Версия для печати

Ағарған жерде береке бар немесе мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне ірі инвесторларды тартуы тиіс

Пятница, 04 Ноябрь 2022 06:58 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4776 раз
Оцените материал
(0 голосов)

borte bastykБөкейхан Нұралыұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басым бағыттары нақты көрсетілді. Осы салада жұмыс істеп жүрген кәсіпкер ретінде аграрлық саладағы реформаның нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?

 

–Сарапшы мамандардың болжамы бойынша, жақын келешекте әлемде ауқымды азық-түлік дағдарысы болуы ықтимал. Мұндай жағдайда мемлекеттер арасындағы үлкен саясаттың маңызды тақырыбы қазіргідей энергия ресурстары емес, тамақ өнімдері болады. Демек, азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің ең маңызды бөлігіне айналып келе жатыр деген сөз.

Міне, осы жағдайларды ескерсек, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударғаны орынды. Бұл реформаның нәтижесінде ауыл шаруашылығының дамуы, аргоқұрылымдардың іріленуі және инновациялық технологиялардың кеңінен қолданылуы өнімділіктің артуына себеп болады. Нәтижесінде, отандық нарықта сапалы, экологиялық тұрғыдан таза, бағасы қолжетімді азық-түлік өнімдері көбейеді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жүйелі түрде жолға қойылса, бұл саладағы кәсіпорындарда жүздеген мың адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде Мемлекет басшысының пәрменімен бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлері түгелденіп, мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бұл жерді оның қадірін білетін, тиімді пайдаланатын азаматтарға беруге жол ашып отыр. Алдағы уақытта шаруашылықпен айналысқысы келетін кез келген азамат жерді конкурс арқылы алуына мүмкіндік туады.

Президенттің бастамасымен ауыл шаруашылығы саласында қолға алынатын бұл реформалар – халықтың бүгінгі әл-ауқатын жақсартумен қатар, келер ұрпақтың қамын ойлаудан туған маңызды бастама.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы – жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы шешімін күткен мәселелер мен нақты қадамдарды қамтыған маңызды құжат. Ол ел дамуындағы стратегиялық мақсаттарды белгілеп, қысқа және орта мерзімді перспективадағы міндеттерді айқындап беруімен құнды. Жолдаудың өзегі ретінде Президент ұсынған жаңа экономикалық саясатты айтуға болады. Ол бизнеске барынша қолдау көрсетуді және халықтың әл-ауқатын сапалы әрі инклюзивті тұрғыда жақсартуды көздейді.

borte bala

Сіз Шымкент қаласын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Бөрте-Милка» компаниясын басқарасыз. Компанияның қазіргі тыныс-тіршілігі мен болашақ жоспарлары туралы айтып беріңізші...

–Компания 2016 жылы құрылды. Сол жылы біз Венгриядан Гольдштейн Фриз дейтін сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қараның 400 басын сатып әкелдік. Соның негізінде 2016-2017 жылдары фермамызды құрдық, ал, 2018 жылы тәулігіне 50 тонна сүт өңдейтін зауыт салдық. Қазір мал басы 1200-ге жетіп отыр.

Ферма шведтің DeLaval компаниясының ең заманауи технологиясын қолданып салынған. Мұндағы жұмыстың үлкен бөлігі, мәселен, сиырды сауу және оның тұратын орнын тазалау секілді жұмыстар автоматтандырылған. Сондай-ақ, жем жеп денесі қызған сиырларды салқындату жүйесі, метеостанциясы бар желдеткіш жүйесі, малдың тойғанын анықтау камералары орнатылған.

Бүгінде «Бөрте Милка» сауда белгісімен 25 түрлі өнім шығарамыз. Оның ішінде 5 түрлі йогурт, 4 түрлі айран, 4 түрлі қаймақ, тұздалған айран, құрт, май және «Бөрте таңы» атпен піскен айранның газдалған түрін шығарып жатырмыз. Өнімдеріміз Түркістан облысы мен Шымкент қаласына тарайды. Алдағы уақытта Жамбыл және Қызылорда облыстарына да өз өнімдерімізді жөнелтуді жоспарлап отырмыз.

