Версия для печати

Алмақтың да салмағы бар Избранное

Среда, 20 Январь 2021 03:21 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 7850 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазір жұрт көлденең қажеттілік шығып, қаржы қол байлағанда бірден банкке бетке алатыны белгілі. Жасыратыны жоқ, бүгінде несиесі жоқ адам кемде-кем.
«Әйтеуір тіршіліктің тезі айналып келіп, несиеге тіреліп тұрған мына заманда банксіз еңбек өнбейтін болды» дейтіндер бар. Тіпті, кейбір банктер жеке куәлігіңіз арқылы да несие рәсімдей береді. Одан қалса, компьютер немесе смартфонның алдында отырып, ешқайда шықпай-ақ, онлайн несие алып жатқандар аз емес. Бұл тиімді болғанымен, «алмақтың салмағын» айтыңыз. Несие алмас бұрын жұрт нені қаперінде ұстауы керек деген сауалды заңгер Жан Абдикешовқа қойған едік.

552

 

Шымкент қаласы Заңгерлер палатасының заң кеңесшісі Жан Досмаханұлының айтуынша, есеп-қисапқа ебі жоқтар «берсе, болды» дегенді ғана ойлайтын көрінеді. Сөйтіп, сұраулы соманы төлеген кезде ғана есебін елекке салып, қайтарымының қымбатқа түсіп жатқанын байқайды. Осылайша, бармағын тістеп, сан соғып жүрген адам аз еместігін айтады.
– Несие біраз отандасымыздың бас ауруына айналғалы қашан. Қазір қарапайым халық кепілсіз несие рәсімдеу барысында банк және жеке тұлға арасында түзілген келісім-шартты толық оқымайды. Пендеміз ғой, не болса да тез-тез несие рәсімдеп, ақшамызды алсақ болды деп түсінбей, оқымай келісім-шартқа қол қойып бере саламыз. Ал түзілген келісім-шартты ерінбей толығымен оқып, неше жылдық пайыз, қанша мерзімге және төлей алмаған жағдайда қандай жауапкершілік күтетінін білу керек, – дейді заңгер.

