Версия для печати

Созақбай ӘБДIҚҰЛОВ: Халықтың ұсынысы – жердi ұзақ жылға пайдалану

Среда, 20 Июль 2016 06:50 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4780 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Жер кодексіне» енгізілген өзгерістерді жергілікті тұрғындарға түсіндіру, насихаттау шаралары облыстың барлық аудан, қалаларында қарқын алған. Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінен арнайы үш жұмыс тобы құрылды. Бүгінге дейін облыс бойынша барлығы 1661 кездесу өткізіліп, оған 192 мыңнан астам адам қамтылыпты. Өңірде жерді түгендеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Жер кодексіне байланысты халық тарапынан айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қандай? Бұл көпшілікті алаңдатып отырған мәселелер. Осы сауалдар төңірегінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұловты әңгімеге тартқан едік. Халықшыл, елшіл азаматтың жер саласында, ауылшаруашылығы, елдік мәселер жөнінде айтары аз емес.

1390366914


– Созақбай Исаұлы, таяуда ғана облыстық Қоғамдық кеңестің жиыны Сайрам, Сарыағаш ауданында, Түркістан қаласында өтті. ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары да облыс тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырды. Қоғамдық кеңестерде айтылған талап-ұсыныстардың негізгі бағыты қандай?

 

– Жалпы, Қоғамдық кеңестен күтеріміз мол. Себебі, маңызды пікірлер айтылады. Тұрғындар өздерінің ой-пікірлерін ашық білдіріп жатыр. Жылда жақсы өнім алып, әрбір шаршы метрін тиімді пайдаланып жатқан шаруалар 49 жылға жалға алған жерлерін ары қарай де игере берсек деген пікірде. Себебі олар жерді ары қарай да мақсатты пайдаланып, ұрпаққа қалдырмақ ниетте. Көпшілігінің ұсынысы осындай.
Мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде жайылымды жеке меншіктегі жерлерді мемлекетке қайтару да мәселенің бірегейі. Қазір малдың басы көбейді. Көбісі малды ауылда ұстап отыр. Жайылым аз. Сол елдімекен маңайындағы жерлер шаруа қожалықтарына, жеке меншіктерге беріліп кеткен. Соны қайтарып, жұртшылықтың малын жайдыруға әрекет етсе деген талап-тілектер бар. Кейбір аудандарда жолдар, кейбірінде суаттар жеке меншікке өтіп кеткен. Соның бәрін мемлекет меншігіне қайтарып, халықтың игілігіне пайдалансақ деген мәселе.
Одан кейін тұрғын үй салуға жер беру мәселесі өзекті болып тұр. 1 маусымдағы жағдай бойынша жеке меншікке тұрғын үй салуға 145 мың адам өтініш берген. Оның 60 пайызы – Түркістан мен Шымкент қаласында. Кейбіреулері «Бізге инфрақұрылымның керегі жоқ. Жерді бөліп берсе екен» деген уәжін айтады. Олай болмайды. Одан екінші әлеуметтік мәселе шығады. Су, жол, жарық орнатылмаған деп тұрғындар шағым айтады.
Тұрғын үй салуға кезекке тұрған азаматтар мынаны білуі керек. Мәселен, елдімекенге кірген ауылшаруашылығы жерлері болса, оны бірден тұрғын үй салуға бере алмаймыз. Жеке меншіктен алып, жеке меншікке беру заңсыз. Жерді алдымен мемлекет меншігіне алу керек. Мемлекет мұқтажы үшін алатын болсақ, заң аясында ол жерлерге баспана соғуға құқығымыз жоқ. Ол жерлерді кезекте тұрған азаматтарға беру үшін Жер кодексіне бірқатар түзетулер енгізу қажет. Сондықтан, біз ұлттық экономика министрлігіне, жер реформасы жөніндегі комиссияға ұсыныс жібердік.
Жер реформасына байланысты Қоғамдық кеңестің үш ауданда өңіраралық жиынын өткіздік. Барлық ой-пікірлер ашық айтылды. Жер қатынастары саласына қатысты туындаған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлер зерделеніп, ұсыныстар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне және республикалық жер комиссиясына жолданды.

– Жер комиссиясынан қандай үміт күтесіз?

