Версия для печати

Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ: «КӨРЕРМЕН ЖАСАНДЫ ДҮНИЕНІ БАЙҚАП ҚОЯДЫ» Избранное

Пятница, 03 Февраль 2023 04:35 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8064 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Қалың қазаққа «Қошқар мен теке», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық-Зарлық», «Сапа олимпиадасы», «Қанатты барыс» сынды анимациялық фильмдер мен балалар фильмдерінің режиссер-сценарисі ретінде танылған Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ ағамыз бүгінде дүйім жұртқа тарихи тұлғалар жайлы туындыларды ұсынып жүр. Еліміздің киноиндустриясындағы өзгерістер мен «САҚ» киностудиясының тыныс-тіршілігі, өнердің сіз бен бізге беймәлім тұстары жайлы сұхбаттан оқып-біле аласыздар.

802

 

«Ұлттық код әрбір қазақтың бойында бар»

— «Сақ» студиясы әуелден анимация саласын қолға алып, мультфильмдер мен балаларға арналған телехикаялар түсіріп келді. Тарихи фильмдерге жасалған алғашқы қадам — «Төле би» сериалы. Жалпы, мұндай жауапты қадамға қалай келдіңіздер?
— «Рухани жаңғыру» — өте ерекше бағдарлама. Ең алғаш «Ұлттық код» деген ұғымды естігендегі менің күйімді көрсеңіз ғой. Жаныма жақын болғаны сонша, бағдарлама мерзімді басылымдарға шыққан кезде әр сөзінің астын сызып тұрып оқып шықтым. Көп адам «ұлттық код» ұғымының мәнін сұрасаңыз, ашып айта алмауы мүмкін. Бұл код — біздің бойымызға атамыздың қанымен, анамыздың сүтімен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен сіңген рухани құндылық.
Ұлттық код әрбір қазақтың бойында бар. Оны ояту үшін тарихымызды тануымыз қажет; тарихымызды тану үшін ұлы тұлғаларымызды ұлықтауымыз қажет; ұлы тұлғаларды ұлықтау үшін анимация, кино саласында біз оларды дәріптеп, көрсете білуіміз керек. Міне, тарихи тұлғалардың өмір жолына, олар жайлы фильм түсіру, насихаттау осыдан кейін басталды. Алғашқыда ізденіп, зерттеп жүрдім. Сол жылдардағы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Бағдарлама аясында «Төле би» сериалы, «Отырар» анимациялық фильмі түсірілді. Түлкібас ауданының Қасқасу жерінде фильмді түсіріп бастаған кезде елордадан «Рухани жаңғыру» орталығынан өкілдер келді.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың хан-билері сыртқы жаумен күрестен бөлек, ел ішіндегі бірлікті сақтап, қатынасты реттеп отырған. Адуынды батырлардың өзінде кереғар мінездері болған десе-ді. Осы жағдайдың бәрін саралай келе, «Төле би үш жүздің хан-билерінің басын қалай қосты?» деген сұрақ мазалайтын. «Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ» деген ғой Бұқар жырау. Алайда, сөз құдіретін тереңнен ұғынатын Төбе биді сөзден тосылды деу де қиын. Түрлі көркем әдебиеттерді оқи отырып, Төле би қалың қолды жауға бастарда әскерге рух беру үшін астындағы тұлпарын құрбандыққа шалып, Отан үшін жанын қиюға ант бергені жайлы оқып қалдым. Яғни, Төле би Жоңғарға қарсы шайқаста үш жүздің әскерінен қанмен, Құранмен және нанмен ант алған. Бұл шындық көркем әдебиеттерде жазылғанымен ешбір фильмде көрсетілмеген. Біз сериалда Құранмен және қанмен ант берген сәтін суреттедік. Кино фильмдерден «Әруақ!», «Аттан!» деп атойлап қазақтың батырларының жауға шапқанын жиі көреміз. Алайда, батырларымыздың одан да мықты жан тебірентерлік, рух сыйлайтын сөз айтқаны анық. Біз қазақтың сондай рухты сөздерін қолданып, фильм арқылы әр қазақтың жүрегіндегі отаншылдықты оятсақ, бүгінгі жастар әскерден қашып, әлек болмас еді. Мысал ретінде, орыс киноларын алайықшы. Олар рухтарын көтеріп, өздерін әлемге мойындату үшін соғыс туралы фильмдерді көп түсіріп, батырларын насихаттай береді. Ұлы Отан соғысына қатысты фильмдерін көрсеңіз, қосалқы рөлге бір қазақты қосып қояды. Шындығында, қазақтар майданда өжет, қайсар, рухты болған. Оны Кеңес Одағы батыры атағын алған қазақтардың санынан-ақ байқауға болады. Яғни, Ресейден кейінгі екінші орында тұрған. Мұның өзі қазақтың бірде қарусыз күресіп, бірде қызғанышпен ерлігін жасырын қалғандағы жеткен жетістігі. Сол сияқты біздің де Бөгенбай, Қабанбай батырларымыздың бейнесін ашатындай, сол арқылы рухты ұрпақ тәрбиелейтін фильмдеріміз көп болуы керек.

