Бүгінде мектепті бітірген соң ЖОО-на түсе алмай қалса, сары уайымға салынып, күйзелістің кемесіне мінетіндер баршылық. «Оқу қиын, жұмыс жоқ» деп Үкіметке иек артып қойып, өзі ешқандай қадам жасамайды. Немесе оқуға өзінің жүрек қалауынсыз, ата-анасының айтуымен түседі де, оны бітірген соң мамандық бойынша істегісі келмейді. Сөйтеді де, жұмыссыздардың санын арттырады. Бірақ, кез келген жағдайда шығатын жол бар. Елімізде осы проблемаларды шешу үшін жан-жақты жұмыстар атқарылып келеді.

DSC 8104

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастағанын білеміз. Президент биылғы Жолдауында да мұқтаж мамандықтардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, Мемлекет басшысы айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.

Шымкент қаласында жалпы саны 36 колледж бар болса, солардың барлығында дерлік жастарды кәсіптік-техникалық білімге баулуда. Соның бірі – №4 колледж. Бұл колледжде 5 мамандық, 8 біліктілік бойынша техникалық мамандар дайындайды. Атап айтар болсақ, электрондық есептеу машиналарының операторы, референт-хатшы, телефон байланысы электромонтері, пошта байланыс операторы, байланыс құрастырушысы-кабельші, пошта жабдықтарының электромеханигі, электр құрал-жабдықтарын жөндеуші слесарь-электрик, электр байланысы және желімен хабарлау желілік құрылыстарының электромонтерлері мамандықтары игеріледі.

DSC 8215

ПОШТАШЫДАН МОНТЕРГЕ ДЕЙІН...

Мәселен, бүгінгі таңда «Пошта байланыс операторы» мамандығының 1-курсында 25 студент білім алып жатыр. Газет-журнал толы қара сөмкені иығына асып алып, көше-көшені аралап, табаны тозатын пошташы мамандығы қызығынан шыжығы көп, қиын жұмыстардың бірінен саналып келді. Ал бүгінгідей ақпараттандыру мен жаһандану заманында пошташының жұмысы анағұрлым жеңілдеп, беделі де соғұрлым артқанын айтуымыз керек. Өйткені, бүгінгі пошташы заманауи техника мен технологияны жетік меңгерген. Оған смартфон, велосипед, үстіне арнайы форма беріледі. Қазір бұрынғыдай пошта байланыс бөліміне барып, улап-шулап ұзын-сонар кезекте тұру деген атымен жоқ. Барлық мекемелердегідей поштада да электронды кезек алып, сәлемдемеңізді жолдай аласыз. Осындай пошташы мамандарын даярлайтын педагог, 166-топ жетекшісі Сәлима Ахметова бұл мамандыққа түсушілер санының жыл санап артып келетінін айтады. 

DSC 8192

– «Пошта байланыс операторы» жаңа заманауи дамыған технологиямен жұмыс істейді. Мұнда жай ғана хатты қалай қабылдап, өңдеп, алушысына жеткенге дейінгі барлық процесті үйретеміз, – дейді Сәлима Лайыққызы. 

Бүгінде хат жазу үрдісінің кенжелеп қалғаны рас. Алайда, хат тасу, сәлемдеме жіберу заман талабына сай тұтас бір трансформациялық кезеңді бастан өткерді. Шымкент қаласының өзінде 32 пошта байланыс бөлімі жұмыс істейді. Оның үшеуінде 3 постамат құрылғысы орнатылған. Бұл заманауи құрылғының арқасында сәлемдемеңізді бірер минуттың ішінде ғана жібере аласыз. Сол сәтте алушыға сәлемдеме жайлы смс-хабарлама барады да, постаматтан қаланың индексін жазу арқылы тікелей алуына болады. Ешқандай оператордың араласуынсыз-ақ іске асыра бересіз. Пошта байланысының дамығанының тағы бір көрінісі – «Сәлемдемелер супермаркеті». Кезекте тұрмайсыз, өзіңізге ыңғайлы уақытты пайдаланасыз. Сіздің атыңызға пошта қорабына сәлемдеме келіп түссе, интернет арқылы тапсырыс беріп алуға мүмкіндік бар. POST.KZ (www.post.kz) порталында ашылған электронды абоненттік пошта жәшігі арқылы жылдам жеткізесіз. 10 күнде баратын нәрсені бірер минуттарда-ақ жіберуге болады. Коммуналдық төлемдерді, үй төлемдерін пошташының смартфоны арқылы төлей аласыз. Яғни, бір сөзбен, үйде отырып-ақ поштаның қызметін пайдаланса болады. «Сәлем-теңге» деген қызмет арқылы пошта операторына барып, ақша жіберейін деп жатқан адамның аты-жөнін, мекен-жайын, пошта индексін ғана айтасыз. Алушы сол сәтте ақшасын алып кете алады. Бұрынғыдай 3-4 күн күтудің қажеті жоқ. «Сәлем-мобайл» қызметі арқылы теміржол, әуе байланыс билеттеріне, дәрі-дәрмекке, басқа да тұрмысқа қажетті заттарға «Қазпочта»-ның сайтына кіріп, тапсырыс беруге болады. Бүгінгі пошташы мамандығының жаңа қырының көптігіне, алуандығына, заманауилығына сүйсінбеске болмайды.

