САҚТЫҚ ПЕН САБЫР

Пятница, 24 Апрель 2020 00:36

Қатерлі вирустан қорғанудың қамын Шымкент қаласының әкімі ерте бастан-ақ қолға алды. Жан-жағымызды қымтап, қалаға кіретін жолдарды бекітіп, ірі сауда орталықтары мен көпшілік шоғырланатын қоғамдық орындардың жұмысын тоқтатты.

Мекемелер мен көптеген кәсіпорындар уақытша жабылды. Бірқатар мекеме қашықтан жұмыс істеуге, білім ошақтары қашықтан оқуға көшті. Қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Ал 19 сәуірден бастап олардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Тұрғындардың қатаң тәртіп пен талапқа бағынуы міндеттелді.
Билік пен тиісті орындар індеттің жолын кесіп, таралуына тосқауыл қоюға күш салып, сақтық шараларына аса мұқияттылық танытқанына қарамастан Covit-19-ға шалдыққандар саны күннен күнге өсіп барады. Неге?
Осы сұрақты әркім өзіне қоюы керек сияқты. Себебі мына дерттің адамдарға, жан-жағымыздағы жандарға, жалпы қоғамға қаншалықты зауал туғызатынын әлі де терең түйсінбей, түйсінсе де соған салғырт, немқұрайды қарап, бейқам жүрген жандар аз емес. Өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін өксітетін, өкінішті салдары өлімге дейін жеткізетін бұл кеселмен ойнауға болмайтынын Уханьның, Италия, Испания, АҚШ-тың, тағы басқа әлем елдерінің жағдайын айтпағанда, өз елімізге дендеп еніп отырған қазіргі қауіптен-ақ аңғармаймыз ба? Жасырын туған күн, басқосу өткізіп, қонақ шақырып, қораланып отыру, «үйден ішіміз пысты» деп себепсіз көшеде қыдырыстау секілді бейқамдық сорымызға айналатынын қалай ойланбаймыз? Сондай жауапсыздықтың жазасындай соңғы күндері дертке шалдыққандар саны бір тәуліктің ішінде 28 адамға дейін көбейіп отыр. Сәуірдің басында коронавируспен ауырған 3 адам тіркелсе, айналдырған 15-20 күннің ішінде оның қатары 130-дан асты.
Дерттің өршуі медицина қызметкерлері үшін қаншалықты қиын жағдай туғызып жатқанын түсінсек етті. Өз өмірлерін тәуекелге тігіп, күндіз-түні аурулармен алысқан ақ халаттылар отбасына, бала-шағасына жете алмай, «қамақта» жүр. Блок-бекеттерде ауа райының қолайсыз күндерінде де тәулік бойы аяқтарынан тік тұрып, тәртіп пен сақтық шараларын қадағалап отырған полиция, медицина қызметкерлеріне оңай ма? Қатерлі індет тек біздің қаланың өзінен кеше ғана қамсыз жүрген 3 адамның өмірін қиды.
Дерттің дендеп бара жатқанын ескеріп, Шымкент қаласының Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігері Ә. Төлебаев «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойды. Мұның бәрі жайдан-жай қолға алынып жатқан шара еместігі түсінікті. Тұрғындарға қойылатын ең басты талап – үйден шықпау. Бұл әрбіріміз үшін ең қауіпсіз амал. Оны орындаудың не қиындығы бар. «Сабыр түбі – сары алтын» деген емес пе!? Сол сабыр ғана сақтайды бізді мына зауалдан.

 

 

34f732cc-5a8f-446a-8e5b-dc1e77e6c9e0

Таяуда Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне (ағылшын, араб, француз, қытай, испан, орыс) аударылған қазіргі заманғы қазақ прозасының антологиясы жарық көрді. Жаһанның танымал тілдеріне тәржімаланған толайым кітап 60 мың данамен шығып, әлемнің 93 елінің кітапхана, университет, зерттеу орталықтарына таратылды. Айтулы антологияға қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері, жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың шығармалары да еніп отыр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш!

