Еңбек шарты қолыңызда болсын Избранное

Среда, 03 Июль 2024 04:53 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3741 раз

Жұмыс беруші тарапынан жұмыскерлердің еңбек құқықтары бұзылса, жалақы уақтылы төленбесе, қауіпсіздік еңбек шарттарымен қамтамасыз етілмесе, жұмыстан заңсыз шығару және басқа да мәселелер бойынша азаматтар еңбек не істеуі керек? Еңбек құқығы заңнамасында қандай өзгерістер бар? Шымкент қаласында еңбек инспекциясының жұмысы қалай жүруде? Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инпекциясының басшысы Бауыржан Ахметалиұлымен осы мәселелер төңірегінде сұхбаттастық.

5 Еңбек инспекциясы

 

– Жасыратыны жоқ, жұмыскерлердің көбі еңбек құқықтары бұзылса, жұмыстан кету туралы өтінішін жазып, үнсіз кете салады. Еңбек инспекциясына шағымдану тұрмақ, көбі мұндай мекеменің барын да білмейді. Сондықтан оқырмандарымызға осы нспекцияның жұмысы туралы толық түсіндіріп беріңізші.
– Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы Шымкент қаласының әкімшілік аумағында Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Осы мақсатта жұмыскерлердің, жұмыс берушілердің және олардың өкілдерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау жөніндегі өтініштерін қарайды. Негізінен жалақының толық әрі уақтылы төленбеуі, жұмыскерлерді жұмыстан заңсыз босату, қате тәртіптік жаза қолдану, еңбек шартын түзбей жұмысқа тарту, жұмыс уақыты нормаларының бұзылуы, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу сияқты мәселелер бойынша арыз-шағымдар түседі.
Биыл азаматтардың 861 өтініші қаралды. Нәтижесінде 224 тексеру жүргізіліп, 620 бұзушылық анықталды (оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 388, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 204, жұмыспен қамту бойынша – 28). Анықталған бұзушылықтардың 571-і жойылып, заңға сәйкестендірілді. Заңбұзушылықтар бойынша 139 нұсқама беріліп, 5,1 млн. теңгеге 136 айыппұл салынды, оның ішінде 3,3 млн. теңге көлеміндегі 130 айыппұл өндірілді.

– Еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер туралы айтып өтсеңіз?
– 2023 жылғы 20 сәуірде ҚР «Әлеуметтік Кодексі» қабылданғаны белгілі. Кодекс әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру саласында қатынастарды біркелкі жүргізу мақсатында әзірленді. Әлеуметтік Кодекстің қабылдануы еңбек заңнамасы реттейтін қатынастардың бірқатар нормаларының өзгеруін көздейді. Сондықтан 2023 жылғы өзгерістер негізінен еңбек заңнамасын әлеуметтік заңнамамен сәйкестендіруге бағытталды. Өзгерістердің ішінде жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін еңбекке жарамсыздық парағы уақытында төленетін жәрдемақының шекті мөлшерін 15 АЕК-тен 25 АЕК-ке өсіру қамтылды.
2024 жылы енгізілген өзгерістер еңбек қатынастары саласында басқару деңгейлеріндегі бірқатар функцияларды қайта бөлуді қамтыды.

– Жұмыс барысында зардап шегушілердің мәселесі бұрыннан бар. Бұл жағдайлар орын алғанда қандай шешім шығарылады?
– Иә, өкінішке қарай, бұл – кез келген өндірісте кездесетін жағдай. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын дүние жүзінде 270 млн. еңбеккер өндірісте зардап шегеді, оның 2,3 миллионы жұмыс орындарында немесе кәсіби аурулардың салдарынан қаза болады.
Негізі жұмыс барысында жұмыскерлердің жазатайым оқиғалар салдарынан жарақат алуына жұмыс беруші тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша жұмыстардың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы себеп болады. Яғни, жұмыскерлердің уақтылы еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқамалардан білімдерін тексеруден өткізілмеуі, арнайы киімдермен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмеуі, болуы мүмкін тәуекелдердің алдын алу жұмыстарының сапалы жүргізілмеуі және т.б.

– Зауыттарда жұмыс істейтін кейбір азаматтар мүгедектік алып қалады. Бірақ сол жәрдемақысын өндіре алмай жүргендер көп. Бұл мәселе бойынша қандай шешімдер қаралған?
– Егер де жұмыскер жұмыс барысында жарақат алып, алған жарақаты еңбек қызметіне байланысты болып, осының салдарынан мүгедектікке шыққан болса, онда оған мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек денсаулығына келтірілген зиян үшін өтемақы төлемдері төленеді. Бұл өтемақыны жұмыс беруші мен сақтандыру ұйымы арасында келісімшарты болған жағдайда – сақтандыру ұйымы, сақтандыру ұйымымен келісімшарты болмаған жағдайда жұмыс беруші өзі төлейді. Бүгінгі күнге дейін еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиға салдарынан жарақат алып, мүгедектік белгіленіп, өтемақы төленбей жатқаны жөнінде басқармаға ешкім жүгінген жоқ. Мұндай жағдайларда жұмыскерлерге тиесілі өтемақы төленуін өз құзіреті шегінде мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асырады.

