Версия для печати

Асхат НУРЛЫБАЕВ: «Бизнес – тәуекел мен батылдықтың тірлігі» Избранное

Пятница, 23 Февраль 2018 06:51 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 10732 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жыл санап қаламызда кәсіпорындармен қатар, кәсіпкерлердің де саны артып келеді. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар да баршылық. Жақында Қытайда білімін жетілдіріп, Гуанжоу қаласында кәсіппен шұғылданып келген жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті. Асхат Нурлыбаев есімді жас кәсіпкер бүгінде қаламызда 5 жобаны қолға алып, 20 адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Әңгімеміз жас болса да, бас болып жүрген іскер азаматтың жобалары турасында өрбіді.

– Асхат жас кадрлардың шет елдерде білімін жетілдіріп, елге оралғаны бізді қуантады. Ал олар кәсібін ашып жатса, бұл нұр үстіне нұр. Бізге бизнеске қалай келгеніңізді баяндап берсеңіз.

– Балалық шағымда полиция қызметкері болуды қатты армандайтынмын. Ал өскенде өмірдің өзі кәсіпкерлікке алып келді. Өткенге кері шегініп мектеп бітірген жылдан бастап айтатын болсам, 2007 жылы Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейін тәмамдадым. Кейін ата-анамның батасын алып, Қытайға оқуға аттандым. Бір жыл тіл үйрене келе, Сиань қаласындағы Транспорт және коммуникация университетінің студенті болдым. 2012 жылы оқуды аяқтап, қолыма диплом алдым. Кейін сол жақта біраз тәжірибе жинау мақсатында Гуанжоуға бардым. Онда бес жылым өтті. Бес жылдың ішінде түрлі салада өз мүмкіндіктерімді сынап көрдім. Достарыммен бірге киім, техника заттарын саттық. Логистикалық компания аштық. Өзге де жұмыстарды атқардық. Бірақ қаржы жинап, Шымкентке келіп кәсіп ашамын деген арманым болды. Араға он жыл салып, өткен жылы туған қалама оралдым. Келген бойда «Procoffee» жобамызды бастадық. Әуелі көлікпен аралап сатып, кейін келе жұмысымыздың ауқымын ұлғайтуды жөн көріп, орталық аштық. Айта кетейін, біз әзірге тек ашып жатырмыз (күліп). Алғашқы жобаларымыздың қатарында «Profootball» дүкені бар. Кейінгі «Professionale» дүкеніміз, ал бейнебақылау сататын «Protech» дүкені де басты жобаларымызға енді. Pro – professional сөзінің қысқартылған нұсқасы. Яғни, халыққа сапалы, жоғары деңгейде өнім ұсыну мақсатында дүниеге келген атау болатын. Ал төртінші кәсібіміз «Sanlin» футбол мектебі. Қазіргі таңда иіс су сататын дүкен желісі мен жиһаз шығаратын цех бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Жақын күндері ол да іске қосылады. Уақыт тапшылығыннан үлгеруге мүмкін болмай тұр. Бұл «Pro group» командасының атқарып жатқан жұмыстары екенін айтып өтейін.

– Алып мемлекетте кәсіппен айналыстым дейсіз, бізден қандай айырмашылықтары бар?

– Айырмашылық көп (күліп). Ең бірінші халық санында. Ондағы сауда-саттықтан түсетін табыс 10-20 пайыз артық. Бір қарапайым мысал келтірсем, бізде балмұздақты 200 теңгеге сатып, ертесіне 500-ден саудалаңыз. Ешкім сіздің тауарыңызды алмай қояды. Мұны халықтың қалтасы көтермейді. Ал Қытайда адамдардың тұрмысы жақсы. Ондай жағдайларға даурығып қарамайды. Ақшасы барлар ала береді. Олар қалталы келеді. Үлкен мемлекетте, халқы көп жерде бизнес жасаған қашанда тиімді. Біз әзірге олардан кенжелеуміз расын айтсақ. Авиа кассадан билет аламыз. Базардан киім киеміз. Заман ағымына бейімделуде кешеуілдеп қалғанбыз. Интернет арқылы тапсырыс жасау дегенді көпшілік біле бермейді. Енді-енді үйреніп келеді. Бірақ бүгіндегі жаппай цифрландыруға қарапайым тұрғындар дайын еместей көрінеді. Біздегі кәсіпкерлерге көрсетілер шаралар да енді ғана дамып жатыр. Өз басым кәсіп ашуда мемлекеттен ешқандай көмек сұрағаным жоқ. Қолдан келгенше барымызды салып, өзіміз аяққа тұруға тырысып жүрміз. Бірақ ол жағынан хабардармын. Көңіл бөлініп жатыр. Екінші мәселе – бізде кез келген істі дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік бар. Қай саланы алмаңыз, сапалы етіп жасасаңыз, жұмыс жүріп кететіне сенімдімін. Ол үшін басқалардан сапасын жоғары, ал бағасын сәл арзан ұсыну керек. Сонда ісіңіз өнімді де, берекелі болады.