804


Сериалда Төле бидің болмысын аша түсу үшін біз бала Төленің қайсар мінезін, әділдігін айтам деп әкесіне қарсы уәж айтқан тұстарын суреттедік. Тың дерек ретінде Төленің сол кездегі әр елде жансызы болғанын, әз-Тәукемен шахмат ойнағанын көрсеттік. Көрермендер арасында «Төле шахмат ойнаған ба?» деген сұрақ туындайтыны анық. Неге ойнамасын? Шахмат Үндістанда Төленің заманына дейін бірнеше ғасыр бұрын пайда болған ойын. «Қыз Жібек» фильмінде де шахмат ойнаған эпизод бар. Бұл хандар мен билердің сол замандағы зияткерлік ойындардың барлығын білгенін көрсетеді. Ал, тоғызқұмалақты әр қазақ білді десек, қателеспейміз. Төле би шахмат үстінде Тәуке ханмен соғыс әрекеттерін талқылайды. Телехикаядағы осындай көп жерде айтыла бермейтін, алайда фильмнің негізі болған сирек эпизодтар көрерменнің көзайымына айналдырды деп ойлаймын.
— «Төле би» телехикаясы жазушы-журналист Шойбек Орынбай ағамыздың шығармасының желісінде түсірілгенімен, көркемдік кеңес құрамында тарихшы Жамбыл Артықбаев пен марқұм Сатыбалды Нарымбетов ағаларымыздың болғаны анық. Яғни, түсірілім кезінде бұл кісілер сценарийге қандай өзгерістер енгізді және ол қандай оқиғамен байланысты еді?
— Шойбек ағам тұсаукесер көрсетілімде оқиға желісі кітаптағыдан сәл өзгерек екенін айтқан еді. Алайда, кинода ондай жағдай көптеп кездеседі. Көркем шығармада Төленің Ордабасына келгені, аттан түскені ерекше суреттеледі. Бірақ, оның нақты қалай болғанын көрген адамдар жоқ. Кітапта көркемдік суреттеулер оқылымды болып, оқырман жылы қабылдауы мүмкін. Алайда, дәл солай кинода қолдана алмайсыз. Дәл кітаптағыдай етіп суреттесеңіз, көрерменнің көзіне жасанды дүние байқалып тұрады. Мәселен, «Бәйдібек би» туындысын Еркінбек Тұрысов ағамыз аңызға сүйеніп жазды. Онда қызық бір эпизод бар. Бәйдібек би саяттап келе жатқанда құдықтан «құтқарыңдар» деген дауысты естиді. Сөйтіп, Бәйдібек би аттан секіріп түсіп, құдықтағы қызды білегінен тартып шығарып алады. Дәл осы жағдай өмірде болса, «Байеке, өзіміз шығарып аламыз» деп қасындағы жігіттері атынан да түсірмейді немесе «ал, жігіттер, құтқарыңдар» деп байекең алыстан қарап тұруы мүмкін. Біз кинода мұны басқаша келтірдік. Баласының аузымен «Әкем аңға шығамын дегелі түнімен байыз таппады. Атына бір, сұңқарына бір барып, ой үстінде жүрді» деп келтірдік. Сөйтіп, Бәйдібек би саят құрып келе жатып, сұңқарын ұшырып, өзі артынан шаба жөнеледі. Сұңқар келіп құдыққа қонғанда, құдықтағы қыз аяқбауын көріп, егесін сұрайды. Егесі келіп, қызды құдықтан құтқарып, сөйлесіп үлгерген кезде барып жанындағы жігіттер жетеді. Міне, осылай кітаптағы көркемдікті кинода келістіріп жібердік.

805

Жамбыл Артықбаев ағамыз — Қазақ хандығына қатысты тарихшылардың ойын бір арнаға түйістіріп, бір тоқтамға келтірген ғалым. Фильмді түсірер алдында сценарийді толық оқытып, пікірін сұрадық. Ағамыз сценарийге оң көзқарасын білдірді. Яғни, тарихтан, шындықтан алшақтамадық.
Ал, марқұм Сатыбалды Нарымбетов ағамыз денсаулығына байланысты түсірілім алаңында бастан-аяқ бола алған жоқ. Елеулі оқиғаға негізделген сахналардың түсіріліміне қатысып, өзінің пікірін білдірді. Мәселен, Қасқасуда дауды, Ордабасы жерінде шайқасты түсіргенде қатысты. Ол кісі ағалық ақылын да, киногер ретіндегі көзқарасын да айтып отырды. Әсіресе, фильм түсіру барысында сценарийден бөлек, көрініс режиссердің қиялындағыдай шығу үшін әр актермен жеке сөйлесіп, сахнаны түсіндіріп отыру керектігін айтты. Дәл осы кеңес істің алға басуына көп септігін тигізді.
Тарихи фильмдерді түсіру арқылы тәжірибе жинақтадық. Мәселен, Ордабасыда жүз-жүз аттан қарсы қойып, шайқасты түсірген кезде Сатыбалды ағамыздың көмегіне жүгіндік. Ағаларымыз берген ақыл-кеңес әлі талай кәдеге асатыны анық.

«Аңыз желісінен де, тарихи деректерден де алшақтамаймыз»