DSC 8258

ЖАСТАРҒА – ЖАЙЛЫ ЖАТАҚХАНА, ДАЙЫН ЖҰМЫС

№4 колледжде осындай заманауи пошташыларды оқытуда. Студенттер 3 жыл көлемінде пошта тасымалынан бөлек қаржы қызметі, бухгалтерлік есеп, іскерлік қарым-қатынасқа қатысты пәндерді меңгереді. Әмбебап қызмет түрі болғандықтан, сұранысқа ие. Бұл мамандықты алып шыққандар Халыққа қызмет көрсету орталығында да жұмыс істей алады. Елімізде Алматы мен Шымкентте ғана осы мамандықты оқытады, одан кейін бұл мамандық көрші Өзбекстанда бар. Басқа қалаларда болмағандықтан, «пошта байланыс операторы» мамандығын алуға еліміздің түкпір-түкпірінен келіп оқиды. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылынан 9-шы сыныпты бітіріп келген Ақнұр Жүсіп 1-курс студенті. Өзінің мамандығын мақтан тұтатын ол «болашақта халыққа қызмет көрсеткім келеді» дейді. 3 жыл көлемінде 18 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Ақнұр сияқты қыздардың ішінде колледждің тегін жатақханасында тұратындары да бар. Жалпы, колледж бойынша 150 студент жатақханаға орналасқанын әлеуметтік төмен отбасыдан шыққандар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін тілге тиек ете кету керек. Міне, оқимын деген адамға тегін әрі өмірлік пайдалы оқу. Бұл – Мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлық. 

Бұдан бөлек №4 колледжде «Телефон байланыс монтері» мамандығын да оқытады. Сымтетік желісінің әліппесінен оны қалай жөндеуге дейінгінің барлығын үйрететін мамандық. Мұны бітіріп шыққан студенттер байланыс саласында жұмыс істейді. Қала бойынша «Қазақтелеком», «Шымкент Транстелеком» АҚ, «Бителеком», «ЛТС Сервис» ЖШС, «Телеком-3» мекемелерінің өндірісінде аталған колледж түлектері еңбек етуде. 

DSC 8218

Ал электр құрал-жабдықтарын жөндеуші слесарь-электрик мамандығын алып шыққандардың «Оңтүстік Транзит», «Энергопоток», «Энергосервис» мекемелеріне жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Тегін оқу, шәкіртақы, жайлы жатақхана жағдайынан бөлек бітіргеннен кейін студенттер «Жұмысты қайдан табамын?» деп сандалмайды. Жұмыс – дайын. Міне, игілік деп осыны айт.

 

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ, ОЛ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Колледжде 54 жеткіншек 3 топта инклюзивті білім алуда. Инклюзивті білім беру дегеніміз – балалардың жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу.

Инклюзивті білім беру мәселесі шетелдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Ал біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді. Аталған бағдарлама бойынша №4 колледжде де «Электрондық есептеу машиналарының операторы» мамандығы бойынша оқытады. Инклюзивті топтың 2-курс студенті Бейсен Қалдарбеков компьютерге қатты қызығатынын жеткізді. Бейсеннің айтуынша, есту, сөйлеу аппараты жұмыс істемегендіктен, компьютер арқылы түсіндіріп берген оңай. «Бұл мамандар кәдімгі адамдар іспетті еңбек нарығына еніп кете алады. Қабілеті жоғары, сұранысқа ие. Оператор қажет болатын жердің бәрінде істей алады», - дейді инклюзивті топтың сурдолог-аудармашысы Рано Исраиылова. Инклюзивті топта білім алатын студенттер ай сайын 29 400 теңге шәкіртақы алады. 

DSC 8241

Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығының» кәсіби оқыту секторының басшысы Асылбек Наурызбаевтың айтуынша, тегін кәсіптік оқытуға байланысты бірнеше бағдарламалар бар. Оның бірі – 18-ден зейнет жасына дейінгі азаматтарға арналған қайта даярлау курстары. Мамандығы бар, алайда ол бойынша жұмыс істемейтін азаматтарды еңбек нарығына сәйкес келетін мамандықтарға баулиды. 

Екінші 19-29 жас аралығындағы жастарға арналған кәсіби оқыту бағдарламасы бойынша 11-сыныптан кейін ЖОО-на түсе алмаған жастарды колледждерде 2 жыл 10 ай оқытады. 

2017 жылғы қысқа мерзімді 3 айлық қайта даярлау курстарына Шымкент қаласы бойынша 1739 адам тіркелген. Бірақ, бұл сан өзгеруі мүмкін. Өйткені, әлі бекітілмеген. Жұмыссыз азаматтар 57 мамандық бойынша 3 айлық курсты оқып бітірген соң жұмысқа тұруға әрекет жасайды. Одан бөлек 6 айлық курстар да қарастырылып жатыр. Биылғы кәсіптік оқыту курстары сәуір айынан басталмақ. Егер де, кез келген адам аталған бағдарламаларға қызығушылық танытса, Төлеби көшесіндегі №26 үйде орналасқан Кәсіби оқыту бөліміне келіп жазылуына болады.

