Версия для печати

Еркін МЕДЕТОВ: «ШЫМКЕНТТІҢ НЕЙРОХИРУРГИЯСЫН ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТКІЗЕМІЗ» Избранное

Пятница, 11 Ноябрь 2022 04:54 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5748 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жуырда Шымкентте аса күрделі отаның бірі жасалды. 56 жастағы науқастың басындағы ісік алынды. «Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсарып келеді», дейді дәрігерлер. Ол жалпы палатаға ауыстырылған. Жалпы, нейрохирургия – медицина бойынша әлемдегі жетекші сала. осы тұрғыдан алғанда үшінші мегаполистегі нейрохирургияның дамуы қалай? Қазіргі таңда қандай оталар жасалуда? Бұл туралы қалалық №1 клиникалық аурухананың нейрохирургиялық қызметінің жетекшісі, PhD докторы Еркін МЕДЕТОВ айтып берді.

706

 

ЖАҢА МАМАНДАР – ЖАҢА ДЕҢГЕЙ

Еркін Жұмағұлұлы бұған дейін Астанадағы Қазақ ұлттық нейрохирургия орталығында 12 жыл қызмет еткен. 2021 жылы Шымкентке оралып, бірден қалалық №1 ауруханаға қызметке қабылданады. Қазіргі таңда нейрохирургия, инсульт және нейрореанимация секілді үш бөлімшеге жетекшілік етіп жүр.
– Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында еліміздегі таңдаулы маман Серік
Қуандықұлы Ақшолақовтың қол астында жұмыс істедім, тәлім алдым. 12 жылдың ішінде көптеген ота жасаумен қоса әлемнің 30-ға жуық елінде болып, тәжірибе алмастық. Дүниежүзінде әр операцияның өз мықтылары болады ғой, солардан үйреніп келіп, Қазақстанға енгізуге атсалыстық. Ал өткен жылы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның шақыруымен Шымкентке оралдық. Ата-анам осында. Келе сала осы ауруханаға жұмысқа тұрдым. Содан бері басшылықтың қолдауымен біраз жаңалық болып жатыр. Шымкентте нейрохирургияның дамуы біраз уақытқа дейін тоқтап қалған болатын. Кейбір оталар қолға алынғанымен, көп нәрсе жасалмады. Бұрын ота жасайтын бір ғана бөлме болса, қазіргі таңда жаңа корпустан нейроблок ашылды, қалалық әкімдіктің қолдауымен көптеген соңғы үлгідегі құрылғылар алынды, – дейді Еркін Жұмағұлұлы.
Нейроблок екі бөлімнен тұрады. Біреуінде ашық оталар жасалса, екіншісінде тамырдың ішіне, ангиограф аппараты арқылы ми тамырына операциялар жасалады. Айтқандай, нейроблоктың ашылуына биылғы 27 тамызы күні Астанадан Серік Ақшолақов арнайы келіп, қатысқан.
– Содан бері Шымкентте көптеген жаңа технологиялық отаға лицензиялар алынып, ота жасалуда. Өткен жылы 300-ге жуық ота жасалды. Көбісі жедел нейрохрургиялық оталар. Мысалы, гематоманы, омыртқа арасындағы жарықты (грыжаны) алып тастау, омыртқасы сынып түскен науқастың омыртқасын орнына салу дегендей операциялар. Биыл жыл соңына дейін 900-ге жуық ота жасалып, сол көрсеткішті үш есеге көбейтеміз деп отырмыз. Ал келесі жылы жалпы 1500-ге жуық ота жасасақ деген жоспар бар. Себебі, ангиограф құрылғысы тамыз айының соңында ғана іске қосылды. Содан бері басқа да қосымша құрылғылар алынды, – дейді маман.

Ақылы емес, тегін ота бізде бар

Нейрохирургтың айтуынша, №1 клиникалық аурухананың құралдары заманауи, ең соңғы үлгідегі құрылғылар саналады. Ота жасау блогына ангиограф аппаратымен қоса, Нейродаму қорының көмегімен камералар қойылған. Соның көмегімен жергілікті хирургтар бүкіл Қазақстанға транслация жасауға мүмкіндік алып отыр. Яғни, басқа қалалардағы әріптестерді оқытып-үйретуге болады.
– Мысалы, Ақтау, Павлодар, Шығыс Қазақстан өңірлерінің нейрохирургтары кейбір күрделі ота жасар кезде камера арқылы бізбен байланысады. Біз отаны көріп отырып, кеңес береміз. Қашықтан үйретеміз. Оған қоса Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы нейрохирургтерді үйретіп жатырмыз. Олар науқастарды жинайды, содан кейін біз сол елге барып, ота жасаймыз, әрі үйретеміз. Шеберлік сабақтарын өтеміз. Себебі, ол елдерде нейрохирургия саласы Қазақстаннан қалып қойған. Біздегі сияқты құрылғылар жоқ. Енді ондай оталарды ақылы түрде өзімізде, Шымкентте жасасақ деген жоспарымыз бар. Себебі, біздің кей шекаралас аудандардағы науқастар Өзбекстанға барып, тексеріліп, ем алады. Ал ол – Қазақстанда нейрохирургия саласы сол елдерден әлдеқайда дамып кеткенін білмеудің салдары. Себебі, көрші елдерде біздегідей соңғы үлгідегі техникалар жоқ. Ол жақта ақылы істегенше, бізде тегін ота жасауға болады. Сондықтан, халық арасында түсіндіру-насихат жұмысын көп жүргізуі керек, – дейді Еркін Медетов.

Күйзеліс метастазаға жеткізеді

Нейрохирург жоғарыда айтып өткен науқастың жағдайына да тоқталып өтті. Қала тұрғыны басының ауыратынын айтып, шағымданып келген. Оған МРТ-диагноз жасалып, миында ісік бар екені анықталады.

