Версия для печати

Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВА, «СЕРПІЛІС» қоғамдық қорының президенті: Отан – қуат, отбасы – шуақ Избранное

Пятница, 21 Октябрь 2022 05:03 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4963 раз
Оцените материал
(0 голосов)

25 қазан – Республика күні. 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан барша елмен терезесі тең, жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Жыл сайын атап өтіліп келе жатқан мереке 2009 жылы мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған еді.

Дегенмен, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында осы мейрамды қайтару қажеттігін айтып, көп ұзамай ҚР Парламенті тиісті заң қабылдады. Оған сәйкес, биылдан бастап 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтіледі.

Қоғам қайраткерлерінің пікірінше, Республика күнінің мемлекет өміріндегі, қоғам дамуындағы алар орны ерекше. Осыған орай шымкенттік белгілі қоғам белсендісі, тәжірибелі журналист Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВАМЕН патриотизм тақырыбында әңгіме өрбіттік.

605

 

– Бейсенкүл Жақсыбекқызы, 25 қазан – Республика күнінің патриоттық мереке екені даусыз. Сіздің ойыңызша, патриотизм деген не? Қарапайым адамдардың бойынан ол қалай көрініс табуы керек?

– Патриотизм деген, менің түсінігімде, отансүйгіштік. Яғни, ұлтжандылық, елжандылық, елді жақсы көру, елді, Отанды сүю деген ұғым. Ол неден басталады? Отбасын сүюден. Мені көптен бері тарихи сана ұғымы қызықтырады. Бірақ, бұл күнделікті өмірде көп айтыла бермейді? Ал ол бізге өте қажет. Егер тарихи сана қалыптастыра алсақ, тәрбие мәселесінде көп нәрсе өзінен-өзі шешілетін еді. Таратып айтатын ғалым емеспін, сондықтан, қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін. Мысалы, қазір жастар жат ағымдарға кетіп жатыр, одан басқа кімнің жарнамасы жарқ етіп, «сахна» төріне шыға қалса, соның соңынан еріп кетуде. Неге? Өйткені өзінің отбасының тарихын білмейді, ауылының тарихын білмейді. Білуге қажеттілік те жоқ. Мынаған қараңызшы, отбасының, әулетінің тарихын білген адамның кеудесінде мақтаныш сезімі болады. Келісесіз ғой? Егер бала атасы кім болғанын бала күнінен білсе, зерттесе, ол баланың санасына сіңеді, осыдан кейін әулетіне, ата-бабасына, ата-анасына деген мақтаныш сезімі пайда бола бастайды. Осындай санасы толық бала қалайша басқаға еріп кетеді? Ермейді, өз отбасының дәстүріне берік болады. Біздегі мәселенің көбісі осыдан шығып жатыр деп ойлаймын. Қазіргі ұтылып жатқанымыздың да бір себебі осы тарихи сананың дұрыс сіңірілмеуінен. Ата-баба, отбасының тарихын білу дегеніміз – отбасында тарихи сананың қалыптасуы. Ал осындай отбасының түп-тамырын дұрыс білмегендіктен, мақтаныш тұту сезімін басынан өткізбеген бала сезімді сырттан іздейді ғой. Өйткені кеудесінде қуыс қалып кеткен, соны толтыру керек болады.

606


Сонымен қоса, қазіргі кезде батыстың психологиясы жаппай белең алып бара жатқаны ұнамайды. Тренерлер де, мотиваторлар да көп. Олардың өз есебі бар. Барған адамның санасына ол да сіңіп жатыр. Байқап қарасаңыз, біздің ата-бабамыз мықты психолог-философ болған. Сол батыс психологиясының айтарына үңілсең, қазақтың мақалы шығады. Біздің ата-бабамыз адамның жан-дүниесін әлдеқашан зерттеп, түйіндеп-түйіндеп, қысқа қайырып, мақал-мәтел, қанатты сөздерге сыйғызып, айтып қойған. Біз соған аса мән бере бермейміз.

