Ербол СЕРІКБАЙ: ІТ, бұл – болашақ

Пятница, 07 Апрель 2017 08:41 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5779 раз

erbol 27-2Елімізде ІТ саласының беталысы жаман емес. Елбасы биылғы Жолдауында: «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспектикалы салаларды дамыту керек. Сондықтан, Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс», – дегенін баршамыз естідік. Бұл салада жасындай жарқылдаған жастарымыз да баршылық. Солардың бірі – ІТ маманы Ербол Серікбай.


Әр саланың өзіне тән қиындығы мен қызығы қатар жүреді. ІТ маманы болу оңай емес. Ол үшін математика мен физикаға жүйрік болу керек. Істейтін іс-әрекеттеріңнің барлығы алгоритмге негізделеді. Егер де алгоритмге жылдам болсаңыз, онда сізден мықты ІТ маманы шығуы мүмкін. Бір қарағанда, ІТ мамандарын жәй ғана «компьютер шұқылаушы» деп қабылдайды. ІТ саласы да ішінара бөлінеді. Веб-бағдарламалаушы, жүйелі администратор, т.б. Бүкіл желінің жұмыс істеуі, ақпараттың дұрыс тарауы бір емес, бірнеше маманның жұмысына байланысты. Қазақтар «компьютерші» деген бір ғана атаумен атаймыз ғой. Бұл сөзге «хакер» дегенді қосып қоямыз.

 

Намыстан – табысқа...

2010 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да 3-курс оқып жүрген кезімде арнайы веббағдарламалау деген курс болды. Сол кезде ұстазымыз Бауыржан Жақашов жеке жоба жүргізуге тапсырма берді. Мысалы, бір қазақ қызы интернет арқылы сұрақ қойса, жауабы Ответы. Mail.ru сайтынан шығады. Орысша контент болғандықтан, «неге орысша жазбайсың?» деп балағаттауға дейін барады. Ойлана келе «Өзгенің сервисін қолдана бергенше неге қазақ тіліндегі сұрақ-жауап сайтын жасамасқа» деп, surak-jauap.kz сайтын қолға алдық. Алғашқы кезеңде сайттың қолданушысы өзім болдым. Группаластарым «Ербол, мына есеп қалай шығады?» деп сұраса, сайтқа жаз деймін. Себебі, дәл осындай студенттер еліміздің басқа аймақтарының бірінде, Оралда немесе Семейде тура сол есептің шешімін таба алмай қиналып жатқан болуы мүмкін. Сайттың идеологиясы мынадай: енгізген мәліметтің барлығы сақталады. Контенттерді өшірмей, қаз-қалпында қалдырамыз. Содан кейін бе, сайттың оқырмандары көбейе берді. Енгізілген ақпараттардың басқа да іздеу сайттарынан жылт етіп шығатындай жағдай жасадым. Яғни, басқа тілден аударып, уақыт кетірмейсіз.

surak-jauap.kz – тырнақалды жобаларымның бірі. Қазіргі таңда күніне 100 мың адам кіретін порталға айналды. 2016 жылы қыркүйек айында студент жастарды біріктіріп, өзіміздің шағын редакциямызды аштық. Жастарға пайдалы әрі қызықты контент беруге тырысып келеміз. Қарап отырсам, осы 6 жылдың ішінде surak-jauap.kz сайтына 120 мың сұрақ, 150 мыңдай жауап, 120 мыңдай пікір, 156 мың тіркелген қолданушы бар екен. Демек, осы сайттың арқасында қазақтілді контентті арттырдық. 

Жуырда мені «Егемен Қазақстан» газетінің электронды сайтына жұмысқа шақырды. Маған сенім артып отырған Дархан Қыдырәлі ағамызға рахметімді айтамын. Қаңтар айының басынан бастап осы газеттің сайтына жұмысқа орналастым. Екі сайтты қатар алып жүрмекпін. «Егеменнің» жаңа мультимедиялық өнімдерді қолдануына, ақпаратты дұрыс таратуына өз үлесімді қоссам деймін.

 

ІТ саласында жаңалық көп

Ол рас. Бүкіл әлем бойынша электронды үкімет тенденциясы кеңінен қолданылуда. Соңғы кезде salyk.kz электронды сайты арқылы салықты үйде отырып-ақ төлей беруге жағдай жасалған. Коммуналдық қызметтер, уақытша тіркеудің өзін электронды үкімет арқылы іске асыруға болады. ІТ саласында өмірімізді барынша жеңілдету үшін көптеген шаралар жасалуда. Қазірдің өзінде мемлекеттік басқару жүйесінің өзі де осы ІТ технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен қолданып жатыр. Әкіммен байланыс, шағым беру, әлеуметтік желі арқылы көзіңіз көріп, құлақ естіген оқиғаны әкімнің парақшасына жіберу, бәрі де ІТ мамандарының қолынан өтеді. Осындай көз ілеспес жылдамдықпен даму біздің күнделікті өмірімізге етене еніп үлгерді. 

