Қанат БАЙБОЛОВ: «БІЛІКТІ МАМАН ДАЯРЛАУДА ТЕОРИЯ МЕН ТӘЖІРИБЕНІ ҰШТАСТЫРУ МАҢЫЗДЫ» Избранное

Пятница, 23 Декабрь 2022 04:43 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1855 раз

Биылғы оқу жылында Оңтүстік өңірдегі жоғары оқу орындарының қатары мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев атындағы университетпен толықты. Білім ордасының жұмыс бағыты, тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Ж.Тәшенев атындағы университеттің ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Қанат БАЙБОЛОВ мырзамен тілдескен едік.

134

 

— Қанат Сейтжанұлы, бастауын Сырдария университетінен алатын оқу орнының атауын өзгертіп, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев есімін берудің сыры неде?

— Иә, Сырдария университеті 23 жылға жуық Мырзашөл өңірінде халыққа қызмет етіп, 16 мыңнан астам түлекті қанаттандырды. Түлектеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған әрбір Жолдауында білім саласына ерекше мән беріп отыр. Білім және ғылым министрлігі бөлінбей тұрған кезінде біздің университетті Түркістан немесе Шымкент қаласына көшіру жөнінде тапсырма берілген-ді. Яғни, заман талабына сай, білікті маман даярлау үшін орталыққа көшудің маңызы зор. Сондықтан алдымызда түрлі инновациялық технологиялар қолжетімді, тәжірибе алмасу үшін өндірістік орындар мен жоғары оқу орындары шоғырланған ортаға келіп, бәсекеге қабілетті маман даярлау міндеті тұрды. Осы ұсыныс негізінде үлкен қалаға көшуге шешім қабылданған тұста, университетке жаңа атау беру мәселесі көтерілді. Таңдауымыз мемлекет және қоғам қайраткері, кең байтақ жеріміздің сақталып, елімізді өркендету жолында ерен еңбегі сіңген тұлға Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің есіміне түсті. Ұсынысымызды министрлікке жеткізіп, шешіміміз құпталды. Осылайша жаңа атаумен мегаполиске келдік. Ендігі мақсат — оқу ордасын жаңа бағытта, бәсекеге қабілетті, сапа мен санды үйлестіре отырып дамыту. Жұмабек Тәшенев есімін иемденіп отырған соң, әрдайым ол кісінің атына лайықты, алдыңғы қатарлы білім ордасын қалыптастыру жолында жұмыс істейміз.

133

 

— Шымкенттің өзінде оншақты ЖОО бар. Тәшенев университетінің өзге оқу орындарынан артықшылығы қандай? Басымдық техникалық ғылымдарға берілген бе, әлде гуманитарлық па?

— Шымкентте бізді қоса айтқанда 8 жоғары оқу орны бар. Оның екеуі — мемлекеттік аталып жүрген коммерциялық емес акционерлік қоғам. Олар Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті. Сосын акционерлік қоғам басқаруындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бар. Қалған бесеуі жекеменшік басқарудағы жоғары оқу орындары. Мәселен, Сырдария университеті кезінде жақын орналасқан елді мекендердің және шекаралас мемлекеттің азаматтарын оқытып келдік. Бүгінде білім бағдарламасына, сапасына қатысты бәсекелестік жоғары. Бұған дейін педагогикалық мамандықтар оқытылып, заң және экономика мамандары көп даярланып келді. Өзге оқу ордаларынан ерекшелігіміз сол, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары мен IT саласының мамандарын дайындауды қолға алып отырмыз. Яғни, бұрын гуманитарлық бағыт басым болды. Келер жылы 12 білім бағдарламасы, яғни мамандық бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігінің келісімімен студент қабылдауды бастаймыз. Білім бағдарламаларын өндіріс орындарымен бірлесе отырып зерделеп, әр мамандықта оқытылатын пәндерді, олардың айырмашылығын, студенттің не үйренетінін, толық курстан соң қандай маман шығатыны жөнінде бағыт-бағдарын нақтылап, ұсындық. Болон процесінде енгізу үшін біз ұсынған бағдарламаларды эксперттер қарап, тізімге енгізді. Әзірлеген білім бағдарламалары «заман талабына сай» деген қорытынды алып, бекітілді. Біз лицензияға енгізілетін өзгерістер бойынша тиісті құжаттарымызды Ғылым және жоғары білім министрлігіне өткіздік. Биылғы оқу жылы басталып кеткендіктен жаңа мамандықтарға келер оқу жылынан бастап студент қабылдаймыз.

