Қазақ операсының жауһары – «Қыз Жібек» жаңаша сахналанды Избранное

Среда, 03 Ноябрь 2021 04:30 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 867 раз

«Қыз Жiбек» қазақтың тұңғыш операсы екенiн жұртшылық жақсы бiледі. Ғасырға жуық уақыт өтсе де халық «Қыз Жiбегiнен» жалыққан емес. Кезiнде мәскеулiктердiң өзi қазақтың «Қыз Жiбегiне» бас иген. Шымкент қалалық опера және балет театры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын қайта жаңғыртып, көрермен назарына ұсынды. Опера заманауи бағытта ерекше сахналануы үшін режиссері өзге елден шақырылған. Жаңа музыкалық туынды театр сахнасын ғаламат көрініске бөледі.

213

 

Төлеген мен Жібектің қайғылы махаббаты бейнеленген операның либреттосын әдебиетіміздің классигі Ғабит Мүсірепов қағазға түсірсе, музыкасын Евгений Брусиловский жазды. Бұл туындыда композитор халық әндері мен күйлерін шебер өрнектей білген. Жаңаша сахналанған көрнекті шығарманың қоюшы режиссері – Михаил Панджавидзе. Қойылымның музыкалық жетекшісі және қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, ал көркемдік жетекшісі – Майра Мұхамедқызы.
– Биыл еліміздің музыкалық-сахна әлеміндегі тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібектің» дүниеге келгеніне 87 жыл толып отыр. Бұл опера туындысы барша әлемді селт еткізіп, назарын бірден өзіне аударды. «Қыз Жібек» – бүгінде ұлттық опера өнерінде ең ұзақ бақытты «өмір кешкен» керемет туынды. Ұлттық өнеріміздің алтын қорына енген 2 актілі 4 көріністі опера Шымкентте 2010 жылы А.Алтынбековтың режиссерлігімен сахналанған болатын. Араға жылдар салып, қойылымды жаңаша стильде қою мақсатында Шымкент қалалық опера және балет театрына ресейлік режиссер Михаил Панджавидзе арнайы шақыртылды, – деді М.Мұхамедқызы.
Қойылым алдында баспасөз жиыны өтіп, қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, дирижер
Абзал Мухитдинов, театрдың бас балетмейстері Рита Хайрушева, қоюшы суретші Бақыт Күзембаев жаңа қойылымның ерекшелігі туралы айтты.
– Жетістіктің барлығы еңбекпен келеді. Біздің тәсіл қалыпты жағдай болмағанымен, қиындықтар бар, бірақ әртістер алып кетті. Бұл операға сырттан мамандар шақырылды. Түркістаннан Әйгерім Сәрсенбиева, Әйгерім Шәріпбек, Алматы театрынан Бекзат Әбдиев, дирижер Астанадан, бейне суретші Германиядан, өзім Мәскеуден келдім. Команда жан-жақтан жиналған. Бұл ең аз уақытта дайындалған қойылым деп есептеймін. Үшінші рет осы туындыға режиссер болып отырғанымды мақтан етемін. Бұрындары оның тарихына көбірек мән беретін едік. Қазір оқиғалардың үйлесімділігі мен орындаушылардың шеберліктерін ерекше атап өткім келеді, – деді қоюшы режиссер.

216


Михаил Панджавидзенің пікірінше, музыкалық жетекші Абзал Мұхитдинов жаңа авторлық туынды жасап шығарған. «Бұл ойым қаншалықты орынды екенін білмеймін. Дегенмен, жаңа аранжировка, жаңа оркестр операға жаңа тыныс беріп, барынша түрлендірді. Жаңаша жаңғырық берсін деген ниетте бұл жолы қылқобызды да қостық. Егер Абзал ұзын-сонар диалогтарды музыкалық речитативке айналдырмаса, опера операттаға айналып кететін еді. Сонымен қатар, либреттоны түбегейлі түрде өзгертпесек те басты кейіпкерлердің образын басқа қырымен аша алдық деп есептеймін. Біз көрермен үшін жұмыс істейміз, сол себепті жалпақ жұртқа түсінікті етуді көздедік» деді ол.
Бұл жолы сахнада ару Жібекті ойнаған Әйкерім Шәріпбек пен Жұлдызай Мұсаева Жібектің бойындағы нәзіктік, сабырлылық, биязылық сезімдерінің шынайылығын халық алдында көрсете білді. Жібектің Төлегені болып Шымкент қалалық опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Мәдіхан Дуйсеев ән орындау шеберлігімен көрерменнің көңілінен шықты. Бекежанның рөлін Айбек Қанатбек орындады. Мұндағы ерекшелік – режиссерлік шешім мен акустикалық және компютерлік дыбысқа айрықша назар аударылған. Жарық беру технологиясында да өзгешелік байқалады. Пластикалық би, кейіпкерлерді сөйлету, олардың ән айту тәсілдері де көрермендерді сүйсінтті. 1934 жылдан бері ұлттық нақыштағы әйгілі классикалық туынды әлі қазақ сахнасынан түскен жоқ. Ол өзінің құндылығы мен өміршеңдігін жоймайды.
Жаңарған операның тұсаукесер рәсімінде Майра Мұхамедқызы шығармашылық жоспарлары мен өзі жетекшілік етіп отырған өнер ұжымының мақсатын да тілге тиек етті.
– Театрдың алдына үлкен міндеттер қойылды. Бес жылдық жоспарымызды айқындап, қазіргі таңда жас кадрлар жинауға кірістік. Қала әкімдігі 18 айда жаңа опера және балет театрын салып бермек. Оған дейін қанатымызды қатайтып, жаңа буын өкілдерімен репертуарымызды қайта жаңғыртып жатырмыз. Бүгінде жан-жақтан жиналған мамандар өнердегі достығымызды құрметтеп келіп жатыр. Қаржылық қолдау қажет. Бекзат өнерді бағалап, оны көруге асығатын өз көрерменімізді қалыптастыру мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. «Домалақ ана» операсы көптің көңілінен шықты деп айта аламын. Кезекті туындымыз қазақ операсының жауһарын жаңғырту арқылы көрерменге ұсынылды. Одан кейін қараша айындағы туындымыз «Қамар сұлу» болады, – дейді театр директоры.
Премьераның тағы бір ерекшелігі – «Қыз Жібек» операсын бұрын сомдаған әншілердің сахналық киімдері, портреттері мен өмір деректерінен арнайы көрме ұйымдастырылды. Театр фойесінде көрермен опера жұлдыздары К.Байсейітова, Н.Үсенбаева, М.Мұхамедқызы киген киімдерді тамашалады. Бұл киімдерді елорда мен Алматыдан арнайы алдырған.