— Бүгінде студияның қоржынында тарихи тұлғаларға арналған бірнеше телехикая бар: «Әл-Фараби», «Домалақ ана», «Дина. Күй құдірет». «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсіріліп, олар көрермен көзайымына айналып үлгерді. Режиссер ретінде басты кейіпкердің бейнесін ашу үшін неге басымдық бердіңіз?
— Елімізде телеарналар арқылы тарихи тұлғаларға арналған фильмдердің түсіріліп жатқаны қуантады. «Әл-Фараби» сериалын түсіру кезінде ғұламаның бүгінге жеткен еңбегі мол болғанымен, өмірі жайлы мағлұматтың тым аз екеніне көз жеткіздік. Әл-Фараби туралы телехикая тұрмақ, кино түсірілмеген екен. Өмірбаянында білім іздеп Сирияға кеткені ғана айтылған. Біз бұл олқылықтың орнын барынша еңбектерімен толықтырып отырдық. Қайырымды қала, музыкалық трактаттар, мәдениет, философия. Бәрін-бәрін қамтыған, терең білімді ғұлама жайлы мағлұмат іздеп отырып, Әл-Фарабидің әкесі Отырардағы керуенді қорғап жүретін әскердің қолбасшысы болғанын білдік. Осы сирек мағлұматты Әл-Фарабидің өміріне өзгеріс әкелген ілік ретінде қолдандық. Оның дәулетінің, аз да болса билігінің баласын Сирияға оқуға жіберуге сеп болғанын ұғындық. Әбу-Насыр — Отырар, Бұқара, Самарқанның кітапханасын тауысып, кішкене қалаға сыймаған жан. Біз фильмде оның ізденімпаздығын аша түсу үшін Отырардың әмірімен әңгімесін келтірдік. Бала Фараби Отырардың әміріне «Осы керуендер барлық бұйымды саудалайды. Неге кітап сатпайды? Мүмкін кітап оқылмайды, сұраныс жоқ дейтін болар. Сіз кітаптың салығын алып тастап, оны саудалайтын керуендерге көбірек ақша берсеңізші» дейді. Бұл — фильмдегі көркемдік шындық. Алайда, шындыққа жанасатынына сеніміміз кәміл. Себебі, тарихта Отырардың кітапханасы Александриядан кейінгі екінші орында болған деген аңыз бар. Ал, оған қалай жетті деп ойлайсыз? Саудагерлер үшін түйеге ауыр кітап артқаннан гөрі, жібек мата тиеген тиімді. Содан бозбала Әбу-Насырдың өтінішімен саудагерлерге кітаптан салықты алып тастайтынын айтады. Сондай-ақ, фильмде Отырар әмірі «Кімде кім жаңалық ашатын болса, тегін білім алады» деген жарлығын жариялайды. Бұл сол замандағы әрбір білімқұмар жанның ізденуіне серпін берсе, өнертапқыштардың жолын ашты деген мағынада келтірдік. Ал, Фараби бейнесіне келер болсақ, есейген шағын байсалды актер сомдайтыны бірден шешілді. Бозбала Фараби қандай болды? Осы тұста көз алдыма Д’Артаньянның әрекеті келді. Ел мойындаған үш батырды ойланбастан жекпе-жекке шақырып, Парижді жаулауға келіп тұрғанда шектен тыс сенімділік, ішкі рухтың мықтылығы керемет суреттелген. «Жастайынан жалындап, жанып тұрған Әбу-Насыр болмаса, ол байсалдылыққа, кемелдікке қайдан жетер еді?» деген тұжырымға келіп, жас Фарабиді сомдауға пысық, жалындап тұрған жігітті таңдадық. Ал, актер Айдар Наурызбаев Фарабидің кемелденген шағын керемет сомдады.