— Жаңашыл, білімді ұстаздан дәріс алып, заманауи құрал-жабдықтарды қолдана отырып, тәжірибесін дамытқан студенттен білікті маман шығатыны анық. Оқытушы құрамның біліктілік арттыру мәселесіне қаншалықты мән бересіздер? Ал, студенттер үшін өндірістік тәжірибе алмасу қалай ұйымдастырылып отыр?

— Менің осы білім орданың басшылығын қолға алғанда теория мен тәжірибені ұштастыруды мақсат етіп қойдым. Бұл – бүгінде ең өзекті проблемалардың бірі. Педагогикалық мамандықтарды оқыту барысында университетте берілген білімді мектеп қабырғасында қолдану кезінде көптеген алшақтық бар екенін жиі естіп жүрміз. Осы алшақтықты қысқарту мақсатында жуырда Шымкент қалалық білім басқармасымен меморандумға отырып, осы құжат аясында қаладағы 148 мектептің директорымен бірлесіп, форум ұйымдастырдық. Мұнда «Теория мен тәжірибе арасындағы алшақтықты жоюда не істеу керек?», «Жас маман жұмысқа орналасу үшін қандай талаптарға сай болуы шарт?», «Бүгінгі оқыту бағдарламасында не жетіспей жатыр?» деген сауалдарға жауап іздеп, талқыладық. Қалалық білім басқармасымен арадағы келісім негізінде көктемгі семестрден бастап, педагогикалық мамандықтардың 2-курс студенттері сабақтан соң мектептерде тәжірибеден өтеді. Яғни, түске дейін сабағын оқып, түстен кейін бекітілген мектепке өндірістік тәжірибеден өтуге барады. Мұнда мамандықтың қыр-сырын ерте меңгеріп, білімін жетілдіріп, заманауи технологияларды да қолдануды үйреніп, мектептің білім беру процесін ұғынғаннан кейін студент өзінің келешекте қандай педагог болатынын көрсетеді. Барлық процесті меңгеріп, бейімделген маман жұмыссыз қалмайды. Бұл – бір. Екіншіден, өзімізде оқытылатын мамандықтар бойынша мектептер мен өндіріс орындарында кафедраның филиалдарын ұйымдастыру қолға алынып отыр. Мәселен, педагогикалық мамандықтардың негізгі пәндері мектептерде, техникалық мамандықтардың негізгі пәндері өндіріс орнында оқытылып, іс-тәжірибе дәрістері жүргізіледі. Бұл маманның өзі игеретін мамандық пен кәсіпке ерте бейімделіп, шыңдалуына, бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Ал, университеттің материалдық-техникалық жабдықталуына келсек, Сырдария университетінің жабдықталуы заман талабына сай болатын. Сол жабдықтарды осында жеткіздік. Оқу ордасының заман талабына сай жабдықталған 3 корпусы бар: Түркістан көшесіндегі жедел-басқару жұмыстары ұйымдастырылып отырған бас корпус және Гагарин көшесіндегі күрделі жөндеуден өткізілген 2 және 3 қабатты ғимарат.
Ең басты жаңалығымыз, келешекте білім ордасының 21 гектар аумақта арнайы қалашығы бой көтермек. Құрылыс Қаратау ауданына қарасты Шымкент Сити маңында жүргізіліп жатыр. Онда үлкен ғылыми орталық корпусымен бірігетін 7 қанатты оқу ғимараты салынады. Спорт кешені, тәулік бойы қызмет көрсететін 3 кітапхана, 2000 студентке лайықталған 4 жатақхана мен оқытушы-профессорлар құрамына арналған 9 қабатты 3 тұрғын-үй кешенінің құрылысы жүргізіледі. 2024-2025 оқу жылында жаңа оқу ғимараты пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарынан білім беріп, маман даярлаудан бөлек, ғылыммен айналысу талап етіліп отыр. Ал, ғылыммен айналысып, заманға қажетті жаңалық ашу үшін оған жағдай жасалып, арнайы ғылыми іс-тәжірибе жүргізетін кешенді өндіріс орны керек. Университеттің жаңа ғимаратында осы қажеттіліктің барлығы ескерілген. Ондағы 7 қанатты (корпусты) біріктіретін ғылыми кешен жоспарланған. Ол жерде әр мамандықтың өзіне сай зертханалары орналасады. Зертханаларды экспериментке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, студент-ізденушілерге түрлі жаңалық ашуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, ол ашқан жаңалығын өндіріске енгізу көзделіп отыр. Яғни, білім сапасын арттырып, түрлі салаға жаңалық әкелу арқылы Тәшенев университеті еліміздің жан-жақты дамуына өз үлесін қосады деген сенімдеміз.
Бүгінде 17 топталған білім бағыты бойынша бакалавриат оқытылса, 6 бағыт бойынша магистрлер дайындалып жатыр. Ал, оқытушы құрамына келсек, Шымкентке көшіп келгеннен кейін конкурс негізінде профессор, оқытушыларды шақырып, университетке жұмысқа қабылдадық. Бүгінгі таңда оқытылып жатқан мамандықтар бойынша оқытушы құрамы толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, өмір болған соң түрлі жағдай кездеседі. Оқытушылардың бірі көшуі немесе отбасылық жағдайларға байланыс жұмыс ауыстыруы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында магистранттарымыздың ішінен ғылымға құштар, білім саласында еңбек етсем деген азаматтармен келісіп, олардың ары қарай да ғылыми дәрежесін көтеруіне, яғни докторантураға түсуіне жағдай жасап отырмыз. Университеттің 7 докторанты ғылыми жұмыстарын қорғағалы отыр. Бірқатары қысқы қабылдауға құжат тапсырып жатыр.
Біз еліміздің жоғары оқу орындарымен ғана шектелмей, шетелдің оқу орындарымен де байланыс орнаттық. Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат мырза мен университетіміздің президенті Серік Оңалбайұлы қосарланған білім бағдарламасы негізінде жүргізілетін жұмыстарды талқылап, келісім алды. Бүгінде Израиль елінің алдыңғы қатарлы университетімен келісімге келдік. Израиль елінде ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінген және әлем елдерінің ішінде көш ілгері. Біздегі жаңа мамандықтың бірі осы ауыл шаруашылығы мәдениетін дамыту және қорғау мәселесіне бағытталған. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімін өсіру, баптау, тұқым алу жолдарын зерделесек, «Ветеринарлық санитария және экспертиза» мамандығы бойынша да бірқатар жұмыс қолға алынып отыр. Бұл мамандықтар елімізде ертеректе оқытылған. Ал, біз осы мамандықтарды жаңғыртып, жаңа оқу бағдарламасын түздік. Израильдік әріптестеріміз бағдарламаға қызығушылық танытып, жұмысты бастап кетті. Жас оқытушыларымыз сонда іс-тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, көршілес Өзбекстанның Шыршық қаласындағы мемлекеттік педагогикалық университетімен де қосарланған білім бағдарламасы негізінде байланыс орнаттық. 2023-2024 оқу жылында біліктілік арттырып келген мамандарымыздың тәжірибесін қолданатын боламыз.

