«Домалақ ана» операсы – елорда төрінде Избранное

Среда, 01 Сентябрь 2021 04:15 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2482 раз

Шымкент қалалық опера және балет театрының ұжымы гастрольдік сапарға аттанды. Үшінші мегаполис өнерпаздары Нұр-Сұлтан қаласында «Домалақ ана» операсын сахналамақ. Жерлестерімізді сапарға шығарып салуға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және қалалық мәдениет басқармасының басшылары қатысты. Кездесуде Шыңғыс Жұмабекұлы қаламызда мәдениет саласына баса назар аударылып жатқанына тоқталды.

700

 

– Шымкент қаласының опера және балет театрында үлкен өзгерістер орын алып жатқанына өздеріңіз де куәсіздер. Әлемге танымал Майра Мұхамедқызы қаламызға келген соң екі айдың ішінде, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Домалақ ана» операсын Шымкентте сахналау нәсіп болыпты. Енді сол қойылыммен Елордаға аттанып барасыздар. Жолдарыңыз болсын! Бұл сапар еліміздің Конституциясы күні мерекесімен қатар келіп отыр. Жалпы, алдағы он жылдың ішінде Шымкенттің мәдениет саласының шоқтығы бұдан да биікке көтеріледі деп сенеміз. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен Шымкентте арнайы опера театры салынады деп жоспарланып отыр, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

701


Театр жетекшілерінің айтуынша, ұжым пандемияға байланысты екі жылдан бергі алғашқы сапарға мұқият дайындалған. Нұр-Сұлтан қаласына театр труппасы түгел дерлік аттанды. Елордадан да бірқатар мамандар мен арнайы аспаптар қосылады.
– Астана опера театры – әлемдік өркениеттің бесігі. Әз-Наурызда тұсауы кесілген қойылымды енді әлемнің алып 5 театрының бірі саналатын Астана балет театрында, республикалық деңгейде паш еткелі отырмыз. Пандемия салдарынан көптен бері сахна төріне шықпап едік, сондықтан, жүрегіміз толқып, әрі қобалжып, әрі қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Себебі, бүкіл өнерсүйер қауым «Домалақ ана» операсы Шымкентте тұсауы кесілгенін естіді, көрді. Сондықтан, бізді тағатсыздана күтіп отыр деп сенеміз. Шығармашылық ұжым қойылымды әбден пысықтады. Арасында Бәйдібек бабаның даналығы, Домалақ ананың монологы деген сияқты қосымша толыққан тұстары бар. Бұл жолғы жаңалық – бізбен келісімшартқа отырған «Абай» телеарнасы операны телевизияға түсіріп алмақ. Шымкент қалалық опера және балет театрының бұл гасрольдік сапары ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылады. Ендеше, 2-3 қыркүйек күндері Елорда сахнасында жүздескенше! – деді театрдың директоры Майра Мұхамедқызы.
Осылайша «Домалақ ана» операсы елорда төрінде сахналанбақ. Ал сапар алдында театрдың бас суретшісі Бақтыбай Күзембаев көпшілікке сәттілік тілеп, бата берді.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласынан келген сапардан соң театр ұжымы 15-18 қыркүйек күндері аралығында маусымның шымылдығын ашқалы отыр. Ал «Домалақ ана» операсы алдағы уақытта қалалық опера және балет театрының брендіне айналмақ.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.