×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Басты қағидасы – жеделділік әрі жан-жақтылық

Среда, 28 Июнь 2017 12:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4464 раз

Шымкент – үшінші мегаполис. Тіршілігі қайнаған алып шаһар. Қаланың жетістіктері жетерлік, мәселелер де жоқ емес. Рас, халық пен билік бір мақсатта жұмыла, ынтымақтаса жұмыс істегенде ғана қаламыз одан әрі өркендей түспек. Бұл ретте қала әкімдігінің баспасөз қызметіне жүктелер міндет зор.

aigerimБаспасөз – қоғам айнасы десек, қалада 4-5 облыстық және қалалық телеарна, 200-ге жуық басылым бар. Ақпарат ағымында өзге өңірлерден көш ілгеріміз. Бүгінде халық сын-ескертпелерін бүкпесіз айтады.
Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Әйгерім Жұмағұлованың жұмыстағы басты қағидасы – жеделділік. Бұл – уақыттың талабы. Жас маманның бұл лауазымға тағайындалғанына тура бір жыл болыпты.
Қазір қаланың аумағы ұлғайған, шағынаудандар бой көтеріп жатыр. Жаңадан қосылған елдімекендердің әлеуметтік-инфрақұрылымын жақсарту – басты міндеттердің бірі. Яғни, тұрғындарды да, БАҚ өкілдерін де ең көп толғандыратын да осы сала.
– Басты мақсатымыз – халық пен әкімдік арасында дәнекер болу. Тұрғындарды толғандырған сауалдарға тезірек жауап беруге тырысамыз. Жалпы, ақпаратты халыққа барынша жеткізу мақсатында түрлі тәсілдерді меңгеріп жатырмыз. БАҚ-тан қалыспай келе жатқан әлеуметтік желілер зор күшке ие қазір. Көптеген тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы жаңалықтардан хабардар болып отыр.
Сондай-ақ, біз БАҚ-та жарияланған материалдарға сараптама жасаймыз. Мәселен, бір жылдық мониторингке назар аударайықшы. Шымкент қаласы туралы бір жылдың ішінде жалпы 2320 материал жарияланыпты. Оның ішінде 938 материал (40 пайызы) позитивтілік тұрғыда. Жалпы, арыз-шағымдар, мәселелердің дені тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, қоғамдық көлік мәселесі төңірегінде жазылады, – дейді Әйгерім Әбдіохапқызы.
Әлеуметтік желілер де – әкімдіктің жұмысын жеделдетуге көп көмегін тигізеді. Бүгінде қала әкімдігінің ресми парақшалары жұмыс істесе, оның әрқайсысының өзіндік аудиториясы бар. Мәселен, «инстаграм» желісінде 55 мыңнан аса адам жазылыпты. Бір жылдың ішінде жазылушылардың қатары артқаны байқалады. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде де оқырмандар өте көп. Яғни, тұрғындар әрбір жаңалықтан хабардар. Жалпы, тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы қойған өтініштері ескеріліп, оған талдау жасалынады. Сауалдарға дер кезінде, обьективті жауап беріледі.
Шымкенттің шырайы артқан. Жан жадыратар жағдайлар баршылық. Дегенмен, басқа өңір тұрғындарының Шымкент туралы таным-түсінігін әлі де болса жақсарта беру керек. Әйгерім Әбдіохапқызының да бар мақсат-мүддесі – осы бір қасаң стереотипті бұзып, шырайлы шаһардың имиджін көтеру.
– Жоспарларымыз өте көп. Басты мақсатымыз – халықтың билік өкілдеріне деген сенімін арттыру ғой. Ел тұрғындарына шымкенттіктер жайлы жақсы көзқарас қалыптастыру. Сонымен қатар, баспасөз қызметі саласында өз білім-біліктілігімізді көтеруіміз де ләзім. Оған барлық мүмкіндік бар,– дейді өзі.
Қорытындылай айтсақ, тұрғындарда «Әкім және әкімдік» деген түсінік бар. Жалпы айтқанда, әкімге де, әкімдікке де халықтың сенімі жоғары болуы керек. Бүгінгі баспасөз хатшыларға жүктелер міндеттің бірі осы. Әріптесіміз Әйгерім Жұмағұлова да осы мақсатта аянбай еңбек ете бермек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.