— Әр оқу жылының басында шалғайдан келетін студенттер үшін ең үлкен проблема — жатақхана мәселесі. Білуімізше, сіздерде оңтүстік өңірдің азаматтарынан бөлек, шетел азаматтары да білім алуда. Университетте жатақхана мәселесі қалай шешілген?

— Қазіргі уақытта университеттің 250 орындық жатақханасы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісім негізінде жұмыс істеп тұрған тағы бір жатақхана бар. Студенттер толық жатақханамен қамтылған.
Мұнда Өзбекстан, Түркіменстан мемлекетінің азаматтары білім алып жүр. Тәшенев университетін халықаралық деңгейде таныту үшін түрлі халықаралық ғылыми конференция, көрмелерде біздегі білім бағдарламаларын таныстыру көзделген. Бұл арқылы Түркия мен Орта Азия елдері, көршілес Ресей, Қытаймен байланыс орнатып, шетелдік студенттердің қатарын көбейтсек деген ниеттеміз. Халықаралық деңгейдегі оқу орны болу үшін білім бағдарламаларын пысықтап, дамытып жатырмыз. Мұндағы алғашқы қадам — шетелдік студенттерді оқыту бағдарламасын дайындап, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, оларға алғашқы жылы тіл курсын ұйымдастыру. Оларға қазақ, ағылшын тілдерінде дәріс оқитын оқытушы құрамын жасақтау керек. Шетелдік студенттер үшін дәрістің басым бөлігі ағылшын тілінде оқытылса да, Қазақстан тарихы мен қазақ тілі мемлекеттік тілде өтуі тиіс. Осы арқылы шетелдік азаматтар біздің еліміздің тарихымен, мәдениетімен жақын танысса, елдеріне оралған соң Қазақстанды әлемнің түкпір-түкпірінде айтып, таныстырады деген ойдамыз.