 

Фото авторы:
Данияр ҚОЖАБЕК

Опубликовано в Білім
Среда, 22 Февраль 2017 04:07

Кәсіпкерлердің құқығы қорғалды

Оңтүстікқазақстандық 32 компания «жалған кәсіпкерліктің» зардабынан құтылды. Олардың қатарында «SКАТ» және «Шымкентмұнай өнімдері» компаниясы да бар. Бұл туралы ОҚО Кәсіпкерлік палатасында өткен брифингте ОҚО КП директорының орынбасары Ғазизбек Натбаев хабарлады.

20170220 162246

– Алматылық Е.Минаковтың компаниялары және «Alma Оіl Еnеrgy» ЖШС-і «жалған кәсіпкерлік» бабы бойынша айыпталып, Алматы қаласы, Алмалы аудандық соты олармен жұмыс істеген Оңтүстіктің 46 кәсіпкердің 793 млн теңге көлеміндегі қосымша құн салығын төлетуге шешім шығарған еді. Яғни, кәсіпкерлер мемлекеттік қазынаға 2 млрд теңгені құрайтын салықты екінші рет қайта төлейді делінген. Бұл іске ҚР Кәсіпкерлердің мәмілелер және құқын қорғау жөніндегі уәкілетті маманы Болат Палымбетов араласып, кәсіпкерлердің өтінішімен Бас прокуратураға хат жолдады, – дейді ол.

Бас прокурор Алматы қаласы, Алмалы аудандық сотына қарсы іс жүргізу заңы бойынша тәртіп бұзылып, сот Е.Минаковтың пайдасына шешім шығарғаны және үшінші тұлға (кәсіпкерлердің) құқығы бұзылғанын көрсетіп, наразылық үкімін шығарды. Нәтижесінде, Салық комитетінің тексеруімен ОҚО-ға теміржол көлігімен 5 млрд 134 млн теңгегі құрайтын 50 мың тонна жағармай қабылданғаны анықталды. Әуетасымалдаушы «SKAT» компаниясы да жағармайсыз ұшпағаны анық. 

– Салықты дер кезінде төледік. Бірақ, «жалған кәсіпкердің» келтірген зардабынан екінші рет тағы шығынға ұшырай жаздадық, – дейді жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров. – Дегенмен, кәсіпкерлердің адал еңбегін ескеріп, құқығын қорғауға ықпал еткен Болат Палымбетовке және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына алғыс білдіреміз. Біздің, яғни кәсіпкерлердің осылай арыз-шағымын айтып, құқығын талап ете алатын алаңның бары қуантады.

Опубликовано в Экономика
Пятница, 17 Февраль 2017 05:48

Кәсіпкерлік: оңтүстік көш басында

Оңтүстік Қазақстан облысы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы бойынша облыстар арасында бірінші орында келеді.  2016 жылдың қорытындысы бойынша, өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 173 770 жетіп, елдегі осы саладағы үлестің 14,6 пайызын көрсеткен.

DSC 3486

Елімізде бүгінде кәсіпті дамыту бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Тиісінше қаржы-несиелік қолдау саясаты да жетілдіріліп келеді. Осы қолдаулардың арқасында шағын және орта кәсіпкерлік саны мен олармен өндірілетін өнімдердің көлемі артуда. 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, өткен жылдың тоғыз айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 627,6 млрд теңгеге жетіп, 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 44 млрд теңгеге немесе 7,5%-ға өскен. Облыстағы шағын және орта бизнестің дамуына үлесін қосып келетін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бір жыл ішінде 37 232 кәсіпкерге көмек көрсетті. Сонымен қатар, өз ісін бастаймын деген азаматтарға «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 2 339 кәсіпкерге қаржылай (6,6 млрд тг.) қолдау көрсетілді. 

«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының іске асырылуынан бастап жалпы құны 628,3 млрд теңгені құрайтын 1 300 жоба мақұлданып, 17 981 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, 2016 жылы 146,2 млрд. теңгеге 303 жоба іске қосылып, 2 126 жұмыс орны құрылды. 

Ал кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы жобаларды 7% мөлшерінде несиелендіруде. Ауылдар мен шалғайдағы елдімекендердегі кәсіпкерлікті қолдайтын орталық 2016 жылы 7,4 млрд. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы бағытындағы 2024 жобаны қаржыландырған. Нәтижесінде 1 635 тұрақты және 3 мыңға жуық маусымдық жұмыс орындары ашылды.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 13 Январь 2017 09:31

ЛИМОННАН – МИЛЛИОН...

Оңтүстіктің бұл өніміне сұраныс жоғары

Күнгей өңір нағыз жылыжайлар отаны екені баршаға аян. Статистика деректеріне сүйенсек, еліміздегі жылыжайлардың 80 пайыздан астамы Оңтүстік өңіріне тиесілі. Бұл – әрине қуанарлық жәйт. Бүгінде жергілікті диқандар таңсық көрінетін цитрус өнімдерін де өсіруді қолға алыпты. Мәселен, кәдімгі тропикалық климатта өсетін лимон біздің өңірде жайқалып өсіп тұр. «Қалауын тапса, қар жанар» деген осы шығар. Осындай шаруамен айналысатын диқан барын естіп, Төлеби ауданы, Кемеқалған ауылдық округіндегі Әңгір ата ауылына бардық. «Береке А» корпорациясы» ЖШС-іне қарасты «Нематулла» шаруа қожалығының берекелі тірлігіне қуанып қайттық.

