Версия для печати

Табыстың бір көзі – ТАНДЫРХАНА Избранное

Среда, 10 Февраль 2021 03:45 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 19504 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Шағын бизнес үшін 100 жоба» кітабында тандырға нан жауып, сату жобасы тиімді бизнес ретінде көрсетілген. Жобаның құны 4 млн
теңгені құрайды. Өтемділік мерзімі – 5 ай. Тандырдан нан ғана емес, күлше, самса да пісіруге болады.

66

 

Ресейлік франшиза

Тандыр наубайханасын ашу жобасы – ресейлік франшиза. Бұл франшизаны сатып алудағы басты ерекшелік – салымдары төмен, табысы жоғары және өтелу мерзімі қысқа.
Бизнесті жүзеге асыратын орын – шағын ғана, иісі аңқыған наубайхана. Тандыр нан өнімінің сан алуан түрін пісіруге қолайлы. Бағасы да арзан. Мұнда тұтынушы нанның қалай жабылып жатқанын, әзірленетінін көзбен көре алады. Ол тұтынушыға өнімнің таза, сапалы екеніне сенім тудырады. Өйткені тандырда нан ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық ас дайындау дәстүріміз бойынша пісіріледі.
Ендігі ретте тандыр туралы қысқа мәлімет бере кетсек. Ол – адамзаттың нан жабудағы ойлап тапқан ең тиімді әрі қолайлы пеш түрі. Оны көзешілік өнердің ең биік туындысына жатқызуға болады. Тандыр өзінің арналуына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бірінде нан жабылса, екіншісінде самса пісіріледі, ал үшіншісінде кәуәп еті дайындалады. Тандырда әзірленген аста артық май болмайды, ал тамақтың сөлі мен витаминдері сол күйінше сақталады. Саздан соғылатын бұл пеш Орта Азия, Кавказ елдерінде, Ресейдің оңтүстігінде, Моңғолияда, тіпті Үндістан мен Жапонияда кеңінен қолданылады. Ал
Өзбекстан халқы тандырды қасиетті санайды. Сондықтан олардың әр үйінде тандыр болады. Және өзбек ағайындар тандыр пешін жасау жолын жетік меңгерген. Айта кетейік, тандырда нан жабу үшін де адамның белгілі бір дәрежеде шеберлігі болуы қажет.

Бизнесті бастауға мүмкіндік мол

Қош, жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын қаражат, жоғарыда айтқанымыздай, 4 млн теңге. Бизнес сарапшылары дайын қаржы болмаған жағдайда инвестицияны сырттан, яғни банктен несие түрінде алуға кеңес береді. Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті дамытуға, қолдауға арналған неше түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Соларды пайдаланып, арзан несиеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Осындай қолдау тетіктерінің ішінде, мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» секілді мемлекеттік бағдарламаларды атауға болады.
Сонымен, тандыр нанның бір ерекшелігі сол – хош иісті, қызарып, біркелкі піскен нанды жесең дәмі керемет болып келеді. Тандырда наннан бөлек күлшелер, дәмді әрі тәтті тоқаш өнімдері де әзірленеді.
Сарапшылардың айтуынша, нан жабатын зауыттардың, кондитерлік фабрикалардың көптігіне, алуан түрлілігіне қарамастан қолдан жабылған нан өнімдері әрдайым тұтыну нарығында өзінің сұранысын жоғалтқан емес. Мұның себебі, адамдар ұлттық дәстүр бойынша қолдан жабылған табиғи әрі дәмді нан өнімдерін сатып алғанды қалайды. Сондықтан тандырдан наубайхана ашқан кісілер ірі нан зауыттарымен оп-оңай бәсекелестікке түсе алады. Сонымен бірге тандырда қалаған нан түрін пісіре береді. Ал үлкен наубайханалар олай істеу үшін жабдықтарын қайта өзгерту керек болады. Ол үшін едәуір қаражат пен уақыт керек. Сонымен бірге бүгінгі нан зауыттары кешегі Кеңес одағынан мұраға қалған ескі наубайхана орнынан ашылғандар. Сол себепті де олардың көпшілігі бүгінгі таңда терең модернизациялауды қажет етеді. Оның үстіне ірі нан зауыттары сауда нүктелерінен қашықта орналасқан. Соның салдарынан тұтынушылар нан өнімдерін ыстық әрі жаңа піскен күйінде сатып ала алмайды. Сауда орындарына нан зауыттарынан өнімдер келгенше жарты немесе бір тәуліктей уақыт өтеді. Оған дейін нанның суып, балғындығын жоғалтатыны белгілі. Ал шағын наухабанада адамдар жаңа піскен, исі керемет қып-қызыл нанды қолма-қол сатып ала алады.


Өнімді жарнамалау нарыққа жол ашады

Бүгінгі заман талабына сай бизнес құру үшін алдымен маркетинг іс-шарасын әзірлеу керек. Бұл дегеніміз – нарықта өз орныңды табу және клиенттер санын арттыру мақсатында жасалатын жоспар. Осы ретте сарапшылар бірнеше кеңес ұсынады. Соның ішінде бірінші кезекте интернет сайтын әзірлеу қажет. Сайтты танымал әрі тартымды ету үшін Google Adwards немесе Яндекс Директ бағдарламаларын пайдалануға болады. Электронды және баспадан шығатын мерзімді басылымдарға жарнамалық мақалалар жариялап, мәтін соңында фирманың электронды адресі көрсетілуі тиіс. Өнімді әлеуметтік желілер арқылы таныстыру да ұтымды тәсіл. Сондай-ақ, сарапшылар нан өнімдеріне ұқсас тауар түрлерін шығаратын бизнестегі әріптестермен жарнамалық акциялар ұйымдастыруға шақырады. Маркетинг стратегиясында сыйлық сертификаттары, ниеттестік бағдарламалары деген тәсілдер болады. Ол – клиенттің өнімді қайта келіп сатып алуынан бөлек, өзімен бірге танысын да ерте келуді көздейтін маркетингтік іс-шара. Қысқасы, қалайда өнімді өткізуді, клиент жинауды қалаған адам осы стратегиялық жоспарларды басшылыққа алғаны және іске асырғаны абзал.
Аталмыш жобаны бастауға, дөңгелетіп әкетуге қаржыландыру көздерінің қолжетімсіздігі, ұзақ мерзімді келісім-шарттардың, іскерлік байланыстардың болмауы, маркетингтік белсенділіктің төмендігі және әкімшілік кедергілер тосқауыл болуы мүмкін.
Жалпы тандырдан наубайхана ашуға аялдама маңындағы дүңгіршектер, сауда орталықтары мен базар ішінде алаңдар жарай береді. Бұл жоба ресейлік франшиза болғандықтан, көршілес елде өндірілген электрлі тандыр сатып алу ұсынылады. Осы тандыр пеште нан өнімдерінің барлық түрін, тіпті, лаваштың өзін пісірген ыңғайлы. Сонымен бірге тандыр пеште 15 минутта әрқайсысы 300 грамм болатын 18-20 күлшені немесе 60-70 самсаны пісіруге болады. Бұл пеш ешқандай құрастыруды қажет етпейді, дайын күйінде әкелесіз де тоққа қоса қоясыз. Гигиеналық талаптарға толық жауап беретін электрлі тандыр пештің кепілдік мерзімі 12 ай әрі тауар бүтіндей сертификатталған.