563


Жан Досмаханұлы құқықтық кеңес алып, заңгер көмегіне жүгінетіндердің ішінде микроқаржы ұйымына бөгде адам ЖСН немесе төлқұжатын пайдаланып, несие рәсімделген жағдайлар кездесетінін айтады. Адвокат өз атыңыздан өзге адам несие алған болса, қарыз шарты бойынша тиісті микроқаржы ұйымына бару керек екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда, өкінішке қарай, елімізде алаяқтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар секілді көбейіп барады. Нақтығырақ айта кететін болсақ, бейтаныс адамдар микроқаржы орталықтарында, бөгде адамдардын ЖСН-ін пайдаланып, не болмаса, сол тұлғаның төлқұжатымен атынан микронесие рәсімдейді. Егер сондай алаяқтық фактісі белгілі болған жағдайда, ең алдымен, тез арада микронесие орталығына барып, несиені тоқтату үшін арыздану керек. Одан кейін құқық қорғау органдарына шағымданған дұрыс, себебі, алаяқтық, негізінен, сол жерде жұмыс істейтін қаржы маманынан басталады. Неге десеңіз, каржы маманы, несиеге өтінішті қабылдаған кезде несие алушының құжаттарын толық тексеріп, сосын ғана келісім-шарт түзуі керек. Ал егер онлайн несие рәсімделсе, онда өзінің ол несиеге қатысы жоқ екенін дәлелдеп, аудандық немесе қалалық сотқа шағымдану керек, – дейді
Ж.Абдикешов.
Заңгер өз тәжірибесінде жақындарын жарылқаймын деп сазға отырған адамдар жиі ұшырасатынын айтады. Мұндайда жауапкершілік несие рәсімдеушінің өзіне жүктелетінін қадап айтты.
– Туысыңыз, досыңыз болсын, не танысыңызға несиені өзіңіздің атыңыздан рәсімдесеңіз, оны өзіңіз төлеуге міндеттісіз. Себебі, жоғарыда айтылғандай, несие рәсімдеу барысында келісіміңізді беріп, келісім-шартқа қол қойып бердіңіз. Есеп-шоттарыңызды бұғаттан шешу үшін сізге несие рәсімделген банкке барып, өтініш жазып, жаңадан график істеп алуыңызға болады. Өйткені көп банктерде несиені қайта қаржыландыру бағдарламасы бар. Егер банк сізге қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша мақұлдау берсе, банк заңгерлері шоттарыңызды бұғаттан шешіп береді. Екінші рет бір туысыңызға несие рәсімдеу кезінде жақсылап ойланғаныңыз абзал, – дейді заңгер.
Жан Досмаханұлының айтуынша, төтенше жағдай режимі кезіндегі несие төлемін мерзімін кейінге шегеруде де банк пен клиент арасында түсінбеушіліктер туындаған.
– Иә, әлемді шарлаған індеттің салдары мұншалықты болады деп ешкім ойламаса керек-ті. Шетелдерде коронадағдарыс байқалып жатыр. Біздің елде де бірқатар алдын алу шаралары жүргізіліп, төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. 2020 жылдың мамыр-маусым айларында халық табыс көзінен айырылды. Соған байланысты көптеген екінші деңгейлі банктер несие төлемдерін кейінге қалдырып, енді біреулері 3 ай мерзімге несие төлеуді создырып берді. Мұны естіген халық бірден банкке ағылды. Біреуі жазбаша, қалғаны онлайн өтініштерін білдіріп жатты. Назар аударатын жайт, кейінге қалдыру келісім-шартты толығымен оқып шығу – әр жеке тұлғаның міндеті. Көп адам несиенің төлем шартына 2-3 ай қосылғанын айтып жатыр. Сіздерді ешкім қинап, қол қойдырған жоқ. Келіспеген жағдайда, сіздің құқығыңыз бұзылған жағдайда, дереу банк бөлімшелеріне немесе онлайн, сall-орталық арқылы нақтылап алу керек еді. Сол үшін, біріншіден, банкке қайта өтініш хат жолдап көріңіз, егер банк бас тарту хабарламасын ұсынса, сотқа арыздануыңызға болады, – дейді заңгер.
Несие дегенде жиі талқыланатын сауалдың бірі – коллекторлардың әрекеті. Сарапшының айтуынша, коллекторларға арналған арнайы заң бар және онда борышкерге қатысты мәліметтің өзге біреуге жеткізілуі заңға қайшы екені айтылады.
– «Коллекторлық қызмет» туралы заңда коллекторлардың құқықтары мен міндеттері белгіленген. Бірақ коллекторлық компаниялардың барлығы заңға қайшы жұмыс істейді деп айта алмаймын. Заң бойынша коллекторлар борышкерге бір күнде сағат 08:00-21:00 аралығында ең көбі 3 рет қоңырау шала алады, ал демалыс, мереке күндері хабарласуға тыйым салынады. Коллектор мен борышкер аптасына ең көбі 3 рет, ал күніне бір рет қана сағат 08:00-21:00 аралығында кездесе алады, кездесу уақытын борышкер өзі белгілейді. Ескере кететін мәселе, егер тұтынушы табыс көзі болмай, несиені кешіктірсе не істеуге болады? Егер жұмысыңыздан шығып қалсаңыз, осы уакытқа дейін табыс көзіңіз жоқ екенін дәлелдейтін қандай да болсын қағаздарыңыз болса, сол коллекторлық ұйымға барып, құжаттарыңыздың көшірмесін тіркеп, арыздануға болады. Коллекторлық ұйым ол арызды банкке жіберуге міндетті. Ал банк өз тарапынан қайта қаржыландыру бағдарламасын ұсыну не болмаса одан бас тарту туралы хабарлама жіберуі керек, – дейді Жан Досмаханұлы.
Расында, маманның айтқанындай, көпшілігіміз қаржыдан қысылғанда банктің табалдырығын тоздыратынымыз жасырын емес. Кейде заңды құжаттың талаптарына жіті назар аудармайтынымыз бар. Осыдан келіп сабылып, сарсаңға түскенде заңгердің көмегіне жүгінеміз. Несие алып, борышкер атанбас бұрын әуелі несиені төлеу мүмкіндігіңізге толық көз жеткізіп алғаныңыз жөн. Ал қаржылық сауатты жетілдіру бәрімізге әлі де кеш емес.