803


Қызығы сол, фильмде Әбу-Насырдың әкесін сарай қызметшілері Әмірге жақын болып кеткені үшін қызғанышпен өлтіргенін келтірдік. Кейін түсірілім аяқталған соң, дәл осы ақпаратты кітаптан тауып алып, сәйкестікке таңғалдық. Өмірбаянында діни сауат ашқаны, жас кезінен кітапқұмар болғаны, елден ерте кеткені ғана айтылады. Біз сценарий жазу барысында осы негізден алшақтамауға тырыстық. Оның Сирияда білім алуы сол дәуірде Сирияның білім-ғылымның ордасы болғанын көрсетеді. Ары қарай әрбір еңбегі, музыкалық аспабын көрсеттік. Түркиядан аспапты, онда ойнай алатын азаматты алдырдық. Фильмдегі шырқалған ән сол Әбу-Насырдың өз туындысы екенін де айтып өткен жөн. Туған жеріне деген сағынышы түйіншектегі топырағын иіскегенінен-ақ сезіліп тұрды.
«Домалақ ана» фильміне тоқталсақ. Бұған дейін де айтылып жүрген бір ақиқат бар. Ол — Домалақ ана емес, Дамолла ана болғаны жайлы мағлұмат. Мұны бірнеше еңбектен көріп, зерттелгеніне көз жеткіздік. Себебі, Нұрила– Қожа елінің қызы, тұрмысқа шықпай тұрып діни сауатты болған. «Аңыз түбі – ақиқат» демекші, оған «білегінен ең алғаш кім ұстаса, соған тұрмысқа шығасың» деген аян берілгені де шындыққа жанасады. Жас, сұлу, көрікті, білімді қыз болып өскен. Егер расында Дамолла емес, бойы аласа, толық, домалақ қыз болса, бай-дәулетті, бірнеше әйелі бар Бәйдібектің көңілі ауар ма еді? Керісінше, жүзі нұрлы, ақылына көркі сай сұлу болған соң бидің көзіне түскен деп білемін. Себебі, кез-келген ер адам ақылынан бұрын көзімен жақсы көріп, көркіне қарайтыны анық. Ал, ақылы, дүниетанымы танысып-біліскен соң айтылатын әңгіме. Сондықтан фильмде ауыл балаларының діни сауатын ашып, оқытып жатқанын көрсетіп, Дамолла ана деп атағанын көрсеттік.
«Домалақ ана» фильміндегі екінші бір оқиға – бәйбішенің 8 ұлы бола тұра, Нұриладан туған Жарықшақты қызғанып, оның қатайып үлгермеген еңбегіне бармағын батырып, кіргізіп жібергені. Біз осы жағдайды анық көрсетпесек те, бәйбішенің қызғанышы арқылы сипаттадық. Алайда, аңызда осы жағдайдан кейін бәйбішеден туған 8 ұл да бақилық болған екен. Белгілі тұлға жайлы ойдан шығара алмаймыз. Сондықтан аңыз желісінен де, тарихи деректерден де алшақтамай, сол негізге сүйене отырып түсірдік.
Ал, Дина Нұрпейісованың біз егде тартқан шағындағы бейнесін ғана көрдік. Мұның өзі көркіне көз тоймайтын сұлу болды демесек те, жас кезінде ажарлы, реңді кісі болғанын көрсетсе, кесек тұлғалы, 94-95 жасында домбыраны шертуге күші жеткені қайратты, қуатты болғанын білдіреді. Ақтық демі шығарда да домбырасын сұрап, күй тартқан. Ол — тарихи шындық. Дүниеге 15 перзент әкелген. Алайда, бар-жоғы екі серияға мұнша ақпаратты сыйғызу мүмкін емес-ті. Дина ғасырға жуық ғұмырында революция, ашаршылық, соғыс сынды тағдырдың талай тезінен өткен. Сондықтан біз оның бала кездегі домбыраға құштарлығы, Құрманғазыдан бата алуы мен тұрмысқа шыққаннан кейінгі шығармашылығына басымдық бердік. Фильмде Динаның анасы бойжеткен қызының домбыраны қойып, елдің қыздарындай тұрмысқа бейімделгенін қалайды. Сөйтіп, қызына сәукелесін кигізіп тұрып, «ең әуелі, барған жерде еріңнің, ата-енеңнің жағдайын жаса. Жат елде әйел затын күйші деп құрметтей қоймас» деп ақылын айтады. Ал, тарихта әкесінің құдаларына «Қызымды домбырасынан айырмаңыздар. Бұл Құрманғазыдан бата алған» деп өтініш айтқаны жазылған. Динаның тағдырына әсер еткен әке қамқорлығын фильмде ұтымды қолдандық. Сонымен қатар, Құрманғазының «Менің оң қолым мен Динаның сол қолы бір адамда болса, керемет күйші шығар еді» деген сөзі де фильмде айтылды. Басты рөлдегі Ақниет Ералиева фильмге дейін еліміздегі үлкен концерттерде Дина апамыздың күйлерін шеберлікпен орындап жүрген екен. Күйді шебер орындауымен қатар, оның бет-жүзінің өзі Дина апамызға келіп тұрды.
Фильмге негіз ретінде Дина Нұрпейісованың «Қара қасқа» деген күйін алдық. Бала күнінен баптаған Қара қасқа деген бәйгелік аты болған екен. Біз фильмде күй шығаруға деген шабытты осы тұлпардың шабысынан алып отырған деген мағынада көрсетуге тырыстық. Тіптен, әке-шешесі тұлпарын қыздың жасауына қосып жібереді. Деректерде Динаның жолдасы осы Қарақасқадан құлап, майып болады. Ұлының денсаулығына залалы тиген соң, қайын атасы ашуға булығып, тұлпардың көзін құртуға бекінеді. Әкесінің айтқанынан қайтпасын түсінген жолдасы Динадан Қарақасқаны босатып жіберуін өтінеді. Фильмде Қарақасқаны босатып жіберген сәтті Динаның шығармашылық шабытты бостандыққа жібергеніндей етіп бейнеледік. Тарихи деректерде де Динаның шабыты шарықтаған кезең осы оқиғамен үндес екені жазылған. Фильмді осылай қорытындыладық.

Құрманғазыны консерваторияның деканы сомдаған

— Қуантарлығы, «Сақ» киностудиясының қай өнімін алып қарасаңыз да, рөлдерден өңірімізге белгілі театр әртістерін көріп жатамыз. Актерлік құрам кастинг арқылы таңдала ма, әлде келбетіне қарай өздеріңіз ұсыныс білдіресіздер ме?
— Әрине, бір фильмге кірісер алдында «басты рөлді кім алып шығады?» деген сауал төңірегінде ақылдасамыз. Менің Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы училищеде алған білімім, яғни суретші мамандығымның көп пайдасы тиді. Училищеде мамандықтың іргетасы мықты қаланғаннан болар. Бұл білімімнің анимацияға, киноға көмегі көп тиді. Мен сценарийге қарап отырып, рөлді қай актердің сомдап шығатынын, қандай декорация, қандай киім, фон керек екенін анық білемін және оны қажет болса, суреттеп, қағазға да түсіріп бере аламын. Яғни, қоюшы суретшінің жұмысын қоса атқаруға қабілетім жетеді. Мәселен, Әл-Фарабидің ғұламалық шағын Айдар Наурызбаевтың алып шығатынына сендік. Себебі, ол рөлді сомдамайды, сонымен өмір сүрді. Тіптен, ірі планда алғанда көзімен елге деген сағынышты, мұңды әдемі көрсетті. Сол сияқты біз барынша рөлді алып шығатын азаматтарды шақырамыз. Себебі, театрда мықты ойнайтын әртістеріміз камераға келгенде тосылып қалатын сәттер де кездеседі. Иә, ішкі сенімі мықты жан болмаса, қасындағы танымал әртістердің мысы басып, камераға қарап, тосылып қалатындар да бар екен. Төле бидің рөлін сомдаған Абзал Төленовтың Ордабасы жеріндегі шайқастағы шеберлігіне риза болдым. Шаң-топырақтың ортасында ішкі жан айқайын шығарғанда сенбесіңе лаж қалмайды. Мен Сатыбалды Нарымбетов ағамыздың кеңесін осы түсірілім алаңында көп қолдандым. Яғни, әрбір эпизодты түсіретін сәтте әртістермен сөйлесіп, образды ашу үшін барынша түсіндіріп отырдым. Түсірілім алаңында эмоциясын ұстай алмай, жылап қалғандар да болды. Бірақ, ол жерде жеке басқа өкпе-реніш сақтаудан аулақ болыңдар, бұл жұмыс деп түсіндіремін. Одан жұмыс алға баспаса, кері кеткен емес.
Біз, мәселен, «Дина. Күй құдірет» фильмінде әртіс болмаса да, домбырада шебер ойнайтын қызды тапқанымызға қуандық. Ақниет Ералиеваға эмоциясын көрсете алмаған тұста ескерту жасап, жылатып қойғаным бар. Алайда, сол әңгімеден кейін ол өзінің образын ерекше ашты. Мұндай қызығы мен шыжығы мол сәттер болып тұрады.

