Версия для печати

Кемелдікке жетелеген кеш Избранное

Среда, 22 Декабрь 2021 04:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3631 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі Түркістан сарайында белгілі дінтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлының «Kemel adam» атты рухани кеші өтті. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта адамзат баласы кемел болу үшін қандай харекет жасауы керек? Кемелдіктің сыры неде? Автор кеш барысында осы сауалдарға жауап іздеп, көрерменге ой салды.

802

 

Кеш Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» еңбегіне негізделген. Автор кітапта жан-жақты жетілген идеалды адамның қасиеттері мен ерекшеліктерін діни дәлелдер, қазақтың ойшыл зиялылары айтқан түйінді пайымдары арқылы түсіндірген. Авторлық кеш барысында кемел адам дегеніміз — рухани бай, мінезі көркем, білімі терең, байсалды, айналасымен қарым-қатынасы бекем тұлға екеніне көз жеткізуге болады.
Өнер майталманы Бекжан Тұрыс бастаған М.Әуезов атындағы драма театр әртістері «Kemel adam» кітабын сахна тілінде сөйлетті. Сонымен қатар, Алланың 99 көркем есімінің ерекше мақаммен орындалуы ерекше күй сыйлады.
Қ.Жолдыбайұлы өз кезегінде кітаптан үзінділер айтып, көрермендерге рухани серпіліс берді. Күйші Нұрбол Сейілбек өзі жазған «Кемел адам» күйін домбырамен тарту етсе, «ХасСақ» этно-фольклорлық тобы осы күйді ұлттық аспаптармен ерекше нақышта орындап шықты.
«Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» тақырыбында сөз қозғаған автор анасына, діни сауат ашуға жол сілтеген ұстазы Талғатқа және дәм-тұзын ұсынған жеңгесіне құрмет көрсетіп, гүл шоғын ұсынды. Шымкент қаласы әкімдігіне, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына, «Ернияз» баспа үйі мен «Кәусар» дәмханалар желісіне көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, кештен түскен қаржы церебральді сал дертіне шалдыққан балаларды оңалту орталығының құрылысына жұмсалмақ. Бүгінде оңалту орталығы бірнеше айдан соң алғашқы емделушілерді қабылдайтын болады.