Әр минут – мүмкіндік Избранное

Пятница, 12 Март 2021 03:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3777 раз

Орталықтағы үйірмеге 4 мыңнан астам жас қатысады

 

«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің жұмысы артық». Уақытты ұтымды да тиімді пайдалануды қаншама жыл бұрын бабаларымыз пайымдай білген. Ал, арамызда «мен біраз нәрсені жасағым келеді, бірақ уақыт аз» дейтіндер де табылады. Уақытты тиімді пайдалану – бүгінгі күні жетістікке жетудің бірден бір жолы. Бұл жолы тәуліктің әр минутын дұрыс жоспарлайтындар жайында сөз қозғамақпыз.

221

 

– Уақытты тиімді пайдалану арқылы жылдам арада тіл үйренуге, біліктілікті арттыруға, материалдық жағдайды жақсартуға әбден болады. Әр минут – мүмкіндік дейді, - қаламыздағы Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Шакир Умаров. Оның айтуынша, бүгінде орталықтағы 56 үйірме жастардың уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізуде. Жалпы, мұнда 284 топта 4000-нан астам оқушы шығармашылық, спорттық және кәсіптік-техникалық бағыттардағы үйірмелерде тәлім алып жүр екен.

222


– Әр жаңа оқу жылынан бастап үйірмелерге оқушылар қабылданады. Бір топта 10-15 бала болады. Мектептегі оқу кестесін ескере отырып, олар өздеріне ыңғайлы үйірмеге жазылады. Жетекшілік ететін білікті де білімді ұстаздарымыз бар. Тіл үйрену, гуманитарлық бағыттағы пәндік даярлық курстары және спорттық секцияларымызға оқушылар көптеп қатысады. Ал авто жүргізушілерге арналған үйірме мен тігіншілікті меңгергендер арнайы сертификат алады. Жоспарымыз көп. Автодәнеркелеуші, автомеханик курсын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде,- дейді Ш.Умаров.

224


«Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Халқымыздың мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Ал он саусағынан өнер тамған, былғарыдан түрлі ұлттық бұйымдар жасайтын қолөнер шебері Бауыржан Тұрғанбаевтың орталықта 30-дан астам шәкірті бар. Қазақ халқының ұлттық бұйымдарын жастарға насихаттап, олардың жасалу жолдарын үйретіп жүрген ол қызығушылығы мен ынтасы бар баладан қолөнердің хас шебері шығатынын айтады.

223


– Бұл атакәсіп десем болады. Өзім кішкентайымнан сурет салуға қызықтым. Шығармашылыққа бейім екенімді білген ата-анам өнер жолына баруыма қолдау білдірді. Өнер мектебінде жүріп ағаштан түрлі бұйымдар, аспаптар жасап көрдім. Қазір осы салада 10 жылға жуық тәжірибем бар. Қол еңбекті бағалайтындар уақыттың қадірін біледі деп айта аламын. Әр бұйымды жасауға кемі 2-3 күн жұмсалады. Оқушыларға теріден бұйымдар жасаудың техникасын, оған қажетті материалдар және құрал-саймандарымен жұмыс жасауды кезең-кезеңімен үйретемін. Балалар ою-өрнекті теріге түсіруден бастап ағаш өңдеу, зергерлік бұйымдар жасауды меңгереді. Бұл ретте адамға шыдамдылық пен шығармашылық шабыт қажет, - дейді қолөнер шебері.
Орталықтағы спорттық үйірмелерде 1000-нан астам бала жаттығады. Қаладағы №45 мектептің 6-сынып оқушысы Мирас Төрекелдиев сабақпен қатар спорттық үйірмеге уақыт табады. Үш жылдан бері каратэ киокушинкай спортын меңгеріп жүрген оның жеткен жетістіктері де аз емес. Былтыр Қарағанды қаласында өткен 11 жастағы балалар арасындағы 40-қа дейінгі салмақ дәрежесінде ел чемпионатында топ жарса, биыл көк белбеуге, яғни 8-кюға ие болған. Жас та болса уақыттың қадірін ұғынған Мирас замандастарына саламатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.
– Маған спорттың бұл түрі ерекше ұнайды. Қорғанудан бастап әртүлі тәсілдермен қарсыласты жеңуге үйретеді. Шапшаңдыққа тәрбиелейді. Орталыққа келіп жаңа достар тауып, уақытымды қызықты өткізіп келемін. Сабақ үлгерімім жақсы. Жарыстарға да барамын. Бір өкініштісі достарымның көбі смартфонға тәуелді. Олар уақыттарын текке өткізбей, осындай үйірмеге қатысса, - дейді ол.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында азаматтарға кәсіп жасау, өздерін дамыту сияқты қабілеттер міндеттелген. Уақыт ағысымен бірге жүріп, дәуір тынысымен қатар тыныстаған азаматтарға уақытты тиімді пайдалану шарт. Өйткені, бүгінгі бастамалардың барлығы уақытқа жұмыс істейді. Кешігіп қалсаңыз, кәсібіңіз құлдырап, өзіңіз рухани дағдарысқа ұшырауыңыз мүмкін. Сондықтан, әрбір сәтті оң жамбасыңызға сай келерліктей етіп пайдалана білгеніңіз жөн. Күнделікті уақытын босқа өткізбейтін, ізденімпаз жандармен жарты сағат тілдесіп осындай ой түйдім.