Жаңа маусымға - жаңа тыныспен Избранное

Пятница, 10 Сентябрь 2021 04:16 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 576 раз

Күз – жаңалыққа толы мезгіл. Білім саласында жаңа оқу жылы басталып, балалар үлкен өмірге тағы бір қадам жасаса, мәдениет саласында театрлар шымылдығын түріп, ой салар, рухани бай дүниелерін ұсынып, көрермендерімен қауышады. Үшінші мегаполисте 6 театр бар. Олардың ішінде алғаш болып театр маусымын Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры ашса, өткен жұмада орыс драма театрының ұжымы көрермендерімен қайта қауышты. Ал, бүгін мегаполистегі қарашаңырақ Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен өзбек театры кезекті маусымын бастамақ.

700

 

Қуыршақтар «Гамлетті» қазақша сөйлетті

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры 10 тамызда 39-шы маусымын Р.Отарбаевтың «Сағыныш шөбі» қойылымымен ашқан болатын. 150-ден астам шығарманы қуыршақ тілінде сөйлеткен театрдың репертуарында бүгінде 44 спектакль бар. Өткен маусымда театр қоржыны Н.Гогольдің «Үйлену», А.Алтынбековтың «Рахмет саған, дәрігер» спектаклімен толықса, бұл маусымда Уильям Шекспирдің «Гамлеті» алғаш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатты.
Бүгінде балалар мен жасөспірімдер үшін үш өнер труппасы өнер көрсетуде.
— Биыл актерлік құрам толығып, жас таланттар келуде. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге жаңа маусымның жаңалығы көп. Театр репертуары жаңа қойылымдармен толығуда. 29 қыркүйекте Д.Биссетаның «Все кувырком или Забытый день рождения» ертегісі жас көрермендерге жол тартпақ. Қоюшы режиссері – Орыс драма театрының режиссері А.Петриченко, қоюшы суретшісі – С.Роменская, - дейді әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Мамытханова.

716


Театрдың тағы бір жаңалығы – А.Экзюперидің «Кішкентай ханзада» спектаклі. Премьера қыркүйек-қазан айында сахналанады деп күтілуде. Спектакльдің қоюшы режиссері – өзбекстандық театр және кино режиссері С.Мелиев, қоюшы суретшісі – С.Мирзаев. Жуырда театрдың көркемдік кеңес мүшелері сахналық жоба макетін, эскизін, киім үлгілерін талқылады. Қойылым 16 жастан жоғары көрермендерге арналмақ.

Пандемия премьераға да әсер етті

Өткен жұмада Шымкент қалалық орыс драма театры 92-ші мәрте көрермендерін қарсы алды. Көрермендерге театр репертуарының маржаны Пьер Бомаршенің «Безумный день, или Женитьба Фигаро» комедиясы ұсынылды.
Орыс драма театрының директоры И.Вербицкийдің айтуынша, жаңа маусымды Гогольдің «Женитьба» туындысымен ашуды жоспарлаған. Алайда, танымал ресейлік режиссер Олег Белинскийдің карантин жағдайына байланысты Шымкентке келе алмауы салдарынан, таңдауды өзгертуге тура келген.
Алғаш рет Пьер Бомаршенің «Безумный день, или Женитьба Фигаро» комедиясы орыс драма театрында 2019 жылы 6 қыркүйекте сахналанған. Бірқатар рөлдерді сомдайтын актерлердің ауысқаны болмаса, шығарма желісіне еш өзгеріс енгізілмеген.
Өткен сенбі, жексенбі күндері театр ұжымы ерексектерге У.Шекспирдің «Сон в летнюю ночь» комедиясы мен М.Ладоның «Очень простая история» лирикалық комедиясын ұсынды. Ал, бүлдіршіндер С.Астраханцеваның «Маленкая история о Маленьком Муке» ертегісін тамашалады. Алдағы уақытта әр жұма, сенбі, жексенбінің кешінде театр ересектерге арналған қойылымды сахналаса, жексенбі күндіз бүлдіршіндерге ертегі ұсынылмақ.
Орыс драма театрының биылғы маусымға арналған жоспары ерекше. Қазан айында А.Пушкиннің «Золотой петушок» ертегісінің премьерасы жоспарланған. Ал, қыркүйек айының соңында ұжым Көкшетауда өтетін халықаралық театр фестиваліне гастрольдік сапарға аттанбақ. Ондай У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын сахналайды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Алексей Шемес. Сондай-ақ, жыл соңына дейін театр көрермендерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған премьера күтіп тұр.

