89-шы МАУСЫМ ШЫМЫЛДЫҒЫН ТҮРДІ Избранное

Пятница, 16 Сентябрь 2022 05:25 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 787 раз

Жаздың соңғы айы театр әлемінде шығармашылық ұжымды жаңа белестерге жетелейтін, шығармашылық жетістіктерге үміттендіретін, жүрекжарды қуаныштарға бөлейтін, сағынысқан көрермендерімен қауыштыратын, кезекті шымылдық түрілетін жаңа маусым кезеңі.

131

 

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының кезекті 89-шы маусымының шымылдығы ұлт тағдырынан дабыл қағатын, өткен тарихтан үн қосатын Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасымен түрілді. Сағындыра жеткен жаңа маусымда театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Құрманғожаев театрдың өткен маусымдағы қолжеткізген жетістіктері мен алдағы жаңа жоспарымен таныстырса, театр директоры Қайрат Қарғабаев – басшылық тарапынан шығармашылық ұжымға қарастырылып жатқан қамқорлыққа тоқталып өтті.
Көркемдік жетекші Б.Құрманғожаев театрымыздың негізін қалаған, Қазақстанның тұңғыш артисі, режиссер Жұмат Шанинның 130 жасқа толуына орай көрерменге жол тартқалы жатқан жаңа қойылымдарға тоқталып өтті.
Қос бүйірден Қытай мен жоңғар, желкеден – орыс патшасы қысқан заманда, аз қазағын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бүгінгідей меймана өмірге жетуімізге себепкер болған ұлы хан – Абылайдың басынан кешкен қиын кезеңінен ой толғайтын «Абылай ханның арманы» қойылымы бүгінгі кезеңмен үндесіп жатқанында. Бейбіт өмірімізді қорғап қалу – біздерге Абылай ханның аманат екенін көрерменнің жадында жаңғырту. Ұлт намысын ояту.
Жарқыраған шамдар біртіндеп өше бастағаннан басталатын сиқырлы сәттің көрерменге беретін әсері ешқашан өзгермесе керек. Айтулы қойылым бірнеше маусымды артқа салса да, шымылдықтың арт жағындағы додаға түсуге дайын тұрған әртістердің көңіл-күйі, шымылдық түрілердегі жүрек лүпілі тап сол – премьера күніндегідей жауапкершіліктің салмағынан дүрсіл қаға алқымға тығылғаны айқын. Себебі, актер үшін әр қойылым – жаңа тылсым, жаңа құбылыс. Сахнада өмір сүре білудің салмағын тек актер ғана ұғынып, қабылдайды. Кейіпкері үшін күреседі.
Әр маусымның сынағы мен сабағы, қуанышы мен қапаландыратын сәті мол. Сонысымен де театр – жанды организм. Күнделікті қарапайым тіршілікте санмыңдаған қателіктерге ұрынып жатамыз. Тәжірбие аламыз. Қайталамауға тырысамыз. Сахна да дәл сол іспеттес – сүріндіреді. Демейді. Өнеге алдырады. Тәжірбие жинақтады. Қалыптастырады. Шыңдайды.
Шаниндіктер осындай қилы жолдардың бұралаңынан талмай, түңілмей, күреспен өтіп келеді. Әр маусымда қайталанбас жаңа қойылымдармен көрерменін көзайым етуге жанталасады. Жаңа қойылымның қоғамға қосар үні қаншалық екені көркемдік кеңесте талқыланып, таразыланады. Көрермен алдында арқалайтын жауапкершілікті мойынға ала отырып өзгеше қойылымдармен тәнті етуге ұмтылады. Өйткені, театр – қоғаммен бірге өмір сүретін тылсым әлем.
Кемі жаңа бес қойылымды қамтитын алдағы 89-маусымның көрермен көкейінен шығатынына сеніміміз мол. Әр түрілген шымылдықтың өнер әлеміне қосары мол болсын деп тілейік.

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет
бөлімінің меңгерушісі, драматург

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.