«Қиялдағы образ режиссер ойымен үндесуі тиіс» Избранное

Пятница, 11 Февраль 2022 04:06 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3257 раз

Драматург жазған пьесаны қоюшы режиссер сахнада сөйлетеді. Алайда, режиссер ойлаған образдың ашылуы мен оның көрерменге жетуі суретші қиялының ұшқырлығына тікелей байланысты. Газетіміздің тұрақты айдарының бүгінгі кейіпкері — Жаһангиров Сайдсұлтан Бақтиярұлы.

224

 

Сайдсұлтан Бақтиярұлы — Шымкент қалалық өзбек театрының бас суретшісі. Өнерін өміріне айналдырған кейіпкеріміз суретші болуды бала күнінен армандаған.
— Әкем Кеңес үкіметі кезінде клуб суретшісі болған. Алғашқы қызығушылық сол кезден басталды. Еңбек жолымда түрлі саланың жұмысын көрдім. Алайда, өнерге деген құрметім осы салаға қайта әкелді. 1994-1998 жылдар аралығында Өзбекстандағы Низами атындағы педагогика институтының «сурет және сызу» мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолым Сайрамдағы кәсіптік лицейде суретші-безендіруші қызметінен басталды. 2001 жылы Есекей Юсупов атындағы жалпы орта мектепте «бейнелеу өнері», «сызу» сабақтарынан дәріс оқыдым. Алайда, ол кезде мұғалімдердің айлығы өте төмен болатын. 2005 жылы жұмыстан шығып, бағымды басқа салада сынауға бел будым, - дейді С.Жаһангиров.
Арада жеке кәсіп ашып, түрлі салада жұмыс істеп жүргенінде, нақтырақ 2010 жылы Шымкент қалалық (ол кезде облыстық) өзбек театрының бас суретшісі
Ю.Саламетов Сайдсұлтанды театрға шақырады.
— Юсуфжан аға — өнердегі ұстазым. Ол — менің өнерге оралуыма, осы театрға келуіме тікелей себепші болған жан. «Сенің қолыңнан келеді» деп сенім білдірді. Алайда, тағы да айлықтың аздығынан көп тұрақтамадым.

223


2012 жылы театрдың сол кездегі директоры, театр сыншысы Закиржан Моминжанов мені қайта жұмысқа шақырды. Дәл осы уақыттан бастап театрмен бірге өсіп келемін. Мәселен, 2016 жылы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Татарстанның Қазан қаласында өткен Түркі халықтарының IV халықаралық театрлық білім беру форум-фестиваліне барып, театрдың сол кездегі директоры Икрамжан Хашимжанов, бас режиссер Жавлон Сайитов, труппа жетекшісі Ұлықбек Насыров және мен қатыстым. Бір аптаның ішінде халықаралық тәжірибе алаңында біліктілік арттыру мүмкіндігі туды, - дейді кейіпкеріміз.
Сайдсұлтан Бақтиярұлы он жылда шамамен 50-ге жуық пьесаны оқып, кейіпкерлердің алғашқы эскизін дайындаған.
— Көркемдік кеңес бекіткен пьесаны оқып шығамын. Сосын қоюшы режиссермен ақылдаса отырып, пьесадағы кейіпкерлердің бейнесін қағазға түсіремін. Әуелі басты кейіпкер, сосын қосалқы кейіпкерлердің образы, сахна декорациясы, барлығының дерлік эскизі сызылады. Тіптен, сахнадағы әр заттың орны да бекітіледі. Кейіпкер образы туындау үшін ми тек таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін ғана жұмыс істемейді. Үйде де, түзде бар ойың кейіпкер образын шығару болады. Жұмыстың ең қиыны да осы. Суретшінің пьесаны оқығаннан кейін қиялымен жасаған образдары қоюшы режиссердің, көркемдік кеңестің көңілінен шығып, ойымен үндесуі тиіс. Олар мақұлдаған соң ғана декорация мен кейіпкер костюміне қажетті материалдар талқыланып, өндірістік цех жұмысы басталады, - дейді С.Жаһангиров.
Суретші сызған эскиз мақұлданған соң, өндірістік цехта бутафор маманы, ағаш ұстасы, сахна меңгерушісі мен тігіншілердің жұмысы қызады.
Бүгінде С.Бақтиярұлы наурыз айына жоспарланған спектакль үшін ізденіс үстінде. Жылдың алғашқы премьерасы Хамзаның «Сүйгеніңнен айрылма» комедиясы болмақ.
— Театр көрермендері сахна декорациясын көрген кезде-ақ спектакльдің қай кезеңдегі оқиғаны сахналайтынын білуі тиіс. Кейіпкердің киімі де дәл осы оқиға кезеңіне сай тігіледі. «Сүйгеніңнен айрылма» комедиясында басты рөлде 4 кейіпкер, қосалқы рөлде 4 кісі бар. Бүгінде қоюшы режиссер сахна декорациясы мен басты рөлдегі кейіпкерлердің эскизін мақұлдады, - дейді ол.