17 жасында Еуропаны бағындырған Амина

Среда, 18 Август 2021 08:35 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2902 раз

Amina-0

Ол небәрі 17 жасында Италияның аты әлемге әйгілі композиторы Антонио Россини мен әлемдік опера әншісі Рената Тебальдидің туып-өскен Пезаро қаласында өткен халықаралық конкурсқа қатысып, дипломант атанды. Ал 2020 жылы Лондонда өткен байқауда Қазақстанның атынан жалғыз үміткер болып қатысып, I орынды иеленді. Бұдан бөлек Польшаның Красичин және Эстонияның Таллин қалаларында өткен халықаралық ән байқауларында топ жарды.

Біз оқырманға 15 жасында Шымкент қаласындағы Саз колледжінің «Вокал» мамандығына гранттық негізде оқуға түсіп, айналдырған үш жылдың ішінде өнер әлемінде біршама жетістіктерге жетіп үлгерген Амина Серкебаеваны таныстыруды жөн санадық. 

Шымкенттік Серкебаевтар отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, бұл отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың барлығы оқу үздіктері, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы.

– Қызым кішкентайынан өнерге жақын болып өсті. Үй тазалап, ыдыс-аяқ жуып жүріп те ән салып, ыңылдап жүретін. Сонда біз ата-ана болып оның ән айтуына соншалықты мән бермеппіз. Өсе келе, көпшіліктің алдында әкесіне арнап айтқан әні жиналған қауымның әлі есінен кете қойған жоқ. 2018 жылы Шымкент қаласындағы Саз колледждің «Академиялық вокал» мамандығына оқуға түсті. Аминаның осы оқу ордасынан өнер әлеміндегі өмірі басталды, - дейді жас әншінің анасы Ләззат Сафарбаева.

Аминамен сұхбат барысында оның өте ізденімпаз, талапшыл және табанды екенін аңғару қиын болмады. Ол күн сайын ән айту қабілетін шыңдап, даусымен ерінбей жұмыс істейді екен.

Аминаны Италияның Пезаро қаласында өткен халықаралық конкурсқа дайындап, баптап, шыңдаған Саз колледжінің оқытушысы және Шымкент қалалық Опера-балет театрының солисті – Жұмабек Қаңтарбаев.

– Амина өте зерек және талантты қыз. Оның даусы өте жеңіл. Лирикалық сопрано. Қазақстанда ондай сопранолар өте аз. Біраз жерге Шымкенттің атын шығарып, қазақ өнеріне қолынан келгенше өз үлесін қосып жатыр. Келешекке құрған жоспары айқын. Арманы асқақ. Шетел сахнасына шығуды армандайды. Ал ел шекарасынан ары асу үшін міндетті түрде тіл білу керек. Шәкіртім Амина қазақ, орыс, грузин, неміс, француз және итальян тілдерінде ән айта алады. Ал, опера әлемінде өзге тілде жай ғана орындап қана емес, кәсіби тұрғыда сөйлей білу де бағаланады. Осы тұрғыда ол бірнеше шет тілін меңгеруде. Сонымен қатар кәсіби вокалдан сабақ алуға талпынған адамдарға сабақ береді. Міне, осы қабілет қарымынан-ақ оның қаншалықты талантты әрі жан-жақты екенін білуге болады, - деп шәкірті хақында ұстазы Ж.Қаңтарбаев ойын осылай өрді. 

«Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» деген де тәмсіл бар. Талант, еңбек деп жатырмыз ғой. Бірақ, отбасындағы тәрбие мен тағлымның да жас әншінің өмірінде алар орны зор екені сөзсіз. Аминаның әкесі де, анасы да  өнерге жақын жандар. «Әкем ән айтып рухани демалады, гитарада және домбырада ән айтқанды жақсы көреді. Ал, анам дәрігер болғанымен, өнерді бір кісідей түсінетін қолдаушым. Сонымен қатар, әкем жағынан да және анам жағынан әншілікке әуес, жаны құмар арғы аталарым болған екен», - дейді Амина.

Танымның үш жолы бар: ең оңайы еліктеу, ең ащысы – тәжірибе, ең мәртебелісі – ойлау. Өзін дамытам деген кез-келген адам бұның үшеуінен де өтеді.

Осы орайда одан:
– Амина кімдерге еліктедің, кімнің тәжірибесінен өттің, қалай ойлайсың? – деген сауал қойдық.
– Әрине кез-келген жас еліктейді, кумир тұтатын тұлғалары болады. Опера әлемінде Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова сияқты аңыз адамдар мен  әлемдік деңгейдегі Аида Гарифуллина, Диана Дамраудың өнерін жақсы көремін. Бүгінгі таңда өзімнің ұстазым Жұмабек Қаңтарбаевтың және ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Желтіргөзовтің тәжірибелік мектебінен өтудемін, - деді.

Осы тұста Амина Есенбекқызының жоғарыда аты аталған А.Желтіргөзовтің «Вокал академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жанындағы «Жастар қанатының» Шымкент қаласындағы бөліміне төрағалық етіп жүргенін  айтпай кетуге болмас.

Amina-2

Шынын  айтсақ, қазіргі жастар классикалық өнерге бет бұра бермейді. Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева сынды апаларының жолын қуған Амина Серкебаеваның неге  дәл опера жанрын таңдағаны бізге қызық.

«Өнердің барлық түрі жақсы. Ал опера – күрделі жанр. Операны ұғынып орындау үшін жан-жақтылық, зеректік, көрегенділік керек. Бұл жанрда бір мезетте әнді де айтып, әртіс те болуың керек.  Операның бекзат өнер екенін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Өзімнің бұл жолды таңдаған себебім, классикалық ән айтуға қатты қызықтым. Мұнда барлығы табиғи түрде болуы қажет, опера жасандылықты көтермейді» - деді.
Сұхбат аяқталды. Расымен, опера жасандылықты көтермейді екен. Біз оны талабы таудай жас таланттың өзінен, сөзінен, көзінен, өнерінен, бәрі-бәрінен байқадық. Байқадық та, оның опера өнеріндегі жолы ашық болса екен деп тіледік.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.