#11 Шаһардың экономикалық әлеуеті жоғары

Среда, 18 Август 2021 06:33 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 28761 раз

2020

Экономикалық еркіндік – елдің шынайы тәуелсіздігін көрсететін барометрі. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұған, алдымен, нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформалардың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустриаландыру және шетелден келген инвестиция өндірістегі өнімділікті арттырып, экономикалық өрлеуге қозғаушы күш болды.

Экономиканың дамуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, сол арқылы демографиялық дүмпуге жол ашты. Мәселен, егемендік алған 1991 жылы Шымкент қаласы халқының саны 440 мың адам еді.  2021 жылы шымкенттіктер 1 миллион 93,5 мың адамға жетті. Сөз жоқ, демографияның өсуіне біріншіден халықтың табиғи өсімі әсер етті. Ал, осы табиғи өсімді қамтамасыз етуде алдымен экономиканың тікелей әсері бар.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шымкентте де өте күрделі қаржылық-экономикалық және әлеуметтік қиындықтар болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті —   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген сарабдал саясатының арқасында елімізге, оның ішінде Шымкентке шетелдік инвестиция тартылып, соның арқасында жабылып қалған өндіріс ошақтары қайта іске қосылып, елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа кәсіпорындар пайда болды. Соның нәтижесінде қаншама жұмыс орындары ашылып, халықтың күнкөріс деңгейі артты. Ең бастысы, Шымкент Қазақстанның тек мәдени-тарихи қаласы ғана емес, сонымен қатар өндірістік орталықтарының біріне айналды. Тәуелсіздіктің отыз жылдық бедерінде мегаполисте бірнеше өндірістік салалар шаһардың экономикалық қозғаушы күшіне айналды. Олардың қатарына химия, фармацевтика, агроөндірістік кешен, қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі тағы да басқа салаларды жатқызуға болады. Осы аталған салаларда өнім өндірген кәсіпорындардың тауары ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс-жақын шет мемлекеттерге де экспортталып, солардан түскен салық және басқа да табыстар халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына зор септігін тигізді. Әсіресе, Шымкент қаласының бюджеті еселеп өсті.

Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рақымберді Мүлкеманов қала бюджеті 1994 жылы 1 миллиард теңге төңірегінде болса, бүгінгі күнде 485,6 миллиард теңгеден асқанын айтады.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі:
–Бюджет 2018 жылмен салыстырғанда 3,7 есеге артты. Инвестиция көлемі екі есеге жуық артты. Үш жыл бұрын өнеркәсіп өнімінің көлемі 425 млрд. теңгені құрады, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша көлемі 710 млрд. теңге болады. Сондай - ақ, үш жыл бұрын 403 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, биыл біз оның санын 1 млн шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, нәтижесінде салық базасы мен жергілікті бюджеттің кірістері - 57 млрд-тан 150 млрд-қа дейін өсті.

–Бүкіл әлемде орын алып жатқан экономикалық қиындықтарға, әсіресе пандемияға байланысты бұл саладағы қиын жағдайға қарамастан соңғы 5 жылда бюджет көлемі алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 4,3 есеге артқан. Тарқатып айтар болсақ, мегаполис қазынасы 2016 жылы - 111 миллиард, 2017 жылы - 131,2 миллиард, 2018 жылы - 146,1 миллиард, 2019 жылы - 243,1 миллиард, 2020 жылы - 453,9 миллиард, 2021 жылы - 485,6 миллиард теңгені құрап отыр. Бюджет көлемінің соңғы жылдары бірден ұлғаюына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент республикалық мәртебесі бар қалаға айналуы себеп болды. Осыған орай қаланы дамытуға бөлінген қаражат көлемі де едәуір өсті.  Бүгінгі таңда бюджеттік шығындардың ішінде әлеуметтік салаға 219 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде білім беру саласына – 149,6 миллиард (68,3%), денсаулық сақтау саласына – 17,9 миллиард (8,2%), әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға – 32,9 миллиард (15,0%), мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке – 18,7 миллиард теңге (8,5%) бөлініп отыр.

shymkent-budjet

Сондай-ақ қала бюджетінен қаржыландырылатын 31 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бар. Олардың ведомстволық 366 мекемесінде 47 338 адам жұмыс істейді, - деді Рақымберді
Жанысбекұлы.

 

ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ

Дегенмен бұл жетістіктің бәріне оңайлықпен қол жеткен жоқ. Тоқырау кезеңінде экономика біршама тұралады. Соның салдарынан халықтың әлеуметтік жағдайы біраз нашарлады. Әрине, мұның барлығы елдің есінде. Әсіресе, орталықтандырылған жоспарлы жүйе бойынша басқарылып келген экономикалық құрылым құлаған сәтте оны жаңа нарыққа бейімдеу аса күрделі жағдайда жүзеге асты.

«Менің облыстық қаржы басқармасын басқарған сол бір 1998-1999 жылдарда орын алған қиындықтар ешқашан да естен шықпайды» деп өткен күндерден сыр шертеді «Қазақстан Республикасының үздік қаржыгері», экономика ғылымдарының докторы Исмайлбек Шалабаев.

