Бала тәрбиесі тек мектепке жүктелмеуі тиіс Избранное

Среда, 23 Май 2018 09:17 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8559 раз

Барлығымыз да мұғалімнің алдынан өттік. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халық даналығы. Ұстаз біздің өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырды, білімге деген құштарлығымызды арттырды. Мұғалім беделі біздер үшін асқар таудай еді. Ал қазір ше? Солай деп толық айта аламыз ба? Олай дейтініміз, соңғы жылдары педагогтың абырой-беделі мен мәртебесі жайында көп айтылып жүр. Осы орайда қаламыздағы Ә.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бибайша Бисетаевамен әңгімеміз ұзтаздардың бүгінгі мәртебесі жайында өрбіді.

мұғалім фото 3

- Жыл сайын білім саласында жаңалық болып, жаңа бағдарламалар еніп жатыр. Бұған әр мұғалім түрліше пікір айтады. Жалпы, өзіңіз жаңашылдыққа қалай қарайсыз?

- Білім саласы қаншама жылдан бері жаңа реформаларды бастан өткеріп жатыр. Менің айтарым - жаңа бағдарламалар дәл қазір білім саласына әбден керек! Жаңа заман ағымына, ғылым мен техниканы үйренуде жаңа бағдарламалар енгізіп отырмасақ, көштен қалып кетуіміз мүмкін. Әлемдік білім беру стандартына ілесіп отыруымыз қажет. Бүгінде мектепті бітірген түлек әлемдік университеттерге түсе алмайды. Себебі бізде 12 жылдық білім беру стандарты жоқ. Оқушының қолында 12 жылдық стандартта білім алған аттестаты болмаған соң оқуға қабылдамайды. Шетелде оқу үшін міндетті түрде еліміздегі ЖОО-ның 1-курсын тәмамдауы керек болады. Сондықтан әлемдік стандартқа ілесу үшін 12 жылдық білім беру енгізіліп жатқанына балаларымыз үшін қуанарлық жайт. Жалпы, бір жерде тоқтап қалағанды өзім ұнатпаймын.

– Білім мен тәрбие - егіз ұғым. Білімде жаһандық стандарттарға ілесіп жатырмыз. Енді оқушыға тәрбие беруде де жаңашылдық қажет пе, қалай ойлайсыз?

– Кеңестік дәуірде сол уақыттың саясаты бойынша ұлттық құндылықтарымызды ұмыттырып, құлдық санаға бет бұрғызып жіберді. Зиялылыларымызды жазықсыз жазалады. Дегенмен, ұтымды жеріміз – жаңашылдықты тез қабылдайтын халықпыз. Осы қасиетімізді орынды пайдалануымыз қажет. Бүгінде батысқа еліктеп барамыз, алайда батыстың ментелитеті мен болмысы бізге жат. Жапондарға еліктеу керек. Олардың рухани болмысы бізге жақын. Мәселен, жапондарда мынадай сөз бар екен: «Әлемнің бар жақсысын үйрен, бірақ ол жапонның жан-дүниесіне кері әсерін тигізбеу керек.» Баласына осылай тәрбие береді екен. Біз де баланы бүкіл әлемнің бар жақсысын, білім-ғылым, техникасын үйреніп, біздің ұлтымыздың жан-дүниесіне кері әсерін тигізбейтіндей етіп тәрбиелеуіміз қажет.

– Өмірден де білімнен де тәжірибесі мол ұстаз ретінде үш тілде оқыту үрдісіне не айтасыз?

– Елбасымыздың үш тілде оқытуды ұсынғаны қаншалықты дұрыс екенін шетелге шыққанда ғана білесіз. Неге біздің жастарымыз шет тілін жетік меңгеріп, әлемнің озық оқу орындарында білім алып, елімізде еңбек етпеске?
Қазақстанның дамуына атсалыспасқа? Неге біздің жастарымыз қалып қою керек? Болашағымыз жастар деп жатамыз, солар тіл білмей жаһандық технологияларды үйренбесе, біз қалай өркендейміз? Мәселен, ІХ ғасырда өмір сүрген ғұлама Әл-Фарабидің өзі де 72 тілді меңгеріп, Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы болды ғой. Бірақ жапондар сияқты әуелі діңді мықтылап алуымыз керек.

– 32 жыл ұстаздық ету - бұл аз уақыт емес. Осынша жылда сіз түрлі кезеңдерден өттіңіз. Айтыңызшы, өзіңіз еңбек жолын бастаған жылдар мен қазіргі кезбен салыстырғанда мұғалім мәртебесінің айырмашылығы бар ма?