DSC 3070

450 теңгеден сатылып жатыр

Еңбегін сауып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың ісіне сүйсіндік. Қожалық төрағасы Рахмитдин Мамарахимов үш гектар жерге егілген жылыжайдың бүгінгі жағдайын әңгімелей жөнелді. Сап-сары лимондары самсап, пісіп тұр. Бағасы да қолжетімді: әр келісі 450 теңгеден сатылып жатыр.
Қазір өнімді жинайтын кезең. Мамарахимовтың жылыжайының өнімі биыл алғаш рет терілуде. Лимон ағашы төрт жыл дегенде жемісін береді екен.
– Желтоқсанның он бесіне жинау маусымы басталды. Биыл 20 тоннадай өнім алу жоспарда тұр. Қазірдің өзінде он жеті жарым тоннасы жиналды. Қаңтарда теріп бітуіміз керек. Өйткені, ақпанда күтіп-баптау жұмыстарына кірісеміз: қырқу, оны емдеу шаралары, тыңайтқыш себу, қысымын тексеру, т.б., жұмыстар істелінеді. Сәуірде гүлдей бастайды. Соған дейін дайындық аяқталуы тиіс, – дейді диқан биылғы түсімнің жайын айтып.
Терілген он жеті тонна өнім таратылып кеткен. Корпорацияның өз жұмысшылары, қызығушылық танытқандар таласып-тармасып әкетіп жатыр.
Бір рет дәмін татқандар екінші рет қайта сұрайтын көрінеді. Келешекте көрші облыстарға, тіпті шетелге экспортқа шығару ойда бар.

DSC 3039

«Бір түптен 100 келі алуымыз керек»

Бар қиындыққа төзіп, күн-түн демей өнімді баптап жүрген – өз ұлы Бахритдин. 25 жастағы жігіт бұл кәсіптің қыр-сырын біледі. Әкелі-балалы диқандар шаруашылықты 2012 жылы бастаған. Жыл санап, жылыжайлардың саны көбейіп келеді. Жалпы, мұнда 15 жылыжай болса, оның 4-і бес жылдық. Төрт, үш, екі, тіпті бір жылдықтары да бар. Есеп бойынша бір жылыжайда екі жүз түп лимон өседі екен.
Күтіп-баптау жұмыстарымен таныстық. Бұл жайқалып өсіп тұрған – «Мерей» сұрыбы. Түйін салғаннан кейін тоғыз айда піседі. Қарашаның соңында теріле бастайды.
Жыл сайын қырқу жұмыстары жүргізіледі. Оның негізгісі ақпан мен наурызда атқарылады.
– Жалпы, лимон ағашы сәуірде гүлдеп, түйіндейді. Қазір де гүлдеп, түйін салғаны бар. Жылына төрт рет гүлдейді. Негізінен, наурыздың соңы мен сәуірдің басындағы түйінін сақтап қалу керек. Күзгі өнім алу үшін. Кейінгі гүлдері өзі гүлдеп, өзі түсе береді. Одан кейін, өз уақытысында ауа, жылуын, тыңайтқышын берген жөн. Бәрінің тәртібі бар, – дейді негізгі ерекшеліктерін атап өткен бағбан.
Бір қуантарлығы, тыңайтқыш алыстан әкелінбейді, осы өзіміздің жергілікті өнімдер.
Қызық көріп, бір түп лимон қанша өнім беретінін сұрадық. Ол негізінен жасына байланысты екен. Қырқу жұмыстары дұрыс атқарылса, өнім көлемі жыл сайын қосыла береді. «Бір түп ағаш келешекте жүз келі лимон беруі керек. Жоспарымыз да сол. Қазір 20-30 кг өнім алып отырмыз. Жақын бес жылдың ішінде межеленген жоспарға жетеміз», – дейді шаруа Рахмитдин Мұсаұлы.
Бұл – бейнеті көп тірлік. Бахритдин осындағы көшеттің елу пайызын өзі отырғызып, жетілдірген. Көшеттің жайын дайындаудың өзіне екі жыл уақыт кетеді. Мұндағы қат-қабат шаруаны бес жұмысшы ғана атқарып жүр. Бәрі де қазақ азаматтары екенін естіп, ішіміз жылып қалды.
Еңбекпен көгеріп отырған шаруа бір жылдық табысты есептеп көрді. Келешекте өндіріс көлемі 5 гектарға ұлғайса, шамамен 100 тонна өнімнен 50 млн теңгеге жуық табыс табуға болады екен.
Шығын да аз емес. Жыл бойы атқарылған жұмыстардың жалпы шығыны 10 млн теңгеге жуықтайды.