55Оқырманды лирикалық реализмнен мифологиялық прозаға дейін, комедиялық көркемдіктен трагедиялық тартысқа дейін жетелеп отыратын туындылар топтасқан антология қазақ халқының бітім-болмысы мен өмір салтын шынайы көрсетуімен құнды.
Сол толайым кітаптан толымды орын алған Мархабат Байғұт әдебиет әлемінде сөз өрнегі өзгеше, ой мәйегі құнарлы, мазмұны мәністі әңгімелерімен өз өрнегін тапқан жазушы. Оның шығармаларында қазақы мінез, қазақы қалып, ауылдың қарапайым тіршілігі, сен күнде көріп өскен көрініс өзгеше бір тартымдылығымен бірде ойландырып, бірде ойнақы стилімен езу тартқызып, оқушыны тереңіне тартып әкетеді. Сол арқылы ұлттық болмысқа бойлатып, көркем сөзді әдемі әзілімен, аңдатпай шымшып алатын астарлы юморымен кестелеп, көкейде талай-талай ой тамырлатады. «Әңгімезист» қаламгердің шығармашылық қолтаңбасына тән ерекшелік не деген сұраққа жауап іздесек, менің есіме кезінде Әмірхан Меңдекенің айтқан мына бір теңеуі оралады: «Әр жазушы әдебиетке парықтағанын, өлшегенін, тексергенін, бір сөзбен айтқанда өзіндік өрнегін қосып жатады. Мәселен, шарттылау түрде айтсақ, Мұхтар Мағауин әдебиетке—батылдық, Ілияс Есенберлин—тарихилық, Әбіш
Кекілбаев—ойлылық, Әбдіжәміл Нұрпейісов—қызғаншақтық, Тахауи Ахтанов –талғампаздық, Шерхан Мұртаза – шымырлық, Мархабат Байғұт—биязылық алып келді». Өте дәл айтылған!
Қазақ прозасының еңселі есімдерімен қатар тұрған Пістеліден шыққан прозаиктің шығармаларында шын мәнінде даланың таза тынысымен, таудың асқақ, тәккәппар тұрқымен, бұлақтың сылдырай аққан мөлдірлігімен үндесетін бипаз, биязы, шынайы мінез жатқанын аңғарасыз. Әңгіме жанрының қара нары Тәкен Әлімқұловтың өзі Махаңның «әдемі, әуезді тілін» нағыз қаламгердің шеберлігі деп таныған. Байғұттың шығармалары психологиялық құбылыстар мен сезім құйылыстарын бір бірімен шендестіріп, шебер үйлестіріп әкетеді.
Сона-а-у 70-ші жылдары 30 жастың о жақ, бұ жағында алғашқы кітабы жарық көрген жазушы Алматының аласапыран әдеби көшіне ауылда жүріп-ақ асықпай, анық басып ілесе алғандығымен алысқа шаба білді. 1967 жылы аудандық газетте жарық көрген алғашқы әңгімесі «Күн астындағы Күнікей қызымен» әдебиет айдынына құлаш сермеген жазушы бүгінде «Ауыл әңгімелерімен» елітіп, «Интернаттың балаларымен» бірге күй кештіріп, «Шілдесімен» жалынға орап, «Бұла бұлағына» шомылдырып, «Машаттағы махаббатымен» сезімге бөлеп, «Нәуірзегімен» көктемнің иісін аңқытып, «Қорғансыз жүрегімен» жанды тербеп, «Ақпандағы мысықтарын» адам жанымен астастырып, оқырманын түрлі-түрлі күйге салады.
Әлемнің 6 тілінде сөйлеген Мархабат Байғұт «байлығы» қазақ деген халықтың даралығы мен даналығын паш еткен, айтулы антологияның салмағын арттырған абыройлы дүниелер екендігіне әрине, шүбә жоқ.

«Өмірге, адамдарға құрметі жоқ кісіден өнерпаз шықпаса керек. Мен де адамдарға ғашықпын. Сендер менің әл-Фарабимен жерлес екенімді ұмытпаңдар. Ол да, мен де Отырардың перзенттеріміз» деп өзінің киелі мекенін, әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабимен бір топырақта туғанын мақтаныш етіп өткен ән падишаһы Шәмші Қалдаяқов 90 жылдық тойы ұлы философтың 1150 жылдығымен тұстас келетінін әрине ойламаған да болар.

2313185

Қазақ музыка әлемінде Шолпан жұлдыздай жарқыраған Отырардың Шәмшідей оғланының ән мерекесі жыл басынан бері өз салтанатын бастап та кетті. Вальс короліне арналған түрлі шаралардың шашуы шашылып жатыр. Күні кеше Шымкенттегі Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Сен едің бір қазына, Шәмші аға» атты еске алу кеші мен «Шәмші әлемі» бұрышының ашылу салтанатын өткізді.

