ТҰТЫНУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ САНДЫҚ ЖҮЙЕГЕ КӨШТІ Избранное

Пятница, 12 Март 2021 03:51 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 14075 раз

«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңның жаңа редакциясына сәйкес, заңды бұзғандар – тауар өндірушілер болсын, сатушылар мен қызмет көрсетушілер болсын, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, айыппұл төлейді. Ал азаматтардың арыз-шағымдары арнайы мәліметтер базасында тіркеліп отырады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Шымкент қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов мәлім етті.

226

 

Өзгерістерге сәйкес, енді әр сауда немесе қызмет көрсету нысанында өзінің бірегей QR-коды болады. Егер кез келген тұтынушы құқығым шектелді деп шешсе, смартфондағы арнайы мобильді қосымша арқылы кодты сканерлеп, шағым қалдыра алады.
Жалпы, тұтынушылардың құқығын қорғаудың жаңа жүйесі үш сатыдан тұрады. Алғашқы кезеңінде сатушы (қызмет көрсетуші) тұтынушының шағымын өз бетінше немесе тұтынушының құқығын қорғау ұйымының көмегін қарауға міндетті. Егер бұл кезеңде келіссөз арқылы шешілмесе, мәселеге мемлекет араласады. Азамат Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе оның жергілікті департаментіне немесе арнайы органға шағымдана алады. Егер бұл кезеңде де екі тарап келісімге келе алмаса, үшінші сатыда проблема сот арқылы шешіледі.
– 2020 жылдың 25 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Енді тұтынушылардың құқығын қорғау басты назарда болмақ. Дамыған елдерде солай болуы да тиіс. Өзгерістердің негізгілеріне тоқталсақ, енді шағымдарды қараудың 3 сатылы жүйесі мен шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі түзіледі, Үкімет жанындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылады. Нәтижесінде тұтынушылардың құқығын бұзғандардың жауапкершілігі артады, арыз-шағымдардың сотқа дейінгі реттелу тәртібі енгізіледі. Бұл өзгерістер тұтынушылардың шағымдарын және тартысты жағдайларды жедел түрде шешуге мүмкіндік береді, – дейді департамент басшысы Әлібек Балықбайұлы.

227


Мамандардың айтуынша, шағымды сотқа дейін реттеу кезеңінде тұтынушы басымдылығы арта түседі. Департамент 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы заңда көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша толық жұмыс істеуге көшкен. Атап айтқанда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның жергілікті департаменттерінің рөлі күшейеді. Департамент мамандарына профилактикалық және кезектен тыс тексеру секілді мемлекеттік бақылау құзыры беріледі. Бұған қоса департамент қызметкерлері әкімшілік-процессуалдық шешімдерге де қатыса алады.
Тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы басты жаңалықтың бірі – бірыңғай база мен арнайы мобильді қосымша болып отыр.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың
e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесінің мобильді нұсқасы да бар. Біртұтас жүйенің жұмысы былай болады: Әр сауда немесе қызмет көрсету нысанында жеке айқындауыш болады. Ол QR-код түрінде нысанға орналастырылады. Егер сіз құқығым бұзылды деп санасаңыз, кодты сканерлейсіз және телефондағы арнайы қосымшамен жүйеге шағым жібересіз. Шағымды веб-сайт немесе әлеуметтік желілер арқылы да жіберуге болады. «Ақылды жүйе» бұл шағымның қай мемлекеттік органға жіберілетінін автоматты түрде анықтайды. Ең бастысы – бұл шағымды сол нысанның иесі де көре алады және оның мәселені өз бетінше шешуі үшін 10 күн бар. Ал егер кәсіпкер құлықсыздық танытса, онда шағымға мемлекеттік органдар автоматты түрде араласады. Әрине, бұл – кәсіпкердің өзіне тиімсіз, себебі, заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – дейді департамент басшысы Әлібек Тілегенов.
Жалпы, департаментте 2020 жылы 300-ден аса өтініш-арыз қаралып, тұтынушылардың 18 910 403 теңге мөлшерінде қаржысы қайтарылды. Оның ішінде ең көбі ұшақ билеттеріне қатысты болып отыр. Атап айтқанда жолаушылар әуе компаниясының орындалмаған рейстері бойынша 11 065 279 теңгені қайтарып алған. Мамандардың айтуынша, департаментке келіп түсетін арыздардың басым бөлігі бөлшек сауда, көлік қызметі, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық қызметтеріне қатысты.
Айта кетейік, департамент 5 наурызда Шымкент қалалық «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестіктерімен» меморандумға қол қойды. Алдағы 1 ай көлемінде қаладағы сауда орталықтарында «Open space» форматындағы кеңселер ашылады деп жоспарланған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.