DSC 3082

Көп ауруға қарсы тұрар дәрумен

Бізге жылыжай орны неліктен таудың етегінен орын тепкені қызықтырды. Оның себебі мынада екен: Жалпы, лимонарий қара топырақты қажет етеді. Жанында көл болса, тіптен жақсы. Диқандар таудан түсіп жатқан таза суды келешекте осыған бұрып, әкелмек.
Әрине, қиындықты жеңе білсең ғана, жетістікке жетесің. Бастапқыдағы түрлі кедергілер кезіккен. Басқа көк жоқ болғандықтан, төңіректегі құрт-құмырсқалар жылыжайға лап қояды. Соған қарсы тұрудың өзі үлкен мәселе.
Лимонның ерекшеліктері көп-ақ. Мәселен, гүлдей бастағанда бір айға жуық температураны жіті бақылау керек. Егер, бес минут іштегі ауа райы режимі бұзылса бір жылдық өнім зая кетеді. Бұл да диқан айтқан көп сырлардың бірі.

DSC 3072

Қазір іштегі жылылық 5 градус. Қыс маусымында + 5 градустан жоғары болса, жетіп жатыр. Жаз кезінде 35-40 градуста ұстаса болады.
Қышқылтым дәмді лимонның тұмауға қарсы тиімді ем екенін көпшілік білер. Соған қоса, адамның қан қысымын қалыпты ұстап тұрады, тәбетті ашады. Қазіргі жаңа зерттеулер бойынша, лимонмен обырды бастапқы сатысында емдеуге болады екен.
Келешекте шаруашылықты бұдан да кеңейтіп, апельсин, мандарин егу жоспарда тұр. Көшеттеріне Өзбекстанға тапсырыс беріп қойыпты. Олардың лимонға қарағанда нәзік тұсы көп. Бірақ, болашақта оны да қолға алмақ. Оның бәрі табанды еңбекті талап етеді. Қомақты қаржы керек.
Рахмитдин Мұсаұлының айтуынша, мемлекеттен әзірге бұл жеміс түрін өсіруге қолдау болмай тұр. Лимонарийға субсидия берілмейді екен. Бұл әрине шағын бизнес есебінде жүріп жатыр. Болашақта Үкімет тарапынан қолдау болар деген үмітте екендіктерін де айтып қалды.

 

Атакәсіпті одан әрі дамытпақ

Мамарахимовтар отбасы Өзбекстанның Ташкент облысы, Янгиюль ауданынан көшіп келген. Негізінен, бұл кәсіпті әкесі Мұсадан үйреніпті. Өзбекстанда тұрған кезінде он соттық жерге лимонарий орналастырып, оны өсірудің қыр-сырына қанығыпты. Атажұртына келгеннен кейін үйренген шаруашылықты қайта қолға алып, дамытуды мақсат етіпті.
Бахритдин бүгінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Заңтану» факультетінде 4-курста оқиды. Әрі білім алады, әрі кәсіп үйреніп, еңбек етеді. Бәріне уақыт тауып жүрген жігіттің тұрмыс-тіршілігі де түзу. Уақытында жалақысын алады, астында қызметтік көлік, енді неге жұмыс істемеске?
Ұлы ақын Абай «Әуелі бір Аллаға сыйынып, екінші қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді. Рас, талап қылғанға, ниет еткенге жұмыс табылары анық.
...Біз кетуге жиналып жатқанда қоңырау соғып, мазалаушылар көбейді. Сірә, өнімге сұраныс айтып, саудаласып жатқандар болса керек.

DSC 3093

Фото авторы:
Данияр ҚОЖАБЕК

Опубликовано в Қоғам

ҚазАқпарат хабарлағанындай Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту ретінде түсті металл орамаларын шығаратын және электр қозғалтқыштар жөндейтін «КазЭлМаш» ЖШС-нің салтанатты ашылуы өтті.

ondiris

«Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан жобаның құны 75 миллион теңгені құрайды. Отыз адам жұмыспен қамтылған өндіріс орнының жобалық қуаттылығы жылына 12 тонна. 

Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне облыстың кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқарма басшысының орынбасары Ілияс Оспанов, «Оңтүстік» индустриалды аймағының бас директоры Мұхтар Тұрабеков қатысып, жаңа зауыт жұмысшыларына сәттілік тіледі. 

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының индустриалды аймақтарында 168 жоба іске асыру көзделіп жатса, соның бүгінде жалпы құны 35,3 миллиард теңгені құрайтын 54 жобасы нақты іске асқан. Бұл өз кезегінде 3 705 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 

«КазЭлМаш» ЖШС-і электр машиналарына сервистік қызмет көрсетіп, күрделі жөндеуден (тұрақты тоқ электр қозғалтқыштары: асинхронды, синхронды, жоғары кернеулі, жарылыстан қорғалған электр қозғалтқыштарды, трансформаторларды, генераторларды) өткізуге қызмет етпек. Сонымен бірге, негізгі қызмет түрі ретінде жоғары вольтті және төмен вольтті электр машиналарының статор және арматура орамаларын өндіріп, тікбұрышты сымдар, дөңгелек қималы мыс және алюминий жасаумен айналысады. Әзірге, Оңтүстік Казақстанда теңдесі жоқ мұндай кәсіпорын Қызылорда және Жамбыл облыстарында электр вагондарын жөндеу бойынша жетекші өндіріс орны болмақ. Кәсіпорынға тапсырыс берушілер қатарында ірі кен өңдеу саласы, цемент және мақта өңдеу зауыттары, ұн тарту комбинаттары бар.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 11 Ноябрь 2016 09:24