– 30-жылдары А.Байтұрсынов «Алты алаштың басы қосылса - төр мұғалімдікі» дейтін. Қырқыншы жылдары, расында да, мұғалімге кұрмет көрсетіп, тек төрден орын беретін. Бертін келе де өзіміз көшеде ағай-апайларымызды көре қалсақ, алдын кеспей, жол беруші едік. Бүгінде мұғалім мен оқушы қарама-қарсы келе жатса, кей оқушы ұстазға жол бермей, алдын кесіп өтеді. Осыншама беделі төмендеуіне не себеп десеңіз, өз ойымды айтып өтсем, қоғамдағы мораль туралы этикет өзгеріп кетті. Бұрын бала бірнәрсеге ұрынса әке-шешесі жауапқа тартылатын. Бүгінде баласының тәрбиесін ата-анасы мұғалімге жүктеп қойды. Тәрбиеге тек мектеп қана жауапты деген ұғым пайда болды. Мектепте білім тәрбиесі онсыз да оқытушы мойнында. Алайда ата-ана өз баласының отбасындағы тәрбиесін, жүріс-тұрысын қадағалап, қолына алмайынша ұстаздың мәртебесі көтерілмейді.
Екіншіден, мұғалім мамандығына кездейсоқ адамдар көп келіп жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары мықты деген мамандардың көбі басқа салаға ауысып, мектепті тастап кетті. Сол кездері мұғалімдердің жалақысы төмендеп, мамандыққа деген қызығушылық та бәсеңдеп кетті. Мектепке кадр жетіспеушіліктен, кездейсоқ адам мектепке жұмысқа алына бастады. Қазіргі күнде де оқуда үздік, білімі бар оқушылар техникалық мамандықты таңдап, сыныптағы ең нашар оқитын оқушылар педагогикаға оқуға түседі. Мәселен, биылғы ҰБТ тапсыратын, жақсы оқитын жоғары сынып оқушысының бірінен қай саланы таңдайтынын сұрасаңыз, міндетті түрде техникалық мамандықты таңдайтынын айтады. Өйткені педагогикаға қызығушылық тым төмендеп кеткен. Тесттен ЖОО-на түсе алатындай балл жинай алмаған оқушылар амалдың жоғынан университеттердің ақылы педагогика факультетіне оқуға түсетіні жасырын емес. Мектебімізге практикасын өтеуге келген студенттерге қарап, ертеңгі ұрпақтың біліміне ішім ашиды, жылағым келеді... Сол үшін болашақ педагогтарды, мүмкін, мектеп жасынан іріктеп алу керек шығар? Мысалы, Оңтүстік Кореяда мектепте ең үздік оқитын балаларды педагогикаға іріктеп алады екен. ЖОО-да да І-ІІ курсты оқыған соң мектепке практикаға жіберіп, оның еңбегіне қарай мектеп іріктейді. Міне, осындай іріктеуден өткендерге ғана педагогикалық диплом беріледі. Бізде керісінше. Мектептен білім іргетасы мықты болып шықпаған баладан мықты педагог қайдан болсын?

– Латын әліпбиі туралы пікіріңіз қандай?

– 1926 жылға дейін М.Әуезов, А.Байтұрсынов және тағы да басқа жазушылардың төте жазумен жазған шығармаларын біз оқи алмай қалдық. Замануи білімнің жақсы жағы – жаһандануға бет бұрсақ, кемшілігі – болашақта латын әліпбиімен хат таныған ұрпақ кирилл әріптерімен жазылған кей кітаптардан қол үзіп қалуы мүмкін. Осы уақытқа дейін 90 жыл жинақталған дүниелерді, әдебиетті, өндірістегі барлық нәрсені кейінгі ұрпақ оқи алмай қала ма деп алаңдаймын.

– Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін не істемек керек?

– Біріншіден, бала тәрбиесіне алдымен ата-ана жауап беруі керек. Мәселен, отбасындағы кикілжіңдер мен жанжал баланың жүйке жүйесіне әсер етіп, өзіне қол жұмсамақ болып, дәрі ішіп қойса, ол үшін мұғалім мен мектеп жауап береді. Оқушылар сабақтан тыс көшеде ерегісіп, соңынан төбелесіп қалса, сынып жетекшісі ата-анадан жазбаша кешірім сұрайды. Қазір оқушы тәрбиесі мен қауіпсіздігінің 60 пайызына – мектеп, 20 пайызына – ата-ана, 20 пайызына қоғам жауапты болып қалған. Кей оқушылар сабақ үстінде маужырап ұйықтап отырады. Өйткені түнімен әлеуметтік желілерде отырады, компьютер көреді. Сондай оқушылардың әке-шешелеріне талай ескерттік, кешкі сағат оннан кейін баласының ұялы телефонын алып қоюды сұрадық. «Қайтем, мені тыңдамайды ғой» – дейді ата-анасы. Олар, тіпті, өз балаларымен қалай сөйлесуді білмей жатып өз міндеттерін мектепке жүктеп қояды.
Екіншіден, мына заманда қай салада қаржы көп болса, білімі жететіннің бәрі сол мамандықты таңдауда. Сондықтан мұғалімдердің жалақысын көтеру керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Бибайша
Нұржанқызы

Последнее изменение Среда, 23 Май 2018 09:24