Индустриалды аймақтар мегаполис экономикасының драйвері Избранное

Пятница, 14 Май 2021 03:56 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 29827 раз

Индустрияландыру бағдарламасының қабылданғанына биыл он бір жыл толады. Осы аралықта Шымкент қаласында қандай жаңа өндіріс орындары ашылды? Бұрын-соңды өндірілмеген нендей өнімдер шығарылуда? Бұл туралы Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке ДҮЙСЕБЕКОВ айтып берді.

802

 

Одан бұрын Үкіметтің соңғы он жылдан бері индустрияландыру саясатына баса көңіл бөліп жатқандығын айта кету керек. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында міндетті түрде экономиканы индустрияландыру бағытына бұру керектігі жайлы сөз қозғайды.
Мәселен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деп атап өтті.

804


Береке Талғатұлының айтуынша, 2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2014 жылға дейінгі аралықты қамтыды. Кейін 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңі іске асырылды. Қазіргі таңда 2020-2025 жылдар аралығын қамтитын үшінші кезеңі жүзеге асырылуда.

Индустрияландыру бағдарламасы бүкіл республикада 2010 жылдан бастап қолға алына бастады. Соның ішінде Шымкент қаласында да бағдарлама аясында жаңа кәсіпорындар құрылды. Басқарма басшысының мәліметінше, ҮИИД-тің бірінші бесжылдығында шаһарда 89 млрд. теңгеге 63 кәсіпорын бой көтерді, соның нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Екінші бесжылдықта 97,4 млрд. теңгеге 41 жоба қолдау тапты. Соның арқасында 2,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2020-2021 жылдар кезеңінде 414,3 млрд. теңгеге 90 жоба қолға алынды. 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 21 жобаны жүзеге асыруға 37,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Бір мыңдай адам өздеріне тұрақты жұмыс тапқан.
– Бүгінгі таңда қала аумағында 2 индустриялды аймақ бар. Ол «Оңтүстік» пен «Тассай» индустриалды аймақтары, - деді Береке Талғатұлы. – Жалпы мегаполистегі ИА аумағы 426 гектарды құрайды. 2010 жылы ашылған «Оңтүстікте» кәсіпорындар 337 гектар жерде орналасқан. Ал «Тассайдың» аумағы 89 гектарға тең, 2015 жылы қазығы қағылған. Индустриалды аймақтардың жағдайы қандай, осы күнге дейін қанша жоба жүзеге асырылды деген сауалға келсек, қазіргі таңда ИА аумағы 95 пайызға толған. Яғни жобаларды жүзеге асыру жоспары осыншама пайызға орындалды деген сөз. Қос аймақта 134,7 млрд. теңгеге 128 кәсіпорын құру және 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу бойынша жұмыстар қолға алынуда. Соның ішінде бүгінгі таңда 90 млрд. теңге қаржыға нақты 89 жоба іске асырылып, 5 мыңдай адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Ресми дерек бойынша 2020 жылы индустриалды аймақтарға жалпы саны 25,6 млрд. инвестиция тартылды. Қомақты қаражатқа 9 өндіріс орны бой көтеріп, 431 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге жобаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, өзекті мәселелері анықталып, мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Б.Дүйсебеков ИА мен АЭА қала экономикасының дамуына зор үлес қосып жатқанын айтады. Шын мәнінде индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар қала экономикасын өрге сүйреуші негізгі драйвер болып саналады. Себебі, өндірістік аймақтарда өнімдер өндіріліп, сол шығарылған тауардан түскен пайда мегаполистің бюджетіне салықтық түсімдер әкеледі. Соның нәтижесінде қаланың экономикасы тұрақталып, халықтың жұмысқа орналасуы арқылы әлеуметтік мәселесі шешімін табады.
Қалалық кәсіпкерлік басқармасы басшысының сөзінше, индустриалды аймақтарда кәсіпорындарға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер уческелері ұсынылады. Бизнес өкіліне жобасын жүзеге асыру үшін нағыз керегі осы жер телімі. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай жер учаскелеріне мемлекет тарапынан инженерлік жүйелерге қосылу нүктелері тартылған.
Сонымен бірге әкімдік индустриалды аймақтарды дамыту мақсатында тиісті жоспарларды қолға алуда. Ендігі ретте жұмыс істеп тұрған 2 индустриалды аймақ жобалармен толыққан соң қаланың инвестициялық климатын жақсарту және халықты жұмыспен қамту мақсатында 306 гектарға үшінші жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағын құру көзделіп отыр. Қазіргі таңда оған кіретін жер учаскелері мемлекет мұқтаждығына орай қайтарылып, инфрақұрылымдық жүйелері тартылып жатыр. Өз кезегінде жаңа аймақта металлургия, фармацевтика, жиһаз, құрылыс материалдарын шығару бойынша жобалар қолға алынады. «Жұлдыз» ИА-ны құру мерзімі 2021-2022 жылдар аралығын қамтиды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту үшін қосымша 2 агро-индустриалды аймағын құру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Оның біріншісі «Тепличный рай» деп аталады. 136 гектар аумақты қамтитын бұл аймақта жылыжай кешендері бой көтеретін болады. Ал екіншісі «Бозарық» агро-индустриалды аймағы. Мұнда негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері терең әрі қайта өңдеуден өткізіледі. Басқарма өкілі аталған индустриалды аймақтарда кәсібін ашам деуші кәсіпкерлерге есік әрдайым ашық екенін айтады.

803


– Бізде Шымкенттен экспортқа шығатын сапалы тауарлар баршылық. Қаладағы индустриалды аймақтарда орналасқан бірнеше кәсіпорынды мысалға атауға болады. Мәселен, «Asia Trafo» ЖШС Alageum electric белгісімен жоғары кернеулі трансформатор жасайды. «Hill Corporation» кәсіпорны мотор майларын шығарады. «Mega Smart» ЖШС шығаруда Mega Art брендімен МДФ тақталарын өндіреді. «Болашақ-7» ЖШС-нің энергетикалық сусындары Bizon атауымен жұртқа танымал. Сондай-ақ Kaz Generators белгісіндегі дизельді генераторлар Шымкенттің экспортты өнімі саналады. Брендті тауарлар тізімін осылайша жалғастыра беруге болады, -деді Береке Талғатұлы.
Жауапты басшы индустриалды аймақтар жобасы әлемдік практикада бұрыннан бар екенін тілге тиек етті. Біздің Шымкент секілді шетелде де өнімдер негізінен маңызды қалалар жанынан шоғырланған индустриалды аймақтарда өндіріледі. Ең алғашқы ИА 1896 жылы Англияның Манчестер қаласында құрылған. Содан кейін Еуропаның басқа да қалаларында соңынан АҚШ-тың штаттарында пайда бола бастады. Индустриалды аймақтардың басты артықшылығы – оларда дайын көлік пен инженерлік инфрақұрылым болады. Дегенмен әлемде индустриалды аймақтардың атауы әртүрлі айтылады. Бір елдерде біздегідей индустриалды аймақ десе, енді бірінде индустриалды парк немесе технопарк деп атайды. Әсіресе ИА Батыс Еуропада өте көп. Бір ғана Германияның өзінде 200-ден астам технологиялық парк болса, АҚШ-та оның саны 400-ден асады. Мәселен АҚШ-тың Алабама штатындағы Хантсвилль индустриялды аймағында Toyota, BASF, Pratt & Whitney, Northrop сияқты ірі компаниялардың кәсіпорындары орналасқан. Соңғы онжылдықта индустриалды аймақтардың Азия, Шығыс Еуропа және Балтық жағалауы елдерінде жақсы дамып келе жатқаны байқалады.