Шағын шаруаның мығым мүмкіндігі

Бүгінде жеке кәсібін ашып, тасын өрге сүйреуге бел буған әр азаматқа мемлекет мол мүмкіндіктер беріп отыр. Атап айтқанда, ОҚО Әкімдігінің «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан 2012 жылдан бері 110 мыңнан астам адам кәсіби кеңес алған. Сондай-ақ, орталық арқылы 10 мыңнан астам рұқсатнама құжаттар, 3 мыңнан астам бизнес және маркет жоспарлар әзірленген. Мұның ішінде 4 мыңнан астам жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. 27 мыңнан астам тыңдаушы «Кәсіпкерлік мектебінде» оқытылып, оның 1 248-і өз ісін бастады. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бүгінде мал бордақылауды қолға алған кәсіпкердің бірі – Әлішер Убайдуллаев.

zher-1

Бейнеттің зейнеті

40 жылдан астам уақыт Шымкенттегі футбол мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істеген Әлішер Убайдуллаев зейнетке шыққаннан кейін жеке кәсіппен айналысу үшін үйіндегі ірі қарасын көбейтуді ойлайды.

– Бұрын үйде үнемі үш сауын сиыр болатын. Олардың жұмысы үйдегі әйел затынан артылмайды. Сүт-қаймағын алып, базарға сатып, аз-маз қажеттіліктің орнын толтырып жүретін. 

Зейнетке шыққанда қарап отыра алмадым. Үйдегілермен ақылдаса келе, сиыр басын көбейтетін болдық. Мал бағу – табысты кәсіп. Оның үстіне, «Дануна» ЖК ретінде ауыл шаруашылығына арналған 20 гектар жерім бар. «Ырыс» шағын несиелендіру ұйымынан 500 мың теңге несие алып, ірі қараны көбейттім, – дейді кәсіпкер.

Шағын несиені үш жыл төлепті. Ауыл шаруашылығына арналған жерінен малдың жем-шөбін өндіріп отырған. Ірі қарасының саны артқан соң Әлішер Пірназарұлы «Дануна» ЖК ретінде құжаттарын қайта рәсімдеп жерді пайдалану мақсатын өзгертеді. Жер телімінің бір бөлігіне бұзау, тайынша, құнажын, бесті сиырларға арнап, айналдыра бөлек-бөлек қора салған екен.

20161108 111631

– Жұмыстың көбейгені кәсіптің кеңейгенін білдіреді. Демек, біз соған лайықталуымыз керек. Мал бордақылаудан түскен табысты тек кәсіпті кеңейтуге жұмсап отырдық. Кәсіпті кеңейтудің жолдарын, қаражатты басқаруды, құжаттарды рәсімдеуді «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалының мамандары үйретіп келеді, – дейді Ә.Пірназарұлы.

meirmanМейірман БАТЫРБЕКҰЛЫ,
«ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалының бизнес-тренері:

– 2016 жылы кәсібін енді ғана бастаған және бастауға ниетті 140 азамат біздің «Кәсіпкерлік мектебінде» төрт күндік сабақ алды.
Мұндай сабақта біз шағын және орта бизнесті дамытудың жолдары мен мүмкіндіктерін таныстырамыз. Яғни, кәсіпкердің психологиясы, заңды қыры, менеджмент, маркетинг, салық, бизнес-жоба жасау сынды 6 тақырып бойынша жұмыс жүргізуді үйренеді. Сол оқудан кейін арнайы сертификат беріледі. Ал бұл сертификатты алғандар кәсібін бастауға немесе кеңейту мақсатында жеңілдетілген несиелерді ала алады.

Асыл тұқымды «Әулиекөл»

«Кәсіпкерлік мектебінде» оқып, сертификат алған Әлішер Пірназарұлы өткен жылы сиырдың «Әулиекөл» атты етті тұқымынан 2 тайынша сатып алыпты. Асыл тұқымды ірі қараға бөлінетін субсидияны да мал бордақылау ісіне жұмсаған ол кәсіпкерлікке шындап кіріседі.
– Сиырдың «Әулиекөл» деген тұқымы біздегі ауа райына тез бейімделеді. 2 жасқа қараған өгізшелердің салмағы жарты тоннаға жуық болады.
2015 жылы 2 тайыншаға «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы субсидия алдым. Сол 1 миллион теңгеден астам қаражат бізге едәуір көмек болды. Жер алдық. Жаз маусымында жайылымға арналған жерді ауылымызға жақын орналасқан Төле би ауданынан жалға аламыз. Таулы аймақтың өте құнарлы шөбін жеген ірі қараның еті дәмді болады. Бүгінгі таңда «Әулиекөл» тұқымының алғашқы төлін алып үлгердік. Жақында тағы 10-20 сиыр бұзаулағалы тұр. Енді қорамызды кеңейту жұмыстарына кірісіп жатырмыз, – деген Әлішер Убайдуллаев құрылыс жұмыстарымен таныстырды.

ghaniҒани ИСАНҚҰЛОВ,
«ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Сайрам аудандық филиалының жобаларды жетелеу бөлімінің менеджері:

– Асыл тұқымды бір бұқаны бағатын адамға мемлекет тарапынан 154 мың теңге субсидия бөлінеді. Ал, асыл тұқымды бір бұқаға 30 сиырды қосып бақса, әр сиырға 18 мың теңге көлемінде субсидия алуға болады.
Кәсіпкерлікке қолдауды тиімді пайдаланып жүрген «Дануна» ЖК таяуда тағы 80 бұқаға құны 12 млн теңге тұратын бизнес-жобаға өтініш берді. Сол өтініш негізінде біз алдағы 5 жылда атқаратын жұмыстарға жоспарын әзірледік. Кәсіпкер алдағы уақытта мал бордақылаумен ғана шектелмей, сүт өндіру кәсібіне де өз үлесін қоса алады.