Электронды коммерция, киім-кешек дүкендерінің өнімдерін онлайн сатып алу сияқты қызмет түрлері жаңа технология ретінде енгізілуде. «Қазпочтада» да электронды үкімет порталы өз функциясын толығымен атқарады деген ойдамын. ҚР Бас Прокуратурасының басшылығына білікті ІТ маманы Бағдат Мусиннің барғанының өзі елімізде ІТ саласының көш ілгері дамуын айғақтаса керек. 

Еліміз келешекте қағазбастылықтан арылып, онлайн жүйеге көшетіні аян. 

ІТ саласында Қазақстан – экспорттаушы емес, импорттаушы мемлекет. Бұл жанға бататын жағдай. Өз өнімімізді шығармасақ, тек тұтынушы мемлекет ретінде ғана қалып қоюымыз мүмкін. Алысқа бармай-ақ, көрші жатқан Украина мен Белоруссияны алсақ, ол жақта ІТ-стартап жобалар үлкен мемлекеттік компанияларға сатылып, ірі жобаларға айналуда. Бізде де ІТ университеттері ашылуда. Алайда, оның өзі көп тәуекелдерге бара алмайды, қауқарсыз.

Бұл салаға жас мамандар көптеп келуі үшін, біріншіден, мектеп бағдарламасында жаңа технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. ІТ саласында бүгін шыққан ақпарат ертесіне-ақ ескіріп қалады. Сондықтан күнделікті жаңара отырып, ІТ саласына маман дайындайтын бір емес, бірнеше ЖОО ашылса дұрыс болар еді.

 

Болашақта ұшатын көлік көрсеңіз, таңғалмаңыз!

ІТ саласын бір ауыз сөзбен сипаттасақ, бұл – болашақ. Баршамыздың келешегіміз ІТ саласымен тығыз байланысты. Мәселен, банк жүйесін алайықшы. «КазКом» банкі несиелендіру мақсатында ІТ-стартап жобаларға иек артуда. Тіпті, қазіргі кезде менің қолданып жүрген Самсунг Гера2 сағатымның өзі – «ақылды сағат» деп аталады. Бұл сағат «жүрегіңнің соғысы қанша?», «неше қадам бастың?», барлығын айна-қатесіз айтып береді. Жаңалықтарды оқи беруге болады. Яғни, заманның, техника, технологияның ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамығаны сонша, барлық қажетті мәліметті телефонмен емес, сағаттың өзімен-ақ ала беруге болады. Алдағы уақытта ұшатын көлік немесе жүргізушісі жоқ таксиді көріп қалсаңыз, таңғалмаңыз. Өйткені, бұл қазірдің өзінде Батыста қолданылып, тәжірибеге енгізілуде. Аталған технологияның бәрі де уақыт өте келе біздің елімізге де келетін болады. Егер де болашағыңыз жарқын әрі қызықты болсын десеңіз, ІТ саласын таңдауға кеңес берер едім. 

ІТ – қазір ең көп жалақы алатын мамандықтың бірі. Кез келген біліктілігі жоғары бағдарламаушы қашанда сұранысқа ие. Шымкент қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Рашид Аюповтың өзі Лондон қаласында бағдарламалаушы мамандығы бойынша оқып келді. Қаладағы жаңа технологияның жүзеге асуына өз үлесін қосып жүр. Жалпы алғанда, «Кімсің, ІТ маманымын» дейтіндей дәрежеге жеткен достарым өте көп. Шымкент қаласынан шыққан Алмас Көбекбаев «Самсунг» компаниясында жұмыс істей жүріп, өзінің Top.kz деген сайтын ашты. Қарамағында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың жалақылары да аз емес. Жақсы маманды ұстап отыру үшін компания қашанда жақсы жалақы тағайындайды. Осы орайда, өзімнің де құпияммен бөлісе кетейін. Негізгі жұмысымнан бөлек қосымша жұмыстарды қоса есептегенде, айына 300-400 мың табыс табады екенмін. Бұл саланың бір артықшылығы, өз уақытыңды өзің басқара аласың. Негізінен түнгі сағат 3-4-ке дейін жұмыс істейміз, ертесіне 10-11-ге дейін ұйықтаймыз. Қатып қалған кесте жоқ.

Последнее изменение Пятница, 07 Апрель 2017 09:07
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.