88-ші белеске биіктеген театр Избранное

Среда, 15 Сентябрь 2021 04:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2682 раз

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театр ұжымы жазғы демалысын аяқтап, тамыздың тамылжыған алғашқы күндерінен бастап, жаңа маусымының шымылдығын жаңа леппен ашты. Жаңа маусымнан талабы биік көрерменнің жаңа қойылым күтетіні белгілі. Театр мен Қоғам үндестікте болуы табиғи заңдылық. Себебі, сахнадағы оқиға – қоғам айнасы іспеттес, көрерменнің көкейіндегі сұраққа жауап беретіндей дәрежеде болуы қалыптасқан қағидаға айналған.

720

 

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толуына орай, дүбірлі дүниелер сахналанып, егемендігімізді паш ететін қойылыммен өз көрерменін қуантуды мақсат тұтқан шаниндіктер, сонау қилы заманда, қазақ тарихының тізгінін ұстаған Абылай ханның өнегелі жолын жаңғырту мақсатында 88-ші маусымының шымылдығын Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасымен түрді.
Дүниені дүрліктірген пандемия басқа саламен қатар, өресі биік, талғамы терең көрерменге қызмет ететін театр саласына да үлкен зардап шеккізді. Айтпаса да белгілі жайт, көрерменсіз – театр тұл. Жылдан астам уақыт кешкі тымықта шамдары самаладай жанатын театр әлемді жайлаған вирустың кесірінен қараңғылықта тұнжырап, көрерменін көруге асықты.
Қиындық ұлғайған сайын қарсы күрестің де күш алатыны секілді, Шанин театры көрерменмен қауышуға рұқсат берілген күннен бастап, сағыныштың мауқын сахнада басты. Бірде Қарагөз боп махаббат зарынан жас төксе, бірде Гамлет боп шындықтың жүзінде арпалысты.
Көрерменнің қоғамдағы қилы қақтығыстан сәл де болса тыныстау үшін театрға келетінін ескерсек, көкейдегі түйінді сұраққа жауап тауып, жанын жұбатардай қойылымды ұсыну – театрдың басты стратегиялық мақсаты боп саналады.

721

 

Театрдың бүгінгі таңда алға қойған жоспары - заманауи тақырыпты көбірек қолға алып, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық спектакльдермен қоржын толтыру. Бұл тарихи қойылымнан бас тартты деген сөз емес, керісінше, кешегімізді сараптау үшін бүгінгі қоғамдағы қордаланған мәселелерді таразылау арқылы, өмір пәлсапасының парқын білу мақсатында жүзеге аспақ.
Театрға Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер, профессор Бекболат Құрманғожаевтың көркемдік жетекші қызметіне тағайындалғаны – жемісті белестерді жеңіспен аламыз деген үміт отын маздата түсті.
Б.Құрманғожаев театр үшін тосыннан келген маман емес. Бұған дейін театрымызда М.Әуезовтің «Қарагөзін», Шекспирдің «Гамлетін» сахналаған режиссер болғандықтан, жұмыс тәсілі мен талабы шығармашылық құрамға таныс, біте қайнасуға көлденең кірбің кедергі болмайтынына сеніміміз мол.
Әдетте көрермен театрдың ішкі қым-қуыт тіршілігінен бейхабар. Дайын қойылымның қаншалық жолдан өтетіні беймағлұм... Солай болуы тиіс те. Қойылымды бастамас бұрын ең алдымен сахналық шешімі дайын болуынан қойылымның деңгейі анықталатынын қалың көрермен біле бермесі аян.
Сценографиялық шешімнің ұтымды шығуы мен қойылымның жемісті болуы бір-бірінсіз нәтиже бермейді. Ол жағына келгенде театрдың бағына қарай бас суретшіміз – еліміздегі санаулы сценографтің бірегейі Қазақстанның Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұловтың еңбегі ерен.
Әлқисса, әр маусымның ашылуы көрермен жадында ерекше сақталып қалуы үшін қойылыммен қатар, театр әлеміне жетелейтіндей алдын ала зейін дайындығының маңыздылығын ескерген жөн. Театр – бір шаңыраққа тігілген уықтай жинақылықты, қиналғанды қолтығынан сүйеп демеу болуды, қамқорлықты қажет ететін нәзік әлем.
Бұл мәселеде театр басшысы К.Қарғабаев, биылғы маусымашарды Қ.Жандарбеков театрының директоры, сценограф «Еңлікгүл» сыйлығының иегері Бақыт Срайловтың «Кеңістік» атты сахнада қойылған сценографиялық шешімдерінің майлы бояумен салынған эскиздерін қамтыған шығармашылық көрмесін өткізу арқылы, келген көрерменге – Театрдың «беймағлұм қырымен» танысуына мүмкіндік жасады.
Биік сахнада тамашалап отырған қойылымның неден бастау алатыны көрмедегі эскиздерді көру арқылы қызыққан көрермен ынтасы бұрынғысынан бетер оянып, «Осылай болады екен ғой?..» деген жауап алғаны сахна төріндегі «Абылай ханның арманы» ойналып жатқанда өзгеше ықыласпен әсерленуіне ықпал етері аян.
Көркемдік жетекші Б.Құрманғожаев пен директор Қ.Қарғабаев сахна төріне шығып 88-ші маусымның ашылғанын салтанатпен жариялап тұрғанда, қызыл масаты шымылдығы тұмшалаған сахнаның арғы жағынан ашылғалы отырған тылсым күшті күткен көрермен ықыласы тудыратын көңіл-күйді айтып жеткізу қиын.
Біз үшін түрілгелі тұрған сахнадан тосын құпияны ынтызар көңілмен күткені... Көрерменнің сүйіспеншілігінен туған жойқын һәм жағымды қуаттың пәрмені сахна ашылғанда - өткен тарихтың керуенін жетелеген артистерге берілері һақ. Артист үшін де ең бақытты сәт – шымылдықтың музыка әуенімен түрілгені екенін айтуды қажет етпейтін мезет.
Театрдың жанды ағза іспеттес екенін ескерсек, шығармашылық топ жас актерлермен толықтырылып, жаңарып отыруы шарт. Бұл шарттылықты ескерген театр басшылығы биыл да бірнеше жас мамандарды жұмысқа қабылдап, актерлік топтың нығая түсуіне пәрмен берді.
Әлбетте, «Театр қандай жаңа қойылым дайындап жатыр екен?» деген орынды сұрақ туындары сөзсіз. Театр ұжымы үшін маңызды мәселе де осы – жаңа қойылыммен өз көрерменін қуанту боп саналады. Қазіргі таңда театр ұжымы жас драматург М.Омарованың «Тор» деп аталатын психологиялық драмасына қызу дайындыққа кірісіп кетті.
Жаңа жылға дейін сіздерді қызықтыратындай басқа да жаңа дүниелер ұсынылмақ, қадірменді көрермен! Сіздерді Шанин театрының шымылдығы түрілгенін хабардар еттік. Алдағы уақытта жаңа қойылымдармен қуантатынымызға сеніңіз. Біз сіздерді әрдайым асыға күтеміз, патша көңіл көрермен!

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.