Жеті атаны білу дегеніміз де тарихи сананың көрініс табуы. Біздің геніміз – ол біздің тарихи санамыз. Ол тарихи сана бізді алдымен отбасымызды сүюге, Отанымызды, одан кейін мемлекетімізді сүюге алып келеді. Патриотизм деген осы. Оны ғылыми тілмен түрліше тармақтап айтып жатады. Жалпы, менің танымымдағы қарапайым түсінік осы. Ол – өз бойымызда бар дүние.

– Патриотизм дегеннен шығады, өзіңіз де айтып жүрсіз, туды қастерлеу туралы бастама көтердіңіз. Сол туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Бұл өзі қызық басталған. Осыдан 4 жыл бұрын Түркістан облысындағы тарихи ескерткіштерге баспасөз турын ұйымдастырдық. Журналистерді алып жүрдік. Соған арнайы «Тарихы терең Түркістан» деген баннерді әзірлеген едік. Қас қылғанда жолға шығатын күні соны алып шығуды ұмытып кетіппіз. Қазығұрт тауына барғанда еске түсті. Содан жолбасшымыз Қайрат Кәрібаев «Менде ту бар ғой, сонымен суретке түсейік» деп ұсыныс жасады. Сөйтіп, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам аудандарындағы көпшілікке белгілісі бар, белгісізі бар – көптеген орынды аралап, көк байрақпен суретке түстік. Сол кезде маған «Бұл бір ішкі туризмді насихаттаудың мықты құралы екен. Әрі туды насихаттауға болады, әрі ішкі туризмді дәріптеуге болады» деген ой келді. Арада бірер күн өткенде әлеуметтік желіде ақын Дәурен Айманбетов тумен суретке түсу эстафетасын Қайратқа жолдаймын деп жазыпты. Содан он шақты күн күттім, бірақ, эстафета әрі қарай дамымай қалды. Ойланып, «Бұл жайдан жай болған жоқ, бір насихаттап көрейінші» деп бел будым. Бірақ оған уақыт керек екен. Таңертең 1 сағат, кешке 1 сағат уақыт арнап, әлеуметтік желіде отыру қажет. Пост жазып, эстафета жолдағандарды бөлістім, пікір жазып, белсене қолдадым. Содан бұл идея қанат жайып, кең тарап кетті. «Жанубий Қазақстан» газетінің бас редакторы Әлішер Сатыбалды сол кезде «Тумен суретке түсу трендке айналды» деп жазды. Осылайша бірнеше жылдан бері белең алып келеді. Алғашында оңай болмады. Тәуелсіздік күніне орай әлеуметтік желіде жүрген бастаманы халықпен қауыштырып, «Тәуелсіздікпен диалог» атты қорытынды іс-шара өткіздік. Биылды қосқанда төрт жыл Тәуелсіздік күні қарсаңында осы іс-шара өтіп келеді екен.

Мұндағы мақсатымыз Тәуелсіздік күнін атап өтудің дәстүрін қалыптастыру болды. Бұл туралы үнемі жазып жүрдім. Төрімізде ту тұрсын деген бастама болды. Төрт жылдан бері жүзге жуық адамға ту тарту етіппіз. Тәуелсіздік күнінде тартуға ТУ сыйлау дәстүрін қалыптастырғымыз келді. Қарап отырсаңыз, көптеген мемлекетте тәуелсіздік күнін атап өту дәстүрі қалыптасқан. Алысқа бармай-ақ, мына көрші қырғыз елін алайық. Олар Тәуелсіздік күнін атап өтуді ұлттық ойындарды насихаттаудан бастайды. Бұл жылда дәстүрлі түрде өтеді. Ал бізде Тәуелсіздік күніне арналған дәстүр жоқ. Ол туралы БАҚ-та талай айтылды. Мереке қарсаңында айтамыз қоямыз, жылда солай. Әрекет жоқ. Мерекені халық қабылдағанда, ол жылда дәстүрлі өтеді. Және халық сол мерекені күтіп жүреді. Қазір бізде науқаншылдық басым. Науқаншылдық «ауруынан» айығу үшін, патриоттық сезімді ояту үшін көк туды насихаттауымыз керек. Бұл бастаманы алғашында сынағандар болды. «Туды кез келген адам жамылып жүр, оны тек мықты адамдар, спортшылар насихаттауы керек» дегендер де болды. Ау, бәріміз осы мемлекеттің бір бөлшегіміз ғой? Ал ту – мемлекеттік рәміз. Ендеше, неге сол туды жүрегімізге, жанымызға жақын ұстай алмаймыз? Неге біздің спортшылар патриот келеді? Өйткені олар туды үнемі жанына жақын ұстап жүргендіктен деп санаймын. Сондықтан, өзіміз, ұрпағымыз патриот болсын десек, мемлекеттік рәміздерді кең насихаттауымыз керек. Сонда мемлекетшіл тұлғалар шығады.