– 2024 жылдың 6 айында жазатайым оқиғалар тіркелді ме?
– Жергілікті атқарушы органның, жұмыс берушілердің, кәсіподақтардың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша жұмыскерлердің жарақат алу жағдайлары төмендеп келеді. Мысалы, 2023 жылы 32 жазатайым оқиға салдарынан 47 адам зардап шекті, 2023 жылы 19 жазатайым оқиға салдарынан 22 адам зардап шекті, ал 2024 жылдың 5 айында 2 жазатайым оқиға салдарынан 6 адам зардап шекті. Бұл мәселе басқарманың тұрақты бақылауында.

– Жұмыс беруші тарапынан жұмыскерлерге еңбекақы, жәрдемақы төлеуде түйткілді мәселелер көп. Қалай шешіледі? Сондай-ақ, зиянды еңбек жағдайларында еңбек етуші жұмыскерлерге арнайы әлеуметтік төлемдер төлеудің ерекшеліктері қандай?
– Жұмыскерлерге жалақы төлемеу, заңсыз жұмыстан шығару, тағы басқа еңбек заңнамасы талаптарының сақталмауы заңбұзушылықтары жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары, құқық қорғау органдарының ұсынымдары БАҚ-тарда жарияланған материалдар негізінде жоспардан тыс тексеру тағайындалып, нәтижелерімен жалақы берешегі секілді заңбұзушылықтар анықталады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан әкімшілік жауапкершілік қарала отырып, заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқаулықтар беріліп, бақылауға алынады.
Жалпы, азаматтарға кеңес ретінде айтарымыз, жұмысқа тұрғанда міндетті түрде бұл қатынастарды еңбек шартымен рәсімдеу қажет. Бұл – сол жұмыскердің алдағы уақыттарда әлеуметтік қорғалуының негізгі кепілі.
Өздеріңізге белгілі, былтыр желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қауіпсіз еңбектің 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасы қабылданды. Оның компоненттерінің бірі тәуекелдерді басқару жүйесін ендіру болып табылады. Тәуекелдерді басқару жүйесі іске қосылған және тәуекелдер деңгейінің қаржылық, әлеуметтік, еңбек қатынастары мен қауіпсіздік модельдерінен тұрады.
Шымкент қаласы аумағында орналасқан кәсіпорындарда еңбек даулары туындауға себеп болуы мүмкін жағдайларға, әлеуметтік аударымдардың уақтылы және толық төленуін бақылау және өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсарту шиеленістерінің алдын алуға бағытталған шаралар, құзырлы органдар, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп жүргізілуде.
Қала аумағында кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек жанжалдарының туындау тәуекелдерін мониторингілеу мәселелері жөніндегі жұмысшы тобы құрылған. Сондай-ақ, еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін қақтығыс әлеуеті жоғары кәсіпорын басшыларымен, наразылық топтарының жетекшілігімен конструктивті диалог және еңбек ұжымдарында профилактикалық жұмыс үшін дайындалған келіссөз жүргізетін жария спикерлер анықталған.
2024 жылдың басынан әлеуметтік шиеленісті болдырмау және оның алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 21 кәсіпорындағы 428 жұмыскердің 101,7 млн. теңге көлеміндегі жалақы қарыздары өтелді.
Сонымен қатар, өңірімізде 52 кәсіпорында 21 695 жұмыскерінің айлық табысы 7-85% аралығында көтерілген.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы кәсіпорындарда жалақы қарызы жоқ, қаладағы кәсіпорындарда ахуалдық жағдайлар тұрақты.
Жоғарыда көрсетілген Тұжырымдаманың тағы бір компоненті еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізілді.
Аталған төлемдерге жұмыскерлер 55 жасқа толған және олар үшін кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған кезде құқылы. Төлемнің негізгі шарты: еңбек жағдайлары зиянды жұмысты тоқтату болып табылады.
Арнаулы әлеуметтік төлем 4 қаржы көзінен жүргізіледі. Атап айтқанда:
– 2 ең төмен күнкөріс деңгейінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
– зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша;
– 1 ең төмен күнкөріс деңгейінде сақтандыру төлемі;
– жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейінде кәсіптік төлем;
– жинақтарды ескере отырып, ЖЗҚ-дан зейнетақы төлемі.
Жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін бұл төлемді алады.
2024 жылы МКЗЖ аударатын кәсіпорындар саны – 160, еңбек өтілін цифрландыру процесін бастаған кәсіпорындар саны – 103, орындалуы – 64,4%.