707


– Іштен өскен ісік бастың қаңқа сүйегін кеміріп, сыртқа жарып шыққан екен. Абырой болғанда, қатерсіз ісік. Ол азамат соңғы 5 жылдың ішінде ісігін екі рет алдыртқан екен, бірақ тек сыртқы бөлігі ғана алынғандықтан, қайтадан өсіп шыға берген. Бір күрделісі, ісік мидағы үлкен көк тамырдың үстіне өскен, медицина тілінде оны жоғары саггитальды синус деп атайды. Мұндай жағдайда көп мамандар ісіктің жартысын ғана алады, себебі, жаңағы көктамыр адам үшін өте маңызды. Сондықтан, бірінші кезеңде біз науқасты жақсылап зерттеп, ангеографиялық тексеруді жасадық, тамырын көрдік. Ол тамыр жұмыс істеп тұр ма, соны анықтадық. Тамыр ісікпен бітеліп қалған екен. Екінші кезеңде мидағы ісік толық алынып тасталды. Отадан кейін науқас оянып, қазіргі таңда палатаға ауыстырылды. Жақын күндерде үйіне жіберу жоспарлануда. Биыл осындай үш күрделі ота жасалды. Үш науқастың да жағдайы жақсы, қазір өздері жүр. Ісіктің қайта өсу ықтималдығы өте төмен, себебі, толық алынды. Ал жартылай алынса, қайта пайда болу ықтималдығы жоғары болатын еді, – дейді нейрохирург маман.
Мамандар мұндай ісік неден пайда болады деген сұрағымызға «нақты бір себебі бар деп айта алмаймыз» деп жауап берді. Айтуынша, кез келген адамда ісікке қарсы иммунитеттің төмендеуі салдарынан бір жасуша пайда болып, ісікке алып келуі мүмкін. Дегенмен, ісікке алып келуші факторлар бар.
– Олар – үнемі күйзелісте жүру, шылым шегу, ағзаның басқа жерінде ісік болса, қан арқылы тарауы мүмкін. Ол метастаза деп аталады. Жалпы, барлығы дерлік қан тамыры арқылы жүретіндіктен, біздің жұмысымыз да негізінен тамырға байланысты. Қазіргі таңда тамырдың ішімен жасалатын оталарды жасап жатырмыз, басқа да туа бітті ақауларды емдейміз. Мысалы, мидың туа бітті аневризмасы деген бар. Ол – ми тамырының қапшықты кеңеюі. Ол өсіп кете бермейді, бір күні жарылады, соның салдарынан қан құйылады. Оған қоса жарақаттың салдарынан зақымданған тамырға ота жасаймыз. Сосын инсультке алып келетін бірден-бір себеп – тамыр ішінің маймен бітелуі. Сол тамырларды ашамыз. Инсультпен түскен науқас кейде мүгедектікке ұшырауы немесе қайтыс болуы мүмкін. Сондай науқастарды алғашқы алты сағатта жеткізіп үлгерсе, тамырын ашып, ота жасап жатырмыз. Ота үстелінің үстінде қол-аяғы қайтып қимылдап, жандана бастайтын жағдайлар бар. Бір әттеген-айы, көп адам ол белгілерді біле бермейді, инсульт болып қойған соң өте кеш алып келіп жатады. Ондай жағдайда көмек беру қиын. Көбісі түн ішінде болады, ұйықтап жатыр екен деп немесе қазір басылып қалады деп ойлайды. Сондықтан, халық арасында ағарту жұмыстарын көбірек жүргізу аса маңызды дер едім. Осы орайда біздің аурухана тарапынан Ордабасы алаңындағы LЕD-экранда инсульттің белгілері туралы бейнеролик көрсеттік, – дейді Еркін Жұмағұлұлы.
Осы арада дәрігер инсульттің негізгі үш белгісін атап өтті. Олар – тілдің күрмеліп, сөздің бұзылуы, беттің қисаюы және бір жағындағы аяқ-қолының әлсіреп, істемей қалуы. Осы белгілер пайда болғанда бірден 103-ке хабарласып, науқасты ауруханаға жеткізу керек.

Көрдік. озып тұрғаны шамалы

– Атап айтатын жағдай, ауруханамызда барлық ота қазақстандықтар үшін тегін жасалады. Ол жоспарлы ота жасатуға, жоспарлы консультацияға келген науқастарға квота ашуға құжат береміз, сол арқылы өзі тіркелген емханадан квота арқылы келеді. Ал шұғыл түскен, аяқ астынан жарақат, инсульт алған науқастар МӘМС жүйесі арқылы қабылданып, ота жасалады. Алда көптеген жоспар бар. Біздің мақсатымыз – Шымкент нейрохиругиясын Астана, Алматы қалаларының деңгейінен кем болмайтын жағдайға көтеру. Астанада өзімізбен бірге жұмыс істеген бірнеше маман қазір Шымқалада жұмыс істеуде. Осылайша Шымкенттің республика бойынша ең жоғарғы деңгейде жұмыс істейтін аймақ болуына атсалысып жатырмыз.
Ал негізінде, басқа салаларды білмеймін, Қазақстанның нейрохирургия мен кардиохирургия саласы әлемдік деңгейден еш кем емес деп толық сеніммен айта аламын. 30 шақты елде болып, үйреніп келдік, көріп жүрміз – бізден асып бара жатқан тұсы жоқ. Бүкіл дүние жүзінде жасалатын оталардың барлығы дерлік Қазақстанда да жасалады. Әсіресе, соңғы 10 жылдың ішінде медицинамыз үлкен жетістіктерге жетті, – дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың нейрохирургиялық қызметінің жетекшісі, PhD докторы Еркін Медетов.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.