Сыйға толы 88-ші маусым

Среда, 13 Июль 2022 10:57 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3646 раз

Ж.Шанин атындағы академиялық драма театры кезекті 88-ші маусымын сүбелі жеңісімен, жаңа қойылымдарымен жапты. «Сексеннің сеңгірін игеріп жатқан театрдың кезекті маусымы несімен есте қалды?» деген заңды сұрақ туындайтыны анық.

teatr 1

Сөзіміздің әлқиссасын театрымызға көркемдік жетекші болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың тағайындалғанынан бастаған жөн болар.

«Білмейтін жердің – бұралаңы мол» демекші, шығармашылық тізгінді қолға алмас бұрын Б.Құрманғожаев Шекспирдің «Гамлеті» мен М.Әуезовтің «Қарагөзін» сахналаған-ды. Актерлік жетістігі мол өнер жолы режиссурамен біте қайнасып әрі шәкірт тәрбиелеген өнер тарланының алғашқы маусымы шығармашылықпен танысу кезеңі болды.

Көрермен көңіліне биік сахнадан жол табатын әртістің жанын жадырататын, шабыт беретін серпіліс болмаса, жабыға айналады. Актер әрдайым суытылған тұлпардай бабында болуы үшін республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі театр фестивальдерінде додаға түскені абзал.

Театр ұжымы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығай атындағы «Сын шын болсын» атты республикалық театр фестиваліне Шекспир шығармаларының желісі бойынша қойылған «QORA Z» трагикомедиясымен қатысты. Осылайша 88 маусым қоғам қайшылықтарын театрдың көркем тілімен жеткізетін, ортаға ой тастайтын қойылымның жүлделі ІІ орынды қанжығаға байлауымен басталды.

Өзге өлкенің сахнасында өз шеберлігін сынау – актерге таптырмайтын тәжірбие алаңы іспеттес. Көктемнің алғашқы айында көрші жатқан Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драмасымен гастрольдік сапардың шымылдығын түрдік. Сапарды «QORA Z» трагикомедиясымен жалғастырып, жергілікті автор М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасымен қорытындылап, Сыр бойы көрермендерін сүбелі қойылымдарымызбен сусындатып қайттық.

Бүгінгідей талғамы биік, таңдауы мол көрерменді театрдан алыстатып алмау үшін талабын тояттандыратындай қойылымдар таңдап, сахналап отыру – театрдың басты стратегиялық ұстанымы. Әр қойылымнан ой сүзіп кететіндей деңгейде болуы үшін күллі ұжым жұмыла еңбек етіп, тер төгеді.

teatr 2

Сахнадан көрерменге жететін әр қойылымның өз айтары бар. Солай болуы тиіс. Мәселен, ақпан айында премьерасы өткен Жан Ануй мен Хайнер Мюллердің (аударған Өтен Ахмет) Медея/Филоктет трагедиясы әлемдік драматургияның мәңгілік өзегі: Абыл мен Қабылдан бастау алған сатқындықтың сан қырының түп-тамыры «билікке талас» тақырыбы бүгінгі қоғаммен жымдасып жатқандай әсер туғызады. Спектакльдің қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, қоюшы суретші – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.

Уақыт жаңарғанымен – өткен қақтығыстар жаңғырып, жаңарып отыратын жаһандану кезеңі отқа оранған соғыстарымен, жалт беретін сатқындығымен өз дәлелін көрсетіп жатқаны да шындық. Адам адамға жау болған, қауіп-қатерлі, жұртты үрей билеген, қанды шайқастардан ел көзін бір ашпаған көне грек қоғамындағы кейіпкері Медеяның махаббаты жолында әкесін, бауырын, отанын сатып, күні кеше күйеуі болған Язонның опасыздығына күңірене отырып жан түршігерлік қылығын ақтағысы кеп жанталасқаны мәңгілік тақырып - сатқындық, махаббат, опасыздық, кек қайтару сезімдерімен өріліп отыратын трагедияның ой салғанын қойылым соңынан айтылған көрермен пікірінен таразыладық.

Отбасы – театрдың қалт жібермей қадағалап отыратын тақырыбы. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде «Анаңызға жақсы көретініңізді қашан айттыңыз?» деген қоғамдық сауалнама жүргізілгенде, басым көбі ол жайында ойланбағанын айтты. Иә, ата-анамыз барында отбасы құндылығына жүре қарап, ешқашан ешқайда кетпейтіндей, ештеңе өзгермейтіндей қабылдап, мән бермейтініміз рас.

Сәуір айында премьерасы өткен Х.Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық» комедиясы (қоюшы режиссері Б.Құрманғожаев, қоюшы суретшісі Қ.Жұмақұлов) жанры көңілді комедия болғанымен, бүгінгі қоғамдағы басты мәселе: күнделікті тіршіліктің ағымында жүріп, ата-анасымен жиі кездесуге мұршасы жоқ перзенттердің қылығын көрсете отырып, «қанша жерден жұмысбасты болсаң да, ата-ананың қадірін көзі тірісінде біл» деген ойды көрермен таразысына тастайды.

Театр қоғамда індеп жатқан мәселеден тыс қалмай, үн қосатын жанды ағза десек болғандай. Шанин театры жергілікті әкімшілікпен тығыз байланыста болып, қала руханиятының өркендеуіне өз үлесін аямай қосып келе жатқанына дәлел – қалалық дін істері басқармасы ұсынған Б.Айдарбековтің «Құрық» әлеуметтік драмасын \қоюшы режиссері - Алмас Шымалиев, қоюшы суретшісі - Батырбек Қабылбеков\ сахналады.

Соңғы жылдары еліміздегі театрлардың шығармашылығын сараптап отыратын Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің «Қазақстан театрлары – 2021» мониторингі нәтижесінде Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры жүлделі екі номинациямен марапатталды. «Эпизодтық рольдегі жыл актрисасы» номинациясымен театр актрисасы Нұржамал Қаламбаева, «Жылдың жаңа есімі» номинациясы бойынша театрдың «QORA Z» спектаклі үшін Әлібек Өмірбекұлы сыншылар жүлдесімен марапатталғаны – шаниндіктер үшін үлкен жеңіс!

Өнері бағаланған әртістің шығармашылық көгіне қанат байлап ұшатыны айтпаса да түсінікті болар. Шанин театрының артистері де биылғы жылы марапаттан шет қалмады.

Қазақстан театр қайраткерлері Одағы «ДАРА» төсбелгісімен актриса Раушан Салова, «Қазақстан Тәуел-сіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін актриса Бақыткүл Қожамұратова, дыбыс беру цехының меңгерушісі Рашид Оразбақов, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен театр режиссері Жұмабек Есімов, актриса Бақыткүл Қожамұратова, Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» театр актері Дүйсебек Аралбаев марапатталды.

М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасымен 88-маусымды қорытындылаған Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры ұжымы келер маусымда да сүбелі қойылымдарымен көрерменін қуантпаққа белді бекем буып, кезекті демалысына кетті.

 

Сая ҚАСЫМБЕК,Ж.Шанин атындағы академиялық 
қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.