– Кәмелетке толмаған жасөспірімдер тойханаларда, түнгі кафелерде жұмыс істейді. Жұмыс берушілер олармен еңбек келісімшартын жасаспайды, бәрі ауызша жүреді. Бұл қаншалықты заңды, еңбек инспекциясы қандай шаралар жасап жатыр?
– Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды жұмысқа тарту мәселесіне мониторинг жүргізу бағытында Шымкент қаласының полиция департаментімен жүргізілетін «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік іс-шараларын атқаруға байланысты басқарманың екі мемлекеттік еңбек инспекторлары бекітілген, сонымен қатар «iKomek 109» бірыңғай ақпарат орталығымен түзілген өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың еңбектегі құқықтарын қорғау бағытында тиісті жұмыстар бақылауға алынған.
ҚР Еңбек Кодексінің 31-бабында еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері айқындалған.
Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
Орта білім беру ұйымында негізгі орта білім алған жағдайларда – 15, оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін 14 жасқа толған оқушылармен еңбек шарты жасалуы мүмкін екендігі айқындалған. Мұндай жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюға тиіс.
Кодекстің 76-бабында түнгі уақыттағы жұмысқа 18 жасқа толмаған жұмыскер жіберілмейтіндігі қарастырылған.
Алайда, бүгінгі таңда жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) тарапынан жасөспірімдерді еңбек шартынсыз көлік жуу орындарына, дәмхана, мейрамханаларға түнгі уақыттағы жұмысқа тарту мәселесі көрініс табуда.
Басқармада мемлекеттік еңбек инспекторларының мұндай орындарға тікелей барып, кәмелетке толмаған азаматтардың жұмыс істеу заңдылығына қатысты дер кезінде тиісті жұмыс жүргізулеріне мүмкіндіктері жоқ. Себебі, бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізу ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сәйкес ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне тексеру актісін тіркеу арқылы жүзеге асырылады және рейдтік жұмыстарды жүргізу тетіктері заңнамалармен реттелмеген.
Қолданыстағы ҚР Еңбек және Кәсіпкерлік Кодекстеріне өзгерістер енгізіп, кешкі, түнгі уақыттарға құзырлы органдар мен құқық қорғау органдарына бірлескен (рейдтік) тексерулер жүргізуге мүмкіндік беру қажеттілігі туындап отыр.

– Мұғалімдер жазғы демалыста мектеп ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл қаншалықты заңды?
– Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 28-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында еңбек шартында жұмыскердің белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы) қамтылуы тиіс және осы Кодекстің 23-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге еңбек шартында келісілген жұмысты ұсынуға міндетті. Яғни, жұмыс беруші жұмыскерге өзінің еңбек шартында, лауазымдық міндеттерінде көрсетілмеген жұмыстарға тартуға құқығы жоқ.
Ал, Кодекстің 111-бабының талаптарына сәйкес, сол бір ұйымда, еңбек шартында көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмыс орындайтын не уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындайтын жұмыскерлерге қосымша ақы төлеу жүргізіледі.
Жұмыскерлерге тапсырылатын қосымша жұмыстары үшін берілетін қосымша ақының мөлшерін жұмыс беруші орындалатын жұмыс көлемін негізге ала отырып, жұмыскермен келісім бойынша белгілейді.
Басқарма тарапынан мекеме жұмыскерлеріне құқықтарын түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

– Еңбек инспекциясы әлеуметтік парақшаларда жұмысшылармен қаншалықты кері байланыс жүргізеді?
– Биыл басқарма тарапынан 4 брифинг, 55 әлеуметтік желідегі ресми парақшаға арнайы материалдар орналастырылып, 2000-нан аса ақпараттық буклеттер таратылды. Сондай-ақ, еңбек заңнамасын кеңінен насихаттау және ірі, орта кәсіпорындарының ұжымдағы ахуалдарын мониторингтеу мақсатында 58 кәсіпорында семинар-кеңестер ұйымдастырылды.
Біріңғай ақпарат орталығынан (i-komek) түскен 58 хабарлама бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, кері байланыс орнатылды.
Сонымен қатар, басқарманың әлеуметтік желілердегі «enbekshym» (facebook ), «enbek_inspekciyasy» (Instagram) жеке парақшалары және 27-38-42, 8-771-622-17-18 «Сенім телефоны» тұрақты жұмыс істейді, келіп түскен сұрақтар бойынша, заңға негізделген тиісті кеңестер мен түсіндірмелер беріліп, жүйелі түрде құқықтық түсіндірмелері жарияланып отырады.

Сұхбаттасқан:
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.