Ұлылықтың жолында ұстаз тұрар Избранное

Пятница, 21 Май 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3419 раз

Шымкенттік ғалым-ұстаз, профессор Жүзбай Қырғызбаев биыл 85 жасқа толады. Ол кісіні біреу білсе, біреу білмес. Бірақ осы жылдар ішіндегі ғалымның өмірі өнегеге, ізгілікке толы. Сексеннен асқан қарияның өмірлік құлшынысына қарап, жастықтың лебі есіп тұрғандай әсер аласың.

840

 

Ж.Қырғызбаев 1953 жылы ҚазҰУ-нің физика-математика факультетіне түсіп, оны 1958 жылы бітіріп шықты. Ал 1962 жылы Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетіне бірінші аспирант болып түседі. Және бірінші болып ғылыми диссертация қорғаған ғалым ретінде оның есімі осы университеттің алтын тақтасында жазулы тұр.
Жүзбай аға 1966 жылы диссертациясын қорғап, Шымкенттегі
пединститутқа қызметке келеді. Мұнда келгенде институттың математика кафедрасында бір-ақ ғылым кандидаты бар еді. Ол И.П.Цой болатын. Ал Ж.Қырғызбаев осы оқу орнының математика факультетінде әрі ассисент, әрі оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі сияқты қызметтерді қоса атқарып жүрді. Осы жылдар арасында ол бір ғылым кандидатын, бір магистр және мыңдаған шәкірт дайындап шықты.
2014 жылы бізді Қазақ инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінің президенті, марқұм академик А.Қуатбеков оқу орнының ғылыми кеңесінде Ресей халықтар достығы университеті және Мәскеудегі М.Губкин атындағы мемлекеттік мұнай газ университетімен келісімшартқа тұру туралы шешім қабылдады. Осы топқа мені және Жүзбай ағайды таңдапты. Өйткені ол Мәскеуде Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетінде ғылыммен айналысқан маман. Соның себебі шығар, бүгінде РХДУ-мен халықаралық қатынастар қалыптасып, университетіміздің беделі тағы бір сатыға көтерілді. Нәтижесінде оқу ордамыз бірнеше рет халықаралық ғылыми-теориялық, практикалық конференциялар өткізуге қол жеткізді.

841


Жүзбай Қырғызбаевтың білім мен ғылым саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз. 2012 жыл облыс әкімінің ұсынысы бойынша «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 2017 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Одан бөлек Қазақстан және Ресей президентінің жарлығымен Жеңіске 65 және 70, 75 жыл толуына орай берілген және «Тыл ардегері», «Еңбек ардагері» медалдері, «ОҚМПУ-ге – 80 жыл» төсбелгісі бар.
Жалпы, Жүзбай Қырғызбаевтың отбасын ғалымдардың династиясы деуге болады. Атап айтсақ, жұбайы, марқұм Фатима Нұрмаханқызы ОҚМПУ түлегі, көп жылдар мектепте математика мұғалімі болып ұстаздық етті. Үлкен қызы – Бибінұр Қырғызбаева да ОҚМПУ-дің түлегі, ф.м.ғ.к., кафедра профессоры, Сәтбаев атындағы политехника университетінде қызмет атқарады. Ұлы – Мақсат Қырғызбаев Ресей халықтар достығы университетінің түлегі, экономика магистрі болса, жолдасы Дина б.ғ.к., доцент. Немересі Тимур АҚШ университетінде білім алып, сонда қызмет атқаруда. Ал кіші қызы Кәмила Қырғызбаева т.ғ.к., доцент, Гумилев атындағы университетте қызмет етеді. Жұбайы Талғат та т.ғ.к., доцент. Қыздары Дана, Диана Назарбаев университетін биыл бітіреді. Кіші ұлы Серік Қырғызбаев м.ғ.к., Алматы қалалық №12 ауруханада қан тамырлары бөлімінің меңгерушісі, жұбайы Арай б.ғ.к., Әсфендияров университетінде кафедра профессоры. Олардың 2 қызы медициналық академияда, 1 қызы докторант.
Әу баста-ақ ұл-қыздарының жүрегіне білім мен ғылымның шамын жағып, тәлімді тәрбие берген
Жүзбай ағайдан бақытты жан жоқ. Өйткені адам ұрпағымен жүз жасайды. Бәйтеректей саялы қарт ғалымның ізгі ғұмыры бүгінде тек ұрпақтарына ғана емес, өзі білім нәрін құйған қаншама шәкірттеріне, жастарға өнеге болып қалары сөзсіз.

Мутал ТҰРТАЕВ,
экономика ғылымының кандидаты
(Phd докторы), профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.