Сазгерге арналған бұрыштың лентасын Шәмші Қалдаяқовтың туған інісі Қадыр мен қарындасы Райхан, жазушы Мархабат Байғұт пен мәдениет саласының ардагері Бастарбек Пірімбетов қиып, кеш шымылдығын ашып берді.

Ұлы сазгердің есімі халқының жүрегінде ән болып өріліп, оның бейнесі алыстаған сайын биіктей түсуде. Мұны кеш қонақтарының әрбірінің айтқан естелік әңгімесінен аңғардық. Кезінде Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Досыбай Шерімқұлов Қалдаяқовтың «Теріскей» әнінің жазылуына тікелей ықпал еткен екен. Сол әннің қалай дүниеге келгені жайлы естелігі тым қызықты болды. Ал Шәмшімен достық қарым-қатынаста болған ақын Сатыбалды Дулати әйгілі сазгердің адами қасиеттеріне тоқталды. Ақын Кендебай Ахат Қалдаяқовпен ағалы-інідей араласқан қымбат күндердің қимас сәттерін әсерлі әңгімеледі. Жазушы Мархабат Байғұт вальс королінің әндері халқымыздың мәңгілік мұрасы екенін айта келе, кітапханаға «Шәмші Қалдаяқов» атты кітап тарту етті.

Әйгілі композитордың бауырлары Қадыр аға мен Райхан апа және жиен қарындастары Гаухар мен Эльмира да естеліктерімен бөлісіп, осындай мазмұнды шара ұйымдастырған кітапхана директоры Ш.Дінәсілова мен қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Кешті әнші-сазгер Н. Төлегенов, сазгер А.Бердалиев пен «Шашу» әжелер тобы, Ш. Қалдаяқов атындағы филормония әншісі Ж. Аралбаева Шәмші әндерімен әрледі.

Саз әлемінің сұңқары, қазақ музыка өнерінің шыңға біткен шынары Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 15-тамызда 90 жыл толады. Ал оның өмірден өткеніне ертең, 29 ақпанда 28 жыл болады екен. Төрт жылда бір айналып келетін «кібісе» күні жалғаннан озған композитордың рухына тағзым етіп, еске алып, есімін тағы бір жаңғыртсақ, бұл да ұлтымыздың біртуар ұлына деген құрметіміз болар.

maxresdefault

Шәмші... Ән әлемінің әулиесі... Ғұмыры әнге айналып кеткен муза Ол. Оның сезіміңе гүл, санаңа нұр шашатын сиқырлы да сырлы сазы талай ұрпақты тал бесігінде «Ана туралы жырымен» әлдилеп, «Бақыт құшағында» тербеді. «Ақ бантигімен» қимай қоштасқан бейкүнә бойжеткен «Каспийдің толқынымен» жарысып, «Қайықта» тәтті қиялымен тербеледі. Ал ана бір айдай ару «Арыс жағасында» албырт сезімге оранып ой кешсе де, «Ақ ерке Ақжайықтың» асау ағысына қарап тұрып, ғашығына жан сырын сыбырлап айтса да, көкірегіндегі «Сағынышым менің» деген сезім моншағын мөлдіретіп, «Қуаныш вальсінің» құшағында жүргендей сезінеді өзін.

Жанарынан жақұт төгілген «Қаракөз», «Ақмаңдайлым» талай бойжеткен бұрымын бұлғақтатқан «Тамды аруындай» бұрала басып, шаттық үшін жаралған «Сыр сұлуындай» сылаң қағады. «Жүрек сырын» «Ақсұңқарына» «Наз» ғып айтқан сол қылықты қыздар «Ғашық күндердің» балшырын сәттерін бұлқынған жүрегінде құндақтайды. Ал «Өзіңдей сәуле қайда бар?» деген сері жігіт «Биші қайыңдар» арасында «Еркежанын» еркелете аймалап, «Әнім сен едің» деп шаттық күйін кешеді.

