Версия для печати

Кәсіпкерлердің қадамын тұсаған күрмеулі мәселелер қандай? Избранное

Пятница, 26 Февраль 2021 04:07 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 21162 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында палата жанынан құрылған үш комитеттің отырысы өтті. Бұлар агро-өнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі, сауда және қызмет көрсету комитеттері. Олардың жиынына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабіштаев және бірнеше салаға жауапты басқарма басшылары қатысты. Жиында кәсіпкерлік тақырыбындағы өзекті мәселелер талқыланды.

150

 

Мәселен кәсіпкер агро-өнеркәсіптік кешені және тамақ өнеркәсібі комитетінің мүшесі Тахирбек Нишанбаев Шымкенттегі мал бордақылау және мал сою бекеттері малдың субөнімдерін экспортқа шығара алмай отырғанын тілге тиек етті.
Оның айтуынша, Өзбекстан Қазақстанда жануарлардан сібір жарасының анықталуына байланысты Ақмола облысы мен Шымкент қаласынан келетін мал өнімдерінің импортына тосқауыл қойды. Алайда аурудың Шымкент қаласында шыққандығы расталмады. Дегенмен карантиндік шаралар Өзбекстан тарапынан әлі алынған жоқ.
Т.Нишанбаевтың мәлімдеуінше, Түркия мен Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында Түркияға өнімді импорттау туралы келісім жоқ. Осыған орай қазақстандық компаниялар өнімдерін экспорттай алмауда.
Бүгінгі таңда асыл тұқымды мал шаруашылығында ережеге сәйкес, жем-шөп шығындарына субсидия тек аналық басқа беріледі. Кәсіпкердің пікірінше, ендігі жерде бұл ережеге өзгерістер енгізіп, бұқаларға жұмсалатын жем-шөп шығынын да қоса субсидиялау керек.
Өз кезегінде, «Шымкент кашемир» ЖШС директорының орынбасары Санат Қанжарбайұлы арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта жер учаскелерін рәсімдеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бүгінгі күні бизнес жобаны іске асырушылар аймақтағы жерді субарендаға алады. Учаскелерді жалға беруші - басқарушы компания. Алайда банктер жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде алмайды. Сол себепті 2020 жылы «Шымкент кашемир» компаниясы кепілге мүлік қоя алмауына байланысты айналым қаражатын толықтыруға банктерден қаражат ала алмады. Соның салдарынан кәсіпорын толық күшінде жұмыс істеген жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл қалайда айналым қаражатын табу қажет. Әйтпесе фабриканың өндірісі толық іске қосылмайды.
Сонымен бірге «AZALA Cotton» ЖШС директоры Бекет Тұрсынханов арнайы экономикалық аймақтан өнім экспорттаушыларға қатысты проблеманы ортаға салды.