Үлкен жобаларға жол ашады

20161108 113918

«Дануна» ЖК бордақылау кезеңінен өтіп, дайын болған ірі қараны «Ет Агро-Манкент» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне өткізеді. Ал сүт өнімдерін «Фуд-Мастер» компаниясына тапсырады.

60 сауын сиырға қазір 2 ғана сауыншы жұмыс істейді. Кәсіпкердің 6 ұлы да әке жолын таңдапты. Одан бөлек, «Дануна» жеке кәсіпкерлігі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 5 адамды жұмысқа қабылдаған.

Ауылдық ветеринария орталығынан арнайы бөлінген мал дәрігері күніне екі рет, таңертең және кешкісін сиыр, бұқа, тайынша, бұзауларды тексереді. Ірі қарасы ауырғанда «табысым тоқырады» демей, ауырған малға жаны ашитын Әлішер Пірназарұлы кәсіптің қиындықтарын да еске алды.

zher

– Қандай іс болмасын өздігінен дөңгелеп жүре бермейді. Ірі қара ауырса, оның шығыны зор. Қанша күш жұмсап бордақылаған сиыр, бұқалар бір аптада салмағын жоғалтады. Жаздың күндері терісін көбелек жарып шығарда жаппай қиналады. Дегенмен, кәсіпті бастаған адам пайда табудан бұрын сол кәсіпке жан-тәнімен берілуі керек. Сонда қиындықтар кездескенде «табыс таппадым» деп күйзелудің орнына, кәсібіне жанашырлықпен қарайды, – дейді ол.

«Дануна» жеке кәсіпкерлігінде 60 сиыр, 25 бұқа бар. Ірі қараны 200 басқа көбейтіп, күніне 1 тонна сүт өткізетін болса, сүт өндірісіне де субсидия алуға мүмкіндігі бар. Айта кетерлік бір жайт, кәсібін сүйген Әлішер Пірназарұлы ірі қараның жем-шөптен қалған қалдығын кәдеге жарату үшін ғана үйрек-қаз ұстайды екен. Әйтсе де, алдағы 5 жылға жоспары бар кәсіпкердің ет өніміне болашақта құс еті де үлес қосуы әбден мүмкін.

Опубликовано в Қоғам

Қазақстанда машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, мұнайхимия, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өнімдерін өндіру сияқты Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алты басым саласы үшін кадрларды даярлау жүзеге асырылады.

02c6c51764448da05b11006304e26c84– «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол!» Жолдауын және 2015-2019 жылдарға арналған ҚР ИИДМБ іске асыру аясында Қазақстан экономикасының басым салаларына білікті кадрларды даярлайтын ЖОО-лар анықталды, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда базалық ЖОО-да 4 700 магистрант білім алуда. Соның ішінде 2015 жылы 1 900 адам, 2016 жылы 2 800 адам қабылданған.

Сондай-ақ, 2017 жылдың бірінші тоқсанында алғашқы 1 900 магистрант жұмыс істеу үшін ИИДМБ кәсіпорындарына жіберіледі. Әрбір магистрантпен олардың оқуға қабылданған сәтінен бастап бұдан арғы жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ететін үшжақты шарттар (білім алушы-ЖОО-кәсіпорын) жасалынды.

Опубликовано в Білім
Пятница, 28 Октябрь 2016 06:34

Шымкентте кәсіпкерлік дамыған

Облыс орталығында кәсіпкерлікті дамыту үшін бүгінде қажетті жағдайлар жасалып отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық кеңес және кәсіпкерлікті қолдау кеңесінің бірлескен отырысында айтылды.

465ddf15f6c97bb6c199bf4117d02acb

Жиында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты мониторинг қорытындылары туралы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қанат Мейірманов
мәліметтер келтірді.
– Шымкентте кәсіпкерліктің дамуы жоғары. Ол үшін барлық жағдайлар жасалған. Облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру мен шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында барлық қалалар мен аудандарда 11 индустриалдық аймақтар құрылған. Қазіргі уақытта индустриялық аймақтарда жалпы құны 212,5 млрд теңгені кұрайтын 168 жоба жүзеге асырылуда. 12 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылып, «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетілуде, – деді комиссия төрағасы.
Шымкент қалалық кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы Қарлығаш Шукен қала көлемінде дамып келе жатқан кіші және орта бизнес туралы баяндады.
– Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында қалада тіркелген бизнес субъектілерінің саны 74569 бірлік, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 280374,9 млн теңгеге өнім өндірілгенін немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,5 пайызды құрап отыр, – деді ол.
Жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша кәсіпкерлер өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Бұл ретте барлық пікір, ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 28 Октябрь 2016 05:41

Тоқыма саласындағы тың серпіліс

Шымкент қаласында «Тоқыма өнеркәсібіне арналған тауарлар мен жабдықтар – MACHTEX-2016» II қазақстандық халықаралық көрмесі мен форумы өтуде. Екі күнге жалғасатын шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысып, көрмені аралап көрді.

