Версия для печати

Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді Избранное

Пятница, 12 Август 2022 04:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2904 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте «Күміс домбыра» байқауы өтті

Шымкентте жас ақындар арасындағы республикалық өнер бәйгесі мәресіне жетті. Биыл қазақтың ұлы ағартушысы Абай күніне орайластырылған жыр додасын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

250

 

– Жазба және айтыскер ақындар арасындағы «Күміс қалам» және «Күміс домбыра» байқауларына қатысқан барлық ақындарға алғыс айтамыз. Қазақтың төл өнері айтыс – бұл кез келген ұлтқа бұйырмаған өнер. Біздің дана халқымыз әрдайым аталы сөзге тоқтаған, уәжге жүгінген. Қиыннан қиыстырып, сөз табу, таңды таңға жалғап жырлау – қазақтың бойында ежелден келе жатқан дәстүр. Қазаққа қанмен берілген айтыс өнері жасай берсін! Жыр мүшәйрасын ұйымдастыруға атсалысқан барлық жандарға алғыс айтамыз, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Былтыр Шымкент қаласында өткен өнер сайысын биыл екінші рет Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы және Қаратау дәстүрлі өнер мектебі ұйымдастырды. Тау баурайында жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 жазба ақын мен 16 айтыскер қатысты. Алдымен іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен талантты жастардың өнер күнгей өңіріне ғана емес, елімізге танымал ақын Бекарыс Шойбеков бастаған қазылар алқасы бағалады. Сонымен қатар, белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, «Алтын домбыра» жүлдесінің үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, Батырбек Өтеп атындағы өнер мектебінің директоры Маржан Есжанова және Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова қазылық етті.
Шымкент қаласынан Жандос Мырзабеков пен Нұрғали Әнапия, Түркістан облысынан Аян Ниязбек пен Болысбек Даниял, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Нұртілеу Төленбек пен Нұрдәулет Өмірбек, Ақмола облысынан Ерасыл Жақсыбек, Қарағанды облысынан Жандос Бақытұлы, Атырау облысынан Кәдірбай Батыржан, Жамбыл облысынан Мұхтар Қонарбаев, Алматы облысынан Айым Асылбекқызы, Ақтөбе облысынан Нұрбол Жауынбаев, Ақмола облысынан Нұрмахан Жақыпбек, Маңғыстау облысынан Нұрсұлтан Оңғарбаев, Орал қаласынан Мейірман Шәкенов және Қызылорда облысынан келген Нұрахмет Мансұр бірінші кезеңде 8 жұпқа бөлініп, айтысты. Олар қазылар алқасы қойған ұпай бойынша іріктеліп, Жандос Мырзабек пен Нұрғали Әнапия, Даниял Болысбек және Айым Асылбекқызы, Аян Ниязбеков пен Нұрахмет Мансұр жұптары ақтық сынға шықты.

252


Сонымен, өнер додасының қорытындысы бойынша Түркістан облысы, Отырар ауданынан келген Даниял Болысбек бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға күміспен апталған домбыра және қомақты жүлде табыс етілді. Көрерменнің де ыстық ықыласына бөленген жас ақын сахнада тұрып, бір шумақ өлеңді суырып салды:
– Қазыларым құшағын маған жайып,
Деп отыр ғой күмісті маған лайық,
Рақмет, сіздерге, ел-жұртыма, 