152


Б.Тұрсынханов баяндағандай «Azala Cotton» ЖШС «Оңтүстік» АЭА мүшесі. Мақтадан мата тоқып, иірілген жіп шығарады. «Azala Cotton» ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті арасында кедендік преференциялар бойынша келісімшарт жасасқан. Келісімшарттың қосымшасында өндірілетін өнім түрлері атап өтілген. Алайда декларацияға белгілі бір иірілген жіптің нөмірін жазу кезінде электронды декларациялау орталығы инвестицияларда көрсетілген атаудың сәйкессіздігін тіркейді. Соның кесірінен тауарлардың мән-жайы анықталғанша оларды жеткізу де мерзімінен кешігуде. Кәсіпкердің айтуынша, декларациялау рәсімін жеңілдету мақсатында құрылған «Электрондық декларация орталығы» керісінше жұмысты қиындатып отыр. Негізінде аталған пилоттық жоба АЭА кәсіпкерлерінің өнімдерді экспорттауын жеңілдетуге бағытталған. Бірақ іс жүзінде тиелген жүк көліктері 5 күнге дейін босқа тұрып, бизнес өкілдерін шығынға батыруда.
Жиында сөз алған сауда және қызмет көрсету комитетінің төрағасы Шыңғыс Қозбахов «1000 сауда нүктелері» бағдарламасы шеңберінде «Шымкент» ӘКК» АҚ жылына аукциондық құны 21000 теңгені құрайтын жер учаскесін ұсынып жатқанын, алайда жер учаскесін жалға алудың кадастрлық құны бір шаршы метрге жылына 1278 теңгені құрайтынын, сондықтан «Шымкент» ӘКК» АҚ жер учаскесін жалға беру саясатын қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Ал «Мерей», «Шымкент холл» тойханаларының иесі Берік Өтебаев тойхана бизнесінің бүгінгі жай-күйіне тоқталып өтті.
–Қазір тойханалар қызметіне тыйым салынған, -дейді ол.– Шымкент қаласында 250 адамға арналған 100-ге жуық тойхана бар. Төтенше жағдай енгізілгенге дейін әр тойханада айына орта есеппен 15 той өткізілетін. Бұл қызметте 6 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, 500-ден астам әртүрлі ұйымдастырушы ұйымдар нәпақасын тойдан ажыратады. Шамамен 95 өндіріс орталығы, залды безендіретін 50 компания, 70 үйлену салоны, азық-түлік базарлары және тағы басқаларын қосқанда тойхана индустриясында 7 мыңнан астам адам еңбек еткен. Жалпы барлығын есептегенде, бұл бизнестегі адам саны 13 мыңнан асады. Алайда бүгінгі таңда тойханадан табыс тапқан адамдардың 90 пайызы жұмыссыз қалды. Тойхана иелері ғимаратты күтіп ұстауда, кейбір қызметкерлеріне жұмыс істемесе де маманды сақтап қалу үшін еңбекақы төлеуде шығынға ұшырап жатыр. Ол орта есеппен 1-ден 3,5 миллион теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Сондай-ақ, көптеген тойханалардың банк алдында несиелік міндеттемелері бар.
Осы ретте кәсіпкер мерекелік іс-шара ұйымдастыруда жеңілдік жасалса деген ұсыныс айтады. Оның пікірінше, тойхана өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң түрде сақтауға, ғимараттың толымдылығын 50 пайыздан асырмауға, мерекелік кешті 20:00-ге дейін өткізуге дайын. Бұл жағдайда тойхана қызметіне рұқсат беру арқылы ең болмаса қызметкерлердің жалақысын төлеуге және ғимаратты күтіп ұстауға мүмкіндік болар еді. Ал, «Золотой крол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Екатерина Макарова Қазақстанда қоян өнеркәсібі толыққанды мал шаруашылығы ретінде танылмаған, мемлекет тарапынан ешқандай қолдау қарастырылмай отыр деген пікірде.

151


Е.Макарова: «Бұл сала өздігінен дамып келеді, шаруа қожалықтары көп, бірақ оларды ресми түрде реттеу қолға алынбай жатыр. Соған қарамастан қоян өнімдеріне сұраныс жыл сайын артып келеді. Соңғы 2 жылда нарық көлемі бес есеге өсті. Қоян өсіру бүгінде келешегі зор кәсіп. Қоян еті диеталық болып саналады және асқазан, бауыр және жүрек-қан тамырлары аурулары бар балалар мен қарт адамдарға пайдалы. Дей тұрғанмен Қазақстанда қоян етіне сұраныстың артуына байланысты өндірістік қоян өсіру дами бастады. Бүгінгі күні елімізде өндірістік қоян өсірумен айналысатын 135-ке жуық шаруа қожалығы болса, соның 44-і Шымкентте. Осы саланы одан әрі дамыту үшін қоян өсіруді мал шаруашылығының бағыты ретінде енгізу керек. Сонымен бірге қоян етін балабақшалардың, емдеу мекемелерінің, санаторийлердің және тағы басқа асханалардың рационына қосқан жөн, сондай-ақ қоян өсіру институттары қайта құрылса, қаржыландыру мәселесі оңды шешілсе және бұл бағытта субсидияға негізделген асыл тұқымды қожалықтарды қолдау қажет» дегенді айтты.
Комитет отырысында сөз сөйлегендердің бірі «Mega Smart» ЖШС директоры Сергей Хегай «Taссaй» Индустриалдық аймағындағы
кәсіпорындарға табиғи газдың көлемін ұлғайту қажеттігін, себебі қуаттылық жетіспейтіндігін баяндады. Бұл орайда мектеп жабдықтарын жасаушы «Мега Смарт» ЖШС-ға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім және мемлекеттік сатып алу басқармаларымен өзара әріптестік орнату қажеттілігі сөз болды. Өйткені осынау бастамаға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың 2 қазанында кәсіпкерлер палатасына қарасты өңірлік кеңес мүшелерімен болған кездесуде қолдап, бұған қатысты бірнеше хаттамалық тапсырмалар берген еді.