Досымжан Ермұрат, "Қазақ радиосының" дикторы: «Елордамен бірге есейдім»

Среда, 05 Июль 2017 09:37 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6009 раз

Биыл Елордасы Астана 19 жасқа толды. Бүгінде ол тек Қазақстанның ғана емес әлемдік аренада бейбітшілік пен татулықтың, әсемдік пен әдеміліктің символына айналды. Астананың күннен күнге көркейе түсуі еліміздің әр өңірінен келген азаматтардың бір атаның баласындай тіл табысып әрекет етуінде болса керек. Қазірде бас қаланың дамуына өз үлестерін қосып жүрген Оңтүстіктің тұрғындары аз емес. Солардың бірі белгілі журналист, танымал асаба, «Қазақ радиосының» дикторы – Досымжан Ермұрат. Ол өзінің Астанаға алғаш келген кездерін тебіреніспен, ерекше сезіммен еске алады.

dosymzhan-ermurat 1

– Досымжан Ануар-ұлы, бас қалаға қай жылы және қандай мақсатта келген едіңіз?
– Осы сұрақ қойылған сайын жаным жабырқап, жүрегім ауырады. Мектеп бітіріп, грантта оқимын деп Астанаға жол жүрер сәтте марқұм әкем төсек тартып қалды. Бұл жалындайтын, білім алатын кезімде маған өте ауыр тиді. Осы жылы менің оқуым да оқымауым да екіталай еді. Өйткені анам «Балам оқымай-ақ қойсаң қайтеді. Грантқа түсе алмай қалсаң, оқуыңа төлейтін ақша да жоқ. Одан да әкеңнің қасында қалып, бізге қолғанат бол» деп кеңесін айтты. Бірақ, мен «Жоқ, білім алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, отбасыма, ауылыма көмегімді тигізейін» деп, жалғыз өзім 2003 жылдың жазында Елордаға келдім. Оқуға дайындалып, Еуразия ұлттық университетінің грантын ұтып алдым. Осылайша менің астанаға келуім арқылы ауылдағы біраз қасаң түсінікке нүкте қойылды деп ойлаймын. Өйткені, біздің ауылда «Қазір барлық жерде ақша. Бармақ басты, көз қысты әрекеттер көп» деген пікірлер айтылды. Ал мен оқыған адамға жол ашық екенін дәлелдеп, ОҚО, Сарыағаш ауданы, Жаскешу елдімекенінен тұңғыш мемлекеттік грантты жеңіп алдым.
– Алғаш келгеніңізде Астана қандай еді?
– Биыл Астанаға келгеніме бақандай 15 жыл болады екен. Сол 15 жыл ішінде Астананың өзгергенін көз көрді. Арқадағы арман қалаға алғаш келген кезде Астананың ана шеті мен мына шетін жаяу аралап өтетін шағын ғана болатын. Сол жағалау болмады. Өте суық еді. Қазақша сөйлейтіндер өте сирек. Астанаға алғаш келген кезде мұндағы халықтың 70 пайызы өзге ұлттар болатын. Бір ғана қазақ мектебі бар еді. Ал қазір барлығы өзгеше. Керісінше. Астана ең бірінші кезекте жергілікті халықты өзгертті. Содан бері қалаға қала қосылып, сол жағалау пайда болды. Жан-жағында 80 мың гектар орманы бар, орманында жосып жүрген елігі бар, аспанында қаптаған қырғауылы бар қалаға айналды.
Астананың арқасында оңтүстік пен солтүстік, батыс пен шығыс азаматтары әріптес, қызметтес, дос болып араласудың соңы қазір, құдаласуға ұласып жатыр. Ең бастысы, Астана барлық облысты біріктіруші орталыққа айналды.
– Сіздің асабалық өнеріңіздің де бар екенін білеміз. Оңтүстікте той басқаша. Ал Астанада ше? Тойларда қазақылықтың нышаны қандай?
– Мамандығымыз филолог болғаннан кейін Астанадағы тойларды, іс-шараларды жүргіздік. Алғашқы кезде Астананың тұрғындары орысша әндер тыңдап, би билесе, қазір бірде-бір той домбырасыз, күйсіз, дәстүрлі әнсіз өтпейді.
Биыл қолыма микрофон алып, той басқарғаныма тура 13 жыл болыпты. Осы 13 жылда бас қалада 468 қызды ұзатып, 312 жігіттің үйлену тойын өткізіппін. Олардың барлығы бүгінде бір-бір әулет. Көпшілігі хабарласып «Досымжан, Алла қалап сәбилі болдық, шілдехана тойын да өзіңіз өткізсеңіз» деп, тізгінді маған ұстатып жатады. Асаба үшін бұдан артық мәртебе жоқ шығар. Басты ұраным «Той – тәрбие мектебі» деген қағиданы ұстанып, мәдениет шеңберінен шықпау.
– Журналист ретінде қандай жұмыс істедіңіз? Кімдермен әріптес болдыңыз?
– Менің журналист болсам, диктор болсам деген арманым болатын. Теледидарда диктор болғым келді. Рабиға Аманжолова, Думан Хамит, Әбдірәлі
Бөлебайдың жүргізген жаңалықтарын көріп, еліктеп өстік. Ауылда өзімізше айнаға қарап жаңалықтар оқитынбыз. «Қазақстан» ұлттық арнасында тілші болып та істедік. Онда мүйізі қарағайдай ағаларымызбен әріптес болдым. Атап айтсақ,
Әлімжан Сабыржанұлы, Махат Кәбірұлы, Еркін Таңатқан-ұлы, Ғабит Ұзақбай, Айбек Қобдабайұлы, Мейіржан Әлібекұлымен әріптес болу бақыты бұйырды.
Арасында құрылыс, мал шаруашылығында кәсіппен айналыстық. Астанада кәсіп бастаймын дегендерге барлық жағдай жасалған. Тек өзіңіздің тарапыңыздан тәуекеліңіз, махаббатыңыз болса өз кәсібіңізді дөңгелетуге болады.
Ал қазіргі таңда Мәди Манатбек бастаған, Қожан Мұстафа, Ләззат Ноғайбай, Базаргүл Үмбетова, Мұхамедали Болатұлы секілді кәсіби мамандармен жұмыс істеп келе жатырмыз.