«Бөрте Милка» сүт өнімдерінің басты ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан таза, табиғи өнім болуында. Біз тек өз фермадағы сиырлардан сауылған сүтті пайдаланамыз. Әрі өнімдерге құрғақ сүт ұнтағы мен өзге де жасанды тағамдық концентраттар қосылмайды. Соның есебінен сақтау мерзімі де өзге сүт өнімдерімен салыстырғанда қысқа. Иә, бұл өнімнің өзіндік құнының қымбат болуына әсер етеді. Өнімімізді Алматы мен Астана секілді үлкен қалаларға жөнелте алмаймыз. Себебі, ол жаққа барып қоймаға, одан дүкен сөрелеріне түсіп, тұтынушының қолына тигенше сақтау мерзімі өтіп кетеді. Біздің өнімдерді тоңазтқышта плюс 2-4 градус температурада сақтау керек. Әйтпесе, тез бұзылады.

Ал, компаниямыздың алдағы жоспарына тоқталар болсақ, бұқтырылған ет пен шұжық шығаратын зауыт ашу ойымызда бар.

Мемлекет тарапынан қандай қолдау көріп отырсыздар?

–Мемлекет халық тұтынатын сүт және сүт өнімдерінің бағасын тұрақты деңгейде сақтап тұру үшін субсидия беріледі. Егер фермадан 400 бас аналық ірі қараңыз болса, сауылған сүттің әр литріне 30 теңге, ал, аналық бастың саны 600-ден асса, әр литріне 45 теңге төленеді. Сондай-ақ, жылына бір рет жем-шөп алуға да субсидия төленеді.

borte sir

Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіліп жатса, Сіздер секілді фермаларды көбейтіп, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге не кедергі? Саладағы өзекті мәселелер қайсы?

–Кез келген бизнестің өзіндік қиындықтары бар. Ең бірінші мәселе жем-шөптің жылдан жылға қымбаттауы дер едім. Екіншіден, сиыр фермаларының сүтті өз бетінше өңдейтін зауыты жоқ. Ал, зауыттардың өз фермасы жоқ.

Мәселен, 100 басқа дейінгі сиыры бар ферма ашсаңыз сүтті өткізу өте қиын. Себебі, зауыттар өнімді мол мөлшерде жеткізіп беретін ірі фермалармен жұмыс істегісі келеді. Себебі, әрқайсысында 50-100 бас малы бар көптеген шаруашылықтардан сүт жинап жүру тиімсіз. Сүтті тасымалдау, жинау, сақтау дегеннің бәрі басы артық жұмыс пен шығын болады. Әрі әр фермадан келген сүттің сапасын, майлылығы қандай? Ол фермалардың бәрі бірдей малын жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялады ма, жоқ па? Осының бәрін қадағалау керек болады.

–Демек, сүт өнімдерін өндіру ісі дамуы үшін салаға мейлінше ірі инвесторлардың келуі керек қой...

–Иә, мемлекет агроөнеркәсіпке ірі инвесторларды тартуға жағдай жасауы керек. Ірі фермалар көбейсе, олар өздерінің сүт өңдеу зауыттарын ашса, салада даму болады. Бірақ, ірі инвесторлардың бұл салаға қызғушылығы жоғары емес. Себебі, аграрлық салаға құйылған инвестицияның қайтарымы басқа салалармен салыстырғанда аздау әрі ол үшін ұзақ уақыт еңбек етуге тура келеді. Бұл, әсіресе, мал шаруашылығына қатысты.

Ата-бабаларымыз ертеде-ақ «Диқан диқанға бір жылда теңеледі, шаруа шаруаға он жылда теңеледі» деп айтып кеткен ғой. Расында бір мал шаруашылығының аяғынан тік тұрып, мал басы көбейіп, нарықтан өз орнын иеленіп, тұрақты табыс әкеле бастау үшін шамамен 10 жылдай уақыт керек. Біздегі инвесторлардың көбі оған қарағанда ақшасын құрылыс пен саудаға салып, тезірек пайда тапқысы келеді.

Дегенмен, халқымыз ағарған бар жерде береке бар деп есептейді, ақ мол болсын деп бата жасайды. Әрі тамақ өнімдеріне деген сұраныс жылдан жылға көбеймесе, азаймайды. Тек сабыр мен еңбекқорлық, істің көзін таба білетін ұқыптылық болса, бұл салада да табысқа жетуге болады.

–Әңгімеңізге рахмет!