804


Одан кейін Құрманғазының рөлін Құрманғазы атындағы консерваторияның деканы Ержан Жәмеңкеев сомдады. Алғашқыда портреттік ұқсастығы, әрі домбырада ойнау шеберлігі жағынан консерватория ректоры Арман Жүдебаевқа өтініш білдірген едік. Алайда, ол кісі жұмыс кестесінің сәйкес келмеуіне байланысты деканын ұсынды. Ержанның да жүзінде ұқсастық бар екен. Әдебиетттердегі фотоларын көріп, барынша үйлесім болса дедік. Құрманғазының 40-45 жастағы Динаға бата берген сәті мен түрмеге кетер алдында «абақтыда жаман қолға түспесін» деп аманаттап домбырасын тапсырған сәтін сахналадық. Ректорға рөл ұсынған кезде сценариймен танысып, ерекше пікір білдірді. Ол жерде бала Дина әкесінен «Күйді қалай шығарады?» деп сұрақ қояды. Қарапайым сұрақ болғанымен, оған ұғынықты етіп жауап берудің өзі үлкен жетістік. Әкесі сонда «адамның көңілінде күйсандық болады. Сол күйсандықтың ішінде түрлі әуезді әуен болады. Сол әуенді домбыраның пернесіне ретімен қондыра білу қажет» деп жауап береді. «Бұл бүгінгі консерваториядағы әрбір күйші, музыканттар тыңдап отырып, сабақ алатын дүние екен» деп пікір білдірді. Сценарийді драматург Сая Қасымбек әпкеміз жазып шықты. Ал, мен режиссер ретінде қажетті тұсына өзгеріс енгізіп отырдым.

«Қаржы қолбайлау болды»

