Серік ЖАҚСЫҒҰЛОВ, Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театры директорының орынбасары: «БОЛДЫМ, ТОЛДЫМ» ДЕЙТІН БОЛСАҢ, ТОҚЫРАЙСЫҢ Избранное

Среда, 25 Май 2022 04:31 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1908 раз

Сыр өңірінің қарашаңырағы, Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театры 17-20 мамыр аралығында Шымкентке гастрольдік сапармен келді. Өнер ұжымы сапардың әр күніне ерекше мән беріп, театр репертуарындағы шоқтығы биік қойылымдарын сахналады. Мюзикл, комедия, драма, психологиялық драма, бәрі-бәрі театрсүйер қауымға ой салып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Біз гастрольдік сапар барысында Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театры директорының орынбасары ЖАҚСЫҒҰЛОВ Серік Орынбасарұлымен құрған аз-кем сұхбатымызды назарларыңызға ұсынбақпыз.

601

 

— Серік Орынбекұлы, Нартай Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театр — Сыр өңіріндегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Театр репертуары, премьералар жайлы айтып өтсеңіз.

— Иә, Нартай Бекежанов атындағы театр — 70 жылға жуық тарихы бар қарашаңырақ. Бүгінде театр қоржынында 60-тан астам қойылым бар. Сондай-ақ, жыл сайын 3-4 премьерамен театр репертуары толығып отырады. Бүгінде театрлардың басты проблемасы режиссер тапшылығымен байланысты. Мәселен, өткен жылы А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» драмасын сахналау үшін режиссер Данияр Базарқұловты шақырттық. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әмір-Темір Хұсейн ағамыз да ғылыми кеңесші ретінде әр спектакльге бағыт-бағдар беріп отырады. Жергілікті бюджеттен жылына 3 қойылымға қаржы қаралады. Бүгінде әлем классиктерінің шығармаларымен қоса жергілікті драматургтердің шығармаларын сахналауға көңіл бөліп, ерекше, айтары бар туындыны таразылап жүрміз.

— Елімізде көптеген театрлар өз бағытын қалыптастырып, жаңалыққа, тың дүниеге ұмтылып жүр. Сіздерде театр жұмысын ширату үшін қандай шаралар қолға алынған?

— Біздің театр бір ғана бағытпен шектелмейді. Иә, бұған дейін драмалық қойылымдардың үлесі басым болатын. Қазір музыкалық спектакльдер, комедиялар да сахналанып жүр. Шығармашылық шыңдалудың нәтижесі сол, музыкалық қойылымдарда ойнайтын әртістеріміздің бүгінде дауыстары ашылып, аспаптарда ойнау шеберлігі де артқаны байқалады. Сондай-ақ, жуырда театр ішінен «Сыр әзілі» атты труппа құрылды. Труппаға Данияр Бақтиярұлы есімді талантты азамат жетекшілік етіп келеді. Сатира бағытын ұстанған «Сыр әзілі» осыдан 10 жылдай бұрын жұмыс істеп, кейін тарап кеткен болатын. Сатирада өзіндік орны бар Серік Төлепов есімді азамат қатарымызға қосылып, көнені жаңғыртып жатырмыз. Дәл осы «Сыр әзілі» Ақтөбеде өткен «Айтқыштар» фестиваліне қатысып, «Үздік театр» номинациясымен оралды. Сонымен қатар, «Нартай бүлдіршіндері» атты қуыршақ труппасы жұмыс істейді. Гастрольдік сапарға бұл труппа да өз қойылымдарын әкелді. Сапар барысында олар Шымкенттің мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен орта мектептің бастауыш сыныптарына өз қойылымдарын сахналады.
Біршама уақыт 16-25 жас аралығындағы жастар қамтылмай қалған еді. Театрымыздың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлбосын Қылышбаеваның «ҰБТ кілті» спектаклі дәл осы аралықтағы жастарды қамтып, олқылықтың орны толтырылды. Жас көрермендердің қойылымды ерекше қабылдағанын олардың ыстық ықыласынан білдік. Бүгінде жиі айтылатын мәселе —көрермендерінің азаюы ғой. Оған театр ұжымдарының да әсері бар. Мәселен, театр өз репертуарында әр буынның мәселесін қамтып, шынайы суреттей алса, көрермен қатарының артары сөзсіз. Себебі, әр көрермен өзіне рухани азық болатын дүние, өз өмірімен байланысты оқиға іздеп келеді. Сол оқиға арқылы біз театрсүйер қауымға ой сала білсек, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білемін. Эксперимент ретінде жас буынға қызықты қойылымдарға билет құнын көтеріп те көрдік. Спектакль көремін деген жандарға билет құнының қымбаттығы да әсер еткен жоқ. Ал, театр директоры Ғалым Қонақбайұлы жастардың сұранысына ерекше ден қойып отыр. «Жақсының жақсылығын айт» деген ғой, театрға тың серпін әкелу үшін кейде өзге өңірлердегі әріптестерге шақыртусыз, қарапайым көрермен ретінде барып, премьераларға қатысып келетіні бар. Ол тек премьераны тамашалап ғана қоймай, тәжірибе алмасудың түрлі бағыттарын іздестіріп жүреді. Мәселен, жыл басында елордадан режиссер Асхат Маемировты арнайы шақырып, ол бір апта бойы жас актерлерге шеберлік дәрісін өткізді. Кейбір мамандардың ашылмай жүрген қырын танытуға көмегі тиді. Сондай-ақ, жас актерлердің кейбірінің режиссерлік қырын дамытуға да күш салып отыр.

— Театрдың актерлік құрамы қандай?

— Біздің театрда 50-ден астам актер 3 труппада жұмыс істеп келеді. Әрине, штаттық кесте бюджеттің мүмкіндігіне қарай бектілген. Салыстырмалы түрде алсақ, аға буын өкілдері шығармашылық топтың 15 пайызын құраса, орта буын — 40, жастар 45 пайызды құрайды. Әр театрдың өз оркестрі, бишілері болуы қажет-ақ. Жыл сайын қатарымызды көбейтіп, толықтырып отырамыз.

— Гастрольдік сапардан не күтесіздер?

— Гастрольдік сапарлардың ең жақсы тұсы шығармашылық ұжым тәжірибе алмасады, өзін дамытады. «Құдықтағы құрбақаға аспан түймедей көрінеді» демекші, бір ортадан шықпай, өз ісіңе масаттанып, «болдым, толдым» дейтін болсаң, тоқырауға ұшырайсың. Сондықтан біреуден ілгері, біреуден кем болса да, өнерімізді түрлі ортада көрсетіп, ширап отырған дұрыс деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рақмет!