Салық неге қымбат? Избранное

Среда, 07 Октябрь 2020 04:12 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4506 раз

Газетіміздің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге орай ұйымдастырылған «ТҰРМЫС» арнаулы бетіне газет оқырмандарынан көптеген сұрақтар келіп түсуде. Соның бірқатары салық жүйесіне қатысты болып отыр. Билік пен бұқара арасын жақындастыруға қатысты қолға алынған игі-шарамызға орай аталмыш сұрақтарға Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер бөлімінің бас маманы Гүлбаршын Көлбаева жауап береді.

406

 

Сұрақ:
Нұрыш ЖАНТІЛЕУОВ, Шымкент қаласының тұрғыны:

-Биыл шымкенттіктерді алаңдатқан басты мәселе үй, жер салығының көлемі артқаны болды. Сала мамандары бұл қаланың мегаполис мәртебесін алуына байланысты деп түсіндіруде. Дегенмен, шымкенттіктер үшін салық көлемі артқаны туралы хабарлама тұрғындарға ескертілді ме? Ескертілсе, қай ақпарат құралдары арқылы жарияланғанын білуге бола ма?

Жауап:

– Бұл орайда мәселенің мән-жайын түсіндіре кеткен орынды сияқты. Мемлекеттік кірістер департаменті бюджетке төленетен міндетті төлемдердің уақытылы түсуін қамтамасыз етіп отыратын орган екенін білесіздер. 2020 жылдың 1 қазанына дейін жеке тұлғалар 2019 жылдың мүлік және жер салығын төлеуі тиіс екендігі белгілі. Ал, Салық кодексіне сәйкес осы мерзім үшін төленетін салық көлемі өзгерген жоқ. Яғни Кодекстегі салық ставкасы көтерілген жоқ. Десек те, Шымкент қаласының республикалық қала мәртебесіне ие болуына байланысты, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының ұсынысымен биыл салық көлемі артып отыр. Бұл, тағы да қайталап айтайын, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қала мәртебесінің өзгеруіне орай ұсынған тарифі. Корпарация ұсынған мәліметке сәйкес тұрғын үйлердің 2019 жылға мүліктің 1 шаршы метрінің бағалау құны 36 мың теңгеден 60 мың теңгеге өсіп, бағалау құны негізінде салық есептеліп, мүлік салығы бойынша салық сомасы ұлғайып отыр.
Бұл туралы хабарлама интернет желісінде ұдайы жарияланып Шымкент тұрғындарының назарына жеткізілген. Белгілі бір себептерге байланысты хабарсыз қалған азаматтар болмаса, қала тұрғындарының көпшілігі бұл жаңалықтан хабардар деп ойлаймын.

Сұрақ:
Қалдықыз ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны:

-Жеке тұлғаларға салық қарызы бары жөнінде хабарлама, түбіртек бұрын тұрғылықты мекенжайы бойынша үйлеріне келетін. Қазір бұл қызмет түрі не себепті алынып тасталды? Сонымен қатар, салық қарызы бар екендігі туралы ескертпе тұрғындарға «Каспий.кз» қосымшасы арқылы келуде. Осы хабарлама келген сәтте Кірістер департаментінің ресми порталына, «Egоv» порталына кіріп, ЖСН теру арқылы тексерсек, қарыз (жер, мүлік салығы) жоқ деп тұр. Кімге сенуге болады?

Сұрақ:
Сабыр ҚОСЖАНОВ, Шымкент қаласының тұрғыны:

-Жер, мүлік салығының нақты мәліметтерін қайдан білуге болады?

Жауап:

– Бұл екі сұраққа да айтар жауабым, есептелген жергілікті салық сомалары туралы ақпараттарды Еsalyq, Каспий, Халық банктері қосымшалары арқылы білуге болады. Сондай-ақ, есептелген салық сомалары коммуналдық төлем құжаттарына енгізілген. Сол жерден де көру қиындық тудырмайды деп ойлаймын.
Ал, белгілі бір жағдайда сұрақтар туындаса 1414 нөмірі арқылы байланыс орталығына хабарласуға болады. Тұрғындардың сауалдарына сала мамандары жауап береді.

Сұрақ:
Нұрлыбек БАҚБАЕВ, Шымкент қаласының тұрғыны.

– Менің үлкен ұлым тумысынан мүмкіндігі шектеулі. Жақында бір танысым мүгедек баласы бар азаматтарға көлік құралына, жер, жеке тұлға ретіндегі мүлік салығында жеңілдіктер қарастырылғанын айтты. Яғни, мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасы осы салықтардан босатылған екен. Бұл қаншалықты рас? Рас болса, осы жеңілдікті иелену үшін, оны рәсімдеуге қайда бару керек және қандай құжаттар қажет?

Жауап:

– Егер мүлік мүмкіндігі шектеулі азаматтың атында болса, салықтан жеңілдік бар. Яғни, мүгедектер – меншік құқығындағы барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 500 еселенген мөлшері шегінде босатылады. Салықты есептеу кезінде жеңілдік ескерілгендіктен, мүгедек тұлғаларға ешқайда барудың қажеті жоқ.


