Жас мұғалім қалай бизнес-леди атанды? Избранное

Пятница, 20 Ноябрь 2020 03:50 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 7257 раз

Кәсібін дөңгелетіп, табысын еселеген іскер адамдар жайында газетімізде аз жазылып жүрген жоқ. Олардың бірі зауыт ашса, енді бірі шағын цехтің жұмысын жандандырып келеді. Барлығы дерлік жұмыссыздарға екі қолға бір күрек тауып беруде. Арасында мемлекеттік қолдаудың көмегімен миллионер атанғысы келетіндері де баршылық. Алайда жүре келе кәсіпкерлікті меңгергендері қаншама. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің де оқиғасы осыған ұқсас.

834

 

Кім болмасын бала кезінде мұғалім болуды бір сәт армандаған болар?! Мөлдір Сейдхан мектепте жүргенде-ақ үлгілі оқушылардың қатарынан көрініп, осы арманның жетегінде бойжеткен. Содан педагог боламын деп өзіне серт берсе керек. Жоғары білім алып, маман атанған бойда жаны қалаған ісімен айналысқан. Ол өз биігінің бұл еместігін түсініп, азды-көпті жинаған тәжірибесімен кәсіпкерлік саласына ауысуды жөн көріпті. Өзін іздеп тапқысы келді, тапты да... Десе де білім беру ісінен қол үзбеген қазіргі іскер әйел нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен бизнес идеясын іске асырып отыр.

835


– Кішкентай балаларға оқу-жазуды үйрету қатты ұнайды. Бала күнгі арманымның бірі мұғалім болу еді. Тұрмыс құрып, күйеуімнің жұмыс бабына байланысты қоныс аударып, қазір туған жерге қайта оралдық. Соңғы екі жыл балаларға арналған оқыту және ой-өрісін дамыту орталығын ашуды мақсат тұттым. Өз қаржысына кәсіп бастап кететіндердің қатары аз. Ал кәсіп бастағысы келгендердің бәрінің несиеге қолы жете бермейді. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың маңызы зор екенін айтқым келеді, – дейді «IQ kids» оқу орталығының директоры М.Әділбекқызы.
Жас кәсіпкердің сөзінше, бизнес хоббиден басталған. Балаларды жаны сүйетін Мөлдір былтыр «Бизнес бастау» курсынан өтіп, кәсіпкерліктің алғашқы қадамдары мен бизнесті жүргізудің қыр-сырын меңгерген. Ал биыл қайтарымсыз грантқа өтінім беріп, жобасы комиссия мүшелерінің оң шешіміне ие болады. Содан грант қаржысына алдымен жалға алған ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кейін қалған ақшаға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алады. «Оқу орталығының өзіндік ерекшелігі де бар», – дейді ол.
– Біріншіден, біздің орталығымызда оқу үйірмелерімен қатар спорт үйірмелері бар. Балалар сабақ оқып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанады. Мұнда тіл үйреніп, үй тапсырмаларын да толық орындай алады. Көп ата-ана перзенттерін мектептен алып, үйірмеден-үйірмеге тасып әлекке түсіп жатады. Бұл орталықта балалардың дамуы үшін көп жағдай жасалған. Барлығы бір ғимаратта орналасқан және жоғары кәсіби мамандар оқытады, үйретеді, – дейді кәсіпкер.
Пандемия етектен тартып, көптеген кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерлік нысандар шығынға белшесіне батып жатса да Мөлдір Әділбекқызы өз ісін бастауға бекіген. Ұстаздың айтуынша, баланың физилогиялық дамуын тежеуге болмайды. Керісінше дер кезінде көңіл бөлінгенін мақұл көреді.
– Елде Төтенше жағдай жарияланып, адамдар көшеге шыға алмай қалған кездер болды. Үлкендер үйде ермек тауып отырғанымен, кішкентай балаларды қамап ұстаудың өзі мүмкін емес. Баланы жастан тәрбиелеу керек деп жатамыз. Тәрбиемен қатар ол бала білімге, ой-өрісін дамытатын түрлі ойындарға зәру болады. Қазір балаларды алдандыратын көптеген технологиялық құралдар бар. Бірақ оның пайдасынан, зияны басым екенін назардан шығармағанымыз абзал, – дейді жас кәсіпкер.
Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша
3 196 адам тегін кәсіби білім алған. Ал 2820 адам «Бастау Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлік негіздерге оқытылыпты. Биыл 3 931 адам мемлекеттік грантқа ие болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп екен.
– Мемлекеттік грант алу бойынша жылдық жоспар 80 пайызға орындалып отыр. Былтыр 3478 адамға грант берілген болатын. Биыл бұл көрсеткіш 30 пайызға өскен. Бұл жылы Шымкент қаласына 1500 грант бөлінген еді. Кейіннен қала әкімінің тікелей қолдауымен және сұраныстың артуына байланысты жалпы 5000-ға жуық грант беру жоспарланды. Грант берудегі бірден-бір мақсат – аз қамтылған отбасыларды жаппай кәсіпкерлікке баулу және олардың табыстарын арттыру, – деді басқарма басшысы.
Қазір Үкімет халыққа «істегенің бізге жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деген ыңғай танытып тұр. Жағдайды түзеп алуды әркім өзінің мүмкіндігінен іздеу керек. Халықтың жағдайы түзелсе, мемлекеттің көші алға жылжитынын ұмытпаған абзал. Берілген мүмкіндікті кім қалай пайдаланады, соның тасы өрге домайлайтыны сөзсіз.