Версия для печати

ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев: «ШЫМКЕНТТІК АНИМАТОРЛАРДЫ БІРЛЕСІП ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ШАҚЫРАМЫН» Избранное

Понедельник, 04 Июль 2022 04:58 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3035 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Биыл «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталмыш бірлестік жыл соңына дейін 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр. Мен анимация саласында өзіндік орны бар шымкенттік жігіттердің жұмысымен таныспын. Сондықтан, сіздерді «Қазақ анимациямен» бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын». Бұл туралы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев тұрғындармен жүздесу барысында мәлімдеді. Кездесу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»
қағидасы негізінде, сұрақ-жауап форматында өтті. Онда мегаполистің мәдениет, спорт және туризм салаларына қатысты келелі мәселелер қозғалды. Тақырыпты тарқатар болсақ.

133

 

Алғаш рет әдеби сыйлық тағайындалып отыр

Басқосуға Шымкент қаласына қарасты төрт ауданның белсенді тұрғындары мен мәдениет, спорт және туризм саласына қатысты мекеме қызметкерлері қатысты. Жиынды Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев министрліктің жыл бойы атқаратын жұмыс жоспарымен таныстырып өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен министрлер өңірлерге келіп, халықпен жүздесіп жатыр. Бұл – мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда аса маңызды қадам. Біз министрліктің әр салаға қатысты атқарып отырған жұмысына тоқталамыз. Себебі, оның барлығы өңірлермен тығыз байланысты. Мәдениет саласы бойынша өткен жылы Шымкентте 9 нысан жөнделді. Биыл 10 мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 ғимараттың құрылысы басталмақ. Жұмыс ауқымына қарай 2025 жылға дейінгі аралықта атқарылады. Мәдениет, архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын 2025 жылға дейін орта есеппен жыл сайын 20 пайызға арттыру көзделген. Айта кету керек, өткен жылы сала қызметкерлерінің жалақысы республика деңгейінде – 50, өңірлерде 35 пайызға артқан болатын. Одан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 1 шілдеден бастап еліміздегі ұлтық статусы бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы қосымша коэффициентпен есептеліп, 75 пайызға өседі, – деді Дәурен Әскербекұлы.
Министр әдебиетті қолдау мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан қолдау мақсатында биылдан бастап министрлік алғаш рет «Айбоз» әдеби сыйлығын тағайындап отырғанын айтты.
— Әдеби сыйлық 7 номинация – «Үздік поэзия», «Үздік проза», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап дизайны» аталымдары бойынша берілмек. Жүлде қоры – әр аталымға 5 миллион теңгеден. Сондай-ақ, мамыр айында министрлік Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, «Алматы кітап жәрмеңкесі» іс-шарасын ұйымдастырды. Оған еліміздің 50-ден астам баспасы, кітап дүкендері, сондай-ақ, Ресей, Өзбекстан сынды көршілес мемлекеттерден делегациялар қатысты. Жәрмеңкеге шығарылған 14 мыңнан астам кітаптың 10 мыңға жуығы сатылған. Бұл отандық авторлар мен баспагерлердің руханиятты дәріптейтін айтулы мерекесі болды. Мұндай іс-шараны келешекте Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастыруға болады, – деп атап өтті министр.
Сондай-ақ, Д.Абаев республикадағы киноиндустрияның жайын баяндап өтті. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтырдан бастап Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар Ж.Жабаевқа арналған «Жамбыл. Жаңа дәуір», А.Байтұрсынов туралы «Соңғы үкім» киноларының түсірілімі жалғасуда.
— Биыл «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталмыш бірлестік жыл соңына дейін 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр. Анимация саласында өзіндік орны бар шымкенттік жігіттердің жұмысы маған белгілі. Сондықтан, сіздерді «Қазақ анимациямен» бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Сонымен қатар, тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында биыл рейтингі жоғары анимациялық фильмдер мен кино-картиналарды дубляждауға қомақты қаржы қаралды. Яғни, әлемдік фильмдерді қазақ тілінде сөйлетуге ықпал етеміз, – деді Д.Абаев.
Кездесуге келген сала мамандары министрге сауалдарын қойды. Шымкенттік биші Ж.Ибадуллаева өзінің бірнеше би студиясы бар екенін, алайда барлық құжаттары түгел болса да «Артспорт» платформасы арқылы ваучер атана алмай отырғанын алға тартты. Оған Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д.Жүнісов жауап беріп, ваучерлік қызметке тіркелу тек жыл басында жүзеге асырылатынын және ол жергілікті бюджеттен қаралған қаржы көлеміне қатысты екенін атап өтті. Алайда, Шымкент қалалық мәслихаты мақұлдап жатса, келесі жарты жылдықта қосымша қаржы қаралуы мүмкін екенін де тілге тиек етті.
Ал Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Дәркен Танабаев жергілікті қаламгерлерге ғимарат керек екенін айтып, ақын-жазушылардың еңбегін баспадан шығаруға қолдау сұрады. Ғимарат мәселесі жергілікті биліктің құзіретінде екенін түсіндірген министр кітапты баспадан шығару мәселесі «Кітап палатасы» арқылы оңтайландырылғанын, яғни кез келген қаламгердің еңбегі, палатаның екі кезеңнен тұратын сараптамасынан өтсе, мемлекет қаржысына тегін шығарылатынын атап өтті.

