×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қанат ҚАЛЫБЕКОВ: «Мәңгілік елдің мұраты асыл»

Пятница, 28 Апрель 2017 08:46 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5419 раз

Бүгінгі күннің түйінді мәселелерінің бірі – діни экстремизм. Егер дінді мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі деп қарайтын болсақ, ол ішкі тұрақтылықтың кепілі екеніне дау жоқ. Сондықтан да бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – дәстүрлі дініміздің дұрыс насихатталуына баса назар аудару болмақ. Батыс пен Шығыстың үлкенді-кішілі елдерінің басты мәселесіне айналған діни экстремизмнің түп-тамыры қайда жатыр және онымен күресудің жолдары қайсы? Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбековпен осы тақырып аясында сұхбаттасқан едік.

DSC 0010– Қанат Жұмағұлұлы, қала аумағында «Діни экстремизмнің алдын алу» және «діни экстремизмге қарсы күресу» ұғымдары іс жүзінде қалай жүзеге асып жатыр?

– Татулық пен тұрақтылық – елдің ішкі саясатының басты басымдығы және республикамыздың өрлеп-өркендеуінің қажетті алғышарты болып табылады. Сондықтан, мемлекетте оларды қамтамасыз ететін тұтастай бір жүйе қалыптасқан.

Бүгінгі күні дін секілді өте нәзік саладағы тұрақтылыққа төнген сын тегеуріндер мен қатерлер экстремизм түрінде бой көтерді. Идеология, теріс пиғылға үндеу не болмаса лаңкестік әрекеттер арқылы діни экстремизм өзіне жол салып жатыр.

Күні кеше ғана Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілдерімен кездесуінде Елбасы ел ішінде діни құндылықтар дұрыс дәріптелуі қажеттігін айтқан болатын. Теріс ағымдарға тойтарыс берудің маңызы зор. Ол үшін имамдар мен ұстаздардың сауатын арттыруға басымдық берілуі тиіс. Сонымен қатар, Елбасы саладағы жұмыстар рухани жаңғыру идеясымен қабысуы керектігіне жеке тоқталды. Ислам діні – адамгершілік пен ақиқат діні. Тазалық пен ізгілікті ғана насихаттайды. Оның қазақтың ата дәстүрімен астасып жатқан тұстары көп. Демек, қазақтың рухани өмірінің бір парасы. Бұл орайда ата дінді ұлықтап, насихаттап жүрген имамдарға жүктелетін міндет зор. 

Шымкент қаласында қазіргі таңда 134 діни бірлестік пен филиалдар әділет органдарынан тіркеуден өтіп, қызмет атқаруда. Оның ішінде: исламдық бағыттағы – 103 мешіт, исламдық емес – 31 діни бірлестік тіркелген. 

Қаладағы жалпы білім беру мекемелерінде оқушылардың сабақ уақыты барысында мешіттерге жұма намазға, шіркеулерге бейсенбілік, сенбілік шараларына кетуіне тосқауыл қою күннің басты мәселесі. Осы орайда, қаладағы 125 мектепте «арнайы орталықтар» құрылды. Көше бойындағы көрнекі орындарға діни экстремизмнің алдын алу бағытында тақырыптық баннерлер орнатылған.

Ағымдағы жылы ЖОО және орта арнаулы оқу орындарында 26 кездесу ұйымдастырылып, оған 2,5 мың студент, жалпы білім беру мектептерінде 42 кездесу өтіп, оған 4650 оқушы қатысты. Ал өзге де мекемелерде 23 кездесу ұйымдастырылды. 

Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, діни саладағы экстремизмге тойтарыс беріп, ымырасыз күресуге тиіспіз. Діни экстремизммен күресу мемлекеттік органдардың қызметіне жатады. Яғни, адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, Конституция негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру, көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның салдарын жою, сондай-ақ экстремизмнің жүзеге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, жойып отыру – мемлекеттік органдардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, заңнамалық деңгейде экстремизмнің тамырын терең жаюға мүмкіндік бермейтін алғашқы кезеңінен бастап оны залалсыздандырып отыруға басымдық беріледі.

Экстремизмнің алдын алу бағытында ақпараттық-насихаттық шаралар кеңінен жүзеге асырылуда. Ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, белсенді жұмыстар атқарылып келеді. Топ құрамына имамдар, дінтанушылар, ғалымдар, дін істері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері кіреді. Жұмыс барысында ақпараттық-насихаттық топтар халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтуға тырысады, бұл жұмыстарда бірінші кезекте, әрине, жастар ортасы кеңінен қамтылуда. 

DSC 0022

– Ислам дінінің атын жамылған теріс пиғылды жат ағымдардың әрекеті қаншалықты бақылауға алынған?

– Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм және терроризм деген ұғымдар мүлде жоқ. Өйткені, ислам деген сөздің өзі бейбітшілік және тыныштық деген сөз екенін біз бүгінгі жастардың санасына сіңіруіміз керек. Сондықтан да қазір бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремизм мен терроризмдердің түп-төркінін діннен емес, керісінше басқа себептерден іздеу керек. Негізінен дін адамдардың бойында имандылықты, жақсылық жасауға деген құлшынысты оятып, пенделік әрекеттерден аулақ болуды қалыптастырады. Діни экстремистік ұйымдар қатарына көбінесе жастарды тартады. Сондықтан да діни экстремизмнің алдын алу, одан сақтанудың жолын насихаттайтын кездесулерді жиі ұйымдастырып отырудың маңызы зор.

2011 жылдың 11 қазанында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданған болатын. Осы Заңның кіріспесіндегі «Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әр адамның ар-ұждан бостандығы құқығын растайтынын, Қазақстан Республикасы азаматтарының діни нанымына қарамастан, тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениеті мен рухани өмірін дамытуда ханафи мазхабындағы ислам және православиялық христиан діндерінің тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деген сөздерден-ақ ислам дінінің адамдарға қаншалықты қамқор дін екеніне көз жеткізуге болады. Мұсылмандар бір-бірімен «Ассалаумағалаәйкум» деп амандасады. Осы сәлем сөздің мазмұны – «мен саған бейбітшілік» тілеймін деген сөз. Осындай мейірімділікке толы пиғылдағы мұсылмандардың адам қанын төгуге шақыруы мүмкін емес. Қазіргі кезде жиһад деген сөзді теріс түсінушілік орын алды. Терістігі сол – жиһадты қолға қару алып, адам өлтіру немесе күш қолдану деп түсінеді. Біздің дінде адам баласының ақылы қабылдап тұрған нәрсеге қарама-қарсы ештеңе жоқ. Сондай-ақ, адамның ақылы мен табиғаты қабылдай алмайтын нәрсені күштей алмайды. Құран кәрімде бейкүнә адамды өлтіру немесе бейбіт жатқан адамдарды қыру туралы аят жоқ. Тек адам өз Отанына немесе отбасына қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндетті. Жиһад сөзінің тағы бір мағынасы – адам мал-мүлкімен де жиһад жасай алады. Егер кез келген адамның өз отбасынан артылып жатқан дүниесі немесе мал-мүлкі болса жетімдерге, жағдайы жоқ отбасыларына, мүгедектерге беруіне болады. Не болмаса, халықтың игілігіне жарайтын ғимараттар тұрғызса сол жиһад болады. Ендеше қазіргі жиһадшылардың теріс әрекеттері бұл сөздің мән-мағынасын исламға қарсылық ретінде өзгертіп жүр. Сондықтан да діни экстремизмнің алдын алу үшін ең алдымен діни сауаттылық аса қажет. Алла Тағала адамдарға мынандай қағида нұсқаған: «егер білмесеңдер білім иелерінен келіп сұраңдар». Бұл орайда, қазір қала мешіттерінде арнайы «патуа» бөлімі жұмыс істеуде. Сол жерге келіп, жан-жақты мағлұмат алуға болады.

– Демек, бізде құқықтық таным бар. Енді, не жетіспейді?

– ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы басым міндеттердің бірі – радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы іс-қимыл екені барлығымызға аян. Аталған бағдарлама аясында қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ, конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылатыны атап өтілген болатын. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде экстремизм, оның ішінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресу, оның алдын алу туралы аз насихатталып жатқан жоқ. Діни ағым барлық дінде де бар. Діни экстремизм дегеніміз осындай әртүрлі топқа бөлінген діндерден шыққан. Теріс ағымдағы дінді ұстаушыларды ажырата білу барлығымыз үшін керек.

Елбасы лаңкестерді түбегейлі жоюға мемлекеттің күш-жігері жететінін нық сеніммен айтып келеді. Дегенмен, бүгінгі жағдай діни экстремизммен құқық қорғау орындары ғана емес, бүкіл қоғам болып күресу керек екеніне көз жеткізуде. Өйткені, әр жерде бір бұрқ ете қалатын лаңкестік әрекеттерден қаншама жазықсыз адамдар шейіт болды. Қазақстанда әртүрлі конфессиялардың жайлы, қауіпсіз өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, жат пиғылды діни бірлестіктердің кері әсерлері туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға жеткізіп, құқықтық-түсіндіру жұмыстарын осындай шаралар арқылы жүзеге асырудың нәтижесі зор. Оның себебі де түсінікті. Өйткені, соңғы жылдары діни мәселенің ушығып, жат ағымдардың ашық көріне бастауы бәрімізді алаңдатып отыр. Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың қаңтарынан бастап көптеген нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданып, күшіне енді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне де экстремизм мен терроризмге қатысты біршама жаңа баптар енгізілді. Біз үнемі бұл өзгерістер жайлы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Последнее изменение Пятница, 28 Апрель 2017 09:55