– Республикалық комиссияның Ақмола, Алматы, Қызылорда облысында отырысы өтті. Олар әлі соңғы шешімге келген жоқ. Облыстан екі азамат – Қайнар Абасов пен Сайын Бақтыбаев комиссияға мүше. Олар да қазір өңірге келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жер кодексіне қатысты мәселені тереңінен түсінбегендер дау тудырды. Қарсылық білдірді. Шетелдіктерге бұрын да жер жалға берілген. Қазір енді заңға 25 жыл деп өзгертілді ғой. Жерді тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы – бірлескен ауылшаруашылығы кооперативтерін құру. Оның ішінде 55-60 пайызы Қазақстан азаматтарының иелігінде болуы тиіс. Шетелдіктер өзінің инвестициясын, технологиясын әкеліп жұмыс істеуге ниетті. Өндірістегідей. Уранда, мұнайда бірлескен кәсіпорын көп. Сондай жұмыстар ұйымдастырса, біз одан зардап шекпейміз. Жердің иесі – Қазақстан азаматы. Ол кезде біз сөзсіз ұтар едік.

– Шымкент қаласында үй салуы үшін жер телімін алуға тіркелген азаматтар көбейген. Жер азаматтарға қалай берілмек?

– Шымкент қаласына үш ауданнан 76 мың гектар қосылғаны белгілі. Қалаға қосылғаннан кейін оның бәрі елдімекен жері саналады. Қазіргі жағдайда Шымкентте 100 мыңнан аса адам тұрғын үй салуға кезекте тұр. Жуырда 15-20 күннің ішінде 32 600-дей адам кезекке өтініш берген. «10 соттықтан тегін жер таратылып жатыр екен» деп, байыбына бармастан осындай қадамға барған. Негізі оны біреулер әдейі ұйымдастырған секілді.
Қалада 27 мың гектардай жер резервте тұр. Оған болашақта көпқабатты үй салу жоспарда. Заңға өзгеріс енгізуге ұсыныс беріліп жатыр. Өзгеріс енсе, қалаға енген жерлерді мемлекеттік мұқтаждыққа сатып алып, тұрғын үйге жер беру мәселесі қаралады. Инфрақұрылымдар дайындалғаннан кейін, барлық кезекте тұрғандарды қамтымасақ та, жанұялардың басым бөлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.

– Ауылшаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалануда әліге дейін кемшіліктер кездеседі. Әсіресе ауылдық жерлерде бос пайдаланылмай жатқан жер көп. Одан бөлек, ала жаздай еңбек еткен диқандар түрлі себептермен өнім ала алмай жүр.

– Рас, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу әлі төмен болып тұр. Оны сақтау, қоймалар салу деген мәселе ғой. Сарыағашта бау-бақшамен айналысатын
«Сарыағаш» ЖШС-і бар. Төрағасы – Танабай Шынтасов деген азамат. Барып көрсеңіз, егістік алқабы жайқалып тұр. Сол жігіт «Биыл қырыққабат егіп, осыншама өнім өндіріп едім, соны сата алмадым» дейді. Көп болса 10-15 пайызын ғана сатыпты. Қалғанын шығара алмаған. Мықты шаруалардың өзі солай айтып жатыр.
Облыстың көлемінде осы мәселені жүйеге келтіру керек. Мысалы, шетелде ауылшаруашылығы дамыған. Қай өнімге қанша қажеттілік барын жылда зерттеп отырады. Бізде сол жұмыстар жүйеленбеген. Сақтау қоймасы аз, толық қамтымайды. Маркетинг қызметі ақсап тұр. Соның кесірінен шаруалар өнімнің біразын зая кетіреді. Әйтпесе, Үкімет жылдан жылға қаржы бөліп жатыр емес пе?!

– Жер саласында мамандар дайындау өзекті екені белгілі. Қазіргі жоғары оқу орындарында жер қатынастары саласы мамандары қалай оқытылуда?

– Бұрын Алматыда ауылшаруашылығы институтында оқытылатын. Одан бөлек, Ақмолада да мамандар дайындалды. Жер саласына қатысты мамандарды дайындаған осы екі оқу орны. Кейін көбейіп кетті. Қазір М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да да бар. Жалпы, бұл салаға талапкерлер көп келіп жатқан жоқ. Маман өте аз. Қазір жер саласындағы реформаларға байланысты осы салаға аз да болса ұмтылыс байқалады. Бұл салада көбінесе агрономдар, заңгерлер жұмыс істейді. Жер кадастры деген сияқты. Оған қызығушылардың қатары жылдан жылға сиреп бара жатқаны шындық.

– Бүгінде қаладағы жылыжайларда голландиялық, украиналық агроном мамандарды көп кездестіріп жүрміз. Өзіміздің агрономдардың тәжірибесін неге пайдаланбасқа?