Шәмші әндерінің сазымен кәусар сезімге шомылған «Ғашықтар» бірін бірі «Қайдасың» деп іздеумен «Шынарым», «Әсемсің әнімдей» деген «Арман жырын» аялап, «Көккөлдегі кештерді», «Шалқар түнін», «Байқоңыр» мен «Мойынқұмдағы», «Қарқаралы» мен «Жарқыраған Жезқазғандағы», «Фосфорлы Жамбыл» мен «Талдықорған – әнім менің» деп Шәкең әнге қосқан ару қалалардағы, тіпті сон-а-а-у «Балтық теңізіндегі» айлы, арайлы шақтарды еріксіз еске алады.

Ия, Шәмші ағаның ән-ғұмыры махаббаттың отындай маздап, Изольданың ыстық сезіміндей өрекпіп, «Сыған серенадасы» боп, ынтыққан әрбір жүректі жандырады. «Бәрінен де сен сұлу» деген «Арман қызды» көруге асыққан ғашық жігіттің «Кешікпей келем деп ең» деп үздіккен сағынышын сынап көргісі келгендей кербез бойжеткен «Сүйген болсаң сағынарсың» дейді тәккаппар, тәтті қылығымен наздана.

Міне, осылайша ғашықтардың аяулы сезімін ән ырғағымен, сұлу сазымен тербеген Шәмші-ғұмыр ғасырға жуық уақыттан бері «Өмір-өзен» айдынында бізбен қатар жүзіп келеді.Кеудесі әнге сыймай, жырға сыймай өткен нәзік жүректі сазгердің «Теріскей» төрінде өтіп жүрген ән салтанаты да, Шымкент пен «Отырардағы тойы» да күллі қазақтың мәртебесін биіктеткен мерекелер. Ендеше, вальс короліне, оның мәңгі өлмейтін әсем әндеріне «Құшақ жайған қандай адам» болса да Қалдаяқтың ұлы ұлының биылғы 90 жылдық тойында «Жақсыгүлін» құшағына қысып, қуаныштың селіне шомылары анық. Оған Сіз бен Біз ғана емес, бүкіл ел — «Менің Қазақстаным» қол соғады.

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновті қабылдаған болатын. Осы кездесуде қала басшысы Президентке өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындылары туралы баяндап, үшінші мегаполисті одан әрі өркендетудің жоспарымен таныстырған еді.

Президент Айтеновты қабылдады

Қабылдау кезінде Мемлекет басшысы әкімге Шымкентті республикалық қала мәртебесіне сай дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Сонымен қатар биылғы 24 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жайында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Мәжіліс барысында Мемлекет басшысы бірқатар жетістіктерді саралай келе, экономика, тұрғын үй, әлеуметтік сала мен халықтың тұрмысын жақсарту, тағы басқа мәселелер бойынша әлі де қордаланған проблемалар бар екендігін айтып, әкімдерге осындай мәселелерге басты назар аударып, жұмысты ширатуды қатаң тапсырған болатын.

Президент тапсырмаларына байланысты тиісті салалар бойынша атқарылар жұмыстардың жоспар, жобасын нақтылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов енді тұрғындар алдында 2019 жылдың қорытындысы бойынша есеп беріп, өзекті мәселелерге орай туындаған сұрақтарға жауап береді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік өңірінің бас қаласы Шымкентке келген сапарларында бұл өңірдің әлеуеті мен кереметі жайлы мақтанышпен айтатынын білеміз. «Елбасының «Шымкент—шырайлы, шуақты қала. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жер. Шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы — еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді.

Сіздерге әр келген сайын бұл жердің халқының өзінің қаласы мен өлкесін гүлдендірумен, тұрмыс тіршілігін жақсарта түсумен қатар өздерінің түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін» деген сөзі біздің әрқайсымыздың көкірегімізде мақтаныш сезімін оятумен бірге үлкен жауапкершілік жүктейтінін де сезінуге тиіспіз.
Ендеше бірлікпен,белсенділікпен қаламыздың мәртебесін көтеру бәрімізге сын әрі міндет! Осындайда «Қатты жерге қақ тұрар, ынтымақты елде бақ тұрар» деген халық даналығы еске оралады.

P.S. 

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің халық алдындағы есеп беру кездесуі 14 ақпан күні сағат 11.00-де Nursultan Nazarbaev даңғылында орналасқан Түркістан сарайында өтеді. Есепті кездесудегі әкім баяндамасының тезистері 2-6 беттерде жарияланып отыр.