«Облыс бюджеті жетіспей, тиынды тиынға қоса алмай жүрген уақыт. Мемлекеттік мекемелердің коммуналдық қарыздары дегеніңіз алқымнан қысып тұр. Зейнеткерлерге бір жарым миллиард теңге қарызбыз. Айлыққа қарызымыз да миллиард теңгеден асады. Қалада да осындай жағдай. Оны өз басымыздан да кештік. Қанша уақыттан бері төлемақысы түспегендіктен тұрғындарға газ беру тоқтатылған. Су да, жылу жүйесі де осы күйде. Бәрі де бюджетке қарыз. Бар үміті әр айдың басында республикадан келетін азын-аулақ субвенцияда. Оны қалай мейлінше тиімді пайдалану керек? Мәселе осында.

Білім саласының мекемелері жарықсыз отыр, өйткені жарыққа төлейтін ақшасы жоқ. Содан облыстық білім басқармасының қаржы саласы бойынша өкілдерін шақырып: «Мен қазір сіздерге ақша беремін. Оны тек жарықтың төлемақысына ғана жаратасыздар» деп ескертемін. Білім мекемелері ол ақшаны электр қуатын беретін кәсіпорынға өткізіп, жарық алады. Ал, бұл түскен ақшаны жаңағы кәсіпорын салық есебінен бюджетке қайтарады. Бюджетке түскен ақшаны біз енді суға төлейміз. «Су арнасы» мекемелерінің ақшасы да салық төлемі есебінен бюджетке тағы қайтарылады. Дәл осындай схема бойынша телефондар, қоқыс тазарту, жылу беру және басқа да да қызметтер үшін  төленетін төлемдерді бюджетке көп ұзатпай кері қайтарып отырдық. Міне, республикадан берілетін субвенцияны екі-үш рет осылайша айналдырып алғаннан кейін ғана мемлекеттік қызметкерлерге айлық ретінде төлейтінбіз» деді өткен күндер естелігінен.

Сөйтіп облыстық қаржы басқармасын басқарған сол қиын жылдарда айлықты да, зейнетақыны да уақытылы бергізіп тұруға қол жеткізеді.  Сол кездері республикада экономиканы қолмен басқару жүйесі болған. Соны облыста бірінші болып қолданған да қаржы басқармасы еді. Нәтижесінде он екі шақырымға жететін жылу құбырлары тартылып, Шымкент қаласына «3-Жылуорталығы» арқылы жылу беру қамтамасыз етіледі.

 

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МӘРТЕБЕ – ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ЖОЛ АШТЫ

Шымкент қаласы дербес республикалық деңгейдегі қала болғалы оның дамуына өте үлкен инвестиция тартылуда. Бұл дегеніміз Шымқаланың болашағы жарқын және инфраструктурасы жоғары деңгейде дамыған алып қалаға айналатынына сеніммен қарауға болады деген сөз.

–Тәуелсіздіктің отыз жылында Шымкент қаласына 2 трлн. теңгеден астам инвстиция тартылған болса, тек соңғы үш жылда қалаға 1 триллион 55 миллиард 100 миллион теңге, ал биылғы 5 айда қала экономикасына 96,9 миллиард тенге инвестиция тартылуы көп жәйтті аңғартса керек, - деді еңбек ардагері И.Шалабаев.

Қала аумағында соңғы үш жыл көлемінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен  құны 1,8 миллиард доллардың тоғыз инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы  жұмыстар әлі де жалғасуда.
Shymkent City жобасы бойынша 2026 жылға дейін 432 миллиард теңгенің жекеменшік инвестициясы тартылып, жалпы аумағы 1,6 миллион шаршы метрді қамтитын 27 500 пәтерлі тоғыз қабатты және одан да жоғары 300 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Өткен мен қазіргі кезеңді салыстыра қарап отырсақ біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткізгеніміздің куәсі боламыз. Өңір экономикасы мен халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Өткен отыз жылдың ішінде біздің өңірімізбен бірге бүкіл елімізде болған күрделі өзгерістер баршамызды қуантады. Қазақстан Республикасының тəуелсіз даму кезеңі қазақстандық қоғамның тағдырын анықтады деп сеніммен айтуымызға болады.

Шымкент қаласында экономиканың тұрақты дамуын жыл сайын орта есеппен 5-6 пайызға қамтамасыз ету көзделуде. Осылайша, жалпы өңірлік өнімді 2025 жылға қарай 3,7 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс XLI конференциясында баяндалды.

Мұндай межеге жету үшін қаланың өнеркәсіп саласында 2021-2025 жылдары жалпы құны  1,36 трлн. теңгені құрайтын 123 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұдан бөлек, жылыжай, қарқынды бау, мал бордақылау, мал және құс етін өңдеу бойынша 42 инвестициялық жоба қолға алынбақ. Сондай-ақ, ауданы 306 гектарды құрайтын 3 индустриалды аймақты ашу жоспарда тұр. Нәтижесінде, қалада жоғарыда аталған барлық сала бойынша 80 мың тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылып, алдағы 5 жылдықта жұмыссыздық деңгейін 5,2 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.

Последнее изменение Среда, 18 Август 2021 06:53