dosymzhan-ermurat 2

– Өзіңіз туралы мәліметтегі жеке қызығушылығым деген жерге «Футбол, футбол және футбол» деп жазыпсыз. Астанада бұқаралық спортқа, оның ішінде футболға қызығушылық қандай? Жағдай жасалған ба?
– Футбол – менің екінші өмірім. Егер мен журналист болмағанда футболды таңдайтын едім. Бұл – миллиондар ойыны. Жер бетінде оны жақсы көрмейтіндер сирек. Астанада қолымыз қалт ете қалса доп теуіп кетеміз. Бұл қалада кез келген спортпен айналысуға жағдай жасалған. Әрбір тұрғынүйдің алаңында спорттық құрылғылар көп. «Астана Аренананың» арқасында жастардың футболға деген қызығушылығы арта түсті. Мәселен, оған Фернандо Торрес, Антуан Гризман, Месут Өзіл, Златан Ибрагимович секілді атақты жұлдыздар келді. Осылайша Астана тек футболдың ғана емес басқа да спорт жұлдыздарымен даңқы шыққан қалаға айналып отыр.
Астаналық журналистердің «Бақ лига» деген біріншілігі бар. Оған да жағдай жасалған. Былтыр қысқы маусымнан бастадық. Алғашқы маусымға 11 команда қатысса, қазір жазғы маусымына 14 команда қатысып жатыр.
– Астана күніне орай оқырмандарымызға лебізіңізді білдірсеңіз...
– Алда келе жатқан Астана күні құтты болсын! Барымызды бағалайық, елдің шүкірлігімен жердің бүтіндігіне жеткізген азаматтарға қолдау көрсетейік, басшымызға қосшы болайық. Бұл Астана бұған дейінгі астаналардың жиынтығы секілді болып көрінеді. Өйткені Астана көшелеріне бұрынғы қазақ тарихындағы Астаналардың атауы берілген. Ордабалық, Суяб, Сарайшық, Сығанақ, Түркістан сияқты. Осы бақытымыз баянды болсын. Ешкімнің есігіне қарамайтын, өз шамамызды өзіміз бағалайтын елге айналайық. Азаматтарға айтарым, тойған белді емес, туған елді жырлайық, туған елді сөз қылайық, соны бақытымызға балайық.
– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.