезекте клоунада және шапито, джигитовка, жонглерлік ету және эквилибристика, әуе гимнастикасы сияқты бағыттарды дамытпақ. Сондай-ақ, мекемені одан әрі абаттандыру, кадрлар дайындау сынды мәселелер де қолға алынуда... Шығармашылық ұжым Наурыз мерекесіне орай Cirque du Soleil циркінің үздік жобаларымен әзірленген, халқымыздың ұлттық құнары сезілетін, одан да қызықты және жарқын бағдарлама ұсынуға уәде берді.
– Наурыз мерекесіне үлкен бағдарлама дайындап жатырмыз. Цирк өнерін жаңғырту, түрлі тәжірибелерді енгізуде бірқатар жоспарларымыз бар. Күніне 10-20 адамнан дайындық жүргізілуде. Жалпы мерекеге дайын болуымыз керек. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары, кадрлар дайындау, оларға жағдай жасау сынды мәселелер бойынша тұжырымдама дайындау қолға алынуда. Болашақта мамандарға жатақхана салу бойынша ұсыныстарымыз бар. Бізде мамандар жетіспейді. Бұл өнерге еңбекқор жастарды тартуымыз керек. Жатақхана салу – уақыт талабы. Осы мәселелерді талқылау үшін мамандарды арнайы шақырттық, – дейді мекеме директоры Н. Әділханов.
Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің «Шымкентте жасалған кез келген бастама ерекше, бірегей болуға тиіс және Қазақстанда нөмірі бірінші болсын. Әр істің бірегей құндылығы болғанда ғана Шымкентке бүкіл қазақ елі келеді» деген тәуекелшілдігі мен бастамашылдығының дұрыс бағытта екеніне циркке барғанда тағы бір көз жеткізгендей болдық.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.