Сұрақ:

Жансая АМАНБЕКҚЫЗЫ, үй шаруасындағы әйел:

– Салық қарызын қалай төлеген дұрыс? «Каспий.кз» қосымшасы арқылы ма, пошта қызметі арқылы ма? Онлайн төлегенімізбен «қарызсыз» деген хабарлама қайта қайта келе береді. Ортақ базада қарыз өтелсе де неге базаға енбейді?

Жауап:

– Елімізде болып жатқан карантиндік режимге, қоғамдағы қауіпсіздікті сақтауға байланысты қолға алынған түрлі шектеулерге орай, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында, салық мөлшерін айқындау, төлеу мәселесінде Мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ, есептелген сомаларды Еsalyq, Каспий, Халық банктері қосымшалары арқылы төлеуге болады. Сондай-ақ, есептелген салық сомалары коммуналдық төлем құжаттарына да енгізілген. Осы аталған жүйенің кез келгені арқылы жүргізілген төлем мемлекеттік кірістер органындағы жеке тұлғалардың өзінің есеп шоттары жүргізілетін базаға түседі.


Сұрақ:
Замира ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, «Самал-1» шағынауданының тұрғыны:

– Менің білгім келетіні, салық төлеудің калькуляциясы қандай? Бұл сұрақты қойып отырғанымыз, бүгінде шымкенттіктерге салық қарызы түрліше болып келуде. Мысалы, жеке секторларда бірдей мүлік пен жерге салық көлемі әртүрлі болып белгіленген. Себебін түсіндіріп берсеңіздер.

Жауап:

– Мүлік салығының әртүрлі болып есептелуі "Азаматтарға арналған үкімет" (ХҚКО-ЦОН) мемлекеттік корпорациясының ұсынған объектінің құнына байланысты болады. Корпорация белгілеп берген бағаға қарай салық салынады.


Сұрақ:
Нұржан АЙТУОВ, кәсіпкер:

-2020 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнестің табыс салығына мораторий жарияланғанын білеміз. Алайда кейбір кәсіп иелері салықтың басқа түрі қосылыпты деп жүр. Осы мәселе қаншалықты рас. Жалпы бүгінде кәсіпкерлер салықтың қандай түрінен босатылып, қандай түріне төлем төлеп жүр, осы туралы тарқатып айтып берсеңіз. Карантин жағдайларына байланысты қандай жеңілдіктер бар?

Жауап:

- Микро және шағын бизнес компанияларын үш жыл мерзімге кірістен салық төлеуден босату бойынша «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы Заннына жаңа 57-4 бабы еңгізілді.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде арнаулы салық режимдерін қолданатын және микрокәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылатын тұлғалар, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер, төленуге жататын:
1) Салық кодексінің 686, 687, 695, 700-баптарына сәйкес есептелген корпоративтік (жеке) табыс салығының сомасын (төлем көзінен ұсталатыннан басқа);
2) Салық кодексінің 687-бабына сәйкес есептелген әлеуметтік салық сомасын;
3) Салық кодекстің 704-бабына сәйкес есептелген бірыңғай жер салығының сомасын 100 пайызға азайтады деп белгіленген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 224 қаулысына сәйкес төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының;
жеке практикамен айналысатын тұлға дербес төлейтін жеке табыс салығының;
жеке кәсіпкердің өзі үшін төлейтіндерін қоспағанда, әлеуметтік салықтың, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдардың мөлшерлемелеріне "0" коэффициенті белгіленген.
2020 жылғы 1 сәуірден бастап 2020 жылғы 1 қазанға дейінгі кезеңде:
әуе айлақтарындағы ұшу-қону жолақтары мен әуежайлардың терминалдары бойынша;
жеке практикамен айналысатын тұлғалардың мүлік салығының мөлшерлемелеріне "0" коэффициенті белгіленген.

Артық болмас білгенің...

Кез келген мәселе бойынша 109-ға звондаңыз

407

Шымкенттің көркейіп, дамуына әрбір тұрғын атсалысуы керек. Ортақ үйіміздің гүлденуі жолында шымкеттіктердің позициясы осындай болғанда ғана мегаполистегі көптеген мәселелер тез шешімін табары сөзсіз. Әсіресе, коммуналдық қызмет түрлеріне қатысты түйткілдер көп. Не істемек керек?
Шымкентте iKomek атты арнайы қызмет түрі ашылып отыр. Кез келген мәселені осы қызмет мамандары тиісті сала басшыларына жеткізіп отырады. Ол үшін телефоныңызға 109 нөмірін немесе 8 777 710 91 09 WhatsApp нөмірін тіркеп алыңыз. Қандай да бір келеңсіздікке куә болсаңыз, түйткілді мәселені кездестірсеңіз, осы нөмірге хабарлап, суретке, видеоға түсіріп жіберсеңіз болғаны.
iKomek-те 30 маман қызмет етеді. Олар қаладағы тиісті басқармалармен немесе аудан әкімдіктерімен байланысып, мәселеңізді жылдам шешіп беруге тырысады. Ең бастысы айналамыздағы оқиғалар мен жағдайларға бейжай қарамайық. Мәселені бірлесіп шешуге атсалысайық.