— Қазақта «сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жатады ғой. Режиссер ретінде осы тарихи сериалдарға қатысты «әттеген-ай» деген тұстарыңыз болды ма және сын-пікірді қалай қабылдайсыз?
— Иә, «әттеген-ай» дейтін тұстар баршылық. «Динаны» түсіріп жатқанда қаржы таусылып, бәйгені түсіре алмай қалдық. Қарақасқаның бәйгеден озғанын, тұяғымен жер тарпыған сәтін ерекше етіп түсіруді ойластырған едік. Әуелде, бәйгенің аттарын жайылымға босатып қойған, маусымы сәйкес келмеді. Екіншіден, бәйге мен көкпардың аттарында айырмашылық болады. Ал, Оңтүстікте басым көпшілігі көкпардың аттары еді. Оның үстіне көкпаршылар баптап отырған тұлпарын бәйгеге салуға көнбеді. Бәйгенің аттары Алматы, Семей өңірінде көп екен. Оны реттесек те, бәйгеге келген көпшіліктің костюміне қаржы жеткізе алмайтын болдық. Осылайша қаржы тапшылығы қолбайлау болып, ол сахна фильмде қара сөзбен айтылып кетті.
Динаның туған ауылы жыңғылды, құмды жер болған. Біз сол аумақты көрсету үшін локацияға Отырар ауданын таңдадық. Ал, Динаның әкесі – қойшы әрі балуан. Дина үйдің тұңғышы болған соң, әкесі ер бала сияқты тәрбиелеп, күрестіріп өсірген. Бойжетіп қалған шағында барып, анасының тәрбиесіне берген. Барлық қиындықтарды көре отырып, соғыстан қайтпай қалған ұлдарының қайғысын көтеріп, ұзақ жасап, қолынан домбырасын тастамаудың өзі қандай күш-қайратты қажет ететінін топшылай беріңіз. Біз қартайған шағында түсірілген мұрағаттағы видеоларды ғана көрдік. Сол бейнетаспалардың өзінде күш-қуаты ерекше көрінген.
«Біткен іске сыншы көп» деген сөз бар. Әрине, қанша көрермен болса, сонша көзқарас, сонша пікір болатыны анық. Ұнады, ұнамады деген жалпылама пікірден бөлек, басты рөлдегі әртісті ұнатпағаны үшін фильмді қабылдай алмайтындар да кездеседі. Алайда, әділ, шығармашылыққа айтары бар, келесіде осы дүниені ескеру қажет екен дейтіндей сын болса, неге қабылдамасқа?! Алайда, көптеген сын сол қаржыға қатысты жағдайларға байланысты. «Танымал әртістер неге ойнамады?» деген сынды естиміз. Танымал, мықты әртістің еңбекақысы да жоғары. Тіптен, телеарнаның телесериалға бөлген қаражаты жетпей қалатын кездер бар. Сондықтан жұмыс бар жерде сын айтылуы орынды. Тек «Сын-шын болса» дейміз.
Маған «Батырхан, сенің фишкаң балалар фильмі ғой. Неге соны ұстанып отыра бермейсің? Сол саланы дамыта бермейсің бе?» деген жандар да болды. Мен сол бағытты ұстанып кете берер едім. Әттеген-айы сол, балалар фильмі мен анимацияға қаржы бөлініп жатқан жоқ. Қаржы жоқ болса да, тәуекелге бел буып, барымызды салып көрдік. Қазіргі тарихи фильмдерге көңіл бөлінген сияқты балалар фильмі мен мультфильмдерге қаржы бөлінсе, мен ол салада да жұмыс істеп, барымды салар едім. Біз қазір бар күш-жігерімізді қай салада нан бар, соған салып жатырмыз.
Бізде фильм түсіруде қаржыдан бөлек қиындық туғызатын фактор — локация мәселесі. «Төле би», «Әл-Фараби» фильмдерін түсіргенде содан қиналдық. Декорациядағы жігіттердің біріне құдық жасатып, біріне көпір салдырып, сол кезеңді жақындатуға тырыстық. Суретшілігімнің пайдасы режиссер ретінде елестете білуден гөрі, декорация, локацияға да көп пайдасын тигізіп келеді. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанындағы базардың орнын «Дина» фильмін түсіргенде ұтымды пайдаландық. Ондай локациялар көп болса, тарихи фильм түсіру үшін қор да молая түседі.
Өкініштісі, «Қазақфильмнің» локацияларын пайдалана алмаймыз. Себебі, Төле биді түсіру барысында Қапшағайдағы «Қазақ хандығын» түсіргенде тұрғызған қалашыққа бардық. Міне, мен сол жердің архитектурасына риза болдым. Архитектуралық тұрғыдан ғана емес, композициялық тұрғыдан да өте сәтті шыққан. Сұрастырсам, сызба неміс архитекторының жобасы екен. Өкініштісі, қазіргі уақытта ол бөтен біреулердің меншігіне өтіп кетіпті. Салдарынан жалдау құнының өзі қымбат.
Сол секілді көне қаланың жобасын 3D форматта жасап, Ерлан Айтаханов Отырар ауданының әкімі кезінде ұсынған едік. Ол қолдап, қаржы көзін қарастырып жатқанда, қызметтен кетіп қалды. Өткен жылы Шымкент қаласының әкіміне де ұсыныс айтылды. Кездесуде қажет екенін айтып, қолдағанымен, әзірге іс жүзінде «жақсы жоба екен» дегеннен ары аспай тұр. Мысал ретінде Бұхараны алайық. Әлі күнге дейін тарихи фильмдерден бөлек, «Алладин» сияқты ертегілерді түсіруге сонда барады. Түркияның да мәрмәр тастан соғылған сарайлары толығымен сақталған. Ал, бізде ондай сақталған көне қала жоқ. Барының не қақпасы, не кесенесі ғана қалған, археологиялық қазба орны ретінде қорғауда. Тарихи орындары көп Оңтүстік өңірден сондай бір локация тұрғызылса деген тілек бар. Мен мұның барлығын не үшін айтып отырмын? Себебі, кино фильмдердегі сынның көбі осы локацияның төңірегінде айтылады. Толық шаһардың келбетін көрсететін сахналар жоқтың қасы, яғни қаланың сыртқы көрінісі аз түсіріледі. Ал, оның барлығын жасап, керемет туынды жасауға қаржы қолбайлау болады. Сонымен кішігірім, уақытша тұрғызылған макеттермен түсіруге тура келеді.
Одан кейінгі сын көркем фильмдердің тіліне айтылады. Неге қарапайым сөйлетпейсіңдер деген сынды жиі естиміз. Оған айтарым: көркем фильм, аты айтып тұрғандай, көркем туынды. Көркем әдебиеттегідей туындының көркемдігі сақталуы тиіс. Екіншіден, қазіргі тіліміз жұтаң, қарабайыр шығар. Бірақ біздің ата-бабаларымыз от ауыз, орақ тілді болған. Біз кейінгі буынның ығына жығылып, тарихи тұлғаларымыз бен батырларымызды да қарапайым сөздермен сөйлетуіміз керек пе?! «Сары ала тон жырылған жоқ, Алдияр! Желкілдеп барып, желкілдеп қайтты» дейді Қыз Жібекте. Ал оны қазіргілерге ұнайтын тілмен «бардық, жеңіп қайттық» деп айтсақ, оның несі көркем фильм?!
Неге ғұлама Әл-Фарабиді, төрелігін айтқан Төле биді көркем сөйлетпеске?! Ертең Қожа Ахмет Яссауи туралы фильм түссе, оның тілі де өз дәуіріне сай, көркем жазылуы тиіс. Біз көркем фильмдер арқылы тілімізді дәріптеп, қорымызды байыта беруіміз керек. Жеңіл әңгіме, жеңіл күлкі үшін әлеуметтік желідегі анайы сөздерге толы сериалдар жетіп, артылады. Дәл осы арзан, бірақ аудиториясы көп фильмдердің салдарынан «мақыл», «нестеватсн» деп сөйлейтін буын өсіп келе жатыр. Ел билеген бабаларымыз «Уа, халқым!» деп сөз бастаса, ол кезде дауыс зорайтқыш құрылғылар болмаған. Әскерді, халықты «Уа, халқым» деп өзіне қаратып алмаса, сөзін кім тыңдайды? Сондықтан біз әрбір сөзімізді, әрекетімізді таразылаймыз.
Фильмнің сапасы туралы тағы бір мысал, Отырарды қорғау жайлы «Троя» сияқты фильм түсіруге болады. Біздің оған қиялымыз жетеді. Бірақ, ол да қаржыға тікелей қатысты. Мысалы, Голливудтың фильмдері мықты мамандардың арқасында күшті шығады. Ал біздікі қолда бармен орта сапада түсіріледі. Кинода гримердің өзі үлкен рөл атқарады. Театр гримерлерінің мүмкіндігі киноға жарамайды. Айырмашылығы үлкен. Өзге қаладан тапқан кәсіби гример көп ақы сұрайды. Жалпы, түсірілім алаңында режиссер жайғасып алып, экраннан қарап отырады. Мәселен, «Қазақ хандығы» фильмін түсіру барысында 500-ден аса адам жүр делік. Оның оншақтысы гример, оншақтысы декоратор, костюмер, жарық түсіруші, тағысын тағы. Олар өзіне тиесілі тірлікті атқарып, жоспарға сәйкес әрекетін жасай береді. Себебі, бюджеті оны көтереді. Мәселен, «Төле бидің» 30 минуттық 1 сериясына 15 млн теңге қаралса, «Қазақ хандығының» дәл сондай сериясына 150 млн теңге қаралған. Оның ішіне «Қазақфильмнің» бар ресурсын пайдалануға берілген рұқсатты қосыңыз. Ал, біздің костюмді 1 күнге жалға алған қаржымыздың өзі миллионның үстіне шығып кетіп жатты. Бізді осындай үлкен экранға арналған фильм мен телесериалдың сапасын салыстыратындардың ойы қынжылтады. Сапа қаржылық мүмкіндікке тікелей байланысты. Себебі, бюджетің жетіп тұрса, мықты оператор, танымал, тіс қаққан актерді, шебер гримерді шақырасыз. Ал, біздегі сериалдардың бюджеті қолымыз жеткенді алуға ғана мүмкіндік береді.

