Версия для печати

АРАЙЛЫМ – «КҮМІС ҚАЛАМ» ИЕГЕРІ Избранное

Пятница, 12 Август 2022 04:34 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2368 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ашық аспан астында өткен жыр додасында айтыскерлермен қатар жазба ақындардың да үздіктері анықталды. Әдебиет әлемінде жас дарындарға жол ашу мақсатында қолға алынған мүшәйрада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр, Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы Абай Қалшабек, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі Бекмұрат Анарбаев қазылық етті.

251

 

Байқауда ақындар сөз маржанын теріп, ел тәуелсіздігінің жетістіктерін жырларына арқау етті. Үш кезеңнің бірінші турында ақындар Шымкентке, Оңтүстік өңіріне арнаған өлеңдерін оқыды. Екінші кезеңде жеребе арқылы екі ақын поэтикалық дуэльге шықты. Осыдан іріктелген 6 ақын финалға жолдама алды.
Қазылар алқасының шешімімен «Күміс қалам» поэтикалық дуэлінің бас жүлдесіне Шымкент қаласының жас ақыны Арайлым Мұраталиева ие болды. Күмістен жасалған қаламды жеңімпазға белгілі ақын Қалқаман Сарин табыстады.
І орын – Есенғали Раушан атындағы арнайы жүлде қостанайлық Дәулет Жадырасынға бұйырса, ІІ орын – Әбілда Аймақ атындағы арнайы жүлдеге тағы бір шымкенттік талант Ақбота Бейбітбек ие болды. Ал ІІІ орын – Тынышбай Рахым атындағы арнайы жүлдені Жезқазғаннан келген Аружан Оралбай иеленді.
Бұған қоса Жәркен Бөдешұлы атындағы арнайы жүлдеге Алтынбек Мерсадықов, Аманхан Әлім атындағы арнайы жүлдеге Нұртас Тұрғанбек лайық деп танылды.
– Дуэльдің бір ерекшелігі – өлеңнің әдемі болуымен қатар, өнерпаздың оны нақышына келтіре жеткізуі, сахна мәдениеті сияқты қырлары ескерілді. Сонымен бірге, қарсыласы оқыған өлең тақырыбына сай, оған сол төңіректегі шығармасымен жауап беруі керек болды. Осындай ережелері арқылы жыр сайысы жас қаламгерлердің жаңа мүмкіндіктерін аша білді, – деді байқау жүлдегері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Дәулет Жадырасын.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.