Сұлтанғали МАУТАЙҰЛЫ: «МЕДИЦИНАНЫҢ КЕШЕГІ ҚЫЗМЕТІ МЕН БҮГІНІНДЕ айырмашылық жер мен көктей»

Пятница, 28 Июль 2017 09:21 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5614 раз

Сұлтанғали Маутайұлы Сарыбай – 1971 жылы 18 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылында дүниеге келген.
1988 жылы Төлеби ауданындағы Совет орта мектебін бітіріп, 1993 жылы Шымкент Мемлекеттік медицина институтында білімін шыңдаған.
Медицина саласындағы еңбек жолын 2000 жылы облыстық балалар ауруханасында балалар хирургі болып бастаған. С. Сарыбай 2014 жылдан бері №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасында бас дәрігердің хирургия ісі бойынша орынбасары қызметін атқаруда. Дәрігермен балалар хирургиясы тақырыбында өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

20170714 120216

Бір жылда 1000-нан астам ота жасалған

– Сұлтанғали Маутайұлы, өзіңіз қызмет ететін аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде баяндасаңыз.

– №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасы өз қызметін бастағанына 4 жыл болды. Бұл – Елбасының тапсырмасына сәйкес «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба болатын. Бұған дейін 0-15 жас аралығындағы қала тұрғындары облыстық балалар ауруханасына қаралатын. Бүгінде бұл жастағы балалар саны 300 мыңға жетіп отыр. Гауһар Үкібаева басқаратын №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасы қаладағы 300 мың балаға қызмет етеді. Мұнда 9 салалы бөлімше сапалы медициналық құрал-жабдықпен қамтылған. Білікті мамандар қызмет етеді. Гауһар Сапартайқызы педиатр-дәрігер болғанымен, балалардың нағыз жанашыры ретінде олардың денсаулығын да жан-жақты ойлай біледі. Осы аурухананың ішінен 30 орындық хирургия саласын ашуда оның көп еңбегі сіңді. Мұнда жарақат бекеті бар және 16 орындық травмотология-ортопедия бөлімі де балаларға қызмет етуде.

– Тақырыпты өзіңіз басқарып отырған хирургия саласына бұрайықшы. Ауруханада ота жасау көрсеткіші қандай?

– Бұл ауруханаға қызмет ауыстырғаныма 2 жылдан астам уақыт өтті. Мұнда травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі Еркебай Бектаев пен хирургия бөлімінің меңгерушісі Қалдыбай Тәжібаев сынды білікті медицина мамандары бар. Біз бүгінгі жетістіктің бәріне бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. 2015 жылдан бері жаңа технологиямен инновациялық тәсілде ота жасауға көштік. Салыстырмалы түрде айтсақ, қалалық балалар ауруханасында 2016 жылы, яғни бір жылда түрлі деңгейдегі 1000-нан астам ота жасалды. Ал қазір тұрғындар саны күннен күнге артып жатыр. Оның үстіне, қала аумағына енген 40-тан астам жаңа елдімекен тұрғындары да халық санының артуына септігін тигізді. Халық саны артқан сайын біздің көмегімізге жүгінетін емделушілер саны да өсуде.

20170714 105703

– Балалардың отадан кейінгі жағдайы қандай?

– Бізде жасалған отаның 80-90%-ы кішіинвазивті. Яғни, бала тәніндегі хирургиялық дертті кішкентай ғана саңылаулар арқылы жеңеміз. Мұндай жеңіл отадан кейін балалар небәрі үш күнде жағдайы жақсарып, орнынан тұрып, ел қатарлы тамақтана алады. Отадан кейін бұрынғыдай ауруханада сарғайып ұзақ жатпайды, денсаулығы жақсарып 2-3 күнде үйлеріне шығады.
Кішіинвазивті хирургия – жаңа туған нәресте

– Жаңа технологиялық мүмкіндіктің болғаны жақсы әрине. Дегенмен, мұндай ем қымбатқа түспей ме?

