Әуе толқынында –«Радио дауысы»

Среда, 06 Октябрь 2021 05:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 570 раз

Биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұсынысымен 1 қазан Радио қызметкерлерінің күні болып белгіленген болатын. Радио күнін алғашқылардың бірі болып шымкенттіктер атап өтті. Шымкент қалалық мәдениет басқармасының бастамасымен Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада «Радио дауысы» іс-шарасы ұйымдастырылып, республикаға үні тарап жүрген радиотілшілер бас қосты.

radio-kuni 2

Жиынды ашқан Шымкент қаласы әкімі М.Әйтенов БАҚ-тың күретамырына айналған радио саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

— Радио – идеологияның маңызды құралы. Мыңдаған тұрғын жолда радио жаңалықтарын тыңдайды. Халыққа ақпаратты дұрыс әрі жедел жеткізуде, бұқарамен байланысты жаңа деңгейге көтеруде сіздердің еңбектеріңіз зор. Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сіздерге шығармашылық табыс тілеймін! – деп мерекелік лебізін білдірген қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қонақтарға сый-сияпат ретінде мегаполистің символына айналған қызғалдақтың тұқымын тарту етті.

Жиынға «Шалқар» радиосының бұрынғы бас-редакторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері К.Әмірбек, «Қазақ радиосының» бұрынғы бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері М.Кәбірұлы, «Шалқар» радиосының директоры Б.Төлепберген, «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі Л. Сұлтанқызы, «Үздік радиожурналист» сыйлығының иегері, қазіргі «Қазақстан КВН одағының» президенті Е.Елеукен, тележүргізуші А.Садырбай, «Русское радио Азия» арнасының тілшісі А.Ғабдуллина, «Шалқар» радиосының тілшісі Г.Нәлібай, «Той-думан» радиосының тілшісі Л.Омарқызы, «Қазақ радиосының» меншікті тілшісі Е.Әмірбекұлы қатысты. Сондай-ақ, жергілікті радио саласының ардагерлері Р.Шәймерденова, Т.Болдина мен «Оңтүстік» радиосының бұрынғы журналист-редакторы Б.Нарымбетова шақырылды.

 

«Радио – әр мемлекеттің меншігі»

Басқосу барысында «Қазақ радиосының» бұрынғы директоры, радио-сарапшы Махат Кәбірұлы қаламгер әріптестерін құттықтады.

— Әлемдік телеарналарды дүниенің түкпір-түкпірінен тамашалай аласыз. Ал радиоарналар тек бір мемлекеттің территориясында ғана тарайды. Өйткені, радио — әр мемлекеттің меншігі. Яғни, радиожурналистер өз ұлты, мемлекеті үшін жұмыс істейді. Ұлты үшін еңбек еткен бұл сала қызметкерлерінің ақпаратты жедел әрі республиканың кез келген түкпіріне таратуда еңбегі орасан, – деп атап өтті М.Садық.

radio-kuni 1

Ал «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген осындай іс-шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған қала әкіміне алғысын білдіріп, «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасы
Л.Танысбайдың құттықтауын жеткізді. Ал Шымкенттен шыққан республикалық радиоарна тілшілері де жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мегаполистің өз радиосы құрылса деген тілектерін айтты.

 

«Біз «Русское радионы» қазақша сөйлетіп жүрміз»

Радио күніне арналған жиын «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде жалғасты. Мегаполистің театр, цирк және өзге де мәдени ошақтарында еңбек етіп жүрген 200-ден аса қызметкер қонақтарды ежелгі қаланың бас қақпасынан сахналық қойылыммен қарсы алып, әннен шашу шашты. Қала қонақтарына тарихи-мәдени кешеннің цитаделі таныстырылды. Кешен экскурсоводтары Шымшаһардың терең тарихын баяндап, ескі қалашықтағы археологиялық аймақты көрсетті. Радиотілшілер ХІ-ХІІ ғасырдағы су құбырларын, хауыз бен «Махаббат мұнарсы» бөлмесін, садақ ату алаңшасын тамашалап, ескі қаладан ерекше әсер алды.

Мереке аясында Арбат демалыс аймағында радио құрылғылар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге өткен ғасырдан бүгінге дейінгі түрлі радиоқұрылғылар қойылған.

– Радионың бүгінгі мүмкіндігі орасан. Техниканың қарыштап дамыған дәуірінде барлық жұмыс жеңілдетілген десек болады. Мәселен, біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмыс істедік. Көрерменмен тікелей байланыста отырып, әр әуенді қою үшін құрылғыдағы таспаларды ауыстырып, жан-жақты қимылдайтынбыз, – деп Е.Елеукен өзі қызмет еткен «Юмакс» радиосындағы естеліктермен бөлісті.

Шымкент қалалық мәдениет үйінің әртістері Арбатта радио саласының қызметкерлеріне әннен шашу шашып, мерекелік тарту жасады. Келген қонақтар мен радиотілшілер көрме барысында арнайы тақталарға қолтаңбасын қалдырып, тұңғыш рет тойланып отырған кәсіби мерекеге жүрекжарды лебіздерін білдірді.

– Біз «Русское радионы» қазақша сөйлетіп жүрміз. Иә, бұл – тәуелсіздік жетістіктерінің бірі. «Русское радио Азия» арнасындағы радиобағдарламалардың тең жартысы — қазақ, қалғаны орыс тілінде тарайды. Әсіресе, қазақ тілді бағдарламалар прайм-тайм уақытына қойылған. Бізге мерекелік көңіл-күй сыйлаған шымкенттіктерге алғысымыз шексіз. Көне радиоқұрылғылар көрмесінің өзі ерекше әсер қалдырды, – деді Аяна Ғабдуллина.

Меркелік іс-шара аясында қала қонақтарына Тұрлан шағынауданындағы «Қылует» этнографиялық мұражайы таныстырылды. Мегаполистің тарихи орындарынан ерекше әсер алып, кәсіби мерекені атап өткен радио саласының қызметкерлері ерекше көңіл-күймен тарқады.

Айта кетейік, жыл басында «Қазақ радиосының» 100 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы орталық көшеге «Қазақ радиосы» атауы берілген болатын.

Последнее изменение Среда, 06 Октябрь 2021 05:42