«Сұхбатқа шақырса да, барғым келмейді»

— Шамамен оншақты жыл бұрын журналист Бақтияр Тайжан ағамызға Қажымұқан жайлы фильм түсіруге дайынмын деген екенсіз. Бұл ойыңызды жүзеге асыруға не кедергі?
— «Қазір болмаса қашан?» деген сұрақ қоямын өзіме. Кейінгі кезде телеарналарға сұхбатқа шақырса да, барғым келмейді. Сұрақтан қорыққаннан емес, қолымыздан келетін істі, келешекке жоспарымызды айтып, бірақ қаржы мен қолдаудың жоқтығынан қалып кететін жобалар үшін қынжыламын. Алғашқыда ойымды, жоспарымды жоғарыдағы ағаларға жетер деп ашық айта беретін едім. Бүгінде айтқым келгенін әлеуметтік желі арқылы жеткізетін болдым. Кино, анимациялық туынды, қай-қайсысын да күш-қуатым бар, қиялым ұшқыр кезде жасағым келеді. Мүмкін біздің қолымыз жетпеген, істей алмаған дүниелерге 5-10 жылдан кейін қаржы қаралып жатар. Мен ол кезде Қасқасуда тал егіп, бағбандықпен айналысып жүруім мүмкін. Сол үшін бойымызда бар күш-қуатты, энергияны уақытында тиімді пайдалансақ деймін. Дәл қазір балабақша мен мектептегі баланың тәрбиесін қалыптастыруға қажетті анимация мен балалар фильміне көңіл бөлдіре алмай отырмыз. Ертең өзге елдің, өзге идеологияның өнімін көріп, содан сабақ алған баланы тәрбиелей алмаймыз. Бәрінен кеш қаламыз. Үлкен кісілердің алдына кіріп, мульфильм түсіретініңді айтсаң, мырс етіп, миығынан күле қарайды. Оның идеологияның бір бөлшегі екенін елемейді. Ал, шетелде, әсіресе батыс елдері анимацияға қатты көңіл бөліп отыр. Тіптен, олар мультфильмге бір жыныстылардың түрлі әрекеттерін де енгізіп жатыр. Мұның ешбірін өзінікі болмаған соң, өзгенікін көріп өскен бала жат қылық деп қарамайтын күйге жетеді. Бала губка сияқты, бар көргенін бойына сіңіреді. Бүгінде ешбір сұрыптаусыз соның барлығын көруге рұқсат беріп отырмыз.
Мен ең алғаш Қажымұқан туралы фильмді көргенде қатты қынжылғанмын. Иә, басты рөлдегі кісінің сұлбасы, жүзі келетін шығар. Бірақ ол тарихта Поддубныйдан жеңілмеген. Естуімше, алғашқыда фильм «Қажымұқан» деген атаумен шығарылатын болған. Алайда, қазақтың қолында билік жоқ кезеңде Мәскеудің шешімімен сценарий өзгертілген. Қажымұқан өзі туралы фильмде қосалқы рөлге ысырылып қалған. Ол фильмде Саракикимен жекпе-жегі де дұрыс түсірілмеген. Ол өте тартысты өткен. Ашуға булыққаннан үстіңгі ернінен тартып, бет терісін желкесіне дейін сыпырған деседі. «Сыпырдым Саракикидің бас терісін» деп жырлаған өлеңі болған Қажекеңнің. Дәл ол жері көрсетілмесе де, сол жекпе-жек арқылы Қажымұқанның рухы мықты, намысты, өжет болғанын, соғыста бір өзінің қаржысына Кеңес одағына ұшақ жасатқанын, бәрін-бәрін көрсетіп, ертеңгі буын біздің бабамыз деп ерлігін мақтан ететіндей көркем фильм түсіргім келген. Өзі соғысқа қатыса алмаса да, соған барын қосқан. Иван Поддубныйдан жеңілмеген, керісінше, ол Қажымұқанды досы ретінде әрдайым құрметтеп, өзінен биік қойған. Міне, осындай ерлігін, өнегеге толы өмірін тарихи деректерге сүйене отырып түсірсек, сол нағыз патриоттық фильм болар еді.
— Қаржыны демеушілер есебінен тауып түсіруге мүмкіндік бар ма?
— Жо-жоқ, олай мүлдем болмайды. Қажымұқанның жүрген жерін толық түсіруіміз керек. Париж, әлемдік цирк аренасы, халықаралық жекпе-жектер өткен алаңдар, бәрі-бәрі шынай болуы тиіс. Ал, оған мелекеттік қолдау керек, демеушілердің бергенімен болмайды.
— «Сақ» студиясы түсірген анимациялық фильмдерді балалар ерекше қабылдап жатады. Ол әрине тілі мен оқиғасының баланың жасына, психологиясына сай үйлестірілуінен болар. Мұндағы негізгі еңбек – өзіңіздікі. Балалар фильміне сценарий жазуда неге сүйенесіз? Әлде арнайы бала психологиясына қатысты білім алдыңыз ба?
— Бердібек Соқпақбаев «Менің атым Қожаны» жазарда психологпен кеңеспеген шығар (күліп-ред). Дәл солай балалардың психологиясын зерттегенім жоқ. Мен сценарий ұсынып, режиссерлік жасарда, ең әуелі, «бала қалай ойлайды, қалай қабылдайды?» деп ойланамын. Баламен бала боламын. Кешегі біз көріп өскен «Жыл он екі ай» деген мультфильмді бүгінгі балалар шыдамы жетіп көре алмайды. Олардың қиялы ұшқыр, қозғалыс, динамиканы қажет етеді. Ал, біз сол дүниелерді ұлттық тәрбие, салтымыздан алшақтатпай, элементтерін орынды қоса білуіміз қажет. Фильм түсіру барысында да ойыма тура келмей қалса, сценарийді өзгертіп, қайта жазып, қайта түсіретін кездерім болады. Сатыбалды ағам дәл осы қасиетіме «Өте дұрыс!» деп бағасын берген еді.
«Қазақ елі» толықметражді анимациялық фильмі Египетте өткен халықаралық фестивальде 90 мемлекеттің ішінен 3 бірдей сыйлықты жеңіп алды. Бізде болса, бірін беріп, екіншісін келесі біреуге тапсырайық дейтін бе еді, кім білсін?! Ол мультфильмнің байқауға қатысып жатқанын да білген жоқпыз. «Қазақфильм» ұсынған екен. Біз фестивальге бармадық. Сөйтіп, бізден өкіл қатыспаған соң, жүлдені сондағы елшілікке табыстапты. Біз жүлде елге жеткен соң ғана естіп-білдік. Үш жүлденің бастысы гран-при болса, екіншісі «Үздік режиссерлік шешім», үшіншісі «Үздік әуен» номинациясы. «Қазақ елі» мультфильмін музыкамен көркемдеген Руслан Шынықұлов есімді жігіт сериалдарға саунд-трек, фильмдерге арналған музыка жазып жүр. Біршама тәжірибе жинақтаған жігіт. Сенесіз бе, осы әлемдік жүлде — Русланның алғашқы марапаты?! Алғашқыда елімізде емес, әлемдік деңгейде мойындалғанына өзі де таңғалып жүрді.
Бірде Алматыдағы кездесуде қызық оқиға орын алды. Кездесу барысында қитұрқы, ұйымдастырылған сұрақтар қойыла бастады. Мен соншалықты танымал емеспін. «Қошқар мен теке», балалар фильмі арқылы еліміздің әр жерінде ғана танылған шығармын. Бірақ, Мәскеуде ВГИК-ті бітіргенмін деп мақтанып, дипломын көрсеткендердің жанында түсірген фильмдер мен мультфильмдеріміз сұранысқа ие, ел аузында жүр. Біз үшін осының өзі жетістік.