Беріп тұрған жүлдені неге алмайық.
Бәрінен де Айымды аламын деп,
Қолын отыр Мейіржан ағам жайып,
Күмістің шаруасын шешіп алдық,
Айымның шаруасын амалдайық! – деген Даниялдың әзіл аралас алғысына көпшілік ду қол шапалақтады.
Даниял айтып отырған, Алматы қаласынан келген, сайыстағы жалғыз ақын қыз Айым Асылбекқызы бірінші орынға иелік етсе, екінші орынды Қызылордадан келген Нұрахмет Мансұров және Түркістан облысының саңлағы Аян Ниязбек өзара бөлісті. Ал екі үшінші орынды шымкенттік жас ақындар Нұрғали Әнапия мен Жандос Мырзабеков қанжығаға байлады.
Қазылар алқасы сайысты ұйымдастыру деңгейіне де, қатысушылардың өнеріне де разылық танытуда. Өзі айтыстың қақ ортасында жүрген, жай-жапсарын жақсы білетін ақын Мұхтар Ниязов өнер додасы әділ өтті деген бағасын берді.
– Айтыс та бір өмір ғой. Әлбетте, әр адам сана-сезімі, ішкі таразысымен өлшейді. Біз өзіміз осы сатылардың барлығынан өткендіктен, осынау іні-қарындастарымыздың осалын алып, өйтіп-бүйтіп оздырғанымыз өзімізге зиян. Өйткені, күні ертең бізден кейін ізімізді басып, қуатты толқын келіп қатарға қосылмаса, зардабын бәріміз тартамыз. Сондықтан, бізге де – қазылар алқасына да лайықты жеңімпаз керек дер едім. «Күміс домбыра» – айтыстың «Алтын домбырадан» кейінгі үлкен сайысы, жас буынды қалыптастырып отырған дәстүрлі өнер байқауы. Сондықтан, нағыз жүйрік алып та жығады, шалып та жығады. Ал әртүрлі бабы келіспей, бағы шаппай қалғандар, өкінішке қарай, сабақ алады. Ондай сәтсіздіктен де адам шыңдалады, өзін дәлелдеуге екі есе ұмтылады деп санаймын. Бұл – бір жабық бәйге емес, барлығы халықтың көз алдында өтті. «Теңіздің дәмі тамшысынан белгілі» деген сөз бар. Айтыскердің бар өнерін түгел сарқу міндетті емес, болар баланың бірер шумағынан жалпы дайындығын, екінші айналымға деген әзірлігі мен психологиялық жай-күйі айтыстың майталмандарынан құралған қазылар алқасына белгілі болып жатты. Жалпы, айтыс – көркем ойдың таласы. Осынау төл өнеріміз ««Айтты» дейін десе, айтқан жоқ, «Айтпады» дейін десе, айтты» дегендей, ертеректегі батыр бабаларымыз бен ақын даналарымыздың заманындағыдай астарлы, үшінші-төртінші астармен сөйлейтіндей болмысымызға қайта жетсе, қазіргідей кінәлаулар мен айыптаулар аз болар еді. Осынау үлкен доданы ұйымдастыру да ауыр жауапкершілік, тынымсыз еңбекті талап етеді. Сондықтан, өнерде жүрген іні-қарындастарымыздың бағын жағуда Шымкент қаласы бүкіл өңірден мойны озық екенін мойындау керек. Осы өнер жәрмеңкесі талай таланттардың, ««Күміс домбыра» байқауынан шыққанбыз» деп мақтанып жүретіндей тұсауын кескен сайыс болады деп ойлаймын, – деді Мұхтар Ниязов.
– Шындығында, әдетте айтылатын сөзді осы кеште айтса болғандай екен: Төлебидің төрінде әдемі жыр кеші өтті. Көпшіліктің көңілінен шыққан айтыс болды деп есептеймін. Айтыс бірінші жұптан бастап қызық өрбіп, қыз бен жігіттің де айтысын көрдік, үлкен мен кішінің де айтысын көрдік. Жас өрендеріміз біз күткен рухани азық, рухани ләззат сыйлап, жақсы демалыс болды. Лайым жалғасын тапсын, – деген тілегін білдірді Бекарыс Шойбеков.
Өнер сайысын ұйымдастырушылардың бірі – Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов «Жыр бәйгесі Оңтүстіктің бренді ретінде қалыптасып келеді. Олай дейтініміз, еліміздің әр өңірінен айтысты тамашалауға көрермен келді. Жастарға уәждеме сыйлатын осындай рухани байқаулар керек деп есептейміз» деп санайды.
Айта кетейік, «Күміс қалам» және «Күміс домбыра» сайысы республикалық «Алтын қалам» және «Алтын домбыра» жыр додасына қатысатын аға буын ақындардың ізбасарларын дайындау мақсатында қолға алынған. Екі күндік жыр додасы барысында жастар, сөз сайысынан бөлек, Қалқаман Сарин, Бауыржан Халиолла секілді белгілі өнер иелерімен жүздесті, шеберлік сағаттарына қатысты.
Ал біз, көрермен ретіндегі түйгенімізді айтыскерлер арасындағы ең жас ақын Нұрахметтің шумағымен аяқтағымыз келіп отыр:
– Жақсыны жүрем жағалап,
Өзіңді жүрем, «ағалап»,
Қуанышымыз бітпесін,
Жүрейікші бірімізді біріміз бағалап!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.