— Еліміздегі жоғары оқу орындарының басты проблемасы қандай? Білікті маман, сапалы кадр дайындау үшін не істеу керек? Басшы ретінде бұл мәселені қалай шешер едіңіз?

— Иә, министрлік бекіткен 46 пункттен тұратын квалификациялық құжаттағы талапқа сай деп танылған білім ордалары өз жұмысын жалғастырып отыр. Білім сапасын арттыру үшін талаптың қойылуы, бәсекелестіктің болуы заңды.
Ал, бүгінгі жоғары оқу орындарының басты проблемасына келсек, ол түлектердің жұмыспен қамтылуымен тікелей байланысты. Ертеректе мамандарды жолдама негізінде жұмысқа орналастыратын. Тәуелсіздік жылдарында бұл үрдіс тоқтап қалды. Бүгінде мәселені шешудің жолы — бәсекеге қабілетті маман даярлау. Ол үшін университет басшысы теория мен тәжірибені ұштастыру мақсатында өндіріс орындарымен байланыс орнатып, алғашқы қадамды жасауы тиіс.
Екінші мәселе, студенттердің өндірістік іс-тәжірибеден өтуі ерекше қадағалауда болуы қажет. Мәселен, 10 студент университет қабырғасында алған білімін өндіріс орнында тиімді пайдаланып, өзін көрсетсе, соның ішіндегі кемі 3-5 маманды сол өндіріс орны жұмысқа шақыруы мүмкін.
Үшіншіден, қазіргі жас мамандар қолына диплом алған күннен қомақты жалақы немесе оңай табыс тапқысы келеді. Алайда, біз әр студентке табыстың еңбекпен, маңдай термен келетінін ұғындыруға тиіспіз. Яғни, білім, ғылым, тәрбие үшеуін ұштастыру қажет.
Бүгінде еліміздегі бірқатар оқу орындары ғылыми бағытта дамып, зерттеу орталықтарына айналып отыр. Әл-Фараби атындағы, Лев Гумилев атындағы ұлттық университеттер бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарып та үлгерді. Мұндағы мақсат – ғылым кеңістігін дамыту арқылы ондағы жетістіктерді өндірісте қолданып, еліміздің әлеуетін, экономикасын дамыту. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар да өз жемісін беретініне сенім мол. Сондай-ақ, қолына диплом алған жас маман жан-жақты болуы керек. Қазір елімізде шағын және орта бизнеске де көп мән беріліп, дамып келе жатқаны анық. Сондықтан біздің де түлектеріміз қоғамға бейім болу үшін барлық мамандықтарға «Кәсіпкерлік негіздері» пәні қоса оқытылып отыр. Яғни, ол педагог, экономист, ауыл шаруашылығы саласының маманы болса да, бизнеске бейімделіп шығады. Мәселен, тарихшы келешекте жеке іс бастайтын болса, кәсіпкерлік жайлы білімінің жоқтығы оған қолбайлау болмауы керек.
Сондай-ақ, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың маңызы зор. Ол бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі аймақтар бойынша қажетті мамандықтар атласын құруға тапсырма берді. Яғни, әр өңірдегі өндіріс орындары, ондағы шаруашылықтарға қажетті мамандардың тізіміне қарай оқытса, жұмыссыздық та азаятыны анық. Мәселен, біз қалалық білім басқармасымен байланыс орнатқан кезде 2025 жылға дейін жүздеген мектеп ашылатынын білдік. Яғни, шамамен екі жылдың ішінде білікті педагогтарға сұраныс артады. Біз бұл сұранысты қамтамасыз ету үшін сапалы маман даярлауымыз керек. Сонымен қатар, әрбір жоғары оқу орнының басшысы да мониторинг жасап отыруы тиіс. Студенттер көп келгенімен, сұранысқа ие мамандық болмаса, керісінше ол мамандықты қысқарту қажет. Сонда қажетті бағытта жаңа мамандыққа бағдарлама түзіп, сұранысқа ие маман оқытуға мүмкіндік артады.

\