«Біздің шығармашылық потенциалымызды пайдалансын»

— «Сақтың» келешегі жайлы ойыңыз...
— Бір уәжім бар. «Сақ» киностудиясының бүгінгі потенциалы Жаңа Қазақстанға шығармашылық тұрғыдан өзгеріс әкелуге, дамытуға жетеді. Дегенмен, бізге «ауылдағының аузы сасық» дейді ме, қолдау көрсетілмейді. Отырған жеріміз мынау, жалдамалы ғимарат. Мәселен, «Оңтүстік фильм» мекемесінің ғимараты Түркістан облысына көшіп кеткелі қаңырап тұр. Осы ғимаратты бізге пайдалануға берсе, біз өз күшімізбен жөндеп алар едік. Биліктің шапағатын көрген соң, біз де қаланың бір ісіне жарап, өз көмегімізді көрсетіп, кезіндегі «Сапа олимпиадасы» сияқты имидждік анимациясын немесе деректі бейнеролигін түсіруге атсалысар едік. Дәл осындай қолдау болып, бірлесіп тірлік істесек, ертең сырттан біреу келсе де «Шымкенттің өз киностудиясы бар» деп «Сақты»көрсете алар еді ғой. «Уолт Дисней» болмасақ та, сол сияқты қалыптастырсақ, қаланың оған әлеуеті жетеді. Қажет десе, жартылай мемлекеттік мекеме ретінде де жұмысты үйлестіруге мүмкіндік бар. Алайда, бұл нұсқаны да құп көрмейді. Ерлан Айтаханов қала әкімі кезінде Шымкент жайлы 3 мультфильм түсірдік. Елдер Жапонияға сакура гүлдегенде барады ғой, анимация, фильмнің күшімен тура солай «Шымкент — қызғалдақтың отаны» деп, маусымында туристерді көбейтетін жағдай жасауға болар еді. Қала осы айтылған қолдауды көрсетіп, біздің шығармашылық потенциалымызды, күш-қуатымызды пайдалансын. Одан ешкім жапа шекпейді, керісінше, жаңа Қазақстанды дамытуға күш саламыз, анимация мен киноны дамытамыз, пайдамыз тиеді. Саясатқа араласқым келмейді, бірақ жүйе өзгермесе, оған жасалған қадам өзгермесе, жоғарыдағылардың анимация мен киноға деген көзқарасы өзгермесе, Жаңа Қазақстанға жету үшін әлі де ұзақ жүруге тура келеді.
— Әңгімеңізге рақмет!