– Кеңес одағы кезінде агрономдар өзіміздің мамандар еді. Әлі де бізде жақсы агрономдар, жақсы мамандар бар. Өзіміз де жұмысты агроном болып бастадық. 1975 жылы Ленгір ауданындағы «Победа» колхозында. Бізде мамандарды жақсы дайындайтын. Шаруашылықтарға барып, агротехникалық жұмыс барысымен таныстық. Техниканың артында жүріп өстік қой. Дәннің түп саны түгел ме, түгел емес пе, соны анықтаймыз. Шыққаннан кейін санап дегендей. Өзіміздің жылыжайларды да қазақ азаматтары егетін. Қазір Сарыағаштағы жылыжайлардың бәрінде жергілікті азаматтар. Ол жерден голландықтарды көрген жоқпын. Бізде өзіміздің агрономдар жетеді. Бірақ еккен өнімінің сапасы төмен болуы мүмкін. Жаңа технологияны білмейді көбісі. Өйткені, қазір институттарда сапалы білім өз дәрежесінде берілмейді. Бұрынғыдай егістіктің басында жүргендер аз. Жастар агроном болғысы келмейді. Олардың бар құштарлығы – заңгер, экономист, менеджер, маркетинг мамандығы.

– Біраз уақыт бойы жер саласында еңбек етіп келесіз. Осы салаға баулыған, ізіңізді жалғар шәкірт дайындай алдыңыз ба?

– Құдайға шүкір, шәкірттерім көп. Он жылдай әкім болып істедім. Көп мамандарды тәрбиеледім. Менің жанымда жүрген жігіттердің бәрі қазір басшылық қызметте. Біреуі әкім, біреуі орынбасар. Қазіргі Созақ ауданының әкімі де менің қолымда тәрбиеленген. Мемлекеттік қызметке араласқаныма қырық жылдан асты. Білім, ауылшаруашылығы, жер саласында да шәкірттерім бар. Осы мекемеде де біраз қызметкерді тәрбиелеп жатырмын. Сол себепті, шәкірттерімен мақтана алатындардың бірімін.

– Созақ ауданы өзіңіз әкім болған 2001-2010 жылдары жеке-дара көш бастап, мемлекеттен дотация алмайтын, облысқа мол қаржы құятын донор ауданға айналып еді. Ауданның қазіргі дамуы қалай?

– Ауданның дамуы көңілдегідей. Ең бастысы, өндіріс бар. Кез келген салада өндіріс дамыса, ауылшаруашылығын да, кәсіпкерлікті де қоса дамытуға мүмкіндік мол. Соны өндіріс басшыларымен түсіндіріп, басқара білу керек. Сонда шағын және орта кәсіпкерлік те дамиды. Сол кезде ауылдың азаматтарына да жұмыс табылады. Сәйкесінше, әлеуметтік мәселе де шешіліп, халықтың тұрмыс жағдайы да түзелер еді.

– Бокстан Созақтан шыққан әлем чемпионы Біржан Жақыповты үнемі қолдап-қуаттап жүретініңізді білеміз. Жақыпов жақында алауы тұтанатын Рио-де-Жанейро Олимпиадасына да қатысқалы отыр. Мұхит асып, жанкүйерлік етіп қайту жоспарыңызда бар ма?

– Біржанды кеше өзіміз әуежайда шығарып салдық. Қайрат Ерәлиев, Олжас Сәттібаев және Мырзағали Айтжанов төртеуі Астанаға ұшып кетті. Бата беріп, ақ жол тіледік. Бұл үшінші Олимпиадасы – ең соңғы мүмкіндігі.
Екі Олимпиадада қытайлыққа есе жіберді. Дүниежүзілік әуесқой бокс қауымдастығының президенті қытайлық азамат. Қытай боксшысын Лондонда жеңген. Бірақ жеңісті бұрып жіберді. Бұл жолы кемінде жартылай финалға шығуын Алладан тілейміз. Үздіктің қатарына шығып, бір медаль әкелсе екен.
Біржанның әкесі кішкентайынан бірге өскен досым. Қытайдағы Олимпиадаға бірге барып, жанкүйерлік етіп қайтып едім. Бұйыртса, Рио-де-Жанейроға
Жақыптың өзі барады. Өкінішке қарай, биылғы бәсекеге менің жолым түспей тұр. Жұмыс қауырт. Құдай қаласа, елдің азаматтарына үмітпен қараймыз. Бәрінен де үлкен жеңіс күтеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

 

 

Последнее изменение Среда, 20 Июль 2016 10:49
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.