 

– Жастарға оралсақ, қаламыздағы кәсіпкерлермен байланысыңыз қандай? «Қазақша бизнестегі» кемшіліктерді айтып өтсеңіз.

– Шыны керек, көп жас кәсіпкерлермен әлі таныс емеспін. Енді жұмыс бастап жатқандықтан алдағы уақытта таныса жатармын. Алайда мына нәрсені жақсы білемін. Бізде көпшілік жастар тәуекелшіл емес. Жұмыс бастамай жатып уайыммен жүретіндері көп. Бизнесте мен ұстанатын мынадай қағида бар – бастадың ба жемісін көресің, егер жүрмей жатса өмірлік сабақ аласың. Адамдардың киген киімі, шыққан тегі, атақ-даңқынан бұрын мән беретенім – адамгершілік қасиеті. Достарым мен жұмыстағы әріптестерімнің де осы қасиетін жоғары бағалаймын.

– Ал кәсібін ашсам деп жүргендерге қандай кеңес бересіз? Бизнестің ұтымды жолдарын айтсаңыз.

– Әрине кім болмасын көздеген мақсатына жету үшін, ойға алған жобаны ертерек бастағаны абзал. Менің ұшақта шабытым оянады. Сол кезде ерекше күйге бөленемін. Әуеде қиялыммен бірге қалықтаймын. Жаңаша бастамалар ойға келеді. Қажет жерін түртіп аламын. Шетел мен үлкен қалаларға жиі баратыным да сондықтан. Үнемі өзімді жетілдіріп отырамын. Ұнағанымнан бас тартпаймын. Спортқа көңіл бөліп, күнделікті 1-2 сағатымды кітап оқуға арнаймын. Пайдалы бизнес форумдарды қалдырмаймын. Ол мені қанаттандырып, жұмысымды жеңілдетуге септігін тигізеді. Осы жерде айтып өтсем, «үлкен» кәсіпкерлерді сондай айтулы шаралардан кезіктіріп жатамын. Өкініштісі олар үйренуге емес, өздерін көрсетуге келгендей көрінеді. Қабақтарын түйіп алып, жиынның соңына дейін мұздай боп отырады. Күлетін жерінде күлу жоқ. Қол соғатын жерінде үнсіз қалады. Адам өзін жетілдіргісі келсе, өзгенің жетістігімен қатар кемшілігінен де сабақ алу керек. Әйтпесе, ондай жиындарға не мақсатта барады (күліп). Біреуге үйретемін деп ауыз толтырып айтатындай жетістігім көп емес. Замандастарым аз ұйықтап, көп еңбек етсе деймін.Уақыттың қадірін біліп, тіл үйреніп, кітап оқып, ой-өрістерін дамытса деймін. Қазақтың ұл-қыздары барлық салада мықты болса деймін.

 

– Біздегі кәсіпкерлер «қорқақ» келеді дейсіз, жалпы сіз қорқынышты қалай жеңдіңіз?

