Аңсыз цирктің ерекшелігін көріңіз

Пятница, 24 Сентябрь 2021 06:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1966 раз

tsirk

«Шымкент–Цирк» аренасы шаттыққа толды. Кеше «Шымкент–Цирк» санитарлық талаптарды сақтай отырып, ASHYQ қосымшасы арқылы өз жұмысын қайта бастады.

Көрерменнің сұрауы, көпшіліктің қалауымен цирк аренасында «Family circus» қойылымы жүруде. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – франциялық «Cirque du Soleil» циркінің бағытында аңсыз өтуі. Қойылымда әртістер әуеде қалықтаса, акробаттар батылдық шеңберінде сақтандырусыз трюктар көрсетті. Сондай-ақ, клоундардың әзілге толы репризалары бүлдіршіндердің көңілін көтерсе, жас әртістердің дебют нөмірлері заманауи іс-әрекеттерімен тамсандырды. Қойылым барысын джаз оркестрі түрлі композициялармен сүйемелдеп, цирк аренасын ерекше күйге бөледі.

– «Шымкент-циркі» – әлемдегі ең жас цирктердің бірі. Бізге биыл 10 жыл толып отыр. 2021 жылды «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасымен бастаған едік. Жыл соңына дейін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен цирктің 10 жылдығына орай 30 іс-шара өткіземіз. Әуелі арнайы бағдарламалар бойынша түрлі қойылымдар мен шоу-концерттер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, әлемдік цирк әртістерімен сұхбат жүргізіп, цирктің 8 жанры бойынша қойылымдарды қаламыздың көрікті жерлерінде, ашық аспан астында түсіріп, сюжеттер шығару да жоспарда бар, – дейді «Шымкент–Цирк» мекемесінің директоры Нұрлан Әділханов.

Нұрлан Ыдырысұлының айтуынша, мекеме базасында «Circus Star» үйірмесі ашылды. Жас таланттардың жұлдызын жағатын үйірмеде 7-15 жас аралығындағы балалар акробатика, эквилибристика, әуе гимнастикасы, клоунада сынды цирк жанрларының ішінен кез келгенін таңдап, өзі қалаған бағытқа бейімделе алады.

«Family circus» қойылымына күндізгі сағат 12:00 және 16:00-дегі екі сеансқа билет сатылуда. Ересектер мен 5 жастан жоғары балаларға арналған қойылым билеттеріне ұжымдық жеңілдіктер де қарастырылған. Сондай-ақ, онлайн кассалардың да қызметін пайдалана аласыз.

Келіңіз, аңсыз цирктің ерекшелігін көріңіз!