– Қымбатқа бағаланады. Есесіне, жаңа технология дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаражатпен бірге науқастың қажыр-қайратын, ерік-жігерін де үнемдейді. Науқас отаның орнындағы ауруды сездірмейтін дәрі ішіп, оның жазылуын ұзақ күтіп, асқынып кетуден сақтанып түрлі дәрі-дәрмек қабылдап, төсекке таңылып әбігерге түспейді. Бұрын лапароскопиялық (іш-құрсақ қуысына жасалатын оталар) отаны дәстүрлі медицина жолымен жасағанда асқыну, іріңдеп кету, ішек жұмыстарының бұзылуы, жабысқақтық жиі қайталанатын. Жай ғана соқыр ішек отасынан кейін науқас кемінде бір апта ауруханада жатып, үйіне шыққан соң бір айға дейін ерекше күтімді қажет ететін. Медицинаның бұрынғысы мен бүгінгісінде айырмашылық жер мен көктей. Жаңа технология арқылы жасалатын кішіинвазивтік оталарда дәрі-дәрмек, антибиотиктер аз қолданылады және оңалту кезеңі 2-3 күнге созылады. Ал отаның одан да асқыну жағдайы мүлде тіркелген жоқ.

– Отаның күрделі түрлеріне де тоқталыңызшы.

– 2015 жылы Беларусь мемлекетінің астанасы Минск қаласында анестезиологиялық реанимация және хирургтардың бригадасы болып тәжірибе алмасып қайттық. Ондағы мақсатымыз осы кішіинвазивті хирургиялық тәсілді жаңа туған нәрестелерге қолдану болатын. Қазір жаңа туған нәрестелерде туа біткен диафрагма патологиясы (кеуде қуысындағы көкет ахауы) тіркелуде. Нәрестелерде көкеттегі жарық арқылы ішкі ағзалар кеуде қуысына қарай ығысып, баланың тыныс алуын қиындатады. Соның нәтижесінде шақалақтың шетінеп қалу жағдайы орын алады. Міне, осы диафрагма жарығына ота жасауды 2017 жылдың сәуір айында Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен қолға алдық. Бүгінге дейін қалалық балалар ауруханасында жаңа туған 4 нәрестеге диафрагма ахауына қарсы ота жасалды. Дәрігерлер жақсы нәтиже көрсетті. Қазір балалардың жағдайы қалыпты. Жалпы, нәрестедегі диафрагма патологиясын жүктілік кезінде анықтауға болады. Егер ол дер кезінде анықталып, анасы перинатальдық орталықта босанып, содан кейін біздің хирургия бөліміне ауыстырылса, балалардың өмір сүру мүмкіндігі өте жоғары болар еді.

 

Санкт-Петербург дәрігерлерімен тәжірибе алмасамыз

– Жаңа технология балалар ауруханасына әжептеуір серпін беріпті. Бұл жетістіктің шыңы ма әлде аурухана қызметкерлері әлі де медициналық білімін арттыруды көздейді ме?

– Бұл – бүгінгі жетістік. Ал болашаққа біз әрқашан жоспар құрып отырамыз. Басқарма басшысы Мұхан Кеңесбекұлының қолдауымен бүгінде Алматыдағы «Педиатрия және хирургия» ғылыми орталығы мен Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығымен тығыз байланыс орнаттық. Біз сол орталықтарға барып шеберлік сағаттарына қатысамыз. Ал аса күрделі оталар кезінде ол жақтан мамандар шақыртамыз. Диагностикалық сұрақтарға орай телемедицина, электронды пошта көмегін жиі пайдаланамыз. Сондай-ақ, жақында жаңа туған нәрестелерге қалай көмек көрсету, отадан кейінгі жағдайын бақылау, травмотология-ортопедия саласын жетілдіру мақсатында Санкт-Петербургтің үлкен ғылыми орталықтарына баруды көздеп отырмыз.

– Дәрігерліктің ең қиын жолын таңдапсыз, осы салада сізге жетекші бола білген хирургия саласының мамандарынан кімдерді атар едіңіз?

– Профессор Ағабек Қарабеков, Әбдішүкір Егізбаев, Қайрат Ізбасов сынды елге қызмет еткен ағалардан мол тәжірибе алдым. Хирургия саласындағы әрбір жетістігімде осы кісілерден алған білім мен тәжірибенің үлесі бар. «Бала өмірдің гүлі, көздің нұры» демекші, осы жас ғұмыр үшін еңбек етіп жүрген әріптестерімнің еңбегі әрқашан бағаланса деймін. Медицина саласында қызмет етіп жүрген дәрігерлерге жетістік тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.