Жан жылуы күннің нұры секілді

Пятница, 20 Декабрь 2019 04:00

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылуы және Волонтер жылының ашылуына байланысты жастармен жүздесіп, еліміздің жарқын болашағы да, ұлтымыздың үміті де, мемлекетіміздің мәртебесі де жас ұрпақ екенін үлкен сеніммен айтты.

волонтер

Ия, расында, тәуелсіз еліміздің өркендеуі мен қоғамның алға жылжуына жастардың қосып отырған үлесі ересен. Бүгінгі жастар -- жоғары интеллектуалды, білімді, саналы. Олардың жаңашылдығы мен бастамашылдығы, жастық жігері мен энтузиазмы қоғамның барлық саласында да айқын көрініс тауып келеді.

Президентіміздің алдағы жылды Волонтер жылы деп айшықтауы біздің Шымкент қаласының қайырымды қала атауымен сәтті сабақтастық, үйлесімді үндестік тауып отырғандай. Себебі бүгінде қайырымдылық істер мен қайырлы шаралардың басы-қасында көбінесе еріктілер жүретінін күнделікті тіршілікте жиі кездестіреміз.

Жалғызбасты қарияларға қамқорлық, тұрмысы төмен жандарға көмек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қайырымдылық көрсету, қиын жағдайға түскен жандарға жәрдемдесу, төтенше жағдайлар орын алған жерлерге елден бұрын жетіп, жұмыла күш біріктіру секілді ізгілікті істердің жанашыры волонтерлер екенін ризалықпен айтуымыз керек.

Біздің Шымкентте де елгезек еріктілер мен сондай жанашыр жастардың басын біріктірген волонтерлер клубы мен топтары аз емес. Азаматтық қоғамды сауықтырудың сауапты ісінің бір үлгісі ретінде мына бір мысалды келтірсек те болады. Осы жылдың басында Жасур Толапов бастаған еріктілер 13 жасар Ағабек пен оның 4 қарындасына қазақстандықтардан қаржы жинап, 7 млн. теңгеге үй сатып әперді.

Ағабек ауру анасы мен қарындастарын темір-терсек жинап, оны сатып, асырап келген. Бірде жинаған темір-терсегін қабылдау орнына жеткізу үшін жол бойында көлік тоқтатуға әрекеттеніп тұрған Ағабекті көріп қалған Жасур оның жағдайымен танысқан соң жас балаға көмектесудің қамына кіріскен. Сөйтіп қазақстандықтарға үндеу тастап, қаржы жинап, жағдайсыз отбасыға Қаратау ауданынан асхана, ваннасымен қатар төрт бөлмесі бар үй сатып әперген. Міне, осындай қайырымдылық істер қайырымды қалада аз көрініс таппайды.

Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Бізбен бірге» волонтерлар клубы, «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпазы, белгілі волонтер Гүлмира Әбдрашева құрған «Клуб добряков», «Сана сезім» қоғамдық ұйымы жанынан құрылған еріктілер клубы, «Жақсылық жасап жарысайық» ұранын ту еткен «Шымкент қайырымды жандар» волонтерлар тобы, тағы, тағы осындай жігерлі жастардың басын біріктірген ұйымдар жетім балаларға, көпбалалы отбасылар мен ауыр науқасқа шалдыққан балаларға, табиғат апатынан зардап шеккендерге, қолдауға зәру басқа да әлеуметтік топқа жататын азаматтарға гуманитарлық көмек ұйымдастырып, қарттар үйі мен балалар үйлерінде қайырымдылық акцияларын, түрлі мерекелік шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған.

Міне, мұның бәрі қайырымды қаланың қайырлы келбетін көрсететін қарапайым һәм мәнді мысалдар.

Француздың ұлы жазушысы Виктор Гюго «Адамның ішкі жан дүниесіндегі мейірім күнмен тең» деген екен. Сол күннің шуағындай жан-жағына нұрын шашып, мейірімімен тасты еріткен, қайырымымен жаны жүдеу жанға жылу берген, қысылғанда демеу болған бекзат адамдар Қайырымды қаланың шын қаһармандары секілді көрінеді маған.

Шымкент – күні ғана жылы аймақ емес, адамдарының да жүрегі шапағатқа толы қала.

