Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Бейбіт Бахтыгереев пен бас режиссер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ольга Луцива алдымен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында журналистермен брифинг өткізіп, өз ойларымен бөлісті.
– Шымкентке бұл алғашқы сапарымыз емес. Осыған дейін орыс драма театрында қойылымдарымызды қойдық. Сондай-ақ, Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының қызметкері Алтынай Алиеваның «Балақай@Net.ata» балаларға арналған ертегісін алғаш рет өзімізде қойып, көрермендер оны жылы қабылдады, - деді Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Б.Бахтыгереев.
Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының сахнасында Алтынай Алиеваның жаңа туындысының шымылдығы ашылды. Жерлесіміздің «Балақай@Net.ata» ертегісінде қазіргі таңдағы өмір шындығын ашып бейнелеген. Қойылымда жас баланың ғаламтордың шырмауына түскенін және одан қалай шыққаны туралы сахналанды. Сахналық көріністі тамашалаған балалар ерекше сезімге бөленіп, өздеріне ой түйіп, үлгі өнеге алды.
Айта кетейік, А.Алиеваның «Балақай @Net.ata» ертегісі, С.Батырхан «Clown» ересектерге арналған стендап-сатирасы, Мартин Мак Донахтың «Сиротливый запад» жастарға арналған рок драмасы 17 сәуірге дейін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында өз көрермендерін күтеді!
Айдана МҰХТАРОВА