Көркемдік жетекші Тағайындалды

Бүгін Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 88-ші рет шымылдығын түреді. Театр ұжымы бұл маусымды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасымен ашуды жөн санапты. Қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қ.Қасымов.
Тарихи драмада ел іргесін бұзбай, бірлігін бекем ұстауға қажыр-қайраты мен парасатын сарқа жұмсаған дана қолбасшы хан Абылайдың ішкі және сыртқы дұшпандармен арпалысы, қазақ елін бір ту астына біріктіруді аңсағаны көрініс тапқан. Алғаш рет бұл қойылымның тұсаукесері Қазақ хандығының 550 жылдығына орай  сахналанған. Бүгінде спектакльдің актерлік құрамында біршама өзгерістер бар. Абылай ханды М.Дариев, Топышты Ж.Сарыпбекова, Жолбарыс сұлтанды Р.Нұрманов, Әмірсананы А.Қалыбеков, Бұқар жырауды Б.Дәулетжанов сомдайды.
Театрдың 88-ші маусымдағы ең маңызды жаңалығы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Бекболат Құрманқожаев қарашаңыраққа көркемдік жетекші болып келді. Режиссер бұған дейін М.Әуезовтің «Қарагөз» және У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын осы театр ұжымымен сахналаған. Бір жылдан аса уақыт көркемдік жетекшісіз жұмыс істеген ұжым үшін бұл – үлкен қуаныш. Сондай-ақ, актерлік құрам «Бекзат» фильмінің басты кейіпкері – Бекзат Саттархановты сомдаған жас актер Самат Әзімқұловпен толығып отыр.
— Театр қоржынында 40-тан астам спектакль бар. Олардың бесеуі бүлдіршіндерге арналған ертегі, хикаяттар болса, қалғаны ересектерге арналған сүйекті қойылымдар. Жыл сайын театр репертуарына 5 қойылым қосылып отырады. Премьераның үшеуі – ересектерге, біреуі – жастарға, біреуі – бүлдіршіндерге арналады, -дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек.
Қыркүйек айында театр Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы», М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары», А.Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай», У.Шекспирдің «Гамлет», М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» туындысын сахналайды.

Театр шымылдығын «Тановор» ашады

Шымкент қалалық өзбек драма театры 19-шы маусымды Ш.Исаханованың «Тановор» арт этно-фольклорлық қойылымымен ашпақ. Пьеса жаһандану дәуіріндегі ең қымбат құндылық – адам бойындағы рухани байлықты дәріптеуге арналған.
Театр репертуарында 86 қойылым бар. Оның алтауы осы маусымда өз көрермендерін қуантатын болады. Ал, әр маусымда қоржынға 3 спектакль қосып, премьера әкелу театрдың дәстүріне айналған.
Өнер ордасының көркемдік деңгейін көтеру мақсатында еліміздің, Өзбекстанның танымал режиссерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Осы маусымда Ш.Исаханованың «Тановор» қойылымынан өзге Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», Софокл «Эдип патша», У.Абдрахмановтың «Қайсарлар», Ш.Пардаевтың «Әпендізада», А.Вампиловтың «Періштемен 20 минут», Г.Горин «Герострат» спектакльдері саханаланады.

Сатира әлеміне жас толқын келмек

Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры 13-ші маусымның шымылдығын 26 тамызда М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясының премьерасымен ашты. Бұл маусымда театр ұжымы көрермендеріне 15 туындыны сахналайды. Оның бесеуі – кішкентай көрермендерге арналған қойылымдар.
Жаңа маусымға әзіл-сықақ және сатира театры тың жоспармен келіпті. Қазан айының соңында У.Әбдірайымовтың «Қауіпті вирус» атты сазды-думанды қойылымы сахналанса, қараша айында театрдың көркемдік жетекшісі М.Айтжановтың режиссерлігімен Л.Симонованың «Алтын дәннің құпиясы» ертегісінің премьерасы ұсынылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, театр ұжымы жаңа маусымда жас таланттармен толығуы мүмкін. Театр базасында
2-ші қыркүйектен бері кастинг жүруде.

Опера сахнасынан «Қамар сұлуды» күтеміз

Шымкент қалалық опера және балет театры 14-ші маусымның шымылдығын 28 қыркүйекте Т.Жармұхаметтің «Домалақ ана» операсымен ашпақ. Күміскөмей әнші Майра Мұхаметқызы бастаған театр ұжымы жуырда ғана гастрольдік сапармен Нұр-Сұлтан қаласына барып, «Астана опера» театрында «Домалақ ана» қойылымын сахналаған болатын.
Театр репертуарында 22 қойылым бар. Оның ішінде үшеуі балаларға арналған балет болса, біреуі жастарға арналға мюзикл. Қалғандары түрлі тақырыптағы опералар мен оперетталар.
Жыл сайын театр репертуарына 1 опера немесе балет туындысы қосылып отыратын. Алайда, биыл қала әкімі М.Әйтеновтың қолдауымен тағы екі қойылымның премьерасы күтілуде. Оның бірі –
Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсы. Премьера қазан айына жоспарланған. «Домалақ ана» мен «Қамар сұлу» операларының қоюшы режиссері – белоруссиялық Михаил
Александрович Панджавидзе. Сондай-ақ, желтоқсан айында театр ұжымы жас көрермендерге А.Мейірбековтің «Алдар көсе» балетін тарту етпек.

Заман ағымына қарай талғамы мен талабы артқан көрермен қауым үшін театр ұжымдары барын салуда. Жаңа маусымнан көзі қарақты көрерменнің де күтері көп. Бүгінде әлемді жайлаған пандемия мәдениет ошақтарының да келушілерін азайтып тастады. Десек те, театр ұжымдары өнерсүйер қауымның санитарлық талаптарды сақтай отырып, саф өнерден алыстамайтынына сенімді.
Келіңіз, көріңіз, ұлт руханиятының жаршысына айналған мәдени ортамен бірге болыңыз!

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Последнее изменение Пятница, 10 Сентябрь 2021 10:50
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.