«Моцарелла» мақтануға тұрарлық өнім Избранное

Среда, 17 Октябрь 2018 04:29 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3900 раз

Елбасы Н.Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамасында» шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыруды айтқан болатын. Қазіргі таңда мемлекеттен шағын несие алып кәсібін дөңгелетіп отырғандар Шымкентте де жетерлік. Соның бірі – «Эм-Нұр» ЖШС.

M01A9553

Шаһардағы ірімшік өндіруші «Эм-Нұрдың» өнімдеріне бүгінде сұраныс жоғары. Алғашқыда, яғни 2001 жылы ағалы-інілі Еркін және
Данияр Ергешовтер «Эм-Нұр» брендімен қаймақ, сүзбе және ірімшік секілді сүт өнімдерін шығаратын жеке өндірісін бастады.
Шымкентке жақын орналасқан Сайрам ауданы тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысатыны белгілі. Кәсібін енді бастап жатқан олар жергілікті халықтан шикі сүтті сатып алып, жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Кейін сүт тасымалдайтын көлік сатып алып, сүтті ерінбей жинайды, әрі қарай Шымкентке тасымалдап, өнімдерін шығара бастады. Осылайша өндіріс ауқымы кеңейіп, көптің сұранысына ие болды, ағалы-інілі кәсіпкерлермен жұмыс істегісі келетіндер қатары да көбейді. 1,5 тонналық сүт тасымалдайтын көліктен тағы екеуін сатып алды, сөйтіп жиналған сүтті «Фудмастер» ЖШС сүт өндіруші зауытына жеткізіп береді. Қазір олардың меншігінде жеке жүргізушісімен және салқындатқыш сыйымдылығымен (-3 градусқа дейін) 5 сүт тасымалдайтын көлік бар.
Ал 2018 жылы кәсіпкерлер тек ірімшік өндірумен айналысуды шешті, ол үшін түрік технологиялары бойынша ірімшік қайнатудың қыр-сырын білетін тәжірибелі технологтарды тартты. Осы бағытта жылына 14%-бен «Қазақстан Халық Банкінен» «Даму» қорының кепілдігі арқылы 116 млн теңге көлемінде несие алған. Қаражат сүтті өңдеу үшін жабдық сатып алуға бағытталды. Соның есебінен сыйымдылығы 12 тонналық бумен ірімшік қайнататын қазандық, тоңазытқышты жабдығы және буып-түйілмелі желісі бар зауытты ашты. Барлық жабдықтар түрік елінікі, күніне 30 тонна «ірімшікке жарамды» сүтті өңдейді.
Ірімшікті қайнату үшін шикізат – ірімшік өндірісіне сәйкес келетін және сүтінің құрамында майдың пайыздық үлесі жоғары болатын галштино-фризов тұқымды сиырларының сүті сатып алынады. 1 келі ірімшік алу үшін 10-12 келі сүтті өңдеу керек, қалғаны өндірістік қалдық болып саналады. Зауыттың күші айына 206 тоннаға дейін ірімшік шығаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда мұнда 160 гр, 400 гр, 800 гр, және 2 келілік қаптамадағы «Голланд», «Брынза», «Кашар Пейнир», «Моцарелла» сынды сапалы ірімшіктер шығарылады. Бағасы да арзан, қолжетімді. Дайын тауар Шымкенттен бөлек Түркістан облысының аудандарына, Астана және Алматы қаласына сатылымға жіберіледі.
Қазір Шымкентте «Эм-Нұр» ірімшігін күнделікті шай дастарқанына қойып, тұтынып отырған қалалықтардың көп екенін білеміз. Арнайы сатып алып, алыстағы ағайын-туғанға сақтап отыратындар да аз емес. Жалпы, табиғи сүттен жасалған ірімшік жоғары калориялы өнім болып саналады, құрамында минералды заттар көп, ондай ірімшік ақауыздарға, кальцийге, А және В тобындағы дәрумендерге бай деп есептеледі.
– Сапалы ірімшіктің Шымкенттен шығатыны қандай жақсы. Бұл зауыттың ірімшігін тұрақты сатып аламыз. Ерекше дәмі бар, сапасы да шетелдің танымал өнімдерінен еш кем емес. 4-5 жылдан бері тұрақты алып тұрамыз. Мақтануға тұрарлық отандық өнім, – дейді қала тұрғыны А. Шегебаева.
Айта кетсек, «Эм-Нұр» кәсіпорнында бүгінде 38 адам жұмыс істейді.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.