Байділдә ЖЫЛҚЫШИЕВ: «Бақыт бағалағанның ғана басында тұрады»

Среда, 21 Декабрь 2016 06:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6511 раз

photoТаяуда ғана ҚР Парламенті Тәуелсіздік туралы Декларация қабылдады. Бұл – ел өміріндегі елеулі оқиға. Тәуелсіздікті ең қастерлі құндылық ретінде бағалай білуіміз керек. Бес институцоналды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» өңірлерді дамытуға зор серпін береді. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Байділдә Жылқышиев бұл стратегиялық жоспардың 25 жылдағы жетістіктерімізді одан әрі еселеуге бағытталғанын айтады. Бүгінде Елбасының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агробизнес-2020» бағдарламасының шеңберінде Ауыл шаруа­­шылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді қолға алған. Ауыл шаруа­­шылығын дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаның мән-маңызы қандай? Туған өлкесінің дамуына үлес қосқан азамат ретінде жуырда «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» іс-шарасына арнайы келген сәтіне орай Мәжіліс депутатымен осы бағдарлама жөнінде, Ұлт жоспарының орындалу барысы жайында аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Байділдә Жылқышыұлы, өңірімізге келген әр сапарыңызда не байқайсыз? Алдымен осы жөнінде айтсаңыз.

– Менің қызмет бабымен Астанаға ауысқаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда келген сайын атқарылып жатқан жұмыстарды көріп қуанамын. Әсіресе, Шымкент қаласының күн санап өзгеріп, көркейіп келе жатқаны көпке мәлім. Осындай оң өзгерістер облыстың барлық аудан, қалаларында байқалады.

– «100 нақты қадам Ұлт жоспарының» өңірімізде орындалу барысына қандай баға бересіз?

– Бұл стратегиялық жоспар қоғам өмірінің шешуші салаларын жаңғыртуға бағытталған. Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген. Президент жариялаған бағдарламаға екі жылға жетер-жетпес уақыт болғанымен, қыруар жұмыс атқарылды. Егер осы бес реформа толығымен орындалатын болса, Қазақстанның жаңа белеске көтерілетіні анық. Экономика дами түседі. Адамдардың өмір сүру деңгейі артады. Яғни медицина, білім беру саласы, барлығы да экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегідей болмақ.
Экономика мен инвестиция әлеуетін арттыруға арналған бұл бағдарламаны «ең ауқымды стратегиялық жоба» деп айтуға толық негіз бар. Тек 2015 жылдың өзінде Қазақстанға әлемнің 4 бірдей ірі инвесторы келді. Бұған басты себептердің бірі – кедендік рәсімдердің жеңілдетілгендігі. Жаңадан ашылған «Бір терезе» жүйесінен инвесторларға 350 қызмет түрі көрсетіледі. Ал экспорттық және импорттық рәсімдер үшін небәрі 4 құжат қана керек. Одан бөлек, жеңілдіктер де бар. Бұл өндірісті әртараптандыру мен экономиканы көтеру үшін қажет.
Біртектілік пен бірлік. Бұл құндылықтар – қазір бүкіл
қазақстандық қоғамды біріктіріп отырған ұғым. Бұл миссияның әрмен қарай өркендеуі – Қазақстан халқы ассамблеясының басты міндеті. Көпұлтты ұйым қазір мемлекет пен үкіметтік емес сектордың көпірі іспеттес. Яғни, қазақстандықтар ортақ мақсаты бар қоғамда өмір сүріп жатыр деуге толық негіз бар.

– Жыл басынан бері қандай мәселелерді шешуге үлес қостыңыз?

– Депутаттармен бірлесіп үкіметке 7 депутаттық сауал жолдадық. Олар: ауылдық елді-мекендерді ауыз сумен жабдықтау жағдайы, жергілікті жерде ветеринарлық мамандардың жетіспеуі, гидротехникалық бөгеттердің қауіпсіздігі, мақта саласының проблемалық мәселелері, агроөнеркәсіп кешені бағдарламасының орындалуы туралы мәселелер жөнінде.
Өзім аграрлық мәселелелер комитетінің мүшесі болғандықтан, қазір Үкімет дайындап жатқан Ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына кеңірек тоқталып кетейін. Бұл бағдарламада Ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтың сұранысына қарай әртараптандыру мен көлемін арттыруға, екіншіден, өңделген өнімдерді экспорттауға екпін беруі керектігі ескерілген.
Парламент Мәжілісінде қоғамдық ұйым­дар­дың, партиялардың, мүдделі тараптар­дың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері­нің қатысуымен бағдарламаның тұсаукесер рәсімі өт­кізілді. Қатысқандар бағдарламаны тал­қы­лауға белсенді атсалысты. Көптеген өткір сұрақтар қойылды, шешілуін күтіп отыр­ған ұсыныстар айтылды. Мұның бар­лығы аталған бағдарламаның қажеттілігін, маңыздылығын көрсетсе керек. Жаңа бағдарламаның тұжырымдамасында 500 мыңнан астам қосалқы шаруашылықтар мен шағын шаруа (фермер) қожалықтарына қызмет көрсететін ауыл шаруашылығы кооперацияларын ұйымдастыру, та­уар өндірушілерді толықтай қамти отырып, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржылай көмекке қолжетімділікті арттыру, өндірілген өнімнің көлемін ұлғайту, сапасын көтеру қарастырылған.

– Таяуда ғана Парламент ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын қабылдады. Бұл құжаттың мән-маңызы қандай?

– Қарашаның 23-і күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы» қабылданды. Депутаттардың пікірінше, Декларация – еліміз үшін маңызды оқиға. Онда Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру тарихына баға беріліп, осы бағыттағы миссияны Елбасының аса сәтті орындап шыққаны атап көрсетілген. Мәжіліс Төрағасының: «Осы уақыттың ішінде, барлық жетістіктер мен табыстар, ең алдымен Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Сонымен бірге, әрқашанда Елбасымызға қолдау көрсетіп, тірек болып келе жатқан халқымыздың береке-бірлігінің нәтижесі» деген қорытынды сөзі барлық депутаттардың ортақ пікірі деуге болады. Тәуелсіздіктен асқан бақыт та, байлық та жоқ. Мұны әрбір ел азаматы білуі тиіс. Ширек ғасыр уақытта қаншама жетістіктерге жеттік: халықтың әл-ауқаты артты, өндіріс өркендеді, әлеуметтік саланың әлеуеті артты. Ең бастысы елде тыныштық пен береке бар. Бұл да бір
Құдайдың қазаққа деген берген үлкен сыйы шығар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.