3 айда – 97 мың турист

Шымкентке саяхаттап келушілер үшін туристік қауымдастықпен келісе отырып, 27 тур-бағыт ұсынылған. Оның 17-сі Шымкентте болса, 10-ы Түркістан облысымен бірлескен бағыт. Олар тарихи-мәдени, экологиялық, экстремальді, өндірістік сынды бағыттарды қамтиды.
— Тарихи-мәдени нысандарға қатысты Шымкенттегі Сайрам өлкесін атап өткен жөн. Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибрагим ата мен анасы
Қарашаш ана кесенелерінің аумағын қалпына келтіру бойынша эскиздік жоба әзірленіп, заманауи жолсілтегіштер, стендкарталар орнатылуда. Биыл Шымкентке 3 айда 97 мың жуық турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 129 пайызға көп. Туризм саласын дамыту арқылы өңір халқын тұрақты әрі уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге болады. Жыл соңына дейін 7 ірі жоба жүзеге аспақ. Бұл бизнестің инвестициялық белсенділігіне әсер етеді. Жыл басында туристік салаға 75 млрд теңге қаралып, республикада 26 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді. Бұл – шекараға жақын орналасқан Шымкент қаласы үшін өте маңызды. Электронды виза беру жүйесі де қалпына келтірілді, – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі де қаралған. Жыл соңына дейін елімізде 25 мың жұмыс орнын құру жоспарланыпты.
— Туризмнің тағы бір тармағы – тарихи-мәдени орындарды насихаттау. Оларды кеңінен таныстыру мақсатында өңірлерде визит орталықтары жұмыс істеп жатыр. Бірнешеуінің құрылысы басталды. Басым бөлігі осы Оңтүстік өңірде бой көтеруде. Олар — Гауһар ана, Ордабасы және Сауран орталықтары. Нәтижесінде туристер саны 35 пайызға артады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Тарихи мәдени мұра объектілерін сақтау» ұлттық жобасы аясында 29 нысанға ғылыми реставрация жасалып, 68 тарихи орынға археологиялық қазба жұмыстар жүргізілмек, – деді Д.Абаев.
Тарихи-мәдени орындарға қатысты Тұрлан экспедициясы аумағындағы «Қылует» этно-музейінің директоры К.Қарабдалов ұлт руханиятына үлес қосып отырған ұйымды өз күшімен құрғанын және оның ЮНЕСКО көлемінде танылғанын атап өтті. Дегенмен, өскелең ұрпаққа салиқалы тәрбие беру мақсатында министрлік назарға алса деген тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, сұрақ-жауап барысында еліміздің жер-жерінде туризмнің дамуына кері әсерін тигізіп отырған әжетхана мәселесі көтерілді.
Б.Нарымбетов жергілікті билік өңірде бұл мәселені шешу үшін күре жолдың, туристік бағыттардың бойындағы нысандар сервистік қызметті жақсартса, салық төлемдеріне жеңілдіктер қарастырғанын атап өтті.

Қайтпаста спорт нысаны салынады

— Спорт саласындағы негізгі бағыт «Дені сау ұлт» жобасында айқындалған. 2025 жылға дейін спортпен жүйелі түрде айналысатындар санын 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Былтыр еліміздің шалғай аудандарында 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында арнайы жоспар түзіліп, 2025 жылға дейін 113 спорт нысанын салу, 21 ғимаратты жаңғырту және 6 нысанды қайта жарықтандыру мәселесі қаралып отыр. Шымкентте ат спорты түрлеріне арналған ипподром салынып жатыр. Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауыл округтерінде спорт нұсқаушылары лауазымы енгізілді. Бүгінде олардың саны 3 мыңнан асты. Тірек ауылдарды қамти отырып, балалар мен жасөспірімдер клубтарының санын – 622-ге, дене шынықтыру клубтарының санын 148-ге жеткізу көзделген, – деді министр.
Жиын барысында қайтпастық тұрғын шағынаудан аумағында спорт нысандарының жоқ екенін, жергілікті билік, тіптен, қарапайым спорт алаңшасын құруға ықылас танытпағанын айтты. Алайда, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Е.Дәрменов бұл мәселенің назарда екенін және 2025 жылға дейінгі жоспар негізінде Қайтпас шағынауданында спорт нысаны салынатынын атап өтті.
Сондай-ақ, жергілікті спорт мектептерінің басшылары бұған дейін мекеме директорларының жүктемесінде қосымша дәріс өтуге сағат берілгенін, кейінгі уақытта құжат негізінде басшылық құрамға сағат берілмей жүргенін атап өтті. Министр Д.Абаев бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді.
Екі сағатқа жуық шымкенттіктермен етене жақын әңгімелесіп, сала мамандарының сауалдарына жауап берген Д.Абаев министрлік құзіретіне кіретін мәселелердің алдағы уақытта шешілетінін жеткізді. Ал жергілікті билікке қатысты шаруалар Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновпен кездесу кезінде талқыланбақ.