– Мемлекетшіл тұлғалар деген, сіздің ойыңызша, кімдер?

– Осы сауал қойылса мен де тосылып қалар едім. Кейбір адамдарға ұнамауы мүмкін, менің пікірімше, қазір біз – әкімшілміз. Ал әкімдер дегеніміз кімдер? Мемлекетте мемлекеттік бағдарламалар бар, әкімдер – сол мемлекеттік бағдарламаны жергілікті жерде жүзеге асыратын тұлғалар. Мемлекеттің, Мемлекет басшысының осы жергілікті жердегі өкілдері. Ал біз мемлекеттен бөліп насихаттағымыз келеді. Бізге мемлекетті және еңбек адамдарын насихаттау керек. Әр адам осы мемлекеттің бір бөлшегі екенін сезінсе, мемлекетті құрап отырғанын сезінсе, жауапкершілік пайда болады.

– Биыл 2009 жылдан бері алғаш рет атап өткелі отырған Республика күні де мемлекеттік маңызы бар мереке саналады. Осы туралы көзқарасыңыз қандай?

– Ел Президентінің 25 қазан – Республика күні мерекесін жаңғырту туралы ұсынысын қолдаймын, өте дұрыс деп санаймын. Өйткені, осы күні Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Яғни, Тәуелсіз елдің тарихы басталды осы күні. Енді осы ұлттық мерекені атап өтудің дәстүрін қалыптастыру керек. Мемлекеттік мерекені жоғары деңгейде атап өту дәстүрін қалыптастыру – өзіміздің, халықтың қолында. Оны сырттан ешкім дайындап бермейді.

– Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінің маңызына тоқталып өтсеңіз.

– Қазір елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жобасы жүріп жатыр емес пе? Тарихтың беймәлім тұстары ашылып жатыр. Қазақ қаншама ұлт-азаттық көтерілістерін бастан өткізді. Соңғы көтеріліс – Желтоқсан оқиғасы. Сондықтан, 16 желтоқсанды тағзым ету күні ретінде атап өтіп, тарихи сананы оятуға ықпалы бар жұмыстар жүргізсек, ұтылмас едік. 16 желтоқсан қарсаңында ерте заманнан тәуелсіздік жолында жанын аямаған ата-бабамызды еске алуға тиіспіз. Сол оқиғалардың бәрін ұрпақ санасына сіңіру үшін ауқымды іс-шаралар қолға алынса. Жыл сайын мектеп, оқу орындарында атаулы сабақтар, архивтер, музей, кітапханаларда жалпы көпшілік іс-шаралар өтіліп жатса, ойлаңызшы, рухани сана қалай түлер еді?! 16 желтоқсан қарсаңында ой түйетін онкүндік немесе апталық өтсе, тәуелсіздіктің қадірін түсінер едік деп ойлаймын.

– Сөз соңында оқырманға тілеріңіз...

– Аман болайық, ел аман болсын! Болашаққа сеніммен қарайық, оның жарқын болатынына сенейік. Оған негіз бар. Мысалы, қазір қазақ тілі туралы пессимистік көзқарас жиі айтылады. Шынында тіл жоғалып бара ма? Мен жоқ дер едім. Димашқа қарайықшы. Ол бүкіл әлемге қазақша ән айтқызып жүрген жоқ па? Біздің ана тіліміздің әлемдік тілге айналатындай әлеуеті бар екенін Димаш насихаттап жүр. Димаштың істегенін істейік. Әрқайсымыз өз ана тілімізде сөйлеп,
дамытайық.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Последнее изменение Пятница, 21 Октябрь 2022 11:06
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.