Қуатжан ЖҰМАТАЕВ: «Көлік кептелісінен құтқаратын жолайрықтар көбейеді»

Среда, 15 Март 2017 06:31 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6212 раз

Соңғы бесжылдық кезеңінде облыс орталығының жер көлемі үш есеге дерлік ұлғайып, тұрғындарының саны еселенді. Миллиондардың мекеніне айналу мүмкіндігі жоғары мегаполисте әсіресе, көлік инфрақұрылымын дамыту өзекті мәселеге айналуда. Ертеректе салынған қала жолдары қазіргі көлік нөпірін толықтай қамтамасыз ете алмайды. Осының салдарынан, қаланың орталық көшелерінде көлік кептелістері жиі орын алуда. Бұған қоса, облыс орталығына күнделікті келіп-кететін автокөліктердің саны арта түскен. Оның едәуір бөлігін ауыр жүк көліктері құрайды. «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, мұндағы мәселенің шешімі ретінде бірқатар міндеттер белгіленіп отыр. Осы орайда, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевпен әңгімеміздің әлқиссасы осы сауалдың аясында өрбіді.

quatzhan

– Қуатжан Әзімбай-ұлы, қаланың көлік қозғалысы бүгінгі талапқа қаншалықты сай келеді?

– Өздеріңіз білесіздер, қаланың көлік жолдары негізінен 30-40 жыл бұрынғы талапқа сай ыңғайластырылған. Осының салдарынан, ғимараттардың орналасу қашықтығын есепке ала отырып, көше бойын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік жоқ. Дегенмен, жол айрықтары мен жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерді пайдалануға беру арқылы көлік кептелістерінің алдын алу жұмыстары дендеп жүргізілуде.
Жалпы, қала аумағындағы жолдың 62 шақырымы республикалық, 134 шақырымы облыстық маңызға ие. Ал қала көшелерінің жалпы ұзындығы – 2528 шақырым. Оның 1306 шақырымы, яғни, 51 пайызы асфальтты-бетонды төселіммен қамтылған. Тиісінше, 1005 (41 пайызы) шақырымды құрайтын аумаққа шағал тас төселсе, 217 шақырымы (8 пайызы) топырақты жол санатына енеді. Ағымдағы жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 9 миллиард 446 миллион теңге бағытталып, ауқымды міндеттер жүзеге асатын болады.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін ақпараттық белгілермен қамту деңгейі қандай?

– Өткен жылы 408 миллион 541 мың теңге қаржы қаралып, тиісті мерзімде 4 бағдаршам ауыстырылды және 7 бағдаршам жаңадан орнатылды. Мектептер маңынан 9 нысанға жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам қойылды. 475 метр қашықтықта жасанды жол кедергілері, 42 дана белсенді жол белгілері, 66 ақпараттық жол белгілері орнатылды.
Ағымдағы жылы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 456 миллион теңге қаржы қаралып, оған жалпы қашықтығы 350 метрді құрайтын жасанды жол кедергілері, 100 дана ақпараттық жол белгілері, 17 жаңа бағдаршам нысандары орнатылады. 30 дана жарық шамы бар белсенді жол белгілері, 10 дана ақпараттық-көрсеткіштік белгілері және 1600 дана катафоттар (арнайы киімдер) қою жоспарлануда.

quatzhan2

Сондай-ақ, жол қозғалысы кептелістерін болдырмау үшін салынатын жолайрық құрылыстарына жобалау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша 5 нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Бәйдібек би – Арғынбеков – Назарбеков – Астана көшелеріндегі жолайрықты салуға ЖСҚ әзірлеу үшін 55 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Жобалау жұмыстарымен «Архитектура Дизайн» ЖШС айналысуда. Құрылыс мерзімін 2018-2019 жылдары жүргізу белгіленген. Жоба толығымен жүзеге асқан сәтте, Бәйдібек би – Арғынбеков көшесіндегі жолайрықпен тәулігіне 175 мыңға дейін көлік жүре алады. Бәйдібек би – Астана көшелерінің қиылысында орнатылған жолайрық арқылы көлік қозғалысының қамту көрсеткіші 75 мыңнан 130 мыңға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Бұдан бөлек, 2020 жылға дейінгі аралықта Жібек Жолы – Сайрам, Рысқұлов – Қонаев, Бәйдібек би – Кіші айналма жолы аралығы және «Бекжан базары» маңындағы Темірлан тас жолының бойында жолайрығы пайдалануға беріледі.

– Қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруда қандай жаңашылдық бар?

quatzhan3– Қазіргі таңда жоба ретінде Рысқұлов көшесінде қоғамдық көлік жолына арналған арнайы сары жолақ сызылуда. Яғни, жолаушы тасымалдаушы қоғамдық көліктерге ғана тиесілі сары сызық арқылы аялдамалардағы көлік кептелісінің алдын алу, жолаушылар мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жоба тиімділігін көрсетіп жатса, алдағы уақытта қаланың өзге де орталық көшелерінде осы үрдіс жалғасын табатын болады. Тиісінше, «сары жолаққа» еніп кеткен өзге көлік жүргізушілері үшін ҚР Әкімшілік Кодексінің 601 бабы бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл салынады.

Жалпы, қалада күнделікті 430-450 мың жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Бұл ретте, 29 көлік компаниясы тұрғындарға 75 бағыт, 1200 кесте бойынша қызмет көрсетуде. Жолаушы тасымалдаушы мекемелерге жүктелген қоғамдық көліктерді жыл сайын 20 пайызға жаңалап отыру талабына сәйкес, биыл 230 жаңа автобус жеткізіледі деп күтілуде.

Шымкент қаласында Астана, Алматы қалаларындағы коммуналдық автопарктері үлгісінде муниципалдық автопарк ашу мүмкіндіктері зерттелген болатын. Алайда, муниципалдық автопарк ашуға табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ОҚО бойынша департаменті рұқсат берген жоқ.
Бүгінгі таңда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «Шымкент bus» ЖШС-і әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарында жолаушы тасымалдау қызметін атқарады және бар қажеттілік бюджет есебінен өтелетін болады. Жасалған есептер бойынша әлеуметтік бағыттардың шығындарын жабуға бір жылда шамамен 100 миллион теңге қаржы қажет етілмек.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың шалғай, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандары арқылы қатынайтын 10 әлеуметтік маңызы бар бағыттың қозғалыс сызбалары дайындалып, бекітілді. Бұл үшін «Шымкент bus» ЖШС-і жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарға қатынайтын 100 жаңа автобусты бағытқа қоймақ. Бұл өз кезегінде, жолаушы тасымалдау саласында туындап отырған мәселелерді шешуге ықпалы тиеді деп күтілуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

 

2017 жылы Шымкент қаласында құрылысы басталатын 

 жолайрықтар нобайы

roads

 

zhol

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.