– Оныңыз рас. Сұрағыңызға жауапты күнделікті өмірде көз көріп жүрген достарымның жағдайы арқылы жеткізейін. Қазіргі замандастарымыздың арасында ұнатқан адамына хабарлама жаза алмайтындары бар. Көшеде жүргенде танысуға жүрексініп жатады. Ондай жастарымыздың бойында кәсіп ашуға батылдық қайдан болады? Ал қорқынышқа оралсақ, адам баласы қайда бет алмасын «қорқыныш» деген сезім жол серігі секілді қатар жүруі мүмкін. Онымен тек бизнесте ғана емес, үнемі күресуіміз керек. Мектеп бітірген жылы Қытайға баратын кезде мен де қорықтым. Ол жақтағы жағдаймен таныс емес едім. Емтихандар ұйқыны ұрлап, кәсіп бастағанымда түрлі келеңсіз оқиғаларға тап болдым. Логистикада алғаш рет заттарымыз тиісті жеріне жетпей қалғандағы қорыққанымызды білсеңіз! Міне, сондай қиындықтардан сабақ алғаннан кейін мен қорқынышты жеңдім. Қорқа берсең ештеңе өздігінен орындала қалмайды. Қол қусырып қарап отырған да жарамас. Еңбектену керек. Ес білгелі тәуекелшілмін. Тіпті түнде қиялыма келген нәрсені ертесіне тұрып кірісіп істейтін кездерім болады.

– Шетелдерге жиі барамын деп айтып қалдыңыз. Шырайлы шаһарды салыстырып өтсеңіз.

– Әлемнің 15 шақты елінде болдым. Әрине ол елдердегі үлкен қалалармен үшінші мегаполисімізді салыстыруға келмес. Бірақ мен Шымкентті ерекше жақсы көремін. Қытайда бір күнде бір ғана жұмысыңызды істей аласыз. Халық көп, көшедегі кептелістерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал мұнда бір күнде 10-15 шаруаңыз бітеді. Қаламыз күн санап көркейіп, жыл санап әлеуеті артып келеді. Енді өзге елде он жыл жүріп жинаған білімімді, мүмкіндігімді туған мекенде пайдаға жаратпақпын. Жастық жігерімді, күш-қайратымды қаланың дамуына, гүлденуіне жұмсаймын. Мұнда барлық салада өзара бәсекелестік бар. Ал, бәсекелестік болған жерде сапа артады.

 

– Әлемдік нарықтағы криптовалюта бағамы туралы ойыңызды да білгіміз келеді.

– Соңғы жылдары цифрлы ақша қолданыста да, жалпы адамдар арасында да жиі айтылып жүр. Мен одан хабардармын. Оған көзқарасым түзу. Әлемдік деңгейде алпауыт елдер оны мойындап жатыр. Блокчейн технологиясынан білетін адам криптовалютаны жақсы түсінеді. Таныстарымның арасында игілігіне жаратып жүргендері бар. Бірақ менде биткойн әзірге жоқ. Мүмкін бізге де келе жатар. Ол уақыттың еншісінде. Өткен айларда биткойнның құны 19-20 мың АҚШ долларына дейін көтерілді. Баға араға 2-3 апта салып күрт құлдырады. Қазіргі биткойнның құны 9 мың доллар шамасында. Менің ойымша, жылдың соңына дейін 50 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін.

– Мәслихат депутаттарының қатарында кәсіпкерлер басым екенін өзіңіз жақсы білесіз. Соңғы жылдары жастар да ол орындардан бой көрсетіп келеді. Осы сіз депутат болу туралы ойланып көрдіңіз бе?Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Біз бір жылдың ішінде бес жоба аштық. Ендігі мақсат – осы жобаларға жіті көңіл бөлу. Қате-кемшіліктерін реттеу, ұлғайту болмақ. Жоғарыда айтып өттім, қазіргі кезде иіс су дүкені мен жиһаз шығаратын цехтың жұмысын жасап жатырмыз. Осыларды іске қосу керек. Жалпы жоспар көп. Оны алдағы уақытта іс жүзінде көре жатарсыздар. Қытайдан елге оралудағы мақсатым – қаламызды дамыту. Оған өз үлесімізді қоссақ деген ниет. Ал депутат болу шынымды айтсам мені ойландырмапты. Оны уақыт еншісіне қалдырамын.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Азамат ЖАППАР

Последнее изменение Четверг, 25 Март 2021 09:34