«Діни сауатты арттырса, жат ағымға жол жоқ» Избранное

Пятница, 28 Апрель 2017 06:43 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4860 раз

Жуырда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездескен болатын. Басқосуда елдегі діни тұрақтылық мәселесі талқыланған еді. Президент теріс ағымдармен күрес мәселесін де күн тәртібіне шығарып отыр. Осы орайда, қатерлі ағымға қарсы күрес, оның жолын кесу шаралары жайында Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің бас имамы Бағдәулет Абдрахмановпен сұхбаттасқан едік.

IMG 0650-27-04-17-12-07

– Бағдаулет Нұрматұлы, Елбасымыз имамдармен болған кездесуде діни экстремизм мен тероризмге қарсы күресті қайта көтерді. Діни ағымдардың атын атамағанымен, исламды араб мәдениетімен шатастырып жүргендер туралы қадап айтты және оларға заңмен тыйым салу керектігін тапсырды. Діни ахуал бойынша қаламызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Елбасының дәстүрлі емес діни ағымдар үшін алаңдауына негіз бар. Өйткені әлем елдерін шарпыған терроризм Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Өткен жылы терроршылар қазақcтандықтарды аяғынан тік тұрғызғаны есімізде. ҚМДБ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға келсем, нәтиже жоқ емес. Әр мешітте сауат ашу курстары, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Білікті имамдардан құралған жергілікті ақпараттық-насихат топтары халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде өткен жылы 200-ге жуық адам райынан қайтты. Сондай-ақ имамдарымыз түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен бекітілген жұмыс кестесі бойынша, діни ағымдармен күрестің алдын алуда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жалпы Шымкент қаласында 102 мешіт, 75 имам бар. Біздің пайымдауымызша қаламызда 300-дей жат ағымдағы азамат бар. Олар көбіне базар, сауда орталықтарында және мешіттерде жиі кездеседі. Өткен жылы діни экстремизм және терроризммен күрес бойынша имамдар 52 рет жоғары және арнаулы орта оқу орындарында кездесулер ұйымдастырды. Онда 6700-ге жуық жас қамтылды. Айта кетейін, қалалық әкімшілікпен бірлескен жұмысымыз нәтижесін беруде. Басқа облыстармен салыстырғанда Оңтүстікте діни ахуал тұрақты. 

– Елдің экономикалық, саяси мәселелеріне өзіндік ықпал жасап, өз дегенін жүргізуге ұмтылатын экстремистік ағымдармен күресті жандандыра түсу жолы қандай деп ойлайсыз?

– Әртүрлі діни ағымдармен бүркемеленген бірқатар ұйымдар экстремистік идеологиясын таратып, халықтың санасын улап жатыр. Діни уағыздармен бүркемеленген идеялардың ақ-қарасын ажырата алмаған азаматтарымыз әлі де адасып жүр. Осал тұсты ұтымды пайдаланған эмиссарлар әдетте содыр-террористерді, экстремистік бағыттағы идеялармен сусындайтын жасырын діни ұйымдарды іздестіреді. Бұл ретте экстремистік ағымдармен күрес қоғамның, әсіресе, – БАҚ-тардың қатысуымен алдын алу мақсатында жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстары арқасында нәтижелі болатынын айтқым келеді.

– Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, бет-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді, – деді Мемлекет басшысы. Президент қазақ мәдениетінің тарихына, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киіміне тоқталып, қара киім мен дін арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты. Мұсылман әйелдерінің киімдері жөнінде не айтасыз?

– Қыздарымыз атам заманнан бөрік киген. Келіндері орамал салған. Аналарымыз кимешек киген. Міне біздің салтымыз деген еді Елбасы. Мұсылман әйелдері киімінің негізгі ерекшелігі - тұла-бойды жауып тұратындығында. Бұрынғы аналарымыз, әжелеріміздің киімінде ұлттық болмысымыз қатталып жатқандай. Ислам діні шариғатының қойған талаптары мен тәртіптері қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан салт-дәстүрлерімен біте қайнасып жатқанын көрсетеді. Ал, осыны мойындамай, адасып жүрген бауырларымыз өзге жат ағымдардың жетегінде тұмшаланып киініп жүр. Негізінде Қазақстан діни мұсылмандар басқармасының тұғырнамасы бар. Онда Қазақстан мұсылмандарының келбеті қандай болуы керек? Жан-жақты жауап берілген. Тұмшаланып киіну мәселесіне келетін болсақ, біздің дінімізде жоқ. Әйел адамның жүзі ашық болуы керек. Қазіргі таңда қаламыздағы екі қыздар медресесінде арнайы киім үлгісі дайындалуда. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Пятница, 28 Апрель 2017 10:37
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.