«Machtex 2016» көрмесі тоқыма өнеркәсібіне арналған Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған іс-шара болып табылады. Көрмеге Қазақстан, Италия, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен 50-ден астам компания қатысуда.

«Machtex 2016» көрмесінің қатысушылары тоқыма өнеркәсібіне арналған жабдық, мата мен ұсақ-түйек заттар, өнеркәсіп компанияларына арналған арнайы киім, сервистік қызмет көрсетуге арналған бірыңғай формалар мен мектеп формасын, ұлттық киім, балалар мен үйге арналған тоқыма және кілем өнімдерін, ерлер мен әйелдерге арналған киім-кешектер ұсынуда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА-та құны 27,8 млрд теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған. Ал 2010-2015 жылдар ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 есеге, яғни 11,2 млрд теңгеден 21,7 млрд теңгеге дейін өскен.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 2 ірі кілем фабрикасы мен дайын өнім шығарудан шикі мақта өсіруден матаға дейінгі жабық циклін жүзеге асыратын «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйымдары мен арнайы киім тігетін фабрикалар іске қосылған.

Опубликовано в Қала

Ел экономикасының соңғы жылдардағы қарқынды даму үрдісінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шешуші рөл атқарды. Бағдарламаның бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша елімізде бүгінгі заманның талабына сай келетін өркениетті өндіріс ошақтары іске қосылды.

DSC 3459

Бүгінде игілігін ел көрген 2010-2014 және 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкент қаласында жалпы инвестиция көлемі 130 миллиард теңгені құрайтын 85 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 8 382 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, биыл 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл орайда, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, тауар мен қызмет көрсету сапасының жақсаруы, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, бизнесті жүргізу талаптарының жақсаруы атқарылған игілікті істің нәтижесін әйгілейді.

Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бір ғана «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2010-2015 жылдары барлығы 226,6 миллиард теңгеге 518 жоба мақұлданып, іске асырылған. Биыл жыл соңына дейін 126 жобаны қаржыландырып, іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда, 22,1 миллиард теңгеге 57 жоба қаржыландырылды. Бұл ретте, мамандар кәсіпкерлердің көбіне өнім өндіру, ауылшаруашылығы, жүк тасымалы салалары бойынша мемлекеттен қолдау алғысы келетінін айтады. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіп иелерін қолдау шаралары жалғаса бермек.

3Бұрынғы фосфор зауыты аумағында құрылған «Оңтүстік» индустриялық аймағы – ірі өндіріс орындары шоғырланған, елімізді шикізатқа тәуелділіктен құтқарып, өркениетті елдер көшіне қосатын, қуатты Қазақстанның болашағына жасалып жатқан нақты қадам болмақ. 2010 жылдан бері бұрынғы «Фосфор» зауытының маңынан қызметін жүзеге асырып келе жатқан индустриялық аймақта жалпы құны 73,7 миллиард теңгені құрайтын 71 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы арқылы онда 5 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда 71 жобаның 38-і іске қосылып, 3 мыңға таяу жұмыс орны ашылды. Бұл жобаларға 20 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осы арқылы, Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекет басшысының индустрияландыру және «Нұрлы Жол» бағдарламаларын жүзеге асыруда ел аумағында алдыңғы қатарға шығып отыр.

Бұдан бөлек, өткен жылы Тассай елдімекенінде 89 га жер телімінде индустриялық аймақ құрылып, жалпы құны 19 346 миллион теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба орналастырылды. Жыл соңына дейін мұнда тағы 2 жобаны іске қосу жоспарлануда.

2010 жылы аумағы 200 га жер телімінде «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы құрылғаны белгілі. Мұнда заманауи технологиялар арқылы Оңтүстіктің мақтасы «Қазақстанда жасалған» деген тауар белгісімен әлемдік нарыққа жол тартты. Нәтижесінде, 2010-2015 жылдар аралығында құны 27,8 миллиард теңге көлемінде 10 жоба жүзеге асырылды.

– Қазір бүкіл әлемді дағдарыс теңселтіп тұр. Осындай жағдайда Мемлекет басшысы Қазақстанды дағдарыс толқындарына ұрындырмай, экономикалық қуатын еселеуге серпін берді. Мемлекетіміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу, Мәңгілік Ел болу міндетін абыроймен орындап келеді. Шырайлы Шымкент қаласы да осы мемлекеттік мәселеге сүбелі үлес қосуда. Елбасы тапсырмасы тиянақты орындалып жатыр, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Қаныбеков.

Мемлекеттің келешегі – өндіріс орындарында. Осы арқылы, халықты толықтай жұмыспен қамту мүмкіндігі де туындайды. Облыс орталығында қазір ірі жобалар жүзеге асуда. Табиғи және әлеуеттік мүмкіндігіне сай, инвестиция салатын, өндірісті жандандыратын жұмыстар мұнда әбден жеткілікті. Демек, Шымкентті өркенді істердің ордасы деуге негіз бар.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 4 из 6