«Шымкент-цирк» мекемесінің директоры Арман Әлиев цирк өнерінің Халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалінде 12 жылдан бері қазылық етіп келеді. Ол алқаның ең жас, ең елгезек, тың ой айта алатын білікті мүшесі ретінде танылған.

Без имени-1

Арнайы кәсіптік білімін ыждаһатты ізденумен, жан-жақтағы әріптестерінің тәжірибесін үйренуімен толықтырған ол қазір республикадағы бұл өнердің қыр-сырын меңгерген кәсіби маман.

Арена сайыпқырандарының ішкі толғанысын, физикалық максималдық әлеуетін бағдарлай алатын, түгелге жуық жанрлардың құпиясын, технологиясын жетік білетін жас директор ТМД аумағындағы ең мәртебелі өнер жарысы – «Азия жаңғырығында» қандай номермен көрерменді тәнті етіп, қазылар алқасын тамсандыра алудың стратегиясын барлап алатындай.

Айталық, 2017 жылы «Шымкент-цирк» аталған фестивалге керілген арқан үстінде жүріп өнер көрсететін ағайынды Сұраншиевтердің аттракционымен қатысқаны бар. Сымбаты мен ептілігі, өжеттігі сай келген номер фестивальдың ІІ-дәрежелі лауреаты атағын жеңіп алды. Ал өткен жылы жүрек жұтқан епті гимнастардың «Семафоры» алтын жүлде иегері болды. Фестивальдың талап-тілегін білетін Арман алдын ала номерге мейлінше күрделі трюктерді енгізіп, бірнеше рекордтық элементтерді қосып, шымкенттік жас цирктің мәртебесін арттыра алды.

Биыл Арман Әлиев мекеменің атынан додаға екі бірдей номерді қосады. Бір қарағанда цирктің классикасы деп есептелетін «Серіппелі тақтайлармен» дайындық кезінде команданың бір жігіті жарақат алып, номердің шығуы, байқауға қатысуы күмәнды болып қалды. Сонда Арман цирктің сақа маманы, акробатика, гимнастика шебері Бағлан Ережеповты шұғыл түрде аттракционға қосты. Тапсырманың қиындығы сол, Бағлан манежге ағаш аяқпен шығып, бірнеше сальто жасауы керек.

Бағлан өрледі! Оның аспанға самғап барып жасаған тамаша сальтосы Елорда аренасында көрерменді дүр сілкінтті. Ал екінші номер – «Байқоңыр» қазылар алқасын таңқалдырды. Жап-жас әртістердің әуеде емін-еркін самғауы, костюмдерінің тартымдылығы, синхронды қимылдауы, әсіресе, қазылар алқасының мүшесі, әйгілі Чарли Чаплинның ұлы, швейцариялық Юджин Чаплиннің риясыз таңқалысын туғызды. Юджин Чаплин Арманға деген өзінің ерекше ілтипатын білдіріп, Байқоңырдың» шүбәсыз бірінші дәрежелі лауреат атанғанымен құттықтады.

Олар ұзақ әңгімелесті. Көп нәрсені талқылады. Әріптестік байланысқа құмбылдығын білдірді. Мэтрге Арманның білгірлігі, талғамы, жалпы адамдық болмысы ұнады. Жас әріптесіне шығармашылық ынтымақтастыққа байланысты Швейцарияға келіп-кетуін ұсынды. Жақында Арманға Юджиннен посылка келгені бар.

Әйгілі комик-режиссердің ұлы екі швейцариялық сербернар күшігіне Арманға деп ен салып қойғанын айтып, суретін жіберіпті. Бір ғана шарт – оларды Веве қаласына өзің келіп алып кетуі немесе Шымкент-цирктің өткізетін фестиваліне барғанда өзім ала барам деген уәж айтып, ит дрессурасы туралы кітап-альбом жіберіпті. Бұл-Шымкенттің, өнердің, елімнің игілігі! Өркенің өссін дейтініміз осындайда ғой.

Биыл ұлтымыздың саяси элитасының ең көрнекті өкілдері, қазақ мемлекетінің қалыптасуы жолында бастарын бәйгеге тігіп, жазықсыз жазаланған алаштың қос алыбы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толады. Қос қайраткердің торқалы тойының бастамасы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған автосапар бағытымен Ақсүмбеден жол тартып, Ақсу Жабағылыға жалғасты.

312

Страница 2 из 6